Жаңалықтар

«МӘДЕНИ МҰРА» БІЗГЕ НЕ БЕРДІ?

ашық дереккөзі

«МӘДЕНИ МҰРА» БІЗГЕ НЕ БЕРДІ?

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен дүниеге келген «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша соңғы сегіз жылда атқарылған қыруар жұмыстың қай-қайсысы да ел өміріндегі ең игілікті істің бірі болғаны сөзсіз. Мәдениет және ақпарат министрлігі бас болып жүзеге асырған осы бағдарлама арқасында қаншама тарихи, мәдени ескерткіштеріміз, қаншама көне мұраларымыз бен әдебиет, мәдениет, өнер саласындағы асыл жәдігерлеріміз өмірге қайта келгендей жаңарып, жасарып шыға келді. Олардың қызығы мен көз қуанышына тек бүгінгілер ғана емес, келер ұрпақ та кенеле бермек. Ал біздің міндет – жақсылықты көре білу, асылды ардақтап, қымбатты бағалап жүру. Тарих ғылымдарының докторы Ахмет Тоқтабай мен филология ғылымының кандидаты Ақжігіт Әлібековпен әңгіме де осы тұрғыда өрбіген еді. Д.Әшімханұлы: Өз басым негізінен руханият саласының адамы болғандықтан қай уақытта да алдымен рухани, мәдени жетістіктерге көбірек көңіл бөлемін. Бұл жағынан мен үшін, әрине, «Мәдени мұраның» орны ерекше. Және бұған өзімнің де жеке қатысым бар. Баспагер ретінде бұл бағдарлама бойынша өткен жылға дейін отызға жуық кітаптың жарық көруіне аз да болса еңбек сіңірген екенмін. Оның бәрін жіпке тізіп жатпаймын. Тек «Астана-полиграфия» АҚ-мен бірлесіп дүниеге әкелген «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы» сериясының 21 томын ауызға алсам да болар. Осы серия бойынша сонау ХVІІІ ғасырдағы Сырым Датов көтерілісінен бас­тап, кешегі Желтоқсан көтерілісіне дейінгі халқымыз бастан кешкен күреске толы екі жарым ғасырдың шежіресін архив қорларынан жинақтап беру – үлкен игілікті іс болғанын атап айту артық етпес. Бұған жоғарыдан қаншама көңіл, қаншама қаржы бөлінді. Ол қаржы бақылау мен тәртіптің нәтижесінде мақсатты жеріне шашау шықпай жеткеніне, ұлт игілігіне асқанына да куә болдық. Бұл жағынан мен істі дұрыс ұйымдастырып, жақсы қадағалай білген Мәдениет және ақпарат министрлігіне ризашылығымды да жасыра алмаймын. Таяуда осы министрліктің Қоғамдық-саяси департаментінің мемлекеттік тапсырысы бойынша менің басшылығымдағы «Ел-шежіре» қоғамдық қоры «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша атқарылған жұмыстарға жан-жақты шолу жасап, бәрін бір дерек қорына жинақтап, жалпы қорытынды жасауға мүмкіндік алған. Нәтижесінде қазір «Алтын қазына» атты ақпаратты фото-альбом дайындалып, өндіріске тапсырылып қойды. Сәтін салса, ол қараша айының соңына қарай қалың көпшіліктің қолына тимек. Бұны бағдарлама аясында атқарылған негізгі жұмыстардың көрсеткіші десе де болады. Ал мемлекеттік, ұлттық үлкен маңызы бар осы бағдарламаны ғылыми, мәдени және саяси жағынан қалай бағалаймыз? Қандай баға береміз? Міне, енді сіздермен осы жағын әңгімелесек. А. Тоқтабай: «Мәдени мұра» – тәуелсіздік алғалы бері атқарылған үлкен жұмыс. Бұл бағдарлама басқа елде жоқ. Соның арқасында көптеген мәдени, тарихи мұралар жинақталды. Қазақтың ұлан-ғайыр жеріндегі тарихи ескерткіштерге көңіл аударсам деймін. Алтайдан Атырауға, Құлындыдан Ташкентке дейін қазақтың жүрген, қоныс тепкен жерлерінде ескерткіш көп. Өткен ғасырда қазақ даласындағы тарихи ескерткіштерді зерттеген бір