Жаңалықтар

ТЕРЕҢДІК ПЕН ТАЯЗДЫҚ

ашық дереккөзі

ТЕРЕҢДІК ПЕН ТАЯЗДЫҚ

Талай-талай қалалар мен елдерді жалғастырып жатқан «шығыстың тіршілік қантамыры» атанған көне Ұлы Жібек жолы бойы. Лентадай созылған тақтайдай тас жол ары-бері, ерсілі-қарсылы ағылған автомашиналардан бір сәт тынар емес. Кім қайда, не үшін барады, бір Құдай біледі. Әйтеуір тоқтаусыз, тынымсыз дөңгелеген беймаза дүние. Оң қанатымызда марғау керіліп-созылып, қысы-жазы басынан қар кетпейтін айбарлы Алатау көлбеңдейді.

Жаздың аптап ыстығының беті қайтып, күздің жаймашуақ жанға жайлы ерке самалы жүзіңді қытықтайды. Күздің нышаны айналамызда білінеді: тау беткейлері, қыраттар мен далалар сарғылт-күрең түске бояла бастапты. Тал-дарақтардың жапырақтары да сарыала түске бояла бастапты. Таудан ескен кәусар ауа тынысыңды аша түседі. Әне, ту сонау көз әрең жетер көкте «тыру, тыру» деп бір топ тырналар құбыланы бетке алып, еркіндікке толы биікте қалқып барады. Барлығы, барлығы жиналып келіп, адамға ерекше бір әсер етеді. Тіпті, көкірегің қарс айрылып, кеудең ашып, жүрек лүпілі жиілей түсіп, өткен күндерге деген ыстық сағыныш сезімі бойыңды жаулап, тіпті, шындыққа барсақ, ауыр мұң басады. Сол сырттағы табиғаттың сұлу да әсем көрінісіне елжірей, елти отырып, радиоқабылдағыштан төгілген жанға жайлы, сырлы әуенге құлақ түремін:

«Биік таулар, «бойшаңмын» деп шіренбе,

Күнің туса, сен де типыл боларсың.

Терең теңіз, тәкаппарсып түнерме,

Суың кепсе, сен де бір шөл боларсың!» – деп қоңыр үн діріл қағып, ой-сезіміңді қозғап, санаңды қытықтайды. «Ән – адам жанының ажары» деп бекер айтылмаған. Жақсы ән жүрегіңді жібек самалдай аялап, бойыңа шым-шымдап қуат-нәр беріп, жаныңды жылы алақандай аялайды. Сабырлы, салмақты ән – жан рахаты. Ол көңіліңді тасытып, жүрегіңді тебірентіп, нәзік сезіміңді оятып, там-тұмдап бойыңды сергітеді, ойыңды тәтті қиялдарға жетектеп кете барады.

Ия, менің пайымдауымша, мына ән кімді болса да ойға қалдыратыны ақиқат. Бір сәт Сіз де талай құлақ түріп, ой таразысынан өткізіп көрген боларсыз. Осы бір әннің мәтінінде қаншама философиялық салмақты ой жатыр? Базбіріміз өмірдің қызығына түсіп, дүние мен байлық, дәреже мен мансап, шен-шекпен қуып жүргенде, Жаратушының өлшеп берген қысқа өмірі қас-қағым сәтте өте шығатынын естен шығарып жіберетініміз өкінішті. Мен кейде, жеке қалған сәттерімде өткен-кеткен күндеріме ой жүгіртіп, «не бітірдім?», «кімге не жақсылық жасадым?», «не істеуім керек?», «қалай өмір сүріп жатырмын?» деп тіршілігімді саралайтын, атқарған істерімді сараптайтын кездерім болады (мүмкін басқалар да солай жасайтын болар). Базбір істеріме көңілім толса, енді біреулеріне көңілім құлазып, әттеген-ай деп әлгі ісіме ренжитін кездерім де баршылық. Содан кейін өз-өзіңе «тапсырма» беріп, оған жету үшін өзімді «қамшылайтыным» тағы бар. Оған жетсең – жақсы, жетпесең – бәрі, бәрі бос әурешілік болғаны…

Ағылшынның әлемге аты әйгілі драматургы әрі ақыны Уильям Шекспирдің ұлы трагедиясының кейіпкері Гамлет: «Адам қандай тамаша жаралған! Оның ақыл-ойы қандай ізгі. Іс-әрекеті қандай дәл, қандай тамаша. Әлемнің сұлуы», – дейді. Сөйтіп ол адамның Жер бетінде ең керемет, ерекше асқақ жан екеніне таң-тамаша болады, адамгершілікті дәріптейді.

