Жексенбі, 5 Ақпан, 2023

«ҮЛКЕН ТҮРКІСТАН» ҮШІН КҮЙГЕН...

Көне Түркістанда бүгін-ертең Алашордашыл һәм түрікшіл қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанұлына ескерткіш орнатылмақ.

Ол кім?

Ұят болатын-ақ сұрақ. Тәуелсіздік алғалы, етегімізді жаппасақ та, есімізді жия бастағалы біраз уақыт. ХХ ғасырдың басында ғұмыр кешкен қазақтың небір зиялы азамат, айтулы тұлғалары жайында айтылып келеді, жазылып келеді. Сұлтанбпек Қожанұлы жайында да аз жазылған жоқ. Неге екенін ел біле бермейді бірақ.

Ол кісі жайында алғаш коммунист жазушымыз Сәбит Мұқановтың «Есею жылдары» аталатын мемуарынан оқығанбыз. Не дейді Сәбең жарықтық? Құлақ түрелік.

« – Сен, Сәбит шырағым, – деді жасы үлкен ағалық ақылы сияқты дауыспен, – «пролетариат жазушысы болам» дегенді қойсайшы! Сәкен ғой, осы жоқ нәрсені бар қылам деп жүрген. Ең алдымен, сол Сәкеннің өзі бола алмайды ғой пролетариат жазушысы.» (С.Мұқанов «Есею жылдары», 1964. 160-бет.)

«Сұлтанбектің бұл сөзінен шығарған қорытындым: «Ненайшвилиді кетірем де, орнына өзім болам». Одан аңғартайын дегені – деп жорыдым ішімнен – «кім екенімді танып қой» деуі ғой, «менен ығысып жүр» дегені ғой, «әйтпесе – оңдырмаймын» деуі ғой.» (161-бет.)

«Ақыры, бір станцияға тоқтағанда ғана Қожановтың салон-вагонына барып, бірнеше сағат әдемі мәжіліс жасап қайттық. Сонда көрсем, Сұлтанбек шынында да адамшылық қасиеттері мол, ойыншы, күлкіші, әзілқой, кеңесқор, әдебиет пен көркемөнерді сүйетін кісі екен.» (162-бет.)

« – Сұлтанбек Қожанов, – деп жауап береді анау, бұл ара – оның туған жері. Ата-бабалары – осы елдің қожалары. Революциядан бұрын ресми қағаздарда «Перовский» аталып келген қаланы, Совет тұсында «Ақмешіт» ататқан да сол. Енді, ертең ашылғалы отырған 5-съезде «Қызылорда» ататып, Қазақстан астанасы жасатпақ та, шамасы келсе әдемі қалаға айналдырмақ» (168-бет).

Шындыққа бірі жанасып, бірі жанаспайтын бұл суреттеулер мен сипаттаулар аса көрнекті жазушымыз Сәбит Мұқановтың көзімен берілген Сұлтанбек Қожанұлының келбеті. Әрине, Сәбең жарықтық «жеке адамға табыну» зардабынан 1938 жылы атылып кеткен айтулы тұлғаны ақтағысы, жақтағысы келіп отырмағаны әмбеге аян. Әдебиет көгіне «тап маған бесікте жатқанда белгі таққан!» деп дуылдатып шыққан коммунист жазушы Сұлтанбекті Кеңес өкіметінің хас дұшпаны көреді. Соған қарамастан Сәбит Мұқанов мемуарының өзінде Сұлтанбек Қожанұлы жоталанып көрінеді. Кезінде жамандау сипатында айтылған шындық замананың төңкеріліп түсуіне байланысты бүгінгі күні тіпті Сұлтанбектей қайраткердің азаматтық болмысын асқақтата түсетіндей. Сыншыл суреттеудің өзінен қазағым, ұлтым, жұртым деп соққан жалынды жүректің қан соғысы айқын аңғарылып жатыр. Сыншыл бейілмен жазуына қарамастан Сәбит Мұқановқа осыдан соң ризашылық сезіммен қарағың келетінін қайтерсің?!

