БАСЫМЫЗҒА ҚАУІП –БАЙҚОҢЫРДАН
БАСЫМЫЗҒА ҚАУІП –БАЙҚОҢЫРДАН
Қазақтың ұлан-ғайыр даласы тағы да сол баяғыдай сынақ даласы күйінде қалып отыр. Бүгінде Байқоңыр кешенінің иесі – Ресей, жалға берген сол жердің қожасы – Қазақстан «саудада достық жоқтығын» өз істерімен дәлелдеп-ақ бағуда. Солай болғанына қарамастан, біреуге бас, біреуге байтал қайғы екенін де байқатып қояды ара-тұра. Солтүстіктегі көрші ел мамандарының айтуынша, алты рет қазақ даласына құлаған зымырандар Ресей экономикасына да елеулі шығын әкелген-міс. Алғаш 1996 жылы 14 мамырда ғарыш аппараты тиелген «Союз» зымыран тасығышы Жезқазған аумағына құлады. Бірақ оның соншалықты қорқыныш туғызбағаны, зымыран керосин-кислородпен ұшырылыпты-міс. Одан кейін 1997, 1998 жылдары құлады, ал 1999 жылы екі рет құлапты, бірінші рет 5 шілдеде құлағанына өтемақы ретінде 37 млн. 947 мың теңге, 27 қазанда құлағанына 57 млн. 249 мың теңге төлепті. Ол қаржы қайда кетті, біздің қоғамның одан түк хабары жоқ. Әйтеуір жергілікті тұрғындарға ешкім ешқандай ақша бермеген. Тіпті, кешірім сұрамағаны да белгілі.
Алтыншы рет 2007 жылы 6 қыркүйекте, түнде жұрт шырт ұйқыда жатқанда Байқоңырдан ұшырылған «Протон-М» зымыран тасығышы Жезқазғаннан 40 шақырым жерде құлаған. «Днепр» құрлықаралық баллистикалық зымыраны құлаған жерде орнында тереңдігі 20, аумағы 45 метрді құрайтын үлкен апан пайда болған. Шығынның мөлшері жаңа методикамен анықталып, 141 млн. 832 мың 110 теңгені құрады. Экологиялық шығын 94 млн. 582 мың 416 теңге деп көрсетілді. Онымен қоса мемлекеттік органдар мен ғылыми мекемелердің тартқан шығыны 47 млн. 240 мың теңгеге бағаланды.
Одан кейін де жыл сайын осындай апаттар болып тұрды, он екінші рет биыл 6 тамыз күні зымыран ұшпай жатып құлаған. Ол туралы: «Медведев сообщил, что расходы на развитие ракетно-космической техники в ближайщие годы составляет 670 млрд. рублей. «Деньги большие, нельзя допустить, чтобы значительная часть из них была выброшена на ветер в прямом смысле этого слова» – предостерег премьер-министр. Он также напомнил, что за последние пять лет финансирование отрасли было увеличено в три раза. В то же время за полтора года – 2011-2012 годы – мы получили шесть аварийных пусков, и это никуда не годится, что бы ни приводили в качестве причин, аргументов, ни в одной из ведущих космических держав такого количества неудачных пусков не было» – заявил он», – деп хабарлады Ресей БАҚ-тары.
Осылайша Ресейді іргесіндегі елдің тас төбесін тескен оқиғаның табиғатты бүлдірген зардабы емес, терең қалтаның қамы ғана толғандыратын сияқты. Қазақтың даласына уын шашқан зымыранның құлауына олар күнделікті қалыпты тірліктің бір көрінісі секілді қарап отыр.
Қазақстан тарапы «Толағайдың» табанының астында тапталып қалмау үшін қарсылық білдіргенсиді. Үкімет пен Парламент екі аяғынан тік тұрып: «Байқоңыр ғарыш айлағынан «Протон» түрлерін ұшыруға уақытша тыйым саламыз!» десіп, Үкіметбасы бұйрық та шығарып үлгерді сол кезде. Экология мәселелері және табиғатты пайдалану комитетінде бас қосқан мәжілісшілер де осы мәселеге бас қатырған. Бастарын ауыртқан басты тақырып – шығын қанша және апатты аймақтағылар өтемақы неге алмайды? Кейбір мамандар топырақты, суды, өсімдіктерді тексергеннен кейін гептилдің құрамы өсіп кеткенін мәлім етті. Енді әлгі топырақ, су, өсімдіктердің бөлшектері ресейлік зертханаларда зерттеліп жатқан көрінеді. Бірақ олар бізді тыныштандырып қоюды ғана ойлайтын секілді. Сонда кімге сенеміз, мамандарға ма, әлде ресми органға ма?