ғалым: «Қазақ даласындағы тарихи ескерткіштер көз тартарлық әдемілігінен емес, көңіл бөлерлік тарихилығымен де Самарқанд пен Бұқараның зәулім күмбездерінен ешқандай кемдігі жоқ» деген екен. Бұл ескерткіштер қазақтың жері екенін білдіреді. Шовинистік идеялы адамдарға соққы беретін де осы – тарихи ескерткіштер. Мысалы, Орынбор облысында ХVІІІ ғасырдың соңында орыстың бірде-бір ескерткіші жоқ екен. Ал қазақ құлпытастары жетерлік. Бұл дегеніңіз – ежелгі ата-бабаларымыз аталған облыс жерін бұрын еркін жайлап, ен қонып жүрді деген сөз. Сосын бұрын Төле би ескерткішінің Өзбекстанда екендігін көп қазақ білмейтін. Тек қана Қаз дауысты Қазыбек бидің Түркістанға жерленгені белгілі еді. Ертеректе барғанда, Төле би ескерткішін алғаш зерттеген профессор Галина Анатольевна Пугаченкомен кездестім. Ол: «Бұл – ескерткіш Ташкенттегі басқа ескерткіштерге ұқсамайды. Шатырлы мавзолей көшпенділердің тарихи ескерткіші. Мұны Өзбекстанның тарихи ескерткіштер санатына кіргізерде, 1950 жылы екі қазақ қариясы Бесағаш жақтан келіп: «Мұнда біздің ата-бабаларымыз жерленген, атақты адамдарымыз да бар» деп еді. Бірақ оған көңіл аудармаппын», – деді. Өзбекстанның мемлекеттік мұрағатынан, Ташкент архитектура институтынан көптеген материалдар таптым. Оны елге әкеліп, паспортын жасадым. Сөйтіп, баспасөзге бірнеше мақала жарияладым. Халық дүр ете қалды. Қазір Өзбекстанның шекарасынан өткен сәтте-ақ көлік жүргізушілері: «Төле би ескерткішіне барасыз ба?» деп жамырай кетеді. Ақпарат құралдарының айтып, жариялауы арқасында бүкіл ел білді. Д.Әшімханұлы: Төле бидің ескерткішін өзбектер мойындай ма? А.Тоқтабай: Өзбектердің ғылыми зиялы қауымы мойындап отыр. Бір айта кетерлігі, біздегі тарихи тұлғалардың екінші аты бар. Мысалы, Шыңғыс ханның шын аты – Темүжін, Алаша хан – Сұлтан Ахмет хан. Ал Төле бидің халық арасында таралып кеткен аты – Қарлығаш. 2004 жылы Иманғали Тасмағамбетовтің тапсырмасы бойынша, Нұрата қаласына барып, Әйтеке бидің мавзолейін зерттедім. Оны өзбектердің де ақсақалдары біледі екен. Олар: «Әйтеке би – Нұратаның бегі болған, өзінің әскері болған», – деді. Әйтеке би тек қазақтың ғана биі емес, отырықшы өзбектерге де билік жүргізген екен. Мұнда 1929 жылға дейін Әйтеке бидің, басқа да қазақтың қорымдары болған деген мұрағат құжаттарды Өзбекстанның ҰҚК алып кетті деген сөз бар. Меніңше, сол құжаттарды ақтарсақ көп дерек табылар еді. Д.Әшімханұлы: «Мәдени мұра» бағдарламасы тек тарихи ескерткіштерді зерттеу ғана емес. Оның танымдық, тәрбиелік, өнегелік рөлі де бар. Яки бұл аталған бағдарламаның тарихи, саяси да мәні бар деген сөз. «Мәдени мұра» бойынша қанша ескерткішке зерттеу жұмыстары жүргізілді? А.Тоқтабай: «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында, сонау 1950 жылдан бері бірнеше күрделі жөндеу көрген Қожа Ахмет Яссауи ескерткішін түрік қандастар аяғына жеткізді. Мықты реставратор мамандар келіп, қалпына келтірді. Д.