«АҚЫН АҒАДАН» – «АБАЙ ЖОЛЫНА» ДЕЙІН

«АҚЫН АҒАДАН» – «АБАЙ ЖОЛЫНА» ДЕЙІН

«АҚЫН АҒАДАН» – «АБАЙ ЖОЛЫНА» ДЕЙІН
ашық дереккөзі

Мұхтар Әуезов шығармашылығының кейбір сырларына үңілсек…

«Абай жолының» үшінші кітабы әрі тез, әрі шапшаң жазылды, алғаш «Ақын аға» деген атпен жарық көрді. Алдыңғы кітабы секілді бұл да көп өңдеу-жөндеулерден өтті. Алғашқы басылымынан кейін ескертпелер себебінен көп тұстары қысқартылды, жаңадан тараулар қосылды. Бұлардан суреткерлік еңбек пен суреткерлік ізденістің алуан-алуан қырларының қиындығы елестейді. Осылардан суреткердің ұдайы көз жүгіртіп отырудан, көзі түскен сайын өңдеп-жөндеулерден, түзетулерден, ой қосулардан, кей тұстарын қысқартып, кей тұстарын толықтырып жетілдіріп отырулардан жалықпағаны аңғарылды.

Алғашқы екі кітабы өзінің араласуымен орыс тілінде басылып шықты. Осы үшін сол кездің ең жоғары марапаты саналатын Сталиндік сыйлықтың Бірінші дәрежелісі берілді (ол үш дәрежелі болатын). Бірақ мұндай дәрежеге қараған жоқ, ол қайта сөзге ілініп, қудалана бастады.

1946 жылы Қазақстан Ұлттық Ғы­лым Академиясы ашылды. Ол осы ғы­лым ордасының толық мүшелігіне сай­лан­ған алты адамның бірі болды. Жаңа құ­рылымның академигі болу – ауыр сенім, ауыр міндеттер жүктеді. Осы мін­дет­ті, жүкті сезінген ол, өзінің жазып жүр­ген көркем дүниелерін кейінге ысырып тастап, осы ұйымның тапсырмаларына, іс-ша­р­аларына барынша беріліп, бар ынта-ықыласымен бел шешіп кірісіп кетті. Сонда алдымен «Қазақ ССР тарихы» мен «Әдебиет тарихының» бірінші, екінші кі­табына тараулар жазуды қатар қолға алды және олардың жалпы редакциясын бас­қарды.

Міне, дәл осындай еңбек қарқынында, ізденіс соңында жүргенінде көңіл-күйін нілдей бұзған 1947 жылдың 21 қаңтарында «Социалистік Қазақстан» бетінде «Қазақ ССР Ғылым академиясы, Тіл және әдебиет институтындағы өрескел қателіктер» деп аталатын Орталық партия комитетінің тарапынан «Қазақ әдебиеті тарихы» кітабының қолжазбасы мен Ә.Мәметованың «Қазақ билерінің шешендік сөздері» деп аталатын диссертациялық жұмыста өрескел қателіктері бар еңбек ретінде сыналды. Онда халықты қанаушы Кеңгірбаев, Қараменде, Шорман сияқты ірі феодалдар, байлар мен билер ел қамқоры, қорғаушысы болып көрінеді делінді.

Осыларды арқаланып Сақтаған Бәйішевтің «М.Әуезов өткен қателерінің шырмауында» («Соц.Қазақстан», 1947, 14 қараша) деген атпен жарияланған мақаласы отқа май құйғандай болып, жағдайды ауырлата түсті. Әлі де толық ақталып бітпеген кітаптың қателері үшін М.Әуезов айыпты болып көрінді. Осылардың арғы астарында отызыншы жылдардың салқыны жатқанын сезінген жазушы СОКП Орталық Комитетіне, И.Сталиннің өзіне хат жазады. Онда:

«…Обращаюсь к Вашему спра­вед­ли­вому и высшему суду отца и друга советских писателей, советских ученых с просьбой помочь реабилитировать мою деятельность, мое имя скромного труженика культурного фронта, чтобы я мог трудиться нормально на пользу своей Советской Родины.

