Жаңалықтар

KAZNET-КЕ КӨҢІЛ ТОЛМАЙДЫ

ашық дереккөзі

KAZNET-КЕ КӨҢІЛ ТОЛМАЙДЫ

Өйткені онда тіпті «Абай жолы» да жоқ

«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында Елбасы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының көкейкесті мәселелерін дағдарыс дендеген жаһандық проблемалармен сабақтастыра шешуге айрықша назар аударып, кесімді әлеуметтік саясат ұсынып отырғаны ертеңге деген берік сенімді одан әрі ұштай түсті.

Соның ішінде мәдениет саласындағы шешуді талап ететін көкейкесті мәселелер де айқындалып отыр. Жаңадан құрылып жатқан Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институты Елбасының салиқалы идеяларын қолдай отырып, еліміздің мәдениет саласын дамытуға, соның ішінде шешімін таба алмай келе жатқан әлеуметтік мәселелерді анықтап, оларды болашақта шешу жолдарын іздеуге мүдделі.

Президент өз тұжырымдамасында Үкімет пен «Нұр Отан» партиясына көптеген әлеуметтік және экономикалық бағыттарға қатысты қазіргі кезге дейінгі заңнамалық актілерді қарастырып және талдап, оларды осы заманғы халықаралық деңгейге сай, әлеуметтік даму мүддесіне қарама-қарсы келмейтіндей етіп өзгертуді тапсырып отыр. Бұл әрине мәдениет саласына да қатысты.

Тәуелсіздік жылдары мәдениет саласын реттейтін көптеген құқықтық заңнамалар қабылданды. Бұл заңдар қазіргі кезде мәдениет саласындағы қарым-қатынастарды реттеп келеді. Оның негізгісі – «Мәдениет туралы заң». Басқа да құқықтық құжаттар бар. Алайда бұқаралық ақпарат құралдары, мәдениет пен өнер қайраткерлері осы құжаттардың жетілмеген тұстарын сынауда. Мысалы, авторлық құқықтың дұрыс орындалмауы, оны бұзғаны үшін жауапкершіліктің аздығы, отандық мәдени өнімді дамытуға басымдылық берілмеуі, мемлекеттік тіл заңының БАҚ-да бұзылуы, мәдени және тарихи ескерткіштердің кейбіреулерінің мәртебесінің анықталмағандығы, мәдени ошақтар мен ұйымдардың бағыттары айқындалмағандығы және т.б.

Заңдар қабылданып қана қоймай, олардың орындалуы да үнемі қадағалануы керек. Заңның орындалуының кемшіліктерін Елбасымыз көптеген баяндамаларында қадап айтып жүр. Мысалы, мәдениет саласына етене жақын ақпарат кеңістігінде мемлекеттік тілді қолданудың барлық қажетті нормативтік актілерінің қабылданғанымен, радио мен теледидарда ол заңдарды өрескел түрде бұзу көпшіліктің наразылығын тудыруда.

Қазіргі кезде мәдениет стандарттарын жүзеге асырудың да міндеті тұр. Осы жұмыстың табысты бастамасы ретінде 2010 жылдың 20 шілдесінде қабылданған және 2012 жылдың 17 қаңтарында түзетілген мәдениет саласындағы мемлекеттік қызмет көрсетудің стандарттарын енгізу туралы үкімет қаулысы болып табылады. Әрбір тауар немесе қызмет көрсету сияқты бұл бағытта да айқындылық болуы керек, өйткені мәдениет саласы да өнеркәсіп, сервис, туризм және т.б. салалар сияқты материалды және материалды емес құндылықтар өндіреді және белгілі бір қызметтер көрсетеді. Сондықтан мұндағы авторлар мен орындаушылардың құқықтарын қорғау бірінші кезекте тұр. Ол үшін мәдениетке заңнамалық актілерді де қайта қарастырып, халықаралық стандарттарға сай болатындай жетілдіру қажет. Осы халықаралық стандарттардағы мәдениет саласына мемлекеттік бюджеттің 2 пайызынан кем емес және жергілікті бюджеттің 6 пайызынан кем емес қаржыны жұмсау керектігі қағидасын құрылып жатқан Мәдениет институтының ғалымдары дәлелдеп, оның орындалуына күш салатын болады және жоғарыда айтылған мәдениет стандарттары толығымен қабылданған жағдайда мемлекеттік органдарға сол стандарттардың орындалу барысын бақылауға көмектесуге кепіл етеді.

