ХАЛЫҚТЫҢ 7 ПАЙЫЗЫ «ХАЛЫҚТЫҚ IPO»-ҒА ҚАТЫСАДЫ

ХАЛЫҚТЫҢ 7 ПАЙЫЗЫ «ХАЛЫҚТЫҚ IPO»-ҒА ҚАТЫСАДЫ

ХАЛЫҚТЫҢ  7  ПАЙЫЗЫ «ХАЛЫҚТЫҚ  IPO»-ҒА  ҚАТЫСАДЫ
ашық дереккөзі

«Халықтық ІРО» бағдарламасына ел арасында күмән мен күдік басым. Сая­си шешімдер институтының сарапшылары жүргізген зерттеулердің нәтижесі халықтың 34, 2 пайызы қаражаттың тапшылығына байланысты халықтық IPO-ға қатысуға мүмкіндігіміз жоқ десе, халықтың 30 пайызы бұған сенбейді екен. Ал әрбір төртінші адам бұның не екенін де білмейді. Бұл қарапайым жұрттың бағдарламаға соншалықты қанық еместігін аңғартады. Бұны мамандар халықтың экономикалық сауатсыздығы мен тұрғындардың арасында дұрыс түсіндірілмеуінен көреді.

Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың тапсырмасы бойынша, ҚР Үкіметі «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» акционерлік қоғамының еншілес және тәуелді ұйымдары акцияларының пакеттерін бағалы қағаздар нарығына шығару бағдарламасын әзірлеген болатын. 2015 жылға дейін көзделген «Халықтық ІРО» бағдарламасы ірі әрі тұрақты мемлекеттік компаниялардың акцияларын қор нарығына кезең-кезеңмен шығаруды көздейді. Бірінші биыл «Халықтық ІРО»-ға «ҚазТрансОйл» АҚ шықса, келесі жылы «KEGOC» АҚ, «Air Astana» АҚ, «Қазтеңізкөлікфлоты» ҰТКҚК» АҚ, «Самұрық-Энерго» АҚ және «ҚазТрансГаз» АҚ шығады. Ал 2014-2015 жылдары бұл қатарға «Қазақстан темiр жолы» ҰК» АҚ, «Қазтеміртранс» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» АҚ, «ҚазМұнайГаз» АҚ кірмекші.

Бір сөзбен айтсақ, «Халықтық IPO» бағдарламасы – бұл бірінші ке­зекте халыққа арналған бағдар­лама. Соған сәйкес, ол бірнеше мақ­сатты көздейді: біріншіден, Қазақстан азаматтарының елі­міз­дегі ең ірі және беделді ком­панияларының акцияларына ие­лік етуге мүмкіндік беру, екін­шіден, Қазақстандағы бағалы қа­ғаз­дар рыногын дамытуды қам­тамасыз ету, үшіншіден, ел тұр­ғындары­ның қар­жылық сауатын арттыру. Осы тұрғыда Елбасы: «Қа­зір қарапайым адам­ның мүддесі бірінші кезекке шығып отыр. Біздің басты мақса­тымыз – адам, оның мүдделері, тағдыры, білім алуы, еңбекке орналасуы, сапалы тұрғын үй. Жаңа кәсіп­орындар, өнеркәсіптің жоғары өндірісті нысандары жоғары кәсіби мамандарды талап етеді. Демек, Қазақ­станда өмір өзгеріп, өзіміз айтып жүрген орта тап өсіп шыға­ды», – деген болатын. Бұл – мем­лекеттің ұлттық бай­лығын ел азаматтары арасында бөлу деген сөз. Нәтижесінде қа­зақ­стандық­тар ең ірі мемле­кеттік ком­па­ниялардың ортақ иелеріне айналып, олардан тікелей табыс тү­сіруге мүмкіндік алуға ұмтылмақ.