Әшімханұлы: Түркістанға жақында ғана барып келдім. Қазір мұнда үлкен әңгіме жүріп жатыр. Рас, жөндеу жұмыстары 1950 жылдан басталған. Реставрация – өте нәзік дүние. Екіншіден, ата-бабаларымыз осындай үлкен ғимаратты салған кезде ішіндегі ауаның алмасып тұруын, дымқылданбауын, бәрі-бәрін ескерген. Бірақ кейіннен «жел соғады, су ағады» деп біраз тесік, саңылауды бітеп тастапты. Содан кейін қазір күмбездің асты бүлініп, бір жылдың ішінде сарғайып шыға келеді екен. Тағы бір нәрсені байқадым, бұрын ішіндегі әшекейлері мен оюларында еш уақытта алты бұрыш болмаған. Көне түркі халқының символы – сегіз бұрыш қой. Ал реставраторлар кесене қабырғасына алты бұрышты кафельдер салып жіберіпті. Біреулердің қолтаңбасын әдейі тығып жібергендей. Бұның тағы бір дәлелі – кесене жанындағы моншаға барсаңыз, жоғары жақтағы тесік тағы алты бұрыш. Қандай қажеттіліктен? Демек арам қолдардың ісі болған. А.Әлібеков: Бұған оны істеген инженерлері жауап беруі керек. Сегіз бұрыш туралы жақсы айттыңыз. «Мәдени мұра» бойынша Айша бибінің кесенесі жөндеуден өтті. Осы күнге дейін бүлінбесін деп шынының ішінде сақтап отырдық қой. Сол кездегі шашылып жатқан сегіз бұрышты тастардың өзі адамға рух беруші еді. Ал кейінгі жасалынған кірпіштерінде жасандылық бар екені көзге ұрып тұр. Сосын бұрынғы сегіз бұрышты әшекейлі кірпіштердің көбін сынып қалды деп алып тастаған. Соны қайтадан қабырағаға жабыстыруға болмас па еді? Ол бірден көзге көрініп, бұрынғы тарихи маңызын сақтап қалатын еді ғой. А. Тоқтабай: Айша бибі кесенесі ХІ ғасырда Қараханиттер дәуіріндегі ескерткіш. Оның барлық жері құлап, бір-ақ босағасы қалған. 1970 жылдары шынының ішіне қойды. Одан кейінгі жылдары тарихшылар, архитекторлар, инженерлер сол жердегі құлаған кірпіштердің үйіндісін ашып отырып, әрбір кірпішті қалпына келтіргенін көрдім. Қай жерде қайсысы тұратынын анықтап, орны-орнымен қойды. Сонда Өзбекәлі Жәнібековтің: «Бұл бітпейтін нәрсе. Мынаны қашанғы зерттеп, халықтың игілігіне береміз? Соған біздің күшіміз жетпей ме?» дегені есте. Содан кейін бұрынғы үлгідегі кірпіш жасап, қайта қалпына келтірдік. Айша бибінің осылай тұрғанына қуануымыз керек. Д. Әшімханұлы: Бірақ басқа элементтер кірмеген болар. Өзіміздің таңбамыз, рухымыз, символымыз бар ғой. А.Тоқтабай: Алты, сегіз бұрыш деген шығыс архитектурасының бәрінде бар. Мысалы, бес жұлдыз – қызылдардың ғана белгісі дедік. Бес жұлдызды қазір Шілікті обасынан (үшінші Алтын адамды) профессор Әбдеш Төлеубаев тауып отыр. Мұны ғалымдар адамның бес мүшесі (екі аяқ, екі қол және басы) деп дәлелдеді. Сақ дәуірінің бас киіміне тағатын бес жұлдызды элементтер де болған. Д.Әшімханұлы: Бірақ оны құдайсыздықтың символы ретінде қабылдайтындар да бар ғой. А.Әлібеков: Бұл формалар кезінде қандай мақсатта пайдаланылды, мәселе соған байланысты. Мәселен, Гитлердің свастикасын білесіздер. Бұл мәңгілік қозғалыс деген сөз. Бұл әр елдің аңыздардың бар. Қожа Ахмет Яссауи кесенесінде де бар. Бірақ Гитлер бұл белгіні қалай танытты? Мұны ол билеп-төстеушіліктің белгісі ретінде танытты. Бұл ұғымға, қандай мақсатқа пайдалануға байланысты. Д.Әшімханұлы: Ал алты бұрыш қайдан шықты? Ежелгі Дәуіт дәуірінен. Семиттердің дүниесі. Біз түрікпіз. Сондықтан әу бастағы белгілерімізді сақтауымыз керек. Жарайды, реставрация дегенде, менің есіме қазір Қозы Көрпеш – Баян сұлу мазары түсіп отыр. Оның қазіргі қалпы мен о бастағысы мүлдем бөлек болған дейді. А.Тоқтабай: Бұрынғы суреттерде Шоқан болған заманда мазар жанында алты балбалтас болған. Оның біреуін неміс зерттеушілері Германияға алып кеткен, қалғаны сынған. Бұрынғы суреттерге қарасаң, мазар бұйра-бұйра қара елтірі сияқты көрінетін. 1971 жылы Семейдің студенттері оның сыртын бетонмен өңдеген, артынан оны рес­тавраторлар сыдыртып алғанда бүлінді. Қазіргі тұрған қалпы ХVІІІ ғасырдағысын қайталамайды. Дегенмен, 70 пайызына келеді. Д.Әшімханұлы: Осындай кішігірім ескерткіштердің сыртынан үй салса қалай болады? А.Тоқтабай: Өзбекәлі ағаның айтқаны дұрыс. Ол кісі қандай ескерткіш болмасын халық игілігіне жарауы керек деген. Қожа Ахмет Яссауи кесенесіндегі 30-ға жуық құлпытасты сол Өзбекәлі ағамыз ретке келтірді. Өзбекстанның Әшірбек Муминов деген ғалымы ол тастардағы жазудың бәрін оқып, анықтап берді. Реставрация – хирургиядан да нәзік нәрсе. Тіпті Самарқан мен Бұқарадағы кесенелерде де реставрация жағынан көп кемшілік бар. Тура сол күйінде қалпына келтіру мүмкін емес. Д.Әшімханұлы: Кезінде Есіктен табылған Алтын адам бүкіл әлемге белгілі болды. Ал соңғы жылдары бір-біріне ұқсас тағы осындай үш ескерткіш табылыпты. Олардың кейбір штрихтары бірін-бірі қайталай ма? Зергерлік бұйымдарда өзгешелік бар ма? А.Тоқтабай: Алтын адам – сақ өнерінің хас көрінісі. Мәселе оның 4 мыңнан астам алтын бұйымында емес, тарихи тұрғыдан алғанда, ол – көне сақтардың керемет ескерткіші. Ең кереметі сол, «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында соңғы бір-екі жылдың көлемінде Шіліктіден, Атыраудан, Қарқаралыдан да дәл осындай ескерткіштер табылды. Бізде археологиялық жәдігерлер өте көп. 150 қаланың орны, 300 мыңға жуық оба, 25 мыңға жуық тарихи архитектуралық ескерткіштер бар. Д. Әшімханұлы: Жарайды, Әділ Ахметов Америкадағы үндістердің де обалары бар дейді. Олардың біздегі обаларға ұқсастығы бар ма? А.Тоқтабай: Ол жағын ешкім зерттеп көрген жоқ. Ең өкініштісі, қазір Қазақстан үлкен құрылыстың аймағына айналды. Шетелдік компаниялар мұнай, түсті металл іздеп, аямай қазып жатыр. Сондықтан археологиялық зерттеулерді мейлінше мол жүргізу керек. Әйтпесе, бәрін бүлдіріп тастай ма деймін. Бізде бір ғана археологиялық институт бар, Астанадан Зейнолла Самашев ашқан. Осындай орталықтар еліміздің барлық өңірінен ашылуы керек. Әйтпесе, біз тарихи ескерткіштерден, обалардан күннен-күнге айрылып жатырмыз. А. Әлібеков: Негізгі мамандығым – араб тілі. Археологияға байланыс­ты Мысырда болдым. Бізде көне орындарды қазады, табады, сосын сол күйі қалады. Ал Мысырда қалай? Олар табады, өздерінің турфирмалары демеуші болып, реставрация жасап, туристерді тартады. Сонымен күн көреді. Мысыр бюджетінің 70 пайызы туристерден түседі. Біздің Елбасымыз да шетелдіктерді, туристерді тарту керек дейді. Өте дұрыс! Олар әзірге табиғатты көріп, демалып кетеді. Ал оларға тарихи жерлерді, археологиялық қазбаларды неге көрсетпеске. Мысырда қазба табылған кішткентай жерді гүлдендіріп жібереді. Қалғанын қолдан жасап, жандандырады. Жалпы, «Мәдени мұра» тірілердің игілігі үшін ғой. Осы бағдарламаға байланысты біздің инс­титутта әдебиеттану, өнертану секциясы жасалды. Қыруар шаруа жасалды. Сонау мифтік аңыздардан бас­тап, кеңестік дәуірде айтылмаған дастан, қиссалар, аңыздар, діни қиссалар жарыққа шықты. Кеңестік дәуірде Алпамыс батырдың бір-ақ нұсқасына рұқсат етілді. Оның өзі құрастырылып жасалған дүние. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша «Бабалар сөзі» жүз томдығы бойынша Алпамыс батырдың өзіне екі том арнадық. Д.Әшімханұлы: Бұрын жария­ланған нұсқаларының көп­шілігі редакцияланып жарияланды. Сіздер әу бастағы нұсқасымен бердіңіздер ме? А. Әлібеков: ХХ ғасырдың 30 жылдары облыстарға экспедиция жасалған. Сол кезде кім қалай жазылып алынды, солай өткізді. Біз сол нұсқаны ұстадық. Қазанда, Ташкентте шыққан кітаптарды да бұрын қалай басылса, солай дайындадық. Яки ол жерде қандай сөзбен жазылса, солай. Кей жері түсініксіз болса да. «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша жарық көрген «Бабалар сөзінің» екі функциясы бар. Біріншісі – мұрамен халықты таныстыру, екіншісі – сол кездегі әдебиеттің деңгейі қалай болды, сосын сол кездегі ғалымдардың тілі қандай болған, соны көрсету. Осыны ескере отырып, түпнұсқа бойынша бердік. Орфоэпия, орфография бәрі ескерілді. Шындығын айту керек, кейбір сөздер арабша жазылғандықтан шағатай, татар тілінде жазылып кеткен. Біз оларды сол күйінше қалдырып, кітаптың соңына түсініктеме бердік. Мұның бәрі халықтың игілігі. Археологияны да солай жасау керек. «Мәдени мұра» бойынша Қойлық қаласы табылды. Естуімше, сол қазылған күйі қалған сияқты. Есік қорғанын ашық музей жасап, игілікке асыруда. Бұл жерде турфирмаларды тартып: «Осы жерге келген адамдардан табыс табасың» десе, жасауға келіседі. Д.Әшімханұлы: Шығыс Қазақстандағы Қатон-қарағай ауданындағы Берел қорғанына жасалған қазба жұмысы соңғы уақыттағы айтулы оқиға болды. 24 ғасыр бойы он үш жылқының етімен жатқаны таңданарлық дүние емес пе? «Мәдени мұра» аясында сол жерге үй салып, туристерді қабылдауда. Қаражатты мемлекет бөліп жатыр. Берел қорғаны жөнінде француз-ғалымдары бізге былай дегені бар: «Қазып жатқан кезде бір таңғалғанымыз – табылған әшекей бұйымдар мен мүсіндерді қарап отырсақ, ювелирлік өнер 24 ғасыр бойы дамымай қалған сияқты». Демек ювелирлік өнердің шыңына біз 2 мың 400 жыл бұрын жеткен екенбіз. Сол кездегі адамдар тірі денені шірітпейтін технологияны қалай білген десеңізші. Біз көшпенді болып қана жүрген жоқпыз, сондай-ақ заттық мәдениет те қалдырдық. Бұл біздің ақыл-ойымыздың, өнерге деген талғамымыздың, шеберлігіміздің көрінісі, дәлелі. Ал қазір сол Берелдегі жұмыс бітті ме? А. Тоқтабай: Әлі қазылып жатыр. Профессер Зейнолла Самашевтің айтуынша, ол маңайда жүзден астам қорған бар. Олардың негізгісі ғана қазылды. Жермен-жексен боп кеткен қорғандар әлі жатыр. Қазір Берел қорық атағын алды. Сондай ірі-ірі археологиялық ескерткіштерді консервациялап, халықтың игілігіне жаратып, туристік аймақтарға айналдыру қажет. Дегенмен мемлекеттің оған күші әлі де жетпей жатыр. Бізде бірнеше қорық бар. Қазақты әлемге танытып отырған археологиялық зерттеулер. Қазақ жерінен табылған тарихи жәдігерлер бізді танытты. Археологтарды сынай бермеу керек. Олар қаржыға байланысты жұмыс істейді. Қазір Сыр бойындағы көне қалаларды қазып, үлкен жәдігерлер табылуда. Сонау су сақтардың көне қаласы болған. Олар бірінші рет әлемдік архитектурада күмбезді құрылыстар салыпты. Қытай қазақтарын зерттеу бағдарламасы бойынша бұл ел барлық археологиялық нысандарды тиімді пайдалануда. Бұдан Қытай мемлекеті қыруар ақша табуда. Ал біздің Марқакөл қайда? Бос жатыр ғой. Туристік құрылымды дамытуға барлық нысан бар, бірақ жергілікті шенеуніктер, қалталы азаматтар мо­йын бұрмай отыр. Д.