Жаңалықтар

ХАЛЫҚТЫҢ 60 ПАЙЫЗЫ АҒЗА АУЫСТЫРУҒА ҚАРСЫ ЕМЕС БІРАҚ

ашық дереккөзі

ХАЛЫҚТЫҢ 60 ПАЙЫЗЫ АҒЗА АУЫСТЫРУҒА ҚАРСЫ ЕМЕС БІРАҚ

Жарық дүние есігін ашқан соң, өмірдің қыз-қыз қайнаған базарынан қайтқың келмейтіні анық. Өмір – тәтті. Өмір – қымбат. Алайда тағдырдың жазуымен қаншама адам қызығы мен шыжығы мол тіршілікті бір сәтте артқа тастап кетіп жатыр. Өйткені оларға екінші мәрте өмір сыйлайтын донор тапшы.

Елімізде ағза ауыстыру мәселесіне нықтап кіріскеніміз соңғы он, он бес жылдың шамасы. Ал мамандар трансплантологияның кең тараған түрі – бүйрекке сонау 1978 жылдан бері 600-ден астам ота жасалғанын айтады. Бүгінде А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия орталығы мамандары үшін сау бауыр мен жүрекке мұқтаж жандарға өмір сыйлаудан басқа арман жоқ. Қолға алынған шаралардың бәрі осы мақсат аясында жүзеге асуда. Бәзбіреулер күмән келтіретіндей, отандық дәрігерлердің қиын да күрделі отаны жасауға дайындығы жаман емес. 100-ге жуық маман алыс және жақын шет елдерге барып, тәжірибе алмасып, біліктілігі мен білімін шыңдап қайтты. Бұдан былай олар тіпті шетелден шақырылған арнайы маманның қадағалауынсыз-ақ ота жасау мүмкіндігіне толықтай ие. Бұл тұрғыда орталықтың бас директоры Жеткерген Арзықұлов: «Бұған дейінгі трансплантация отасын белоруссиялық, жапондық әріптестермен бірігіп жасадық. Әрине, ағза ауыстыру ісін енді ғана жолға қойған біздің медицина үшін тәжірибелі хирургтердің көмегіне жүгінген ағаттық емес. Оның үстіне бұл оталар сәтті, нәтижелі болса, үрке қарайтын қоғамның пікірі де, көзқарасы да өзгеретіні анық. Ал бұдан былай ағза ауыстыру отасын өзіміздің мамандар да жасай алатындығына сенімдімін», – деген болатын.

Кез келген шаруаны жаңадан бастаған сәтте оған секеммен қарау заңдылық. Бүгінде қоғам да «Біз ағза ауыстыруға дайынбыз ба?», «Оған мамандар жет­кілікті ме?» деген сауалды көлденең тар­тады. Алайда «Трансплантация жасау ісінде бұл баспалдақтан әлдеқашан өттік» деген А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының директоры Жеткерген Арзықұлов енді тек қана трансплантация санын көбейту керектігін айтады. «Осыдан бірер жыл бұрын ағза ауыстыру дегенге үрпие қарайтын жұрттың пікірі өзгере бастаған. Арнайы жүргізілген әлеуметтік зерттеу қорытындысына сүйенсек, халықтың 60 пайызы ағза мүшелерінің трансплантациясына ерекше қолдау білдіріп отыр. Қоғам назарын осы мәселеге бұру үшін үгіт-насихат жұмыстары да қарқынды жүргізілуде», – дейді ол.

Алайда қазақ медицинасы бұл іске білек сыбана дайын десек те, донор тапшылығы қол байлауда. Қоғам ішінде әлі де болса жақынына жәрдемдесіп, туысына донор болсам дейтіндер жоқтың қасы. Соның салдарынан трансплантациялық ота жасау да сирек. Әлі елімізде 1200 адамға жүрек, 1200-1300 адамға бауыр, ал шамамен 2 мыңдай науқасқа бүйрек отырғызу керек. Бұл «жедел операция жасату керек» деген күту парақшасындағы, яғни дәрігерге қаралып, диагнозын анықтаған науқастардың ресми көрсеткiші. Көңілі қам жандар таңның атуы мен күннің батуын ғана тілеп жүр. Оларды өмірге қайта әкелу үшін осыншама донор қажет. Ал мұндай отаны шетелде жасату қып-қызыл ақша.

БИЫЛҒЫ ЖЫЛДЫ

«5»-КЕ

АЯҚТАЙМЫЗ

Жыл басынан бері А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығында төрт бірдей бауыр трансплантациясы сәтті жасалды. Соңғысы осыдан бір ай бұрын ғана жүзеге асты. С гепатиті салдарынан циррозға шалдыққан Ермек Мұқыровқа жары Ольганың бауыры кесіліп салынған. Ұзақ жыл бойы ауруына ем таппай жүрген отағасына ақыры әйелі өмір сыйлады. Тіпті оған дәрігерлер ота жасату үшін тез арада Израиль мен Германияға бару керектігін айтыпты. Бір қуаныштысы, екі баланың әкесі Ермекке бұл отаны жапондық профессор Сусуми Эгучидің қатысуымен отандық мамандардың өзі жасап шықты.