Бірде Бейсекеңнің көңілін сұрап Мәскеуден Нұртас Оңдасынов келді. (Қонаев астына мінгізіп қойған «Волга» автокөлігі есік алдында қаңтарулы тұр. Екеуі Ташкентте жетім балалар үйінде бірге тәрбиеленген мұңлықтар. Баяғыда атылып кеткен Алаштың бірсыпыра азаматтары әңгіме арқауына айналды. Бейсекең Мағжанды, Нұртас Сұлтанбекті атады. Екеуінің де көзі суланды. «Олардың бәрі де қашан ақталған. Қорқып әңгіме ете алмай отырған өзіміз», – деп салды көзі шапыраштанған Бейсембай Кенжебаев. Қайраткерсіп жүрген, көсем жазушы атанып жүрген бірер азаматты сыбап салды. «Тұрар жайында жазыла бастады. Енді бәрі де ақталар, жазылар, халықпен қайта табысар. Сабыр қылайық, Бейсембай!» – деді сабырлы Нұрекең. «Мен ұстазым Мағжаннан бас­тап көрген, білгенімді естелік етіп жаздым. Газеттер баспайды. Қорқады. Сосын бір данасын архивке өткізіп, бір данасын баламның қолына беріп қойдым» деп, Бейсекең маған сілтеме жасады. Шын зиялы, өзара сеніскен екі қария Бейсекең жазған естелікке шұқшиды. Әй, бір айыз қанар әңгіме болды-ау, шіркін!

Екі қарияның әңгімесіне ден қойсам, қазақ қайраткері ішінде Сұлтанбек Қожанұлындай көзі ашық, оқыған-тоқығаны мол, ұлтшыл, халықшыл, түрікшіл табанды қайраткер сирек, тым сирек!

Ақсақалдар институты әлі құламаған, құрдымға кетпеген кез. Бір биязы сөйлейтін әдемі қария жиі келер еді Бейсекеңе. Екеуі «Қазақтың мемлекеттік біріккен баспасында» бірге істепті, бірінен кейін бірі басқарыпты аталған баспаны. Ол – Ғалым Ахмедов ныс­пылы қария! Әй, баяғының оқымысты, зиялы тұлғасы еді-ау Ғалекең. Ол айтқан әңгіменің бірін еске алайыншы:

«Москвада Ленин басқарып отырған бір жиналыстың Сұлтанбек Қожанұлы үстінен түсіпті. Кездейсоқ келіп қалған ол дайындықсыз сөйлеп кетіпті. Сонда оның сөзіне айызы қанған Ленин:

Жолдас Хожанов, япыр-ай, қазақтардың бәрі де өзіңдей білімді ме? – деп сұрағанда Сұлтанбек мүдірместен:

Владимир Ильич, солардың ішіндегі ең нашары мен… , – деп жауап беріпті.

Сталинмен ол кісі «сен» деп сөйлеседі екен.

Алқалы жиында Сталин:

Жолдас Хожанов, Москваға оқуға кел, біліміңді көтеруің керек , – дейді.

Өзің оқы. Мен семинарияны бітірдім, сен оның екі класын ғана тауыстың ғой, – депті сонда Сұлтекең».

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары «Алашорда» ақталып мәре-сәре болып жатқан сәтіміз. «Мұхтар Әуезовтің әдеби-мемориалдық музей-үйі». Халық университетінің сабағы өтіп жатыр. Тақырып – «Алашорда өкілдерінің аяулы жарларымен кездесу». Апанға түскен аққулар! Ірі денелі қараторы кейуана мінберге шықты да қоғам және мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанұлы жайында айта бастады. Ешкімді жазғырмады. Өзінің түрмеге қамалып, лагерге айдалған азапты-дозақты өмірінен қысқа қайырып сөйледі. Етегі жасқа толмады. Жыламады. Есесіне сабырлы сөзі жұртты жылатты. Ешкімді кінәламады. Тыңдап отырған жұрт келеңсіз іске жол берген кеңестік қоғамды кіналады. Ақырында, «Ақыр-аяғы бәрі қайыр. Енді халқымнан жалғыз өтінішім бар – атылып кеткен азаматтарыңды алаламай-бөлмей түгел ақтап, еңбегін ел көзіне шығарсаңдар…» – деп аяқтады сөзін әлгі кейуана. Аяулы ана – Сұлтанбектей ғажап қайраткердің жары – Гүландам апай болатын.