Я приношу свое глубокое извинение перед Вами, дорогой Иосиф Виссарионович, за то, что решился отнять Ваше неоценимое время высказыванием своей боли и обиды, переносимых мною сейчас. Зная и помня оказываемое Вами заботливое внимание многим советским писателям, а также трудные случаи в их жизни, внимание, всегда способствование заново крепко стать на ноги и стать еще более активными и полезными в труде. Многим людям нашей страны, и также храня неколебимую веру в то, что и в данном случае ваш сп­ра­вед­ливый суд поможет мне, казахскому пи­сателю, писать лучше, стать выше того уровня творческой деятельности, на ко­то­ром я так грубо сбит несправедливым от­но­шением к себе – я решил обратиться к Вам» дегендей ойлар айтылған.

Осылардан кейін өткен Қазақстан Орталық партия комитетінің пленумында қазақ әдебиетінің жағдайы мен қазіргі күйі туралы мәселе қаралып, қаламгерлердің шығармашылық жауапкершілігін арттыру ісі арнайы сөз болады. Осыдан кейін сол пленумда көтерілген мәселе жөнінде кеңес өткізіп, негізгі баяндаманы М.Әуезовке жасаттырады. Өз сөзінде ол әдебиеттің сол тұстағы жай-күйіне, әсіресе, қаламгерлер арасындағы қарым-қатынас пен келеңсіздіктерге тоқталды. Ал өзі жөнінде айтқанда, егер мүмкіндік туса, онда алаңсыз еңбекті, ойға алған романдар сериясын аяқтауды қалар еді. Сонда ойға алып жүрген жоспары мынау екенін айтты: Романның алғашқы үш кітабын Абай жайындағы романдар сериясына жатқызады да, одан кейінгі кітаптары төртінші кітабы – 1918-1922 жылдар оқиғалары, ұлтшылдар мен алашордашылар жайы, бесінші кітабы – 1927-1932 жылдар, алтыншы кітабы – 1937-1941 жылдар, жетінші кітабында – соғыс жылдары қамтылатын болады. Сондағы бұл ойға алғандары, әрқайсысы жеке-жеке шығарма сипатында қалыптасады. Негізгі ой, негізгі жоба бойынша бірсыпыра кейіпкерлері кітаптан-кітапқа ауысып, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, жаңа қоғам, жаңа орта шындықтарына араласады. Ал қазіргі уақытының көбін Ғылым академиясының жүктеп отырған жұмысты дер кезінде орындай алатынына жақсы сендірді. Егер басшылық ұсақ дау-дамай туындатпай, жанды қажар айтыс-тартыстар ағымына ұрындырмаса, аулақ етсе, жағдай туғызса, алаңсыз еңбектенуіне моральдық қолдау көрсетсе, басқа ешнәрсе сұрамас та, қаламас та еді.

Осы арада біраз уақытқа дейін үзіліс болды. Сәуірдің басында (1948 жылы) әдебиет пен өнер саласындағы елдің бірінші дәрежелі, ең жоғарғы сыйлығын алды. Осы күндерде оның қуанышын тойлау, әртүрлі ұйымдармен кездесулер өткізу көбейді. Осындай күндердің арасында уақыт тауып, мамырдың 28-29 күндері Лев Николаевич Толстойдың мекен-жайы Ясная Полянадағы үйінде болды. Өзінің де осы сияқты тұрағы, мекен-жайы болуын қалайды, әсіресе соңғы күндері жиі-жиі ойлап, есінен кетіре алмады. Көзге көрінбес қиял, жүйрік оймен болжап айырарлық жәйттерге үңілу болды. Оның үстіне данышпан, кемеңгер болмысына тереңдеп ену, көңіл-көкейіне шынайы тоқу болды. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір мәңгі тұрағына айналар, жол тауып, бет алар адамның бұл да артына қалдырған өлмес, өшпес белгі-ескерткіші саналады, бұл да не тындырып, не тындырмағаныңның есебін беретін белгісіндей.

Мұнда сән-салтанаттың артық-ауыс ешнәрсесі байқалмады. Бәрі де қарапайым әдеттегі көрінісінің өзімен-ақ баурап алады. Өмір кезеңдерінен шығармаларының қалай туып, қалай жазылғандығынан хабардар етеді.

