Жаңалықтар

СЫРТҚЫ САЯСАТ ТУРАЛЫ ТАЛДАУ

ашық дереккөзі

СЫРТҚЫ САЯСАТ ТУРАЛЫ ТАЛДАУ

Ұлттық кітапхананың қоры тағы бір кітаппен толықты. Бұл жолы еңбек еліміздің сыртқы саясатына арналған салиқалы талдау. «Нұр Отан» ХДП қоғамдық бірлестігінің Алматы қалалық филиалының ұйымдастыруымен саяси ғылымдардың кандидаты Олжас Қаптағаевтың «Миротворческая внешняя политика Рес­пуб­лики Казахстан в начале 21 века: политический анализ» атты кітабының тұсаукесері болып өтті.

Өзі жас болса да, үлкен ғылыми еңбекті тапжылмай зерттеген Олжас Қаптағаев оннан астам халықаралық конференциялардағы баяндама мен 2 монографияның авторы. Тұсаукесер рәсіміне модераторлық еткен «Нұр Отан» ХДП-ның Алматы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кенжехан Матыжанов кітапта Тәуелсіз Қазақстанның ұлттық қауіпсіздігіне байланысты көптеген өзекті мәселелердің көтерілгенін айта келе, болашақта жас ғалымнан бұдан да үлкен еңбектер күтетіндігін білдірді. «Бұл біздің сыртқы саясатымызға арналған екінші құнды еңбек. Бұған дейін осы бағыттағы еңбекті Қасымжомарт Тоқаев жазса, енді Олжас Қаптағаев жалғастырып отыр. Сондықтан да көпшілік оқырман үшін қажетті еңбектің тұсауын кесуге атсалысқанды жөн көрдік», – деді Кенжехан Матыжанов. Ал шәкіртіне ғылым жолында сәттілік тілеген философия ғылымдарының докторы, профессор Ә.Нысанбаев бұл еңбекке оң бағасын берді.

Саяси талдауда Қазақстан геосая­си­ кеңістікте, халықаралық аренада Ислам, Қытай және Славян өркениеттері ара­сында маңызды рөл атқарып отыр­ғандығы және көп елдердің қауіпсіздігі Қазақстанның қолайлы ішкі саясатына байланысты өрбитіндігі туралы нақты деректер бар.

Динара ДҮРМӘН