«Жаңа сөйлеген Күләндам менің абысыным емес, енем. Тұп-тура солай, енем! Мен Күләндам апайдың қолына келін болып түскенмін. Айтып жүрген «темір нарком» Темірбек Жүргенов менің қолымнан ұстап, жетелеп алып келіп Сұлтанбек ағайдың үйіне түсірген. Оң-солымды тануыма Күләндам енеміз көп ықпал жасады. Біз ұзақ уақыт Сұлтекеңдей ұлы адамның үйінде, олармен біріміз баласы болып, біріміз келіні аталып бір шаңырақ астында бірге тұрдық. Бірақ мен сорлы «Темірбек – халық жауы» аталып, ұсталып, қамалғанда, саясаттың сұрқия сөзіне сеніп қалып, ерімнен бас тартқанда, Күләндам жанын шүберекке түйіп түнделетіп келіп «Мұның не, сенің?» – деп мені райымнан қайтарған адам…»

Ашынды сөз айтып тұрған адам – есімі тарихта қалған ең алғашқы Мәдениет наркомы – Темірбек Жүргеновтің жары – дәрігер Дәмеш Ермекова!

Аяулы аналар егіліп сөйледі, төгіліп сөйледі. Жылап сөйледі, жылатып сөйледі.

Жә, жетер. Замандастарын, көзкөргендерін сөйлетіп болдық. Байқап отырғанымыздай, бірі жақсы көреді екен, келесісі жек көреді. Бір ғажабы көзқарасы жөнінен лагердің екі жағындағы адамдардың екі парасы да Сұлтанбек Қожанұлын «Алашордашыл» деп жек көреді, «Алашордашыл» деп жақсы көреді. Қайтерсің, дүниетанымның билік алуы.

Әсіресе, Сәбит Мұқанов, Бейсембай Кенжебаев. Өзім жан тартып жақсы көретін екі адамның кереғар пікірі маған ауырлау тиді.Ішімде аударыспақ ойнайды. Түсінем. Сәбең жарықтық коммунист, большевиктік көзқарас иесі. Бейсекең мен Нұрекең «Алашшыл» мұңлық тұлға.

Сонымен Сұлтанбек Қожанұлы кім?

Біз ұятты сұрағымызды қайталап қоямыз.

Сұлтанбек Қожанұлы 1894 жылы, қазіргі Созақ жерінде, Ақсүмбе ауылында туған.

1906-1910 жылы Түркістандағы төрт жылдық бастауыш орыс-түзем мектебінде, 1910-1913 жылы сол Түркістандағы үш сыныптық орыс-түзем училищесінде оқыды.

Ұлы «Жібек жолының» бойында жатқан, күллі «Түрік дүниесінің рухани астанасы – Түркістан» (Н.Назарбаев) әзелден мәдениет ошағы, ілім-білім нұрын шашқан жер. Бала Сұлтанбекті Түркістанда ағартушы Садық Өтегенов тәрбиеледі. Ол қазақтан шыққан алғашқы білімпаз Серәлі Лапин, Мұстафа Шоқай, Қоңырқожа Қожықов, Міржақып Дулатұлымен сүйек шатыс, әрі дос-жар кісі.Бала жасынан Сұлтанбектің «кетпен тұяқ кемеңгер» дерлік айтулы Алаш азаматтарымен таныс, біліс, кейін үзеңгілес қызмет етуінің сыры міне осында. Жары Гүләндам – Серәлі Лапиннің қызы.

Сұлтанбек 1913-1917 жылдары Ташкент қаласында мұғалімдер семинариясында оқиды. Түрікшіл жастардың «Кеңес» ұйымын құрып, басқарады. 1917-1918 жылдары «Түркістан автономиясы» қозғалысының мүшесі, Мұстафа Шоқай негізін қалаған «Бірлік туы» газетінің бас редакторы. Аталған баспасөзді қолмен құрған, басқарған үш кісі. Мұстафа Шоқай, Хайретдин Болғанбаев, Сұлтанбек Қожанұлы. «Бірлік туы» Стамбулдағы «Сабақ» газетімен байланысып жатқан түріктік тынысы мейлінше кең басылым. Мұстафа Шоқайдың «Бәріміздің құбыламыз – өзіміздің ата жұртымыз, өлкеміз Түркістан болмақ! Түркістан үшін өлу, Түркістан үшін жан беру – бәрімізге бір мұхаббат, уәзифа болмақ. Мұны ұмытпау керек!» – деген толғанысының басында тұрған «Бірлік туы» бұл! 1918 жылы «Түркістан автономиясын» қызыл большевиктер пулеметпен атқылап, жазықсыз бұқараны қынадай қыратын қайғылы сәт, оны тамаша публицист, Сұлтанбектің досы Хайретдин Болғанбаев: «31 ғинуардан 10 февральға шейінгі күндер Түркістан халқының есінен өмірінде шықпас. Ол күндерде адам-хайуан өзінің бет аузын Түркістан халқына ашық көрсетті.