Гамлеттің позициясы өмірді, ақиқатты кең, терең түсінуге себеп болды. Енді ол өз жолында кездескен барлық өтірікші, екіжүзді адамдардың беттеріндегі бетперделерін (маскаларын) шешіп, әшкерелейді. Кейде оның сөздері ащы кекесін, сарказмға толы болып көрінеді. Мысалы Офелиямен кездескендегі сөздеріне зейін қойыңызшы. Бірақ шынында, оның жүрегі ұлы сезімге, шынайы достыққа ашық. Гамлет Офелияны шынымен сүйеді, ол өлгенде қатты қиналады. Гамлет оны, тіпті анасын да жақсы көреді. Бірақ сол сезімдерін Офелияға да, анасына да білдіртпейді. Өлер алдында Гамлет Фортинбрасты таққа отырғызып, оған тек елі үшін қызмет етуді тапсырады. Гораций досына Гамлет өлгеннен кейін жақсы атақ қалдыру үшін өзі туралы тек қана шындық айтуды тапсырады.

Өзінің «Гамлет», «Отелло», «Король Лир», «Ромео мен Джульетта» және басқа трагедияларында Шекспир қайырымдылық пен әділеттілік туралы ізгі, батыл адамдар армандарының жүзеге аспайтындығын көрсетті. Ол күшті, ер жүрек кейіпкерлерді, олардың жоғары сезімдерін – сүйіспеншілік пен достықты, адалдық пен ерлікті мадақтады. Шекспирдің кейіпкерлері тағдырдың әлсіз құрбандары емес, олар қиналады және күреседі, бірақ дүниені өзгертуге қабілеттері жетпейді. Сол ұлы драматургтың шығармаларында келтірілген кейіпкерлердің алдында тұрған проблемалар әлі де шешімін тапқан емес. Адамзат алдында бұл мәселелер мәңгілік шешімін таппайтын проблемалар қатарында қала берер ме екен, сірә…

«Тектіге – ар қымбат, ғашыққа – жар қымбат, батырға – намыс қымбат, қорқаққа – жан қымбат, діндарға – иман қымбат, білімдіге – уақыт қымбат, дарындыға – өнері қымбат, мансапқорға – тақ қымбат, дүниеқоңызға – мал қымбат, саудагерге – алтын қымбат..», – деп бұрынғылар қалай қиыстырып, тауып айтқан. Қазіргі адамға уақыт қымбат болған заман. Әйтеуір күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, уақыттың қалай зуылдап өте шыққанын кейде байқамай да қаласың. Бірақ бір мезгіл атқарып жүрген ісіңді ой таразысына салып, бір сәт артыңа қараған да артық емес-ау деп ойлаймын кейде.

«Өзіне өзі ғашық болушылық – бұл адамның үлкен соры. Бұл ең алдымен өзімшілдікті, өзімшілдік күншілдікті туғызады», – деген екен заңғар жазушымыз Мұхтар Әуезов. Атқарған аз ісіңді көпшілік алдында керемет іс қылып көрсету – әбестік. Халық кімнің кім екенін, оның тындырып жүрген ісін әрдайым байқап отырады, атқарған ісіне, адами қасиеттеріне, азаматтық көзқарасына қарап бағалайды, құрметтейді. Жалған іс, жалған атақ, шен-шекпен – бос дақпырт, даңғаза тірлік. Уақыт өте келе барлығын өз орнына қояды. Өмір заңы солай. Ол – аксиома.

