ИСЛАМ ӘЛЕМІНДЕГІ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР
ИСЛАМ ӘЛЕМІНДЕГІ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚТАР
Қазанның 3-і мен 5-і аралығында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Ислам әлеміндегі тәрбие, арабтану және исламтану салаларындағы ынтымақтастық» тақырыбы аясында халықаралық ғылыми симпозиум өтті.
Алдымен қасиетті Құран сүресі оқылды. Содан соң қазақ, араб мемлекеттерінің әнұрандары орындалды.
Халықаралық ғылыми симпозиумға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан, Мәскеу, Египет, Судан, Иордания, Түркия республикаларының жоғарыда аталған сала мамандары – үлкен ғалымдар мен оқымыстылар қатысты.
Симпозиум қонақтарына Нұр-Мүбәрак Египет Ислам мәдениеті университетінің ректоры, академик Махмуд Фаһми Хижази, Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти, шейх Әбсаттар Дербісәлі, Египет Араб республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі Саләмә Нәбила, ИСЕСКО қорының өкілі, ғылым докторы Юсуф Әбу Дақа ыстық сәлем жолдап, құттықтауларын жеткізді.
Жалпы мәжілісте ислами ілім-білім, тәлім-тәрбие мәселелері бүгінгі және ертеңгі күн тұрғысында кеңінен талқыланып, ислам әлемінің ынтымақтастығын арттыру перспективалары айтылды.
Симпозиум мынадай 4 секция бойынша жұмыс жүргізді: Араб тілі және әдебиеті, аударма мәселелері, Исламтану, дінтану, өркениеттану мәселелері, Педагогика, өркениет және тәжірибелік мәселелері, Ынтымақтастық көкжиегінің (оқулықтар, технологиялар, электрондық университет, ЖОО-нан кейінгі білім беру, оқытушыларды шетелге жіберу, т.б.) көкейкесті мәселелері. Осындай ауқымды тақырыптағы баяндамалар, ой-пікірлер кеңседен – кеңістікке жетіп, ислам әлеміндегі жасалып жатқан рухани құндылықтар жасампаздыққа ұласса, нұр үстіне нұр болар еді.
Баяндамашы ғалымдардың бірқатарын атасақ: Шәмшәдин Керім, Әли Әлмұхаметов, Умар Идрисов, Ниғматулла Ибрагимов, Идибек Зиеев, Асылбек Алиев, Мухаммад әл-Умейри, Ашраф Даруиш, Раис Измаилов, Ахмад Халид Шукри, Саид Кямилев, Гүлнар Надирова, Гауһар Бүркітбай, Мухаммад Башир Мухаммад Әбу әл-һади, Мухаммад Махфуз, Ата ас-Сынбати, Осман Абдурахман, т.с.с.
Иә, алқалы жиында айтылған мәселелер анау-мынау нәрсе емес, шешімін күткен істер шаш-етектен.
Жұмыла кірісіп, ынтымақтаса отырып атқарар шаруалар да жеткілікті…
Халықаралық ғылыми бұл симпозиумның түйіні, ислам әлемі дүние жүзіне ілгері ілімімен, тәлімді тәрбиесімен, «бір жағадан – бас, бір жеңнен – қол шығаратын» ынтымағымен танылып таралса деген ниет болса керек.
Ислам ілімі, ислам тәрбиесі, ислам ынтымағы қай уақытта да жол бастаушы екенінің жаршысы бола білейік.
Күлпара ЖҰМАҒАЛИ