«АЛАМАН» ДЕПУТАТТАР ТУҒЫЗҒАН ДҮРБЕЛЕҢ
«АЛАМАН» ДЕПУТАТТАР ТУҒЫЗҒАН ДҮРБЕЛЕҢ
Өткен сәрсенбіде Бішкекте көпшілік күте қоймаған оқыс оқиға болды. Парламенттегі «Ата Жұрт» фракциясының лидері, депутат Садыр Жапаров жетектеген бастамашыл топ орталық «Алатау» алаңында Қырғызстанның ең ірі алтын кені «Құмтөр» акционерлік қоғамын мемлекеттің қарамағына алу керек деген ұранмен митинг өткізіп жатқан.
Садыр Жапаров осы жылдың 15 ақпанында Жоғарғы Кеңештің 10 депутатынан құралған «Құмтөрді» жан-жақты тексеруге құзыры бар комиссияның төрағасы болатын. Ол маусымның ортасына дейін анықтау жұмыстарын жүргізіп, аталған кен орнын ұлттандыру керек деген байлам жасаған. Оның пікірінше, жазғы демалысқа шығып бара жатқан Жоғарғы Кеңеш комиссия ісінің қорытындысына жеткілікті мән бермеген. Ол: «Онда елдің талқысына саламын», – деп Жоғарғы Кеңеш күзгі сессиясын бастағанда, 3 қыркүйекте митинг өткіземін деп жариялаған. Бірақ Президент А. Атамбаев конкурсы жүріп жатқан Жоғарғы соттың талапкерлерін Жоғарғы Кеңештің қарауына 3 қыркүйекте алып шығамын дегендіктен, сот реформасына кедергі жасамайын деп, митингіні 3-і қазанға белгілеген.
Сәске түсте бастамашыл топтың қатарына «Ата Жұрттың» партиясының лидері, Жоғарғы Кеңештің депутаты Қамшыбек Тәшиев қосылды. Ол парламент жиналысынан түскі үзіліске шыққан екен. Сөз кезегі өзіне тигенде, Қамшыбек Тәшиев «шенеуніктер халыққа қызмет етуі керек» деген сөздерді айтып, жақсы-ақ сөйлеп келді де, «Енді 10 қазанда» деп сөзін аяқтамай басқа арнаға түсіп кетті. «Енді 10 қазанда митинг өткіземіз» демекші болып, «Енді 10 қазанда, Шыңғысхан өз уақытында 17 жігітімен барып, билікті басып алған. Бізге 10-20 мың адамды жинаудың керегі жоқ, 10-20 адам барып-ақ басып аламыз, қане араларыңда сол жиырма бар ма? Қазір барып билікті алу керек», – деп, «алу керекті» үш қайталап, 150 метр жердегі Президент әкімшілігі және Жоғарғы Кеңеш орналасқан «Ақ үйді» көздей ұмтылды. Митингке көшеде ары-бері жүрген адамдар бар, мыңдай адам жиналған еді. Қамшыбек Тәшиев бас болып,белсенді ереуілшілер қолдап болып, қалың нөпір «Ақ үйге» қарай лап қойды. 2005 жылдың наурыз төңкерісінен кейін Үкімет ғимаратты биіктігі екі жарым метрлік, басы үшкір темір тормен қоршалған болатын. Тәшиев бастаған жиырма шақты жігіт одан өрмелеп асып түскенде, күзет әскерлері көзден жас ағызатын газ қолданып және бомба жарылғандай әсер ететін оқсыз мылтық атып, көтерілісшілерді кері тойтарып тастады, бірнешеуін тұтқынға алды. Қол сұғылмас құқығы бар Депутат Тәшиевке ешқандай шара қолданылған жоқ. Бірнеше көше кері тықсырылған ереуілшілер бір сағаттан кейін «Ақ үйге» тағы да шабуыл жасап, кейін шегіндірілді. Тағы бір сағаттан кейін ереуілшілер тарап кетті. «Тәшиевке үш жерінен оқ тиіп, жүре алмай қалыпты», – деп желдей ескен сөз жалған болып шықты. Бірақ жарақат алғаны шын. Үкіметтің іс басқармасына қарасты арнайы емханада темір кіріп кеткен аяғына кішігірім операция жасалып, терісі тігілгені рас. Оқ болмаған. Сірә, темір тордан асып бара жатқанда борбайын тілдіріп алса керек. Қанша дегенмен депутат деген лауазымы бар, дәрігерлер ашып айтпады. Ереуіл біткеннен кейін Садыр Жапаров Жоғарғы Кеңештің түстен кейінгі жиналысына қатысты. Жиналыста оның оқ өтпес желеткі киіп және тапаншамен келгеніне ескерту берілді. Тәртіп бойынша көшеде тапаншамен жүрсе, ішке кіргенде ғимараттың күзетшілеріне өткізуі тиіс. Негізі, бірқатар депутаттардың әр кездері сыйға алған не тіркеуден өткерілген «Макаров» маркасындағы тапаншалары бар.