«Егер адамның ішкі дүниесі бетінде жазулы болса, ешкім бірінің бетіне бірі қарай алмас еді!» – дейді қазақтың ақиық ақыны Қадыр Мырза Әли. Рас қой, егер әр адамның ішкі дүниесі, пікір-пиғылы, теріс қылығы, арам ойы жүзінде жазылып тұрса, ол адамға ешкім жақындамас еді, алдауына, арбауына, айдауына көнбес еді. Сондықтан ғой, бізбен қатар жер басып ортамызда жағымпаз да, әккіс те жүр, алаяқ та жүр, немкеттілер де, тоғышар да жүр, таяз да жүр, ноқал да жүр, жаман да жүр. Адами қарым-қатынас есептеулі болды. Тоғышарлық, немқұрайлық, немкеттілік, науқаншылдық, әсі­реқұмарлық, шенқұмарлық, көз­бояушылық, даңғазалық, екіжүзділік, мақтаншақтық, дүниеқоңыздық тәрізді сан түрлі жиренішті құбылыстар қазір көбеймесе азаяр емес.

Ия, солай өзімізді өзіміз әлі танып, біле алмай жүрген жайымыз бар. Ұлтымыздың асыл маржандай әдеп-ғұрпы, жауһар мәдениеті, қасиетті ұлттық тәрбие, адамға деген сезімталдық, инабаттылық, сергектік, ағайындық қатынас бірте-бірте қожырап, ескі бөздей ыдырап бара ма деп қорқамын.

Расында, өмірдің қатаңданып бара жатуы – адамдар арасында рухани жұтаңдықтың көрінісі. Мемлекеттік қаржыға шет елде білім алып (олардың басым көпшілігі ұлттық салт-дәстүрден, мәдениет пен ана тілінен мүлдем мақұрым), сол елде қалып қойып жатқаны қаншама! Олар басқалар сияқты жүрегі сыздап туған елінің, халқының болашағын ойлай да қоймайды. Әйтеуір өз басы аман болып, жақсы табысы бар қызмет болса, елдің қатарынан қалмасам болғаны деп ойлайды. Басқа ешкім, ештеңе қаперіне кірмейді. Ұлттық, патриоттық сезімнен мүлде мақұрым, рухани жұтаң пенде.

Еліміздің ертеңі – бүгінгі жас ұрпақ екені бәрімізге айдан анық. Жастарға дұрыс тәлім-тәрбие беріп, ұлтжандылықты қанына сіңіріп, олардың рухани баюына ерекше көңіл бөліп, ел сенімін ақтайтын саналы ұрпақ өсіріп, оларға жарқын бағыт-бағдар сілтеу – қазіргі көкірегі ояу азаматтардың басты парызы.

Адамгершілік пен имандылыққа, ізгілік пен жақсылыққа, достық пен бауырмалдыққа деген құштарлық азаматтық сезімнен басталады. Сондықтан жастардың жүрегіне азаматтық сезімді ұялатқанымыз жөн. Рас, азаматтық пен ұлтжандылық жайында соңғы кезде жиі жазылып, сан мәрте айтылып келеді. Идеология тығырыққа тіреліп, рухани кедейшілік басым болып бара жатқан қазіргі кезеңде патриоттық рух, туған жерге, өскен елге деген махаббат сезім көмескіленіп бара жатқаны көңілі ояу, ойы терең азаматтарды толғандыруда. Онысы орынды да. Өйткені қазақ жерінде дүниеге келіп, өсіп-өніп, білім алып, есіл-дерті тапсырылған қызметін өз басының баюына арнап, теріс жолмен қалтасын доллармен қампайтқан базбір азаматтар «аңғыт – ауздарыңа саңғыт» деп шетел асып жатқандары жасырын емес. Тіпті бұл үрдіс жыл сайын көбеймесе азаяр емес. Әй, сірә, олар көгере қоймас. Халықтың қарғысы алысқа жібермейді-ау оларды…