Мәдениетке қатысты құжаттарда ЮНЕСКО-ның соңғы жылдары мәдениет ұғымымен қатар пайдаланылып жүрген сөз тіркестерінің анықтамалары берілмеген (мәдени кеңістік, мәдениет алуандылығы т.б.), сонымен қатар еліміздегі көптеген шығармашылық ұйымдардың (жазушылар одағы, композиторлар одағы, суретшілер үйі) ролі мен атқаратын іс-шаралары, қаржыландыру көздері, міндеттері мен құқықтары нақты айқындалмаған. Сондықтан кейбір газет беттеріндегі шығармашылық ұйымдар қаулылары мен оның мүшелерінің текетірестерін жиі оқитын болдық. Кейбір өнер иелері өз одақтарына тіпті сенбеушілік те білдіріп жатады. Мұның барлығы жақын уақытта мәселені шешуді талап етеді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаң­ғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында сондай-ақ Қазақстан халқының біліктілігін жетілдіруге аса зор көңіл аударды. Расында-да, 90-жылдардың аяғы мен 2000 жылдардың басында көптеген жоғары оқу орындары заңгерлерді, экономистерді, банк қызметкерлерін және халықаралық қарым-қатынас саласының мамандарын көптеп дайындай бастады. Соның салдарынан қазіргі күні осы мамандықтар нарықтық сұраныстан бірнеше есе көп болып, керісінше инженер мамандар, энергетиктер, технологтар және де біздің мәдениет саласындағы мамандар жетіспеуде. Үлкен қалалардағы жағдай біршама қанағаттанарлықтай болып тұрса да, шалғай аудандарда әлі мүшкіл. Алайда тәуелсіздіктің бастапқы жылдарынан бері қарай мемлекеттік және жекеше көптеген музыкалық, би, бейнелеу, қолөнер мектептері мен үйірмелері ашылған болатын. Оның кейбіреулері кеңестік базаның негізінде құрылса, біршамасы жаңа ұйымдар. Мәдениет саласында біршама ірі жоғары оқу орындары да бар (Т. Жүргенов атындағы Өнер академиясы, Ұлттық консерватория, Ұлттық музыка академиясы) және осы жоғарғы оқу орындарының ішінде орта кәсіптік білім беретін колледждер де мамандар даярлауда. Сонымен қатар бірнеше ұлттық университеттерде мәдениеттану, шығыстану мамандықтары бойынша факультеттер мен топтар жұмыс істеуде. Осы оқу ордаларының басым көпшілігі Алматы қаласында орналасқан, кейбіреулері Астанада ашылуда. Ал облыс аудандарын айтпағанда басқа үлкен қалаларда мәдениет саласындағы білім беру орталықтары тым аз. Біздің болашақтағы міндетіміз әрбір ауданда, ірі ауылдарда мәдени білім беру ошақтарын ашу (соның ішінде, әсіресе балаларға арналған). Мысалы, Абай, Махамбет, Мұқағалидың туған жерінде ақындық мектептері, ал Шәмші мен Нұрғисаның ауылдарында сазгерлер мектебі бой көтеріп жатса, өнер саласы да дамып, ұрпақтар жалғастылығы да орын алар еді.