Алайда шарасыздық танытқан үкіметтік комиссияның жұмысына көңілдері толмаған кейбір ұлтжанды депутаттар Қоршаған ортаны қорғау министрлігін немқұрайлылығы үшін жауапқа тарту керек дегенді айтып қалды. Шығын демекші, оны да есептейтін біз емес, ресейлік мамандар көрінеді. Біздікі тек бас изеу ғана. Бұл сонда қалай? Қазақ заңын мойындамайтын Байқоңыр айлағы болып тұр әзірге.Тіпті, таяуда бұқаралық ақпарат құралдарына осы қалаға маңайдағы елді мекен тұрғындарының автокөліктерінің кіруіне тыйым салынғандағы туралы хабарлар тарағаны көпке аян. Ресейліктер біздің заңдарымызды белшесінен басуда. Ұлттық ғарыш агенттігінің төрағасы Талғат Мұсабаевтың айтуынша, «Протон» зымыран тасымалдағышының сызбасын Ресейдің «Салют» конструкторлық бюросы жасаған. Оны М.В. Хруничев атындағы мемлекеттік ғарыш ғылыми-зерттеу орталығы құрастырыпты. Зымыран «ауыр санаттылар» қатарына жатады. 1965 жылдан бері 320 рет көкке көтерілген. Жетілдірілген «Протон-М» үш сатыға ие. Салмағы 700 тоннаны құрайды, ұзындығы – 61,75 сантиметр. Жойқын күшті зымыран бір мезгілде бірнеше жер серігін алып ұша алады. 2007 жылы 6 қыркүйек күні ұшар алдында зымыранға 649 тонна гептил мен амиль қосындысы құйылған. Апат кезінде бакта соның 219 тоннаға жуығы жанбай қалыпты. Сол оқиғадан кейін Сыр өңірінде қатерлі ауруға ұшырағандардың қатары күрт өскен. Сол жылдың өзінде 1822 адам қайтыс болған. Ең жоғарғы көрсеткіш Қармақшы мен Қазалы аудандарында байқалыпты. Әсіресе, аяғы ауыр жас келіншектер жаппай бала тастағаны байқалған. Әлгі зымырандардан төгілген, жерге сіңген улы заттар «ұлы» кеселге айналып, ғұмыр бойы айықпайтын көрінеді. Депутаттарды мазалаған тағы бір мәселе – апатты аймақтағылардың өтемақыдан қағылуы. Неге екені белгісіз, үкіметаралық келісімдерде бұл туралы бірде-бір сөз жазылмаған. Гептилдің бір тамшысы түскен жерге сандаған жылдар бойы шөп шықпайды. Анау Алтай аймағына зымыран құламаса да, сонда тұратын тұрғындарға ресейлік федеральдық заңмен өтемақы төленеді. Әр зымыран ұшқан сайын 300 мыңнан 1 миллион рубльге дейін көлемде тұрғындарға өтемақы төлеуге кезінде Борис Николаевич Ельциннің өзі қол қойған.
Ең өкініштісі, осы сұрақтарға тікелей жауап беруге тиіс Қоршаған ортаны қорғау министрінің өзі жарытып ештеңе айта алмайтын сияқты. Қит етсе өзіне қойылған сауалдарды өзге лауазымды тұлғаларға бұра салып отырғанын жиі аңғарамыз.
Ең таңданарлығы, әрбір апат сайын зымыран құлаған жердегі 100-120 метр радиус аймақта гептил табылмады деген сөз. Ол толығымен ауада жанып кетеді дейді кейбір мамандар. Бұған сену үшін зымыранның бөлшектері шашылған жердегі топырақтың, судың, өсімдіктердің құрамында гептилдің бар-жоғын тексергенде біздің мамандарымыз ширақ қимылдаса дейсің. Себебі біраз тәуліктен кейін топырақтағы улы затты анықтау мүмкін болмай қалады екен. Ал Ресей мамандары жедел зерттеп тексеретінге ұқсайды. Біздің мамандар неге қажетті техникамен жарақтандырылмаған?..