Қазақ елінің, мемлекеттік қаржы мен табиғат сыйлаған жер асты қазбалы байлығын «түгімен жұтып», бірер жылдың аясында мына жалпақ әлемді қолына ұстап тұрған олигарх-миллиардерлер қатарына қосылған жандарды ұлтжанды деп айтуға аузымыз бармас. Тіпті, Қазақстанның жер байлығы арқылы байып, қазір желкелері күжірейіп, жалынан жел есіп жүрген әлгі Миттал, Шодиев, Ибрагимов, Машкевич, Ким секілді олигархтар күні кеше Алматы, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан облыстарында орын алған су тасқынынан зардап шеккен ауылдарға бүкіл ел «қанатымен су сепкен қарлығаштай» қаржы жинап, қол ұшын ұсынып жатқан тұста әлгі «миллиардерлердің» біреуі де жақтарын ашып, азырақ болса да көмектерін ұсынғаны жайлы мәліметті өз басым естімедім. Бұл нені көрсетеді? Тереңдік пе, жоқ әлде таяздық па? Ойланарлық жай…

ХІ ғасырдағы кемеңгер ойшыл Жүсіп Баласағұн:

Ақыл болса, жаһан тұтар ер кемел,

Білім болса, билер елді ер де ерек.

Қос қасиет басын қосса – ер бүгін,

Бүтін Ерге тиер әлем – жер бүгін!

Ізгілік пен жақсы қылық амалы,

Солармен Ер екі дүниені алады!

Қайырым күтсең ақылыңмен аңғар да,

Қайырым жаса қайырымды жандарға!

Кісі мәңгі тұрмас, мәңгі – ат, ары,

Мәңгі қалар оның жақсы атағы! – деп жырлапты өз заманында. Оқушысын ойға қалдыратын қандай дана сөздер, шіркін!

Несін жасырайық, өтірік мадақтау мен желбуаз көпірме сөзбен құлағыңды тұндыратын, немесе жалаң ақыл айтумен жалықтыратын, тіпті көпшілікті мезі ететін, ештеңені соңына дейін таратып, жүйелі сөз айта алмайтын, сөйтіп санаулы алтын уақытыңды бос алатын ойы таяз, ісі шала «көкмылжыңдар» кездесе қалса, бойымды берекесіздік билейді. Олар өз бойындағы кемшілікті, тіпті сезе бермейді. Әлгілердің саналы да мағыналы ғұмыр кешу дегеннің не екенін де білмейтіні өкінішті.

«Адамзат – бүгін адам, ертең топырақ,

Бүгін өмір жарқылдап алдар бірақ.

Ертең өзің қайдасың, білемісің,

Өлмек үшін туғансың, ойлан шырақ!» – деген Абайдың дана сөзін жадымызда ұстаған артық емес сияқты. Сірә, өмір сүру үшін, жай өзің үшін ғана өмір сүруден гөрі, көпшілктің ойынан шығып, игілікті ісіңмен жұртқа танылып жақсы өмір сүру әлдеқайда мәндірек көрінеді маған.

Қазақ деген халықтың әрі дана, әрі көне, әрі төре, әрі төбе екенін өмірде өз іс-әрекетімен, болмысымен, кесек мінезімен көрсетіп кеткен ұлы тұлға Бауыржан Момышұлы жайлы мен жиі толғанам. Баукеңнің өмірі – қаһармандық үлгісі, ұлттық намыстың егелмес тас қайрағы. Баукеңнің артында қалған мол мұрасы – ұлт рухының ұлы оқулығы, бағдаршамы, болашақ компасы. Баукең университетінен өткен әрбір адам халқына, ұлтына неғұрлым жақындай түседі, еліне деген перзенттік махаббаты арта түсетініне еш дау жоқ. Туған халқы үшін, кейінгі толқын ұрпақтары үшін қазақтың һас батыры Бауыржан – өнегесі таусылмас қазына.

Шынында, Баукең секілді дегдар азаматтар қазақтың алпыс екі тамырына қан жүгіртіп, асқақ сезімін оятып, көңілін тасытып, мәртебесін өсіріп, бойына мақтаныш ұялататын нағыз Ер емес пе?! Айта берсек, ісімен де, өмірімен де ел мақтанышына айналып, уақыт биігінен көрініп жүрген қоғамымызда қаншама қазақтың нағыз көркем, елтұлға болатын ойы мен ісі биік азаматтары болған. Әлі де бола бермек. Соған тәуба делік. Елге нысап берсін әйтеуір.

Сағындық ОРДАБЕКОВ,

медицина ғылымдарының

докторы, профессор

Тараз қаласы