Мәдениет саласында кәсіби білім берумен қатар қазіргі заман сол мамандарды қайта даярлауды талап етеді. Бұл бағытта қазіргі таңда мамандандырылған жоғарғы оқу орындары мен бірнеше ұлттық университеттер айналысуда. Кейбір мамандар жақын және шалғай шет елдерде білімін толықтырады. Бұл маңызды да, аса қажетті сала. Өйткені бүгінгі жаһандану заманында әрбір мәдениет саласының маманы соңғы технологиялық жетістіктерінен, дү­ниедегі соңғы өзгерістерінен хабардар болу керек. Біздің ғылыми зерттеу мәдениет институтымыз мәдениет саласындағы мамандарды қайта даярлауға дайын және осы қызметті біз халықаралық деңгейге сай етіп ұйымдастыруға тырысамыз және оған кепілдік береміз.

Жалпы, мәдениет саласынан тек қана кәсіби оқу орындарымен қатар орта мектеп оқушылары, колледж және мәдени кәсіптен тыс жоғарғы оқу орындарының студенттері де хабардар болғаны дұрыс. Өйткені біздің мемлекетіміз болашақта дамыған елдер қатарына енуді жоспарлап отыр. Ол тізімге ену дегеніміз тек бюджеттің қалыңдығына, өмір сүру деңгейіне, қазба байлықтарының көптігіне немесе өндірістің жоғары қарқынды дамуына ғана байланысты емес, сондай-ақ өмір сүру сапасына, яғни соның ішінде мемлекеттің халқының мәдениеттілігіне, хабардарлығына да байланысты. Сондықтан болар осы тізімде орасан қазба байлықтары бар елдердің көбі енбеген шығар.

Жас ұрпақ мектептерде мәдениет жайлы тек өнер пәні арқылы және тарихтан ғана сусындайды. Болашақта әлемдік көркемөнер тарихы немесе әлемдік және қазақ мәдениеті сияқты пәндерді міндетті пәндер тізіміне енгізу қажет. Жоғарғы оқу орындарында да осы саланы студенттер тереңірек ұғынуы үшін бір семестрдің орнына екі семестр оқытқан жөн болар еді. Жаңадан құрылған мәдениет институты осы бастамаларды болашақта көтеретін болады.

Бүгінгі жаһандану кезеңінде барлық салада, өндіріс болсын, бизнес болсын, тіпті ауыл шаруашылығы мен саясатта ақпараттық технологиялар мен инновацияларсыз елестету мүмкін болмай барады. Әрбір үйдің өзінде ғаламтор телефон мен поштадан маңыздырақ болып кетті. Әсіресе жас ұрпақ жаңа инновациялық технологияларсыз өз өмірін елестете алмайды.

Сол себепті біздің мәдениет саласы да осы үрдістен қалмай үнемі дамып отыруы шарт. Бірінші кезекте мәдениет саласының қызметіне ақпараттық технологияларды енгізу керек. Мысалы, шет елдерде мұражайларға, театрларға билеттерді сатып алудың өзі ғаламтор жүйесі арқылы жүзеге асырылады. Біздің елде де соңғы жылдары бұл бағытта оң үрдістер байқалуда. Сол театрлар мен мұражайлардың репертуарын және экспозицияларын желі арқылы танысып отыруға болады. Бірақ бұл жеткіліксіз. Елбасымыз өзінің жолдаулары мен бағдарламаларында инновациялық технологиялардың дамуына ерекше назар аударып отырады. Соның дәлелі ретінде осы бағытта жаңа әлемдік деңгейге сай жоғарғы оқу орындарының тікелей Н.А.Назарбаевтың араласуымен елімізде ашылуы.

