МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ СЫРТҚЫ САЯСАТТАН СЫРҒИ БЕРМЕК ПЕ?
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ СЫРТҚЫ САЯСАТТАН СЫРҒИ БЕРМЕК ПЕ?
Қазақстан Үкіметін 5 жыл 8 ай басқарған Кәрім Мәсімовтің отставкаға кетуімен қоғам Үкіметте кадрлық ауыс-түйісте біраз серпілістер болады деп күткен еді. Алайда Министрлер кабинеті негізінен бұрынғы құрамын толықтай дерлік сақтап қалды десек болады. Тек бірнеше маңызды салалардың басшылары ғана өзгерді. Солардың бірі және ең маңыздысы – Сыртқы істер министрлігінің жетекшілігіне Ерлан Ыдырысовтың араға жылдар салып қайта келуі.
Ерлан Ыдырысов Сыртқы істер министрлігін бұған дейін бір рет басқарған адам. Ол – 1999-2002 жылдар аралығында Сыртқы істер министрі болды. Сол кезде Ерлан Ыдырысов есімінің ел аузына іліккені «Дипломатиялық қызмет» туралы заңды талқылау барысында, депутаттардың «дипломат – мемлекеттік тілді білуге міндетті» деген талабына өре түрегеліп, қарсы болғаны әрі бұған қарсы қисын ретінде ҚР Конституциясының 14-бабын көлденең тартуы. Онда: «Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды» делінген. Бірақ «онда мемлекеттік тілді білмегені үшін» деген арнайы сөйлем жоқ екенін ешкім ескермеді. Сөйтіп, қоғамдық пікірдің Ерлан Ыдырысовқа қарсы болғанына қарамастан, «Дипломатиялық қызмет туралы» Заң дипломатқа мемлекеттік тілді білуді міндеттей алмай қабылданған еді. Ерлан Ыдырысов осы кезеңде: «Мен ана тілін білмегенім үшін өкінемін» деген болатын. Алайда біздің саясаткерлер түсінбейтін бір мәселе бар. Ана тіліңді білу, білмеу өз еркің, азаматтық борышың. Ал мемлекеттік тілді білу – міндет.
Содан бергі он жыл ішінде Ерлан Ыдырысов Сыртқы істер вице-министрі, Ұлыбритания, Швеция, Норвегия, Ирландия, АҚШ және Бразилия елдеріндегі Қазақстанның төтенше және өкілетті елшісі қызметін атқарды. Осы он жылда ол осы қағиданы түсінді ме екен?! Оны бұдан былайғы қызметі көрсете жатар.
Ал Ерлан Ыдырысовтан кейін Сыртқы саясаттың тізгінін Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев қайта қолына алды. Ол 2002-2007 жылдары Қазақстанның сыртқы саясатын басқарды. Сосын Марат Тәжин, Қанат Саудабаев, Ерлан Қазыханов мырзалар осы салаға жетекшілік етті. Алайда олардың ешқайсысы дипломаттың мемлекеттік тілде сөйлеуіне мұрындық болған жоқ. Ондай талап енгізуге құлықтылық та танытпады. Ал аталған тұлғалардың ішінде Қазақстанның мемлекеттік тілін жетік білетіні – тек Қасым-Жомарт Кемелұлы сияқты. Қалғандарының мемлекеттік тілде баяндама жасағанын немесе сыртқы саясат мінберінен мәлімдеме жасағанын көре алмай, күмілжіп қаламыз. Марат Тәжиннің еншісіне 2007-2009 жылдар тисе, 2009-2011 жылдар аралығында Қанат Саудабаев басқарды. Қанат Саудабаевтың ең беделді әрі жауапты министрлікке жетекшілігі – Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы мен ЕҚЫҰ Саммитін өткізген кезбен тұспа-тұс келеді. Сондықтан болар Қанат Саудабаевтың есімі өзге тұлғалармен салыстырғанда, ел аузында көбірек қалды. Сонымен қатар, ол «Қазақстанда орыс тілінің мәртебесі сақталатын болады» деп айды аспанға шығарғандай болған еді. Дегенмен Ерлан Ыдырысовпен салыстырғанда, оның қазақшасы әжептәуір деп те айтуға болады.
Бұған дейін Сыртқы істер министрлігіне басшылық еткен Ерлан Қазыхановтың екі жылда ел есінде қалардай қадам жасағанын білмейміз. Ол ақпарат құралдарын Қазақстанның сырттағы имиджін жасау үшін «көмек қолын созған» Боратқа «рахмет!» айтуымен шулатқаны есімізде.
Жалпы, 20 жыл ішінде Қазақстанның сыртқы саясатын 9 министр басқарған екен. Олардың арасында қазақтың Сыртқы имиджін қазақ ретінде қалыптастыруға талпынған жан аз. Сондықтан болар, шетелдіктер Қазақстанды әлі күнге дейін Ресейдің бір провинциясы ретінде таниды. Өйткені халықаралық маңызы бар кездесулер, симпозиумдар, форумдар мен саммиттер орыс тілінен ағылшыншаға немесе ағылшыншадан орысшаға аударылады. 20 жыл ішінде қазақ тілінен ағылшыншаға аударма жасайтын жібі түзу аудармашы да дайындай алмай отырмыз. Биыл Лондонда өткен ХХХ олимпиада ойындарында Халықаралық олимпиада комитетінің сайтында Қазақстан спортшылары туралы мәліметтерде Қазақстанды Ресейдің бір аймағы деп көрсеткенін айтып ақпарат құралдарын біразы шулады. Бұл – біздің мемлекеттік саясаттағы жүйесіздігіміздің көрінісі іспетті. Елдегі саяси элитаның санасына «Қазақстан – қазақ мемлекеті, оның мемлекеттік тілі қазақ тілі, Қазақстандағы барлық халқы қазақ мәдениетінің төңірегінде шоғырланады» дегенді 20 жыл ішінде түсіндіре алмадық. Шетелде өз ұлтына немесе халқына қарсы сөз айтқан адамдар сол қызметке қайта алынбайды немесе шеттетіледі. Кез-келген елде кадрларды таңдауда оның ұлттық мүдде жолындағы еңбегі ескеріледі, содан кейін ғана басқа біліктілігі сарапқа салынады. Біздің елдегі кадрларды таңдау саясаты да түсініксіз. Әуелі оның қанша елдің тілін білетіндігі сарапқа салынады, қайда, қандай қызметтер істегенін жіпке тіземіз, алайда мемлекеттік тілді білген-білмегенін ескеріп жатпаймыз. Жақында Парламент Мәжілісінің депутаты Оразгүл Асанғазы Мәжіліс мінберінен қазақша берілген сауалға жауап беруден бас тартқан Әділет министрі Берік Имашевқа 20 жылдың ішінде мемлекеттік тілде сөйлей алмаудың мемлекеттік қызметкер үшін қаншалықты сын екендігін айтып, ескерту жасады. Жиырма жылдың ішінде «Мемлекеттік қызмет туралы» Заң бойынша мемлекеттік қызметкерге мемлекеттік тілді білуге міндеттей алмадық. Мұның бәрі Қазақстанда қоғамдық пікірдің ескеріле бермейтінін анық аңғартады. Әсіресе қазақ тілінің мәртебесін көтеруде тым кержалқаумыз.
Есенгүл Кәпқызы