Осындай жағдайларға қатысты тағы бір күрделі мәселе –1999 жылы маусым айында «Протон» құлағанда, Денсаулық сақтау министрлігінің өкілдері әлгі гептилдің халықтың денсаулығына әсерін зерттейміз деп білегін сыбанып шығып еді. Бір өкініштісі, олардың зерттеулері қаржы тапшылығынан аяқталмай қалды. Ондай зерттеулер ақырына дейін жүргізіліп, толықтай тәмамдауды талап етеді емес пе?!. Себебі гептилдің адам өміріне тигізер зиянын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес және бірнеше жылдар өткен соң байқалуы да мүмкін. Тағы бір алаңдайтын мәселе – еліміздің аумағынан ұшырылған зымырандар апатқа ұшыраса, оның келтірген зияны мен шығынын Ресейлік мамандар әзірлеген, бұрмаланған әдістемелермен есептейтініміз. Ондай әдістемелер халықаралық тәжірибеде қолданылатын әдістемелерге сәйкес пе, әлде сәйкес емес пе? Ешкім бұған бас қатырмайды.
Қарапайым халықты ойландырып отырған келесі мәселе – ғарыш зымырандарының ұшырылу механизмі. Қазақстан сондай зымырандардың ұшырылу мониторингін жасай ала ма? Зымырандардың ұшуға жарамдылығы қаншалықты деңгейде тексеріледі? Ресей жағы зымырандарды ұшырмақшы болғанда Қазақстан Республикасының ұлттық аэроғарыш агенттігімен келісіп, санаса ма? Біздіңше, санаспайтынға ұқсайды. Өйткені «Қазаншының өз еркі, қайдан құлақ шығарса» демекші, өздері қашан қаласа, сонда ұшырмақ ойлары бар екенін екіжақты келіссөздерде естіп қалып жүрміз. Ал ғарыш саласындағы лауазымды тұлғамыз Талғат Мұсабаев: «Біз «Протонды» ұшыруға үзілді-кесілді тыйым сала алмаймыз, өйткені келісімшарт бар», – деп шарасыздығын танытады көбіне. «Протон-М» деп аталатын ауыр зымыран тасығышты М. Хруничев атындағы ғарыштық кешеннің ғалым-конструкторлары жасап шығарған. Олар басқару жүйесіне жаңа қондырғы орнатыпты. Міне, осы қондырғы двигательдер істен шыққанда, шығынның көлемін азайтуға көмектеседі. Яғни әлгі қондырғы апат бола қалса, двигательдерді жедел өшіруге көмек береді-міс. Олай болмағанда апат аймағындағы тұрғындарға да, табиғатқа да орасан зор зиян келер еді. Ресей мамандары бізді осыған сендіріп бақпақ болып әуре.
15 жылдың ішінде он екі рет аса қауіпті жағдай тіркелген. Сондықтан бұл мәселеге мемлекеттік деңгейде ерекше жауапкершілікпен қарайтын кез келді. Олай болса, Қазақ үкіметі халықтың амандығын бәрінен жоғары қойып, бұдан былай Байқоңыр ғарыш айлағынан улы отынды қолданатын «Протон» зымыран тасығышын ұшыруға біржола тыйым салуға тиіс екені даусыз.
Иә, бізге Ресейдің құрсауынан шығу оңай болып тұрған жоқ. Бірақ біз өз мүддемізге орай шешімді келіссөздер жүргізуге міндеттіміз. Ел-жұрттың есен-саулығын ойлаған ел ешқашан жаман болмайды. Ендеше, Байқоңырсыз да байлығы жетіп-артылатын Қазақстан Ресейдің қабағына қарайлап, ығына көне бермей, айлақтың жұмысын тоқтатуға тиіс немесе әр ісіне жауапты өркениетті елдерге жалға беру абзал.
Жұмамұрат ШӘМШІ,
тарих ғылымдарының кандидаты