Жаңалықтар

ШЫРАЙЛЫ ШЫМҚАЛАНЫ ШАРЛАҒАНДА...

ашық дереккөзі

ШЫРАЙЛЫ ШЫМҚАЛАНЫ ШАРЛАҒАНДА...

Көрнекті жазушы, Еңбек Ері Әбіш Кекілбаев 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін, ел басына ауыр күндер туған сын сағаттарда: «Қазақты сақтайтын оңтүстік аман болсын!» деген екен.

Шырайлы өңірдің жұрты аман болса, қазақтың аман болатынын, шырайлы өңірдің халқы мықты болса, бүкіл қазақтың мықты боларын заңғар тұлға сезсе керек. Қоғам қайраткерінің оңтүстікті бөле-жара атауының да сыры бар. Қонақжай, меймандос оңтүстік жұртшылығы демографиялық өсімімен де мақтана алады. Еліміздегі халық санының өсімінің жалпы көрсеткішін Шымкент халқының демографияға қосқан үлесі құтқарып тұрғанын мақтана айтуымызға болады. Өйткені қазақ халқының үштен бір бөлігі осы мекенде десек, қателеспейміз. Оның да өзіндік сыры бар. Мұнда бейресми мәліметтерге сүйенсек, екі жарым миллионға жуық адам тұрады. Бұл дегеніміз еліміздегі әрбір төртінші қазақ деген сөз. Өткен жылғы деректер бойынша, бұл өңірде жыл сайын 75 мыңнан аса бала дүниеге келеді екен.

Оңтүстіктің халқы берекелі ға­на­ емес, мерекелі де. Дастарханы­ әманда жаюлы тұратын бұл өлкенің тағы бір өзгешелігі, қаладағы қай­ма­на қазақтың қайсыбірінен жол сұ­рай қалсаңыз, иіліп жастық, жайылып төсек бола қалады. Көкірегін кек­жейтіп, шалқайып тұрған біреуді көр­мейсіз. Бұл да болса, оңтүстіктегі ағайы­нның ел сыйлай білетін, көпті құр­меттей білетін көпшілдігінің ар­қа­сы деп білеміз.

Біз оңтүстік өңірдегі сапа­ры­мыз­дың екінші күнінде «шырайлы Шымқаланың» мәдениет орындарымен танысудан бастадық. Жергілікті халық «шырайлы қала» деп ерекше атайтын әйгілі Шымкент соңғы бес-алты жылдың ішінде қайта түлеп, айрықша жаңарған. Қаланың қай бұрышына барсаңыз да сәнімен бой түзеген биік үйлерді, саябақтарды, демалыс орындары мен жасыл алаңдарды, зәулім ескерткіштерді көресіз. Көкпен таласа мен-мұндалаған зәулім ескерткіштер «шырайлы Шымқаланың» шырайына шырай қосып тұр.

«АСАРЛЫҚТАРДЫҢ»

ӘЙБАТ АУЫЛЫ

Шымкенттің кіре беріс тұсында өңшең көк үйлер көзге түседі. Сыртқы көркі де, салтанаты да бөлек бұл үйлердің шымқаладағы өзге үйлерге ұқсамайтын өзіндік келбеті бар. Көздің жауын алатын әйбат үйлерде Атажұртына оралған қандастарымыз тұрады. Ең бастысы, бұл үйлердің әрқайсысының алдында үш сотық жері бар. Ол үш сотық жерге жылыжай салынған. Сол жылыжайға егілген өнімдер қандастарымыздың күнкөрісін толығымен қамтамасыз етеді. Есігінің алдындағы көкөністі өсір де, нәсібіңді тап!

Білуімізше, бүгінде «Асарда» 2750 үй бар екен. Әр шаңырақта орта есеппен алғанда төрт адамнан тұрады деп есептесек, барлығы 110 000 тұрғын бар деген сөз. «Асар» ауылында бір емес, екі мектеп бар. Әлгі мектептердің ауласынан да көкөнісі жайқалған жылыжайды көресің. Бұл да болса, қандастарымызға жасалған көмектің бірі. Баспана сұрап, жұмыс іздеп сабылып жатудың қажеті шамалы. Үйіңнің алдындағы кәсібіңмен айналыссаң болды. Ол сенің ішіп-жеміңді тауып береді. Мәселен 166 шаршы метрлі, екі қабатты коттедж­де бір отбасы тұрып жатыр деп есептелік. Ол отбасы бұл үйде 5 жыл бойы тегін тұрады. Одан әрі қарай 10 миллион теңгеге бағаланған баспанасының құнын өкіметке жайлап қайтара бастайды. Әрі алғашқы бес жыл ол отбасының ес жиып, етек жинауына мол мүмкіндік. Осы бес жыл ішінде жылыжайдан тапқан өнімін сатып, бала-шағасын да асырайды, әрі кепілге алған үйінің өтемін төлеуге де зор септігін тигізеді.