Әшімханұлы: «Мәдени мұраға» ескерткіштің бәрі жатады. Тіпті мола басындағы қалақ тас­тар да. Бізде, Құдайға шүкір, ондай ескерткіш жетерлік. А.Тоқтабай: Қазақта: «Шекара не өзен, не кезең болар, не би мен батырдың моласы болар» деген сөз бар. Сондықтан атақты батырлар, би-болыстар «мені осы жерге көміңдер, өз елімнің шекарасында жатайын» деген. Біз сол ескерткіштерді қайтадан тірілтуіміз керек. Мысалы, «Мәдени революция» кезінде қираған Қытайдағы бүкіл тарихи қоғам қайраткерлерінің басына қайта ескерткіш жасалыпты. Мысалы Шәріпхан губернатор, Дәлелхан генерал, керей, найман руларын бастаған Қуандық би, Тауасар би жатқан жерлерге, осының бәріне жергілікті халық ақша жинап, қалталы азаматтар көмектескен. Бір сөзбен айтқанда, ұлтқа, елге дегенде ақшаларын аямаған көрінеді. Д.Әшімханұлы: Ескерткіштер үшін бізде де аз ақша бөлініп жатқан жоқ. Бірақ оны жол ортада қымқырып қалу, жеп қалу бар. Содан көп ескерткіш нашар болып қалады. Тендерге берілген үлкен ақшадан мүсіншіге азын-аулақ береді. Қабанбайға арналған бірнеше ескерткіш бар. Соның ішінде жеке азаматтар өз қалтасынан шығарып жасаған Мақаншыдағы ескерткіші ерекше. Ал Үшаралда тұрған Қабанбай ескерткіші өте нашар. Қой қайырып тұрған бір шалдың мүсінін жасай салған. Ал ол жеке адамның қаржысымен салынса, мұндай болмас па еді. А.Әлібеков: Ата-бабалардың моласы сол елдің шекарасы екені рас. Сақ заманынан солай болған. Ежелгі ғұн заманындағы әдебиетті қарастырдым. Сонда грек тарихшылары: «Сақтар моласын шекара бойына қояды» депті. Ал парсының бір патшасы сақтармен соғысам деген кезде: «Бізбен неміз үшін соғысасыңдар? Сендердікіндей қаламыз жоқ, бау-бақшамыз жоқ, ештеңе жоқ. Шынымен бізбен соғысқыларың келсе, шекараның бойында ата-бабамыздың қорымы жатыр. Соны бір рет басып өтіңдерші, сосын соғыстың көкесін көрсетейік», – дейді. Талдықорғандағы Қапал батырдың ескерткішін білесіздер. Ол негізі Оңтүстік Қазақстанның тумасы. Жоңғарларды қуғанда, «менің моламды осы жерде қалдырыңдар, жауға қарсы айбат болып тұрайын» деп айтыпты деген аңыз бар. Қазақта мұндай дәлелдер көп. Орынбордың жерінде де қазақтың қорымы көп. Себебі жайлауға келгенде, малын баққан. Бұл қазақтың жерінің ұлан-ғайыр екендігін көрсетеді. А. Тоқтабай: Шынын айту керек, «Мәдени мұра» әуелі Қытайда басталған. 1978 жылы мемлекет басына Ден Сяопин келгеннен кейін: «Мәдени төңкеріс» кезінде барлығы қирады, жанышталды, соны жинау керек», – деді. Сонда қазақтар мен ұйғырлар жер-жердің, ауыл-ауылдың тарихын жазу үшін салт атпен бүкіл елді аралаған. Әкімшіліктің адамдары, ғалымдар, ел азаматтары бұған түгел жұмыла кіріскен. Содан ауызекі әңгімелер мен қолжазбалардан 20 томдық шығарды. Келесі кезекте билерді жазып алды. Алтай аймағында 2000 жылы «Қара жорға» биін 13 мың 888 адам билеп, Гиннес кітабына кірді. Бұл би арқылы қазақты көп жерде танитын болды. Бұл да біздің мәдени мұра. Қытайдың қазақтары осындай мұралардың тоғызын Гиннес кітабына енгізіпті. Екіншісі – ХVІІІ ғасырда керейлерді басқарған Қуандық батырдың шапаны. Бұл шапанның ерекшелігі – құлын терісінен тігілген киім ғана емес, өнер