Жаңалықтар

«АЙ-ҚАРАГӨЗДI» САХНАЛАҒАН ТЕАТР

ашық дереккөзі

«АЙ-ҚАРАГӨЗДI» САХНАЛАҒАН ТЕАТР

1946 жылы ең алғашқы қойылымын ұсынған Ғ.Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрында кезекті маусымның ашылуы болды. Театрдың 67-ші маусымының шымылдығын режиссер Ж.Хаджиевтің «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясы ашты.

Құрылғанына 66 жыл толып отырған Ғ. Мүсірепов атындағы Қазақ Мемлекеттік балалар мен жасөспірімдер театрының бүгінге дейін қол жеткізген жеңістері –шығармашылық ұжымның жетістіктері. Бүгінде, театр ұлттық сахна өнерінің ұлы көшбасшылары салған жолдағы ұлағатты да дәстүрлі үрдіс құндылықтарын сақтай отырып, шығармашылық жаңа белестерге жету жолындағы ізденіс қарымын одан әрі шыңдап келеді. Театр ұжымы 67-ші маусымның ашылуында көрерменге ұсынған «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясы үздік өнер туындысы болды. Ғ.Мүсірепов халық жыры негізінде 4 перделі, 7 суретті «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» трагедиясын жазып шықты. Шығарма 1939 жылы сәуір айында жазылып біткен. Трагедия алғаш рет Қазақ академиялық драма театрында режиссер М.Г. Насоновтың сахналауымен 1940 жылдың 29 сәуірінде көрермен назарына ұсынылды.

Туынды көркемдігімен, әсемдігімен көрермен көңілінен шыға білді. Отыздан астам нұсқасы бар шығарманы әр режиссер әр түрлі жеткізуге тырысады. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының лауреаты Жанат Хаджиев сахналаған бұл трагедияда Қозы Көрпеш пен Баян сұлудың жаңа бейнесі көрініс тапқан. Трагедияның ерекшелігі – көне заман кейіпкерлерінің әр жаңа кезеңде сол жаңаның кейіпкеріндей құбылуында. Сараң да қатыгез Қарабай да, қаскөй Жантық та, арамза Қодар да, қос ғашық Қозы менен Баян да, аналар Мақпал мен Күнікей де біздің бүгінгі күніміздің кейіпкерлеріндей таныс. Дегенмен белгілі бір алшақтық бар. Жанат Хаджиевтің қойылымындағы кейіпкерлер сол алшақтықты жеңуге ұмтылды. Көрермендер арасынан жаңа заман бозбаласы Қозыны ойнай алатындай, Баян көрермендер арасына жатсынбай, жатырқамай еніп кете алатындай әсер қалдырды. Бұл да режиссердің көркемдік шешімінің сәттілігін көрсетсе керек.

Жалындаған жастық пен алаулаған махаббат, сұлулық пен нәзіктік, сүйіспеншілік пен адамгершілік, сенім мен сезім тақы­рып­та­рынан сыр қозғап, адамдық пен адалдықты сөз етер, сертке берік екі жастың арасындағы ғашықтық жырларын шертер «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымы – нағыз өнер мен өмір мектебі. Қойылымның негізгі идеясы – адал махаббатты дәріптеу. Бас кейіпкер Қозы Көрпеш кіршіксіз таза махаббат иесі, батыр, адамгершілігі мол жігіт. Қозы сияқты Баян да адал ниетті, ақжарқын, өзінің сүйгеніне қосылуды арман еткен, ақылына көркі сай жан. Махаббат оқиғасында әрқашан да екі ғашықтың арасына түсетін жағымсыз кейіпкер болады. Оны, айтпасақ та барша адам біледі. Қозы мен Баянның арасына түскен жағымсыз образдың бірі – Қодар. Бұл махаббат хикаясындағы Қозы сол Қодардың қолынан қаза табады, Баян қосыла алмаған адал жары Қозының бейітіне барып, жан тапсырады.

Театр репертуарының екінші күні Мұхтар Әуезовтің «Қарагөз» пьесасының желісімен дайындалған «Ай-Қарагөз» трагедиясының тұсаукесерімен жалғасты. Тағы да бір тамаша туынды сахналанды. Тағы да бір мұңды махаббат жырланды. Бұл спектакльдің қоюшы-режиссері – ҚР Халық әртісі Талғат Теменов. Мұхтар Әуезовтің шығармасын сахнаға алып шыққан режиссер қойылым идеясын көрерменге өзіндік ерекшелігімен жеткізе білді.

Қарагөз бен Сырым бір-біріне кішкене кездерінен ғашық болады. Алайда екеуі бір рудан шыққан. Бұл – жастар арасындағы іңкәр сезімнің басты кедергісі болды. Жастар жасырын кездесіп жүреді. Уақыт өте келе Қарагөз бен Сырымның ғашықтық хикаясы мәлім болады. Бұл оқиғаны Қарагөздің болашақ қайын жұрты да естиді. Мұндай сұмдықты естіген Қарагөздің болашақ күйеуі Нарша ашуға булығады. Қарагөзді алып кетуге келген құдалар ойын ойнап, тойын тойлап жүргенде қос ғашық қашуға бекінеді. Бірақ олар қолға түсіп қалады. Қуғыншылар Сырымды қамшының астына алады. Нарша Сырымның қазасы жайлы Қарагөзге қаралы хабар жеткізеді. Қарагөздің ғашық жүрегі мұны көтере алмай, ауыр науқасқа шалдығады. Барлығын ұмытып, есінен адасқандай күй кешеді. Қарагөздің айықпасын білген Нарша амалсыздан Сырымды ертіп келіп, қазақ әнінің құдіретімен Қарагөздің жадын қалпына келтіреді. Ән құдіретімен ғашығын есіне түсіріп, соңғы рет көрген Қарагөз Сырым қолында қаза болады. Трагедияның қысқаша мазмұны осындай.

Режиссер қойылым оқиғаларын тамаша, ұшқыр ойластыра білген. Қарагөз бен Сырым арасындағы махаббаттың үзік сырларын олардың балалық шақтарымен байланыстыра отырып сахналауы көрерменнің ерекше назарын аудартты.

Қойылым барысында Тұрсынжан Шапай, Болатбек Нұрқасымов сияқты композиторлардың шығармалары мен «Серпер», «Қоңыр» топтарының, Рамазан Стамғазиев, Шаба Әденқұлқызы, Өмірқұл Айниязовтың орындауындағы әндер пайдаланылған.

Театрдың 67-ші маусымы қазақ әдебиетінің заңғар тұлғалары Ғ.Мүсірепов пен М.Әуезовтің тамаша туындыларымен бастау алды. Биылғы маусымда театр репертуарынан жаңа дүниелер күтеміз.

Әсел ӘНУАРБЕК

ҚазҰУ-дің студенті