Екі қабатты үлкен үй, арғы атасы Гор­­чаков-Слепой, төртінші әжесі Ма­ру­кина, тек-төркіні атақты князьдар – Рю­рикович, Трубецкой, Волконскийлерге барып тірелетін шеше жағының әкесінің туыстары. «Соғыс және бейбітшілікті» жеті рет көшіріп жазғандағы стол, терең діншілдік танытатын Софья Андреевнаның бөлмесіндегі баршаға белгілі толстовка тігіліп беріп отыратын тігін машинасы, сондағы Тургенов отырды дейтін диван, вегетериандық стол.

Софья Андреевна өз бөлмесінде Лев­ Николаевичтің баспадан келген кор­рек­ту­раларын оқып, кей тұстарын қайта көшіріп жазып, қолжазбаларын реттеуде де өлшеусіз көмегін тигізіпті. Бұл үйдегі ең құнды, ең қасиетті орындардың бірі жұмыс бөлмесі болса, ол да сан-сала ой тасқыны, тарау-тармақтарының бас біріктірер орталығы секілді. Онда тек Толстой ғана туындатар даналық, данышпандық белгісі аңғарылады. Жұмыс бөлмесіндегі, дәліздердегі кітап сөрелері, жазу столындағы жазуға қажет жабдықтарда үлкен талғамның белгісі жатыр. Толстой дүниеге келді дейтін тысы былғарымен қапталған диван әулет жалғастығына ой жүгіртеді. «Соғыс және бейбітшіліктің» он бесінші, «Анна Каренинаның» он екінші нұсқасы қандай еңбек, бейнеттер болғанын елестетеді. Осыншама көл-көсір молдық пен жан-жақтылық осы кабинетке симай тұрғандай. Сондықтан да шығармаларын бір-біріне ұқсамайтын бөлек-бөлек бөлмелерде алма-кезек ауыстырып жазуды машыққа айналдырыпты. «Соғыс және бейбітшілік» төбесі күмбезді бөлмеде, «Анна Каренинаның» көп бөлігі ағасы Дмитрийдің кабинетінде жазылыпты. Аннаның келбет-пішініне Пушкиннің қызы Мария Александровна Гортунгтың портретін пайдаланыпты. Осы романның қаламақысына Софья Андреевна алған білезік пен тон әлі күнге сақтаулы. Толстой жеткен биіктік белгісіндей болып, астыңғы-үстіңгі дәліз бөлмелердегі шашырай отырып алған қалың-қалың томдарда адамзат ақыл-ойының небір асылдары жиналған. Яғни, өзінің қолжазбалары, жинаған деректері қосылады. Қазан университетінде алдымен араб-түрік, соңынан заң факультетінде оқып жүріп, соңынан ақыл-ойымды тежейді екен деп екеуін де тастап кеткен. Ол итальян, испан, ағылшын, неміс, француз тілдерін жетік білген. Жетпіс үш жасында ескі еврей, грек тілдерін үйреніп, түпнұсқадағы еңбектерді еркін түсінерлік дәрежеге жетеді. Жапон тіліне көңіл аударуы осыдан кейін басталады.

Ол өз ортасы мен туған жер көрінісін шы­ғармаларына ең мол енгізген жазушы. Өз ортасы дегенде әкесі Николай Ильич – Николай Ростов, шешесі Марья Николаевна – княгина Мария, ағасы Дмитрий Николаевич – Левин бейнелерін жасауға негіз болды. 1872 жылы 4 ақпанда Ясеньский (қазіргі Щекино) станциясында Анна Степановна Пирогованың поезд астына түсіп өлуі «Анна Каренинаның», өзін шоқындырған Можайскінің священнигі «Сергей пірадар» әңгімесінің тууына себеп болды. Жас сезіміне өшпестей із қалдырған Пелагея Юшкованың қазасы, бала кезінде жақсы әсер қалдырған Татьяна Александровна Иоргельская, жақсы қарым-қатынаста болған көршісі Бибиковтар, көне Киев тас жолын серуендеп жүріп қайтарында үйшігіне соға кететін орманшы Морозов Митрофан Митрофанович, өздерінің экономкасы Покровскаялар ойында, көз алдына жүрді.