Әрбір мәдениет саласының мекемесі, мұражай болсын, кітапхана болсын, театр болсын, филармония болсын, оқу орны болсын барлық іс-әрекеті ақпараттық технологияға жүгінуі керек. Осының ішінде маңызды бағыттың бірі болып электрондық кітапхана қорын құру болып табылады. Мысалы орыстілді RUNET-тен кез-келген шығарманы, баяндаманы, романды немесе өлеңді тауып, тіпті басып та шығара аласыз. Соның ішінде біздің Абай, М.Әуезов, Ш.Айтматов, М.Шаханов сияқты ақын-жазушыларымыздың еңбектерінің орысша баламалары бар. Ал KAZNET-ке мен соңғы рет жолығып, тіпті М.Әуезовтің «Абай жолын» немесе Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожасын» таба алмай қайттым. Осындай жағдайда біздің қазақи жас ұрпаққа көркем әдебиетті аз оқитынына ренжу де ыңғайсыз. Кейбір диссертациялар мен рефераттарды қазақ тілінде табуыңыз да мүмкін, бірақ олармен танысу үшін Сіз біршама қаржыңызды шығындауға тура келеді. Біздің орталық ұлттық кітапханамыздың өзінде бірнеше миллион кітаптар қоры жинақталған. Соңғы жылдары біршама кітаптардың электронды нұсқалары да бар. Болашақта сол кітаптардың электронды нұсқаларын жалпы бұқараға жеткізуіміз қажет, әсіресе қазақ тілді кітаптарды. Осы кітаптарды ғаламтор желісіне ақылы түрде шығарып, кітапханалар біршама қаржы тауып жатса қуанарлық жағдай болар, бірақ біз жас ұрпақтың мәдениет деңгейінің көтерілуін көргіміз келсе, орыс пен ағылшындар сияқты жалпылай тегін көшірілімге жіберуіміз дұрыс. Әрине, авторлар мен оның ұрпақтары келісім беріп, оларды бюджет есебінен мемлекет ынталандырып отырса. Бұл ретте біздің мәдениет ғылыми-зерттеу институтының да ресми сайтын пайдалануға болар еді.

Жалпылай алғанда еліміздің мәдениет саласын бүгінгі жаһандану талабына сай етіп оңтайландыру міндеті біздің мойнымызда, өйткені қазіргі ақпараттық-технологиялық даму заманында бір күн кешігу болашақта бірнеше жылға тең болады. Бүгінгі замандағы музыкалық, өнер, көркемсурет, мәдени білім ағымдарын біз жіті зерттеп-қолдануымыз керек. Бірақ өз түп-тамырымыздан айырылмауымыз да маңызды. Өйткені ЮНЕСКО-ның мәліметтерінде жаһандану салдарынан жылда дүниеде ондаған тілдер мен ұлттар жойылуда, яғни ондаған мәдениет құрдымға кетеді. Сондықтан сол құрдымға кетпеуіміз үшін біз қазақ халқының дәстүрлі мәдениетін қазіргі заманғы мәдениетпен байланыстыруымыз қажет.

Жалпы, қазақ халқы өзінің мобильділігін өткен ғасырдың өзінде дәлелдеген болатын. Ә.Қастеев классикалық картиналарды тудырса, Д.Шоқпаров сияқты қолөнер шеберіміз ұлтымыздың дәстүрлерін дүниеге паш етті, ал Ш.Қажғалиевтың бастауымен Құрманғазы атындағы ұлт аспаптар оркестры және Н. Тілендиевтің «Отырар Сазы» оркестры осы кезге дейін ұлттық сазды аспаптарды ғана қолданып симфониялық оркестр құрған бірден-бір ұлт дәрежесіне жеткізді. Соның сабағы ретінде қазіргі батыр мен ақын ұрпақтың жалғастырушылары жеткілікті. Осы бастамаларды біздің ғылыми-зерттеу мәдениет институтымыз да қолдауға әрдайым дайын. Тек қана азаматтарымыз осы жолда қажымас еңбек етсе болғаны.

Соңғы сөзімді Елбасы Н. Назар­баевтың «Қазақстанның әлеу­меттік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» мақаласындағы алғысөзбен аяқтағым келеді:

Әлемнің әміршісі – еңбек.

Тек еңбекпен ғана жеміс өнбек, тек еңбек қана бар қиындықты жеңбек.

Ғазиз ТЕЛЕБАЕВ,

«Көшпенділердің мәдени мұрасы проблемалары жөніндегі қазақ ғылыми-зерттеу институты»

ЖШС-нің директоры