Бізбен сөйлескен науқастың жары Ольга: «Күйеуім екеуіміздің қан тобымыз да, басқа да сараптамалық қорытындылар да сәйкес келеді екен. Сондықтан ойланбастан донор болуға келістім.

Отбасым үшін оның қасымда аман-есен жүргені керек. Бізге қайта өмір сыйлаған Орталық дәрігерлеріне үлкен алғысымды айтамын», – деген қуанышын жеткізді. Ал бауыр цер­ро­зына шалдыққан Фатима Байтамаева орталыққа Шымкенттен келген. Оған әпкесі донор атанып, бір бауырын беріпті. Бұл бауырға жасалған алғашқы трансплантациялық ота болса да, 34 жастағы ана әуелі Аллаға, сосын мамандарға 100 пайыз сенгендігін айтады. «Ота он екі сағат жасалды. Өмірден татар дәм-тұзымның таусылмағанын сездім. Жеті жасар балам үшін бәріне дайын болдым. Қазір денсаулығым жақсы, оңалып келемін», – дейді Фатима. Бір айта кетерлігі, бұл трансплантологиялық отаның бәрі тегін, яғни мемлекеттік квота есебінен жасалған. Ал А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығы дәрігерлерінің төртінші мәрте бауыр ауыстыру операциясының нәтижесіне оң баға берген Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова Қазақстанда трансплантация жасауға мүмкіндіктің бар екендігін, жұртшылықты донор болуға үндеу керектігін баса айтты.

Медицинада жүректі ауыстыру небәрі 4 сағатты қажет етсе, бауыр орналастыру 24 сағатқа созылады екен. Бұған дейінгі процестің өзі ұзақ. Донор боларлық адам жан-жақты тексеріліп, оның ағза мүшесі сәйкес келгенде ғана отаның жасалуына рұқсат беріледі. Демек, ағза ауыстыруға байланысты түрлі алып-қашпа әңгімелердің қисыны жоқ. А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының ғылыми-клини­ка­лық жұмыс бойынша директорының орынбасары Манас Ембергенұлының пікірінше, күн тәртібінде жұрттың трансплантологияға деген дұрыс көзқарасын қалыптастыру тұр. «Себебі, соңғы кездері ел арасында «мәйітханаларда өлген адамның ағзасын алады екен, оны сатып, шетелге жібереді екен» дегендей ақпараттар көбейіп кетті. Мұның бәрі – қисынсыз. Науқас адам қайтыс болған мезеттен бастап оның жүрегі үш-төрт сағат ішінде толық тексеріліп, басқа адамға салынып үлгерілу қажет. Одан кешіксе, жүрек жарамсыз болып қалмақ. Рас, жол апаты, басқа да себеппен өлген адамды сот-сараптама орталығына апарып толық тексереді. Ол жерде мәйітті бір-екі аптадай ұстайды. Мүшелерінің бәрі алынады. Басынан бастап, аяғына шейін бәрі ашылады. Толық тексеруден өтікізілген соң, қайтадан тігіледі. Ал оның трансплантологияға ешқандай қатысы жоқ. Сондықтан халық арасындағы мәйітханадағы марқұмдардың мүшесін алады екен деген пікір қате. Оның үстіне кез келген трансп­лан­тация­лық ота жасату заң және медицина жағынан жан-жақты бақылауда болады», – деп түйіндеді Манас Ембергенұлы.

Отандық мамандар бүйрек, бауыр трансплантациясын тәжірибе жүзінде едәуір асырып келсе, жүрек ауыстыру мәселесінде қиындықтарға тап болуда. «Ең басты мәселе – донордың жетіс­пеушілігінде. Адам ағзасында екі бау­ыр, екі бүйрек болғандықтан, бір мүшені беріп, донор атана алады. Ал жүрек – жалғыз. Адамның жаны қайда болса, жүрек те сол жерде. Сондықтан да қоғам мүшелерін тәрбиелеу қажет», – дейді А.Н.Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Арыстан Сей­да­лин.

Шын мәнінде, әлемде бір жылда 1 миллион халықтың ішінде 10 адам жүрек трансплантациясына зәру екен. Бұл елімізде жылына 150-160 адам жүректің айықпас дертіне шалдығып, соншалықты ота жасалу керек деген сөз. Ал үздіксіз жұмыс істейтін жүректің донорын табу ең күрделі мәселе. Тығырықтан шығудың амалын іздемесек, 1200-дей науқастың (оның ішінде балалар да бар) жүрегі мәңгіге тоқтап қалуы мүмкін. Ол үшін қоғамның әрбір мүшесі жұмылған жұдырықша атсалысуы керек.

А.Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығының мамандары жыл соңына дейін тағы бір бауыр трансплантациясын жасауға дайындық үстінде. «Сөйтіп биылғы жылды «5» деген бағамен қорытындылаймыз. Елімізде донорлық трансплантологияны дамытудың қажеттігін осыдан аңғаруға болады. Қоғамның трансплантацияға деген көзқарасы өзгерсе, отандық кәсіби дәрігерлер талай науқастың өмір сақтап қалуға дайын», – дейді отандық мамандар.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