Бұлар Мұхтар Әуезовтің алғашқы күні көргендері, естігендері, тағы бір күннің біткенінің хабаршысы секілденіп орман-тоғайлардан аса таң да атты. Соған ілесе төменгі үлкен бөгеттің суы қарауытып көрінеді. Одан ары орман ішіне еніп кетіп жатқан жол. Күн көтеріле Толстойға қарасты орман-тоғайларды аралауға шықты. Кіре берісте жолға жақын бөгет жанындағы көгалдарда аппақ қаздар мен сиырлар жусап жатыр. Одан әрі сәл жүре түскенде қазына орманы, осында үш жол айрығы басталады. Бейітке барар жолдың оң жағы қайыңды, сол жағы еменді қатарлар, оның аралығында бау-бақшалы шабындықтар. Он шақырымнан асатын түп-түзу Пришпекті тек бұлбұлдар мекені десе де болады. Кешелі бері құшағынан бір босатпай қойған қат-қабатты тебіреністі сәттер орман-тоғайларды аралай түскен сайын одан да әрі үдей өршітіп асқындыра түсті.

Үлкен-үлкен емендер аралығында жасылға оранған бейіт жатыр. Ара-ара­сынан күн түскен ұзын, сұлу, сұңғақ емен-қайыңдар қоршаған. Қос-қостан қатар түзеген төрт зәулім еменнің түбіндегі бейіт мейлінше қарапайым, бәрі де өзінің өсиет еткеніндей жасалған. Жылына шымын жаңалап, жаңғыртып отырады. Жай, аласа ғана төмпешік, одан басқа ешқандай белгі жоқ. Ислам жамағаттарының бейіттеріне ұқсайды. Осыған тақау үш қайыңның түбіне ең соңғы мініп жүрген аты Делир (араб тұқымды арғымақ) жерленген. Осы бір есті жануар иесінің өлгенін сезініп, екі-үш күн қатарынан су да ішпепті, шөп те жемепті. Қызы Александра Львовна екеуі қыдырып жүріп өзін осы жерге жерлеуді аманат еткен екен: неге таңдады, не себептен осы жерге ықыласы ауды – оған жазушы болмысына шын үңіліп, шын ден қойғандар ғана бірдемені пайымдайды, бірте-бірте көзі жете береді.

Толстойдың бар өмірі осы жермен, орманмен тығыз байланыста, біртұтас бірлікте өтті. Орман оның жанының жай таптырарына, сабасынан асыра шалқытып шарықтаттыратынына, шабыт береріне, қозғау салып астан-кестеңін шығарарына, қуат-күш дарытарына айналды. Қолы бос кездердегі уақытының көбін осы атырапты бір мезет аралап, сейіл жасап шыққанды өзіне медет көретін, өлшеусіз азық алып, ой-жобалар тасқынын табатын. Жазушы болмысына тән шындықты растай түскісі келе ме, қалай, мына кең дүниенің жайлы, рахатты мекеніндегі көл-көсір ұлылыққа қарап, елтіп қалған секілді. Тек биіктен сыбырлап желпіген жел бір қалыптылығынан танар емес. Бұған қосыла ақ қайыңдардың сонау көкке өрлей көтерілген бұтақтарындағы ұсақ жапырақтары тынымсыз дірілдеп, тынымсыз қалтырайды. Осылардың қостаушысы, құптаушысындай бұлбұлдар әуен түзейді, даланың бұлбұлынан бөлектеу. Жер-көктегі бар тазалық, мөлдірлік, жарасымдылық тіл табысып осы атырапқа бөгіп қалғандай. Осы кездегі алыстағы жиекке, орман шетіне ұшпа бұлт көтеріледі де қалт етпей сол көрініс, сол қалпында қозғаусыз қалды.

Соншама мөлдір, айқын табиғат, соншама тұңғиық көк аспан жасыл атырап Толстой шабытына – шабыт, шеберлігіне – шеберлік, ойларына – ой қосатыны сияқты жайлы бесік болды, жүйке-жүйесіне сабыр әкелді, оны біртіндеп сіңіре берді. Мына кең дүние, көрініс, мына кең кеңістік қам-қайғысыз, сенім-сезіксіз күйбеңнен емес, ойлы, мұңды, сабыр-салмақты жағдайда болуды қалайтындай. Оны анау, данышпан, ойшыл тыныстап жатқан жасыл төмпешік айтатындай…

Мынау көрініс, мынау табиғат, мынау өзіне тартқан көкшіл көлеңкелер ұлы жанды қандай хал-күйге түсірді десе де сияды, жарасады. Сол сәт Абай басына ауысса, осындай кездерде халқы, елінің болашағы жөнінде әңгімелессе, сұхбаттасса дейді… Соған қоса өзінің де жазар дүниесі, оның қырлары мен сырлары жайып салынғандай болады.