туындысы. Оны Абылай ханның әмірімен жеті ісмер 40 күнде кестелеп тігіпті. Екінші жағынан, Қуандық өте алып адам болған. Бойы 198, салмағы 150 келі тартатын Бердіхан деген ақсақал осы шапанды киіп көрсе, үлкен болыпты. Қытайдың ғалымдары зерттеп, алып адамға арналғанын, кестелілігін, ескілігін келтіре отырып, Гиннес кітабына енгізген ғой. Үшіншісі – Қытай компартиясының 90 жылдығына арнап қазақ кестешілері тоқыған 90 метрлік түскиіз. Төртінші – 3 мың қазақ тұратын Ақсай аймағы 67 метр сырмақ жасады. Бесінші – қырық бүрмелі көйлек. Алтыншысы – Пекин олимпиадасында жиырма жылқы сойып, 100 метрлік қазы дайындаған. Жетіншісі – 90 метрлік қазақ дастарқаны. Бұл – мәдени мұраның халықтың игілігіне айналуы. Гиннес кітабына халықтың бүкіл әлем таңқаларлық дүниелері кіретіні белгілі. Қытайдағы қазақтар соның тоғызын кіргізді. Мұны бас­тап жүрген – халықтың ішінен шыққан білікті кісілер, сосын Қытай компартиясының «Мәдени мұра» бағдарламасын енгізіп, саяси пленумда шешім шығартқан, халықты жұмылдырған азаматтар. Оның ішінде қоғамдық сала өкілдерінің бәрі бар. Ал Қазақстанның өзі бір дүниені Гиннес кітабына енгізген жоқ. 1,5 млн. қазақ Қытайдың басыбайлы халқы болса да, осындай мәдени жәдігерлері арқылы қазақты танытып жатыр. Тағы бір нәрсе, кестешілік мәдени төңкеріс кезінде ұмытылып қалған. Бәрін өртеп, жаққан. Мысалы, Қуандықтың шапанын суырдың ініне тығып, сақтап қалыпты. Ал Оспан батырдың қызының алтындалған ер-тұрманын көрдім. Оны тезектің астына тығып, сақтап қалыпты. Бұдан да керемет құнды дүниелер өртеліп кеткен. Олар мәдени мұраны ауыз әдебиетін жинаудан бастады. Екіншіден, атақты адамдардың моласын жаңғыртудан, үшінші әлемге таныту үшін кезең-кезеңімен жұмыс істеді. А. Әлібеков: М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты «Мәдени мұра» басталған 2004 жылдан бері қыруар жұмыс атқарды. Елбасының өзі бақылауда ұстап отырған «Бабалар сөзі» сериясының осы уақытқа дейін 85 томын шығарды. Келесі жылы жүз томдықтың бәрін игереміз деп отырмыз. Кеңес дәуірі уақытында «Әдебиет тарихы» шыққан. Бұл жолы он томдық шықты. Сақ, ғұн дәуірінен бастап, 2001 жылға дейін, яғни Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығына дейінгі әдебиет тарихы толық кірді. Тәуелсіздік дәуірдегі әдебиетті бөлек бір том етіп шығарсақ, одан бөлек 8 том қазақ музыкасының антологиясын дүниеге әкелдік. Бұл бұрын жасалмаған дүние. Оған ноталар кірді. Мысалы, жарапазанды білсек те, оның әуенінен хабарсызбыз. Әркім білгенінше айтады. Кезінде қорда сақталған пластинкалар мен таспаға жазылған Күләш, Әсеттің дауыстары арқылы нотаны түсіріп, Затаевич жасаған нотамен салыстыра отырып, жасадық. Оның ішінде діни әндер, жоқтау, жар-жар, жарапазан, т.б. бар. Бұл өте үлкен дүние. Сонымен қатар әлемдік фольклортанудың үш томдығын шығардық. Бұл халыққа не берді? Біз қазір 3 мың данамен жарық көрген кітаптарды көпке таратып жатырмыз. Бұл әлі де болса жеткіліксіз. «Мәдени мұра» бағдарламасымен жарық көретін кітаптар Алматыдағы он сегіздей кітапханаға ғана тарайды. Ал елімізде 8 мыңнан астам кітапхана бар екен. «Мәдени мұраны» шетелдіктер жылы қабылдады. Біз Мәдениет және ақпарат министрлігімен біріге отырып, Оңтүстік Корея және Орта Азия халықтарының