Асарлатып қоныс тепкен­ қан­дас­тарымыздың ауылын шағын бір мөлтек аудан деуге де келеді. Өңкей көк үйлердің тізбегі тізбектеліп, бір-бірінен ажырамай, жақын-жақын қоныс тепкен. Бұл бір жағынан «Асардағы» жұрттың бір-бірімен ынтымақтаса, ымыраласа күй кешіп жатқанының куәсі деуге келеді.

Біз әуелі бас сұққан «Асардағы» №89 жалпы орта мектепте бүгінде 900 бала білім алады. Бұл мектепке бас сұқсаңыз, оны жай мектеп деп емес, спорт үйі ме деп қарауыңызға болады. Бір есікті ашсаңыз, бірін-бірі жұдырықтасып жатқан өрімдей жастарды көресіз. Ал екінші бір есікке бас сұқсаңыз, күрестен дайындық жүріп жатыр. Әйтеуір бос болып, сандалып жүрген бір оқушы көзге түспеді. Аталмыш мектеп оқушылардың пайдалануына берілгеніне де көп уақыт бола қоймаған. 2011 жылы берілген мектептің оқушылары өткен оқу жылында спорттың әр түрінен 240 медаль алып келіпті. Бұл да болса, орта мектеп үшін көңіл сүйсінерлік жағдай. Мектеп директоры Қасымбай Өмірбекұлы тілші қауымға мектепті бір аралатып шықты. Бұл мектепте үш бірдей спорт залы бар екен. Қара домалақ балаларымыз күні ертең-ақ Бақтияр Артаев, Серік Сәпиев сияқты өр ұлдардың жолын қуып, Олимпиада биігінен көрінсін деп тіледік іштей. Ең бастысы, бұл мектептегі қара домалақтардың спорт залдарында тегін жаттығу жасайтыны бізді бір қуантып тастады.

ЕЛ БІРЛІГІНІҢ

БИІК МОНУМЕНТІ

Тәуелсіздік саябағының ашыл­ға­нына да көп уақыт бола қоймаған екен. Саябақтың екі қапталын Қош­қар ата өзені бойлай ағып, баяу тол­қын­дарын алыс қиырларға әкетіп ба­рады. Қошқар ата өзені суын жер­гілікті халық қасиетті су деп аса­ қастерлейді. Әсілі, оңтүстікте ақ­қан таза судың бәрін жергілікті ха­лық әрқашан әулие тұтып, әманда қас­терлейтіні ежелден қалыптасқан жақ­сы дәстүр. Сондықтан бұл өңірде әу­лие емес су көзін таппайсыз да.

Бұл саябақтың мұнда қоныс тебуінің де өзіндік сыры бар. Өйткені бұл Шымкент қаласының тарихи-рухани бастау алған жері. Тарихи деректерге сүйенсек, ескі Шымкент өңірі тоғыз жолдың торабы, Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан аса ірі сауда әрі әлеуметтік-экономикалық және мәдени орталық болған.

Бұл саябақтағы Тәуелсіздік алаңы біртұтас композицияны құрайды. Оның да өзіндік сыры бар, алаңда орнатылған монумент дархан қазақтың кеңдігі мен халқымыздың татулығын, бейбітшілігін бейнелеп тұр.

Жалпы аумағы 8,2 гектар бола­тын­ саябақтың дәл орта шегінде қасқайып «Ел бірлігі» монументі тұр. Бұл монумент елімізді мекендеген барлық ұлт өкілдерінің барельефі бейнеленген алып гранит тұғырдан тұрады. Онда 137 тік ұстын үлкен шаңырақты ұстап тұр. Бұл еліміздегі барлық ұлт өкілдерінің берекелі бірлігі мен ырыс­ты ынтымағын білдіреді. Саябақта ерсілі-қарсылы жүрген жас­тарымыз да, үлкенді-кішілі демалушылар да «Ел бірлігі» монументіне көз тастамай өте алмайды. Әрі сая­бақ­тың орталық аллеясын бойлай гра­ниттен жасалған 21 тақтайшада елі­міздің тәуелсіздік жылдарында болған ең елеулі оқиғалар жазылған.

МҰҢҒА БӨЛЕГЕН МҰРАЖАЙ

Сталиндік зұлмат кезіндегі жан жарасы әлі күнге толығымен жазыла қойған жоқ. Содан бері де 75 жылға жуық уақыт өтсе де, сая­си қуғын-сүргін құрбандарының ұрпақтары сол бір зұлматты жылдардың қасіретін ұмыта алар емес. Естуімізше, бір оңтүстіктің өзінде 37-нің қырғынында жеті мыңнан астам азамат зар заманның қылбұрауына түссе, оның екі жарым мыңы ату жазасына кесілген екен. Тарихтың ақтаңдақ беттерінің шежіресі бүгінде Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандары мұражайында жинақталып отыр.

Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған мұражайға бас сұқсаңыз, ең әуелі көзіңізге қуғын-сүргін құрбандарына арналған тас мүсін көзге шалынады. Дөңгелек залдың ортасындағы «Репрес­сия» деп аталатын скульптура ешкімді де бейжай қалдырмасы белгілі. Бұл мүсіннен кеудесін халық үні кернеген, тоталитар­лық жүйеге қарсы, оққа кеудесін тосқан «Алаш» азаматтары, олардың аяғына ора­лып «кетпеші, көке» деп зар еңіреген жас бүлдіршіндердің аянышты кейпін көресіз. Еріксіз көзге жас келеді. Көзіңіз жасқа тұманданып тұрып, Алаш көсемдерінің портреттеріне көз тастайсыз. Сол қасіретті мүсінді айнала қоршап тұрған портреттердегі Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Тұрар, Сұлтанбек, Ахмет, Жүсіп­бек, Әлихан, Міржақып, Мағжандар әйнек терезелерден сізге көз алмай қарап тұрғандай әсер қалдырады.

Портреттердің ар жағындағы мына өлең жолдары да жүрегіңізді бір тітіркентіп өтеді:

«Ат!» деген кім?

Атқан қайсың?

Қаным қайда төгілген?

Қабірім қайда көмілген? – дейді.

Бұл бейнелер, әйнек терезелердің ар жағындағы әрбір жазулар қаралы күндердің хабарын беріп тұр. Біз Тәуелсіздік таңына оңай жетпегенімізді ұғамыз ол жансыз бейнелерден. Суреттері ғана ілінген жансыз бейнелер мен сол жылдары жазылған үкімдер сізді суық бір күндерге жетелейді. Бүгінгі қол жеткен тәуелсіздік осынау арыстай азаматтардың қанымен келгенін ұғасың сол сәтте…

Соңғы үлгідегі сәулеттік дизайн­мен­ ерекше салынған мұражай қы­зыл,­ қара, сұр түспен өрнектеліп са­­лынған. Ішкі залы киіз үйдің қал­пын, ал сыртқы көрінісі аспаннан түскен найзағайды бейнелейді. Сұр түс НКВД-ның шинелін, яғни киімін меңзесе, қызыл түс жазықсыз төгілген қанды, қара түс еліміздің басына түскен нәубет – қара күнді еске түсі­реді.

Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығына сәйкес, жыл сайын 31 мамырда Жаппай қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне байланысты ұйымдастырылатын облыстық ауқымдағы іс-шараға қуғын-сүргін құрбан­дарының ұрпақтарын, туған-туыста­рын, жер аударылып келген халықтардың өкілдерін шақырып, митинг өткізіледі екен. Бұл мұражайға көбінде мектеп оқушылары, студент жастар, қала жұртшылығы, қонақ­тар, еңбек және соғыс ардагерлері, турис­тер, шетелдіктер, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, елшілер жиі келетін көрінеді.

ОЛАР БЕКЕР ҚАН

ТӨККЕН ЖОҚ

Бұл мемориал осыдан екі жыл бұрын ашылыпты. Ұзыннан-ұзақ созылып жатқан аллеяның екі жағына осы өңірден Ұлы Отан соғысына аттанып, қаза тапқан жауынгерлердің есімдері қашалып жазылған. Елбасы оңтүстікке барған сапарында Даңқ мемориалына арнайы ат басын бұрып, жауынгерлердің рухына тағзым еткен еді. Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз өткен соғыста жеңіске жеткен әкелердің ұрпағымыз. Соның арқасында 65 жыл бейбітшілікте өмір сүріп, бала-шаға өсіріп, жақсылық көріп, қызмет етіп жатырмыз. Сол кездегі қыршын 18-20-ның ішіндегі жастар жанұя құра алмай, отбасын құра алмай құрбан болып кетті», – деген болатын

Жол бастаушылар бұл аллеяда 140 мыңнан астам адамның есімдері жазылғанын айтады. Гранит тастарға қашалып жазылған есімдердің арасынан аталарымыздың фамилиясын іздедік. Соғысқа кеткен күйеуін әжем марқұм өле-өлгенше күтті. «Тірі болса, бір жерде жүрген шығар» дейтін кейде бізге. «Ой, әже, айтасыз-ау. Атамыз баяғыда бір немістің қызына үйленіп кеткен шығар», – деуші едік қалжыңдап. Кебін емес, кебенек киіп кеткен жолдасын күткен әжем атамыздың гранит тасқа қашалып жазылған есімін көре алмай кеткені өкінішті.

Атамыздың есімі жазылған тұс­қа­ басымызды иіп, тағзым еттік. Жыл сайын мұнда әкелерін, аталарын іздеген талай ұрпақ келіп, гүл шоқтарын қояды екен. Денелері қайда қалғаны белгісіз соғыс солдатының қабірін іздеу мүмкін емес. Ал мына гранит тастарға қашалып жазылған есімдер сол ұрпақтың ғұмыр бойы тағзым етуіне арналған арнайы орын.

Мұнда оңтүстік өңірден шыққан 51 Кеңес Одағының батыры мен 8 Даңқ ордені иегерінің және 1 Халық қаһарманының аты-жөні қастерлеп жазылып тұр.

Даңқ мемориалында «Мәңгілік алау» орнатылған. Бұл аллеяға жыл сайын мыңдаған адам келіп, жауынгерлер рухына тағзым етіп кетеді.

АСАНБАЙ АСҚАРОВТЫҢ САЯБАҒЫ

Бір жағынан алып қарасаңыз, бұл жай саябақ емес. 117,4 гектар жерді алып жатқан дендрологиялық саябақтың негізін бір кездері Асанбай Асқаров қалаған екен. Кейінірек бұл дендрологиялық саябаққа толық жөндеу жүргізіліп, абаттандырылып, су жүйелері қайта қалпына келтіріліпті.

Дендросаябақтағы көл де қал­пы­на келтіріліп, оның жағалауы да көркейген. Саябаққа біз келген сәтте демалушылар өте көп екен. Жаңа өмірге қадам басқан жас жұбайлардың жүзіндегі шат-шадыман қуанышының да куәсі болдық. Көл жағалай қыдырған жас­тар көлде қыдырған аққулардың әсем келбетін тамашалап, табиғаттың сұлу көркіне тамсана қарап қояды.

Бұл саябақта бұрын-соңды көрмеген балқарағай, самырсын және магнолия ағаштарының көшеттері егілген. Одан бөлек 584 түрлі өсімдікті де осы жерден табасыз. Қазақстанның қоғам және мемлекет қайраткерлері отырғызған ағаштарды да саябақтан табуға болады. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев отырғызған ағаш бүгінде көкпен таласа жайқалады.

Дендросаябақта негізінен жан-жануарлар көп болғандықтан, бұл жерден 20 тиін, 4 елік пен теңбіл бұғы, 10 тауыс құсын кездестіресіз. Көл бетінде әсем ырғалған қос аққу сұлулықтың, әсемдіктің символындай боп қалқиды.

Бүгінде Асқаров негізін қалаған дендросаябақ қала тұрғындары мен қонақтарының сүйікті демалыс орнына айналған. Оған саябақта жүрген жүздеген демалушылар куә.

Гүлзина Бектасова