Сондағы ұдайы мазасын кетіріп, күні-түні дегбірін қашырып жүрген адамы кім? Ол халқының ұлы данышпан тұлғасы, мыңмен жалғыз алысқан ақыл-ойдың алыбы, қайраткері… Ол өзгелер білмеген, сезбеген ой-өрісті қайдан алды? Өзгелер баспаған жол-соқпаққа қалай түсті, мұның бәрін айту оңай да, оның себеп-сыр, қыл пернесін дәл басу қиын. Соншама мол, соншама терең, әрі қайшылығы да жетерлік суреткер қаламынан туған телегей-теңіз мұраны анау-мынау пендесымақ өмір бойы көшіріп бере алмас еді. Абайда ондай көлем жоқ, бар-жоғы қалың бір-ақ кітап. Бірақ соншалықты асып-төгілген көлем болмаса да, ондағы терең пәлсапаның түбіне жетіп көр, ондағы жүк-салмақты ондаған томдармен айтып түсіндіріп көр.

Ол таңдап, ол талғай білген жол, бағыт, бет алыс өзге жан баспаған ақындық құдіретінде жатыр; бойындағы бары мен нәрін халқынан алды, келе-келе жетілдіріп дамытумен, өрім-өрім таптырумен болды. Сол өріс адамға, жалпы өмірге тән нәрселердің бәрін қамтыды, ізденуінің нәтижесін алдына тосты, жақсылық пен жамандыққа бірдей бой алдырғыш момын, аңғал, тез сенгіш, тез қабылдағыш және өзгеше әдет-ғұрыпты, тұрмыс-салттық дәстүрі, ата жолы бар халқын өзі мейлінше сүйді. Сол сүйгендіктен де оның жетістік-кемістігін көп айтып, көп мінеді. Онысы жоқ жерден емес, болашағын ойлап, сондай әдеттен қашса, аулақ болса, өнер-білімінің биік деңгейінен табылса дегендігінен еді. Қазір сол ақын туралы жазып жатқан романын қазірге дейін жеткен тарауларында оны саналы жастан бастап, заман әділетсіздігіне қатты күйінген ойлы қайраткер дәрежесіне әкеліп тоқтады; алда әлі де талай-талай қиын асулары жатыр. Жеріне жеткізе терең ашу, бүгінгі ұрпақ, келешек ұрпақ үшін керек. Сүйіп отырған бүгінгі ұрпаққа сол заманның өзгеше сыры, халықтың ерекшеліктерінің ерекше екшеліп, сараланып жетпегі керек. Жеткенде де ақын бітімі, ақын ой-толғанысы кәдімгі өмірдегі қуаныш-мұңға, күйініс-кейісі, қайғы-қасіреті болғандағы адам ретінде солғын, көмескі, бұлдыр күйінде емес, барынша айқын, кесек, табиғи, анық бояуымен жетуі керек. Сонда ғана оның ойшылдығы, халық қамқоры қалпындағы қадір-қасиеті көп жүрегіне жол табады, көңіл-көкейіне ұялайды.

Мынау көрініс, мынау табиғат Толстой жүрегіне қаншалықты ұялады, қозғау, түрткі салды, сол сияқты асқар таулы, кең жазиралы сахарасы да ақын болмысымен бітісіп, біте қайнасып кетсе дейді. Осы сияқты ақын туып-өскен сахараның да өз болмысы, өз тыныс-тіршілігі сағымдай құбылмалы сырға, мұңға бөккен таулары мен шет-шексіз даласы ақын жүрегіне ұялаған. Ақын бала кезінен осылардың ортасында, құшағында өсті. Ал, жазушының өзі бес кластық орыс мектебінде оқып жүрген кезінде Толстой шығармаларымен танысты. Оның ойшылдығы, суреткерлік қуаты, ғажайып кең тыныстылығы шәкірт жүрегін баурады. Есейе келе батыс-шығыстан, өз халқының төл әдебиетінен кімдер ұнап, кімдердің әсер-ықпалы ерекше болды дегенде алдымен ауызға алғаны осы Толстой болды. Оның есімін атауы кездейсоқ емес, ол әбден жиналып-жинақталып пісіп жетілген ой еркіндігімен айтылды.

Л.Н.Толстойдың өмір-болмысты ел­ тағдыры мен өткен, жүрген жолын соншалықты жігер-қуаттылықпен бере білудегі қарымдылығы, тереңдігі, жан-жақтылығы біржола меңгеріп алды. Сол кездегі ой қуған қиялына өзгелерден ерекше әсер етуінің себеп-сыры бәрі бірдей есінде болмағанымен ішкі әлемін ширықтыра сілкігені, түсінік-ұғым, наным-сеніміне жақын, үндес көрінетіндігі есінде. Сол рухани жақындық, сол үндестік есінде. Сол жақындық, сол үндестік оны аударып көруге, сол арқылы өзінше ой толғап көруге бекіндірді. Сондағы назарына іліккені Будда болды.

Толстой – Будданың ілім-білім, уағыз, өсиетіне қатты ден қойған. Тереңдеп таныса, ұғыныса келе өлшеусіз әсерге бөленген, оның ой ағымынан өзінде, өзгеде жоқ көп нәрсе іздеген. Өткен ғасырдың алпысыншы жылдарында ол өзінің Швейцария күнделігінде ғылымда бұрын-соңғы пайда болған туындылардың бірде-бірі шын елтітіп, шын табындырмағанын жазады. Ол Будданың жеткеніне жетіп, тындырғанын тындыра алмағанын айтады. Адам мүмкіндігінің шексіздігін танытқан талант иесінің кейде осылайша шығандап кететіні де болады.

Будда өлімнен құтылудың жолын таптым дегенде сол өзі танып, өзі тоқтаған ақиқат жолын айтқаны еді. Ол сол «ақиқатына» бірден, оңайшылықпен келе қалған жоқ; ол үшін патшалықты, байлық, мансап, жан рахаты, тән ләззаты атаулының бәрін тәрк етті. Осы тұрғыдан қарағанда Толстойдың да өз «ақиқаты» болды. Оның дұрыстығына ол да сенді, үміт артты. Өмір демінің үзілер сәтіндегі аузынан шыққан ең соңғы сөзі «ақиқат» болыпты.

Оның шығармаларының көпшілігін шәкірт шағында да еңсере оқығанынан да, солардың кейінгі жан-жақты танысуларында да өз халқының өмір шындығын көрсетуде Толстойдың тереңдігіндей тереңдік, кеңдігіндей кеңдік керек екен-ау дегенге тоқтады. Бірақ ол кездерде осы бір рухани туыстығы жақын сияқты адамның туған жер, өскен ортасында боламын-ау дегенді ойына алыпты. Енді міне, иір-қиыр ойлар құшағында қатты тебіреніп, толқынып, толғанып отыр. Сағыныш секілді әлдене сезім өткендерін көмескілендіріп, ұмыт болуға айналғандарын да есіне алдырды. Мұндағы көріністерді, әрбір өзгеріс, өзгешеліктерді есінде сақтап қалуға тырысты. Толстойға қатысты болғандықтан ба, бәрінің шертер сыр-хикаясы мол сияқтанды. Өз алдына жеке Галактика жасағандай әлемдегі ең ірі алыптардың бірін берген, ең мол, ең көркем туындылар легін туындатқан жерде екі күнін өткізді. Бұл мекенді көруге ынтығушылар легі бүкіл әлемде аз емес. Толстой өзі үшін сарқылмас қуат-нәрді осы жерден алды. «Кімде кімнің Ясная Полянада болуға жолы түссе – демек ол бақытты» – деген академик А.Ф.Кони сөзінің растығына міне, өзінің де көзі жетті.

Мәскеуге оралған соң, Жазушылар одағының төрағасы А.Фадеевке өзінің ойларын, көрген-білгендерін айту үшін кіріп шықты. Романын К.Ворошиловтың ұсынысымен күнкөсем Сталин оқыпты. Оқып біткен соң, Ворошиловты шақырып алып, жоғарыда отырған өзі төменіректегі Климент Ефремовичке «Абайды» лақтырғандай болып ысырып, бір боқтық сөзді қыстырып жіберіп: «Біз коммунизм орнатамыз деп жүрміз, мынадан кейін сол армандаған коммунизмнің қаншалықты қажеті бар?» – депті.

(жалғасы келесі санда)

Талатбек ӘКІМ,

М.О.Әуезов мұражайының

жетекші ғылыми қызметкері