Ол күндер – Түркістан тарихында сиямен емес, қанмен жазылатын күндер.

Адам пішінді жыртқыштардың ол күндерде Қоқандық көшелерінде істеген сұмдықтарын естігенде денең түршігіп, қаның мұздайды. Жүгені сыпырылып, мейірімі кеткен, аузы көпіріп, көзі қызарған адам-хайуан Қоқандық көшелерінде құтырған қасқырдай кәріні, еркекті, әйелді талғамай қырған күндер – ол күндер».

«Япырмай, осы сықылды үлкен масқара зор сұмдық күндерін де Түркістан халқы бір уақыт ұмытар ма екен!

Жоқ! Мың қабат жоқ!»

«Сорлы Түркістан! Сен кеше бостандық болды, теңдік күні туды деп қашанғы жоғалтқан еркіндігіңе талпындың ғой. Сен Руссияның үлкен өзгерісінің буына желігіп, баяғы айбыны күшті Темірің мен ақылы дана Бабырларыңды есіңе алдың ғой.

Жоқ, босқа алданғансың! Шеттен келген бумен өлген теңдік тірілмейді. Сен ол теңдікті шын өксіп, анық сағынған болсаң, өзгеріс буы өзіңнен шықсын!

Сырттан – Руссиядан, Еуропадан келген өзгеріс буы саған әл болмайды. Сен әлі тоңсың, күнің ыстық болса да саған әлі бостандық буы кірген жоқ. Енді мына көз алдыңда судай аққан кінәсіз қандар сенің бойыңа жылу жүгіртсе, сонда сен жылынасың. Сонда ғана сен Темірлерің мен Бабырларыңды көресің.

— Аһ! Айнала қан сасиды!

Енді мен бұл қанды көріп бұрынғыдай тоң болып қала алмаймын.

Бұл қан мені ұйықтатпайды. Бұл қан көз алдымда тұрғанда қалың мақталы дүрия көрпені жылы жамылып жата алмаймын. Тұншықтырады… түсіме енеді.

Адам пішінді жыртқыштардың тұла бойлары қан сасиды!

Олардың қолдарына жұққан мұсылман қаны әлі кеткен жоқ.

Біздің ұлтын сатып, діннен безген бұралқылар солардың қолдарын қысып, ауыздарын сүйіп жүр-ау!

Ұятсыздар!.. Имансыздар!.. Кіммен жолдас болып жүрсіңдер?!

Достарыңның қолдарындағы жосадай қызыл бояу не екенін білесіңдер ме?

Ол – сендердің бауырларыңның қаны… Әлде сендер Қабылдың сарқытын ішіп, өз бауырын өзі бауыздаған, өз ұлтынан өзі безген шоқындысыңдар ма?!

Дені дұрыс бауырларым! Оларға жолама! Олардың тұла бойлары қан сасиды» – деп ашына («Тұла бойлары қан сасиды…») жазған еді.

Оларға ілесе шығып, қатар жүріп, қанаттас келе жатқан Сұлтанбектің дүниетанымын шайқап, түрікшілдік сипатта қалыптаған да «Батыс Түркістанда» өтіп жатқан осындай сұмдық қанқұйлы оқиғалар. «Батыс Түркістанды» большевиктер кейін «Орта Азия» атандыруына қарамастан ол кезеңді көзімен көрген қазақ, өзбек, тәжік, түркмен, қырғыз, башқұрт азаматтары түрікшіл рухта ержетті, түрікті сүйген жүрекпен өмір сүріп өтті мынау жалғаннан. Сұлтанбектің сол жылдары қоян-қолтық араласқан азаматтары Мұстафа Шоқай, Зәки-Ахмет Вәлиди Тоған, Жүсіп Ақшора сияқты түрікшіл тұлғалар.

Кейін келе замана зейіліне қарай коммунистік партия қатарында болып, кеңестік жүйеде түрлі басшылық қызметтерде жүруіне қарамастан Сұлтанбек Қожанұлының ұлтшыл-алашордашыл, тіпті түрікшіл көзқарасынан таймауының сыры өзінен-өзі осыдан кейін түсінікті болады.

Сол ардақты Түркістан өңірін 1918 жылы аштық жайлады. Түрлі күрес-көтеріліс, сойқанды соғыс зардабы соған әкелді. С.Қожанұлы ұлт үстіне жұт шөккенде ашаршылықпен күрес комиссиясын басқарды.Орынбор – Ташкент теміржолымен жеткен астықты жол бойы тонаған жолбике саудагерлермен күрес, аштықтан қалай аман шығуға болатынын айтып жазған мақала – қарғадай Қожанұлының қаламгерлік те, қайраткерлік те жолы. Алаш азаматы ел-жұрт көзінде адалдығымен, әділдігімен ерекше тұлғалана түседі. Ол қайраткерлік жолға осылай келді.

Таратып айтсаң талайға кетер қайраткер өмір жолын қысқа шолсақ, 1918-1919 жылдары Ташкент қаласындағы педагогикалық курстың оқытушысы, 1919-1920 жылдары Түркістан үйездік білім беру басқармасының нұсқаушысы, үйездік-қалалық атқару комитеті төрағасының орынбасары, Сырдария облыстық төңкеріс комитетінің төрағасы, 1920 жылы Түркістан коммунистік партиясы Орталық Комитетінің мүшесі, Түркістан республикасының ішкі істер, ағарту, жер-су комиссары, Түркістан республикасы Орталық Атқару Комитеті төрағасының орынбасары, төрағасы, «Ақ жол» газетін ұйымдастырушы, бас редакторы, Жетісуды отаршылдардан тазарту жөніндегі комиссия төрағасы (ұлтшылдығы, түрікшілдігі үшін Мәскеудің қаһарына ілігетіні осы сәт), 1924 жылы Қазақ облыстық партия комитетінің екінші хатшысы, 1925 жылы Қазақ өлкелік комитетінің жауапты хатшысы, БКП(Б) ОК-нің ұлт республикалары мен облыстары бойынша жауапты нұсқаушы, БКП(б) Орта Азия бюросының үгіт, насихат және баспасөз бөлімі меңгерушісінің орынбасары… Оқытушы ұстаз болып басталған жол төраға, министр, бас редактор болып бүкілодақтық өреде жалғасып жатты. Қазақтың қаршадай қайраткерінің өсу қарқыны – «Құс жолындай» ап-айқын екен-а, шіркін!

Алайда қайда, қандай қызметте жүрсе де ұлттық болмыстан айнымаған, түріктік ұстанымнан таймаған, тіпті И.В.Сталин сынды «қаншеңгелдің» бетіне қасқая қарсы тұрып өзінің халықшыл пікірін аямай, аянбай айтатын табанды азаматтың енді келіп мансап биігінен құлдырауы да сондай шапшаңдықпен жүре бастайды. 1929 жылы Орта Азия мақта-ирригация политехникалық институтын құрып, директоры болып қызмет атқарады. 1931-32 жылы «Орта Азия мақта Орталығының» басқарма төрағасы, «Одақмақтадайындау» басқармасының орынбасары. 1933-34 жылдары КСРО жұмысшы-шаруа инспекциясы Халықтық бақылау комитеті топ жетекшісінің орынбасары, Кеңестік бақылау (Москва) комитетінде мақта жөніндегі бақылаушы, Одақтық жер-су халық комиссариатының Орта Азиядағы өкілі, Өзбекстан мақта тресі директорының бірінші орынбасары! Одан Кеңестік Бақылау комиссиясының Өзбекстандағы өкілетті өкілінің орынбасарлығына ауыстырылады…

Ілгері-кейінді атқарған қызмет өрісі міне осындай! Алайда қызметті тақымға басар мансап деп емес, халыққа қызмет етудің жолы деп білген ол қай-қай орынтақты да биік өреге көтеріп еңбектеніпті.

Сондай-ақ, Бірінші қырғыз-қазақ (1917 ж.) съезіне, Бүкілресейлік Құрылтай жиынына, Түркістан өлкелік партия ұйымының V съезіне, Бүкілодақтық ІХ Кеңестер съезіне (1921 ж.). (В.И. Ленинмен жеке жүздесіп, әңгімелесетін сәті.), Кеңестер Одағы Коммунистік партиясы Х, ХІІІ, ХІV съездеріне, Түркістан Коммунистік партиясы V-VІІІ съездеріне, Түркістан республикасы Кеңестері ІХ-ХІІІ съездеріне делегат болып сайланады. Бүгінгідей аузын қалтасына салып қоятын «қалта» депутаты, «қалта» делегаты болмаған бірақ. Барынша ауқымды аудиторияларда халық мұңын мұңдап тіліп, қырқып сөйлейді. Қызыл коммунистердің талқаны қызып, Лениннің кешірім беруіне қарамастан И.В.Сталин «Алашорда» ұйымын қуғындап, алдын атып, аяғын «итжеккенге» айдатып жатқанда М.Жұмабайұлы өлеңдер жинағына алғысөз жазып, кітап етіп бастыратын батырлығын айтыңыз Сұлтекеңнің! Башқұртстандық татар «Үлкен Түркістан федерациясы» идеясының авторы – тас түрмеде жатқан Мирсаид Сұлтанғалиевті (Өзі И.В.Сталиннің досы.) күллі түрік қайраткерлері (қазақтар да бар.) «көрсетіп» жатқанда, түріктік тұлға аталып келген Тұрар Рысқұлов И.В.Сталинге «донос» жазып, Алашорданы сата бастағанда, сатпаған, жақтаған ерлігін айтыңыз Сұлтекеңнің! Па, шіркін! РКП(б) ОК-нің ұлт республикалары мен облыстарының жауапты қызметкерлерімен өткізген ІV Кеңесінде Түркістандағы отаршылдықтың зардаптары туралы сөйлеп, Сталинді сынап, Сталиннің сынына ұшырайтынын қайтерсің?! ТКП ОК, ТКП ОБК, РКП(б) ОК Ортазбюросы, Түр ОАК Президиумының мүшелері және Ташкенттегі жауапты қызметкерлердің қатысуымен өткен бірінші кеңесте (1924 ж.) «Орта Азия Федерациясы туралы идеялық тұжырымдамасын» ұсынуы, кезінде тас-талқан етіп сыналған – «Үлкен Түркістан федерациясы» идеясын қайта тірілту! Жүрекжұтқандық!

Демократиядан ада, тоталитарлық жүйеге «Жүрекжұтқан» жандар, халық қамын жеген ақық қайраткерлердің керегі жоқ еді ол кезде. Ақын, көсемсөзші, аудармашы, әдебиетші, бір қазақтық қана емес, күллі түріктік өредегі мемлекет, қоғам қайраткері Сұлтанбек Қожанұлы 1937 жылы 16 шілде күні «Өзбекстан ішкі істер халық комиссариаты мемлекеттік қауіпсіздік басқармасының» шешімімен қамауға алынды. Сөйтті де қоғамды жеке билеуі дендеп, айықпас дертке айналған Сталинді сынайтын жүрекжұтқан сабаз, түрікшіл тұлға 1938 жылы 8 ақпан күні «КСРО Жоғарғы Соты Әскери Коллегиясының» үкімімен ату жазасына кесілді. Екі күннен кейін атылды.

Сөйтіп Түркістан түлегі Сұлтанбек Қожанұлы «Үлкен Түркістан» үшін күйді…

Бүгін-ертең Түркістанда «Игі­лік» қайырымдылық қорының ұйым­дастыруымен Сұлтанбек Қожанұлына ескерткіш ашылмақ. Игілікті іс. Ал мемлекет тарапынан Сұлтанбектей өзге (сыңары) егізі жоқ, ерен тұлғаға ескерткіш қашан қойылар?

Құлбек ЕРГӨБЕК

Түркістан қаласы

Байқау айқын
Байқау айқын

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button