Жаңалықтар

БАСПАНАНЫҢ «ЖЫРЫ» КӨП

ашық дереккөзі

БАСПАНАНЫҢ «ЖЫРЫ» КӨП

Баспанаға зәру мыңдаған отандас өз үйім, өлең төсегім болса деп армандайды. Бірақ еліміздегі қалталы ағайын қолжетімді баспана мәселесінде қаражат құюға құлықсыз боп шықты.

Қазақ қоғамындағы басты түйт­кілдердің бірі – баспана тапшылығы. Өкінішке қарай, бүгінде отандық кәсіпкерлер жалдамалы тұрғын үйге инвестиция салуға құлықсыз көрінеді. ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігінде сенаторлардың қатысуымен өткізілген дөңгелек үстелде біраз жайттың беті ашылды. Жалдамалы тұрғын үй нарығын одан әрі дамыту және жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру жөніндегі Президенттің тапсырмаларын іске асыру мәселесіне орай ұйымдастырылған шарада агенттік төрағасының орынбасары Николай Тихонюк дөңгелек үстелге қатысушыларды қордаланған қиындықтарды шешетін жолдарды саралауға шақырды. Жуырда ҚР Президенті Н.Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласында 2012 жылдың соңына дейін жалдамалы тұрғын үй нарығын одан әрі дамыту және жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру жөнінде ұсыныстар әзірлеуді тапсырған болатын. Президенттің осы тапсырмасына сәйкес, ҚР Үкіметі арнайы қаулы қабылдап, ҚР Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігіне, бірқатар министрліктерге, Астана мен Алматы қалаларының, облыстардың әкімдіктеріне, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-на саланы зерттеп-зерделеп, қажетті ұсыныстар дайындауға нұсқау берді.

Елбасының тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында агенттік бұйрығымен ұсыныстар дайындау үшін арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына Әділет, қаржы, экономикалық даму және сауда, индустрия және жаңа технологиялар, білім және ғылым министрліктері, жер қатынастарын реттеу агенттігі мен Ұлттық банк өкілдері кірді. Жұмыс тобының үш отырысы өтіп, осы мәселелер бойынша мемлекеттік органдар мен облыс әкімдерінің ұсыныстары қаралды. Нәтижесінде жалдамалы тұрғын үй нарығын дамытып, жеке тұрғын үй құрылысын ынталандыру мәселелері бойынша бірқатар ұсыныстар әзірленген. Солардың ішінде жалдамалы тұрғын үй құрылысына жеке инвесторларды тарту мәселесіне ерекше назар аударылып отыр. Өкініштісі сол, еліміздегі қалталы ағайын бұл проблеманы шешуге үлес қосуға аса құлшынып отырған жоқ. Қолжетімді бас­пана арқылы үйсіз жүрген мыңдаған отандас өз шаңырағына ие болса, еліміздің әлеуметтік ахуалының жақсара түсері анық. «Кәсіпкерлер жалдамалы тұрғын үй құрылысын жүргізуге құлықсыз. Себебі салған инвестициясын қайтару жүйесі ұзақмерзімді болғандықтан, бұл оларға тиімсіз. Сондықтан жеке инвесторлардың бұл бағдарламаға қызығушылығы төмен. Осы мәселені жете зерттеп-зерделеу қажет. Бұл орайда шетелдік тәжірибені де таразылаған жөн», – деп атап өтті Н. Тихонюк.