фольклорлық мұралары бағдарламасы бо­йынша, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» мен «Қыз Жібек» дастанын ағылшын, кәріс тіліне аударып шықтық. Сол бойынша мамандар мульт­фильм, кино түсіруге кірісіп кетті. Біздің институт биылдан бастап үш жылға жоспар жасады. Шетелдегі қазақтардың әдебиеті мен өнері және Қазақстандағы басқа халықтардың әдебиеті мен өнері деген екі үлкен бағдарлама жасады. Біздің экспедицияның мүшелері «Жорға аю» деген бидің үлгісін тапты. Бұны Моңғолиядағы, Қытайдағы, Алтайдағы қазақтар билейді. Осыларды халыққа насихаттау керек. Біз оны жинап, кітапханаға ғана сақтап қойсақ, онда ол ешкімге керек емес. Д. Әшімханұлы: Мәселе – істелген істі, бар жақсыны халыққа көбірек жеткізу. «Мәдени мұраның» ең мықты жері – рухани, мәдени қазыналарымызды қалай қастерлеудің тамаша үлгісін жасап берді. Енді бұл үрдіс тоқтамайды, жалғасын таба береді. А. Әлібеков: Былтыр күзде Елбасымыз үлкен бір жиында аталған бағдарлама өз мәресіне жетті дегендей еді, бірақ бұл жұмыс Үкімет тарапынан әлі де жалғасып келеді. Арнайы шыққан қаулы бойынша «Мәдени мұрамен» шыққан дүниелерді «Викибілім» қоғамдық қорының Қазақстан ашық кітапханасына «Бабалар сөзінің» 85 томдығын бердік. Олар сайтқа қояды, ол жерлен елдің бәрі оқи алады. Бірақ ешкім көбейтіп, насихаттай алмайды. Құқығы жоқ. Сондай-ақ 20 томдық әдеби жәдігерлер сериясының жарық көрген 15 томдығын да біртіндеп беріп жатырмыз. А. Тоқтабай: Шоқан Уәлиханов атындағы институт әлемдік тарихи жәдігерлердің, зерттеулердің қазаққа байланысты 20 томдығын шығарды, одан соң орыс тарихи қайнарларынан 20 томнан астамын қолға берді. Институттағы этнология бөлімі он жыл бойы Моңғолия қазақтарын зерттеді. Тарихи материал бойынша 50 мыңдай фото түсірілді. Ондағы қазақтарды қарасақ, ХІХ ғасырдағы тірлікті кешіп жатыр. Әдет-ғұрпы, мәдениеті, бәрі сол күйінде сақталған. Қазір «Моңғолия қазақтарының этно-мәдениеті» атты 2 томдық дайындап қойдық. Үш жыл болды, Қытай қазақтарын зерттеуге кірістік. Мұнда этномәдениеттің қайнар көзінің сақталуы теңдесі жоқ дүние. Олар 1929-30 жылдардағы аштықты, геноцидті көрмеген. Мәдени төңкеріс кезінде, 1966-78 жылдар арасында біраз қиындық көрді, бірақ «Қытайдағы қазақтар құрып кетті» деген бос сөз екен. Біз алдағы уақытта мәдени мұраларды зерттеп, «Қытай қазақтары» деген бірнеше томдық кітап шығармақпыз. Институтқа келген жаңа басшы Хангелді Махмұтұлының бастауымен қазір қазақтың 20 томдық тарихын жазып жатырмыз. Бұл Қазақстан тарихында бұрын-соңды болмаған жоба. Биыл соның 25 пайызын шығарайық деп отырмыз. Д. Әшімханұлы: «Мәдени мұра» бойынша тек қана әдебиет, қолжазба, тарихи мәдени ескерткіштер аясында ғана емес, музыка мәдениетінде де көп шаруа істелді. «Ел» продюсерлік орталығының басшысы Ғалым Доскеннің ұйымдастыруымен, Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазақтың мың әні», «Қазақтың мың күйі» шықты. Бұл өте игілікті дүние. Шүкіршілік. Мемлекет басшысы ұсынған идеяны кейінгі атқарушы органдар белгілі бір дәрежеге жеткізді деп ойлаймын. Бәрі де тірілер үшін, ұрпақ үшін, ұлттың қамы, тарихы, мәдениеті үшін жасалды. Міне, «Мәдени мұраның» бізге берері осы дейміз! Әңгімені жазып алған Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