Сол күні кешкісін Ұлттық қауіпсіздіктің мемлекеттік комитеті Қамшыбек Тәшиевті, Садыр Жапаровты және митингінің бел ортасында жүрген Жоғарғы Кеңештің вице-спикері, «Ата Жұрт» партиясынан депутат Талант Мамытовты, өлкенің заңнамасына сәйкес, екі тәулікке қамауға алды. Ертеңіне болған Жоғарғы Кеңештің отырысында депутаттардың көпшілігі «аламан» әріптестерін айыптап шықты.
5 қазанда үш депутат және бір топ көтерілісшілер екі айға тергеу абақтысына қамалды. Депутаттарға Қырғыз Республикасының Қылмыстық Кодексінің «Билікті күшпен басып алу қастандығы не билікті зорлықпен ұстап тұру» статьясы бойынша, оған қосымша Тәшиев пен Жапаровқа «Билікті зорлықпен басып алуға жұртты үндеу не конституциялық түзілісті күшпен өзгерту» статьясы бойынша айып тағылды. Айыптар дәлелденсе, алғашқы аталған статья бойынша 12 жылдан 20 жылға дейін түрмеге кесіледі, екіншісі бойынша айыппұл салынады не 3 жылға дейін бас еркінен айрылады.
Оқиға болып жатқан сәтте «Ақ үйде» отырған Жоғарғы Кеңештің депутаттарының көпшілігі жұмыс орындарын тастап, сыртқа қашып кеткен. Премьер-министр Жантөре Сатыбалдиев Ыстықкөл облысында шаруашылықтарды аралап жүрген болатын. Президент Алмазбек Атамбаев Түркияда демалысын жалғастыруда еді. Бұған қарағанда, Қамшыбек Тәшиевті шайтан түртіп, «момын спикер» Асылбек Жиенбековті «Ақ үйден» оп-оңай қуып шығамыз деген жаман ой билеп алды ма, кім білсін?..
Қайткен күнде де, «билікті басып алу әрекетімен» Қамшыбек Тәшиев жеке басының ғана емес, парламенттегі оппозициялық «Ата Жұрт» фракциясының, тіпті тұтас «Ата Жұрт» партиясының абыройын түсіріп, Жоғарғы Кеңештің әлем алдындағы беделіне нұқсан келтірді, сондай-ақ, біраздан бері тынышталып қалған елді дүрбелеңге салды, сонымен қатар экономикалық жақтан сыртқы инвесторлардың өлкенің тұрақтылығына деген сеніміне сызат түсірді.
Енді «Ата Жұрт» фракциясындағы өзге депутаттар Президент Алмазбек Атамбаевтан рақымшылық сұрап, серіктестері үшін араша өтініп отыр. Осы фракциядан депутат Жылдызхан Жолдашева мемлекет басшысына жазған хатында Қамшыбек Тәшиевтің, Садыр Жапаровтың және Талант Мамытовтың іс-әрекеттерін қолдамайтынын, бірақ олардың әрекетінде билікті басып алу элементтерінің жоқ екенін,бар болғаны олардың ақылсыз қадам жасағанын білдірген. Мемлекет басшысы қамалған депутаттармен Президент ретінде емес, жасы үлкен әріптес (партиялық қозғалыстағы – Н.Б.) ретінде сөйлесуі керек. «Міне сонда біз Алмазбек Атамбаевты кешіріледі Президент ретінде бағалап, Айкөл (Дарқан – Н.Б.) Манастың кешірімділігін көре аламыз», – деп жазған Жылдызхан Жолдашева.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ,«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі