Жаңалықтар

АРҚАНЫҢ ЖАҢА АЖАРЫ

ашық дереккөзі

АРҚАНЫҢ ЖАҢА АЖАРЫ

Қарағанды облысының әкімі Әбілғазы Құсайынов мырза Қарқаралы ауданындағы «500 аналық ірі қараға арналған асыл тұқымды шаруашылық құру» индустриалды-инновациялық жобасын жүзеге асырып отырған «Ынта» шаруа қожалығында болды. Бұл жоба облыстық индустриаландыру картасына енгізу үшін үйлестіру кеңесінде мақұлданып, бүгінгі күні Эстониядан герефорд тұқымды 133 ірі қараны жеткізу жөнінде келісім жасалды.

Аймақ басшысы осыдан кейін «Қарынши» және «Сарыарқа» шаруа қожалықтарында болып, егін орағының жай-жапсарымен танысып шықты. Шаруа қожалықтары басшыларымен әңгіме үстінде әкім өңірдің ауыл шаруашылық саласын дамыту төңірегіндегі ойларымен бөлісті. Атап айтқанда, ол өсімдік шаруашылығы саласын әртараптандыру шеңберінде егін алқаптарының ықшамдалғандығын айтты. Ауыл шаруашылығы дақылдары егілетін алқаптардың жалпы аумағын сақтай отырып, майлы және жем-шөп дақылдарының алқаптары екі есеге, ал картоп алқаптары 10 пайызға кеңейтілді. Бұл орайдағы басты мақсат – ресурс сақтаушы технологиялар мен өнімі жоғары жаңа сұрыптарды енгізе отырып, өндіріс көлемін ұлғайту болып табылатынын еске салып өтті.

АЛАҢДАТҚАН АВТОЖОЛДАР

Сонымен қатар, облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов автомобиль жолдарын жөндеу мәселесін талқылайтын селекторлық кеңес өткізіп, онда Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігінің «Құрметті автокөлікші» белгісін ҚарМТУ «Автомобиль көлігі» кафедрасының меңгерушісі Тоқмырза Ынтықовқа отыз жылдан аса уақыт жоғары білікті мамандар даярлап, еліміздің автомобиль көлігі саласын дамытуға қосқан үлесі үшін салтанатты түрде табыс етті.

Қарағанды қаласының автомобиль жолдарын жөндеу және ұстап тұру туралы қала әкімі Бауыржан Әбдішев есеп берді. Қала жолдарын жөндеуге биылғы жылы бюджеттен 3 млрд. 571,2 млн. теңге бөлінген екен. Бұл қаражатқа Қазыбек би ауданының 14 көшесіне және Октябрь ауданының 17 көшесіне орташа жөндеу жұмыстары жүргізілгенін, ал жөндеу аумағы 376 мың шаршы метрді құрайтынын атады. Сондай-ақ 20 көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар «Алматы-Астана» айналма автожолының екінші бөлігіне күрделі жөндеу жасалатын болады.

Республикалық және облыстық мәнге ие автомобиль жолдарының жағдайы туралы Автомобиль жолдары комитетінің Қарағанды облыстық департаментінің директоры Қанат Шаймин, облыстық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары басқармасының бастығы Абайділда Санаубаров, ҚР ККМ Қарағанды облысы бойынша «Сарыарқа» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының директоры Болат Жұмабеков баяндама жасады. Сондай-ақ республикалық және облыстық мәндегі автожолдарда технологиялық көлік қолданатын кейбір жер қойнауын пайдаланушылардың ақпараты тыңдалды. Аймақ басшысы аталған мекемелер өздері пайдаланатын автожолдарды белгіленген нормаларға сәйкестендіру қажеттігін атап, олай болмаған жағдайда заң шеңберінде олардың автокөліктері аталған жолдарда жүруіне рұқсат етілмейтінін ескертті.

Кеңес қорытындысы бойынша облыс әкімі Қарағанды облысының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасына, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасына, «Сарыарқа» ӘКК» ҰК АҚ, автомобиль жолдары комитетінің Қарағанды облыстық департаментіне, қалалар мен аудандар әкімдеріне қолданыстағы заңнама аясында жер қойнауын пайдаланушылармен жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету және автомобиль жолдарын сақтау жөнінде өзара ынтымақтастық туралы меморандум жасау бойынша тиісті жұмыстарды жүргізуді тапсырды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасына апаттық жағдайдағы көпірлерді жөндеуге қосымша қаражат бөлу мүмкіндігін қарастыру керектігін еске салып өтті.

ТУРИЗМ САЛАСЫ ТАБЫС КӨЗІ БОЛМАҚ

Өңірлік туризмді дамыту оңай іс емес. Облыс әкімі берілген тапсырмалардың орындалу барысын қадағалау мақсатында басқосу өткізді. Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Ержан Темірханов, туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы бастығының міндетін атқарушы Наталья Сухорукова, басқа да басқарма басшылары баяндама жасады. Жиында бүгінге дейін өңірлерден туризм саласын дамытуға қатысты бес жобаның келіп түскендігі, атап айтқанда Абай қаласында сауықтыру кешенінің, Сәтпаев қаласында сауық-қонақүй кешенінің, «Ұлытау-ел» туристік-сауықтыру кешенінің құрылысы, Жезқазғанда «Достық» демалыс базасын ұйымдастыру және Қарағандыда киіз үй жасайтын цех құру жобалары қарастырылды. Сонымен қатар, кәсіпкерлер «Бизнестің Жол картасы -2020» бағдарламасы бойынша туристік нысандарды одан әрі дамытуға өз ұсыныстарын даярлауда.

Қарағанды темір жол бөлім­ше­ле­рінде, «Сарыарқа» әуежайында, Балқаш пен Жезқазғанда туристік ба­ғыттар, туристік фирмалар, ту­рис­тік инфрақұрылым нысандары туралы мәліметтер тарататын туристік-ақпараттық орталықтар ашу мүмкіндіктері қарастырылуда. Туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы «Спортты Қарағанды» экскурсиялық бағыты жобасын әзірледі. Ал алдағы уақытта «Шығармашыл Қарағанды» және «Өнеркәсіпті Қарағанды» тақы­рып­тық жобаларын әзірлеу жоспарланып отыр.

МӘДЕНИЕТ МЕКЕМЕЛЕРІНЕ БЕРІЛГЕН БЕЙНЕМОБИЛЬДЕР

Аймақ әкімі Әбілғазы Құсайынов мәдениет және өнер қызметкерлерін марапаттап, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының 80 жылдығымен құттықтады. Айтулы оқиғаға байланысты өткен салтанатты жиын алдында Әбілғазы Құсайынов селолық мәдениет мекемелеріне «Зерде» бейнемобильдерінің кілтін табыс­тап, мәдениет саласының мемле­кет­ті­лігіміздің қалыптасуы мен дамуында алатын орны айрықша екеніне тоқталып өтті. Ал, биылғы жылан бастап Мемлекет басшысының Жарлығына сәйкес мәдениет және өнер саласы қызметкерлерінің төл мерекесі белгіленді.

«Өңірімізде жыл сайын түрлі жанр­дағы облыстық, республикалық және халықаралық фестивальдер өткізіліп келеді. 15 мыңнан аса түрлі мәдени-көпшілік шаралар өтіп, оның ішінде облыстық жас орындаушылар мен шоу-бағдарламалардың «Жас қанат-2012» ХVI байқауы, облыстық қазақ драма театрының 80 жылдығына арналған Астана, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай театрларының қатысуымен өткен өңірлік фестиваль-практикумды ерекше атап кетуге болады», – деді аймақ басшысы.

Сонымен бірге шығармашылық топтардың Омбы мен Новосібір қалаларына Малайзия, Әзірбайжан Түркия, Оман (Маскат) елдеріне гастрольдік сапармен барып қайт­қанын айта келе, осының бәрі облыстың мәдени ошақтарының тынымсыз ізденістері мен жеңістері екенін арнайы атап өтті.

Байқау комиссиясына түскен 127 өтініштің ішінен 22 өнер қызмет­кер­леріне әкімнің сыйлықтары таб­ыс етіліп, салтанат соңы көңілді концертке ұласты.

АРҚА ЖҰРТЫ АУЫЗ СУСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Облыс басшысы Әбілғазы Құсайынов Қарағандыда «Ақ бұлақ» бағдарламасының жүзеге асырылу барысы жайлы кеңейтілген кеңес өткізіп, кадрлық өзгерістерге тоқталды. Басқа жұмысқа ауысуына байланысты Кәріполла Мұқатов облыс әкімі аппаратының басшысы қызметінен босатылды. Қалалық мәслихат депутаттарының келісімімен Саран қаласының әкімі болып бұған дейін облыс әкімі аппараты басшысының орынбасары қызметін атқарып келген Сергей Касимов тағайындалды.

Осыдан кейін күн тәртібінде мә­се­ле бойынша құрылыс басқармасы бастығының міндетін атқарушы Самат Мырзатаев баяндама жасады.

Биылғы жылы облыстың қа­ла­лары мен селолық елді мекендерінде сумен қамтамасыз етудің 25 нысанында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Атап айтқанда, «Жәйрем-Қаражал» су құбыры, Саран қалаішілік су желілері, Долинка мен Солтүстік-Батыс кенттері, Абай ауданындағы Көксу елді мекені, Бұқар жырау ауданының Центральное ауылы, Нұра ауданының «Шахтер» ауылы, Балқаш-Қоңырат су құбыры және басқалары күрделі жөндеу жұмыстарынан өтті, – деді ол.

«Ақбұлақ» бағдарламасы бойынша атқарылып жатқан қыруар жұмыстар жөнінде Қарағанды қаласы әкімінің міндетін атқарушы Дархан Иманашев, Қаражал қа­ла­сы­ның әкімі Ғалым Әшімов және Ақтоғай ауданының әкімі Салтанат Әбеуовалар атап өтті.

2013-2015 жылдарға арналған «Ақбұлақ» бағдарламасын жүзеге асыру жоспары талқыланып, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы бастығының міндетін атқарушы Қайрат Қамзиннің берген ақпараты бойынша, 23 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отырғаны жеткізілді. Дәлірек айтқанда, Қарағандыда, Жәйрем кентінде, Приозерскіде, Нұра, Осакаров, Бұқар жырау, Қарқаралы, Жаңаарқа және Абай аудандарының бірқатар ауылдарында су тартылатын болады

Сонымен қатар, «Ауыз су» бағдарламасының жүргізілу барысын тілге тиек еткен облыс басшысы осы екі бағдарлама бойынша алдағы жоспарлар туралы тапсырмалар беріп, оның орындалуын облыс басшылығы қатаң бақылауда ұстайтынын айтты.

Таңсұлу Алдабергенқызы