«Ха­лықтық IPO» – бұл мемлекеттік ком­паниялардың бағалы қағазда­рын халыққа сату жөніндегі ке­ңінен таралған әлемдік тәжі­ри­бе. Мәселен, «Халықтық IPO» алғаш рет Германияда 1­930-жылдары іске қосылған екен. Сол жылдары ірі неміс компанияларының акциялары сатылып, бұл қосымша қаражат пен инвестициялық ре­сурс­тардың жиналуына, сәйке­сінше, экономи­каның алға жылжуына өз септігін тигізген. Бұдан кейінгі жылдары бұл бағдарлама Польша, АҚШ, Ба­тыстың өзге де дамыған елде­рінде өз нәтижесін берген. Сол себепті, бүгінде на­рық­тық экономикасы дамыған елдерде мемлекетке тие­сілі акциялар пакетінің бір бөлігін орналас­тыру қор рыногын дамы­тудың негізгі факторы ретінде саналады.

Бүгінде «Самұрық Қазына» ҰӘҚ «Халықтық IPO» бағдарламасын еліміздің түкпір-түкпіріндегі халыққа жан-жақты түсіндіру жұмыстары бойынша 40-тан астам кеңес өткізілуде. Өткен аптада ақпараттық-түсіндіру науқаны шеңберінде Алматы қаласы және Алматы облысының активімен кездесулер болып өтті. Экономикалық даму және сауда министрлігінің, Ұлттық банк және Қазақстандық Қор биржасының өкілдері қатысқан кеңесте «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев әлемдік тәжі­рибе негізінде қолға алынған бағдарла­маның артықшылығы жө­нінде жан-жақты баяндай келе, «Халық­тық IPO-ны» іске асыру мақса­тында көптеген жұмыс­тар жасал­ғанына, оның қағидат­тарына сай келетін үміткер ком­паниялардың белгіленгеніне, се­німді құқықтық қор құрылғанына тоқталып өтті. «Алдымен акциясын «ҚазТрансОйл» шығаратын болады. Біз қазан айының соңына дейін бұл мәселені шешеміз. Әрине, біз уақыттан аздап кешігіп жатырмыз. Бірақ жұмыс бірқалыпты жүруде. Қысқасы, біз осы бағытта тынбай жұмыс істеп, істің жүзеге асуына күш саламыз», – деді Қуандық Бишімбаев мырза. Сондай-ақ ол орын алған азғантай кідірістер «ҚазМұнайГаз» компаниясы директорлар кеңесінің шешім қабылдауының кешігуімен байланысты болды. Қазір бұл мәселе компания басшыларымен жан-жақты қарастырылуда. Бұған дейін екі отырыс өтті. Бірақ та компания тарапынан әлі күнге бағаға, көлемге байланысты әртүрлі көзқарас бар», – дегенді де тілге тиек етті.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Қуандық Бишімбаев тамыз айында өткізілген зерттеуге сүйене келе, «Халықтық IPO» бағдарламасына қызығушылық танытқан азаматтардың саны 34 пайызға жеткенін айтты. «Оның 7 пайызы бағдарламаға қатысатындығын нақты білдірген. Бұл 500 мыңнан астам адам. Ал Марченко мырза «Халықтық IPO» бағдарламасына 10, 20 мың адам қатысатын шығар деген болатын. Оның қандай зерттеуге сүйеніп айтқаны белгісіз. Әрине, жұмыс істемесек, ақпарат бермесек, насихат жұмыстарын жүргізбесек, жоғары сапалы қаржылық құралдарды шығармасақ, халық бұған жан-жақты қанықпайды, қызықпайды. Біз қазір бүкіл республика бойынша, аудан, шағын елді мекендерде тұрып жатқан халық арасына барып, бағдарламаны түсіндіріп, насихаттап жатырмыз. Мұның нәтижесін де көріп келеміз», – деді ол.

Ал биыл «Халықтық ІРО»-ға шығатын «ҚазТрансОйл» АҚ еліміздің магистралды құбырлардың үлкен жүйесіне иелік ететін компания. Бұл компанияның құбырлары мұнай өңдіруші үлкен мекемелердің барлығы пайдаланады. Елімізде өндірілетін мұнайдың 60 пайызы осы ҚТО арқылы тасымалданады. Компания активтерінде 8 000 шақырым магистралді құбыр, 1 млн. текше метр сыйымдылығы бар мұнай сақтайтын орын мен 35 мұнай тасымалдау стансалары бар. Ал ең бастысы компанияның табыстылығы әлем нарығындағы мұнай бағасына тәуелді емес. Сондықтан да халық компанияға толықтай сенімділік беруіне негіз бар дейді мамандар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