ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ ХАЛЫҚПЕН ҚАЙТА ҚАУЫШТЫ
ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫМЫЗ ХАЛЫҚПЕН ҚАЙТА ҚАУЫШТЫ
Мәдени мұра» бағдарламасы аясында атқарылған шаруа ұшан-теңіз
Республика тәуелсіздік алып, экономикамыз жандана бастаған шақта өткен ғасырлардың қилы-қилы кезеңдерінде жоғалтқан ұлттық құндылықтарымызды іздеп, түгендеудің сәті түскен еді. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2003 жылы Қазақстан халқына жолдауында үлкен мәдени мұраны зерттеу бағдарламасын жасауды тапсырған болатын.
«Мәдени мұра» бағдарламасының мақсаты – елдің тарихи-мәдени мұрасын зерттеу, қалпына келтіру және ақтау, тарихи-мәдени дәстүрлерді жаңғырту, Қазақстанның мәдени мұрасын шет елдерде насихаттау. Бағдарламаны 2004 жылы ТМД елдерінде алғашқы болып жүзеге асыру қолға алынды. Әуелі екі жылға есептелінді. Кейін аясы кеңейтіліп, тағы екі кезеңнің жұмыстары белгіленген. Жұмыстар 2007 жылдан 2009 жылға дейін және 2009 жылдан 2011 жылға дейін атқарылды.
Бағдарламаны жүзеге асыру кезеңдерінде қаншама істер жүзеге асты десеңізші. 2004 жылы-ақ тарих пен мәдениеттің 78 ескерткішіне қалпына келтіру (реставрациялық) жұмыстары жүргізіліп, олардың 28-і, яғни 35 пайызы 2004-2011 жылдары толық қалпына келтірілген. Біздің ғасырлар қойнауында қалып қойған жәдігерлерімізге қатысты 26 ғылыми-қолданбалы, 40 археологиялық зерттеу жүргізіліп, мыңдаған артефактылармен байытылды. Мысалы Шығыс Қазақстан облысындағы Шілікті мен Берел қорғандарындағы қазбалардан табылған (б.з.д. V-ІІІ ғғ). «Скиф-сібір аң стиліне» жататын сәнді алтын бұйымдар бүгінде әлем ғалымдарының назарын аударып отыр.
Республика тарихында тұңғыш рет еліміздегі көне және заманауи ескерткіштердің масштабты инвентаризациясы өткізілді. Сонымен бірге республикалық маңызы өте зор 218 және жергілікті 11277 тарихи және мәдени ескерткіштердің тізімі қабылданды. Қытай, Түркия, Моңғолия, Ресей, Жапония, Мысыр, Өзбекстан, Германия, Америка және Батыс Еуропаға жасалған ғылыми-зерттеу экспедициялар нәтижесінде 5 мыңнан астам құнды тарихқа, этнографияға, Қазақстан өнеріне байланысты мұрағат құжаттары, қолжазбалар мен баспа өнімдері алынды.
«Мәдени мұра» бағдарламасы аясында қазақ тіліндегі толымды гуманитарлы білім беру қорын құру басталды. Аз ғана жылдар ішінде 537 кітап бір жарым миллионнан астам тиражбен оқырмандар игілігіне айналды. Солардың арасында тарихқа, археологияға, этнографияға, жаңа энциклопедиялық сөздіктерге байланысты сериялар кездеседі. Мысалға алар болсақ «Бабалар сөзі», «Библиотека мировой литературы», «История казахской литературы», «Қазақ халқының ежелгі заманнан қазіргі кезге дейінгі философиялық мұрасы», «Мировая культурологическая мысль», «Экономическая классика», «Мировое философское наследие» секілді құнды дүниелер бар. Қорқыт бабамыздың айтқан нақыл сөздерінен бастап, Абай мен Шәкәрімнің құнды көзқарастарымен жалғасатын Ұлы дала ұл-қыздарының философиялық ойлары – әлемдік гуманитарлық рухани мәдениеттің алтын қазынасы.
Елімізде орта ғасыр кезіндегі ән мен күй әуендеріне зерттеулер жүргізілген. Қазақтың дәстүрлі әндеріне байланысты «Мәңгілік сарын: қазақтың 1000 күй, 1000 әні» антологиясы» жарыққа шығарылды. Бұл ұлттық мәдениет тарихында қайталанбас өнім. Халық әндерінің түпнұсқалық орындалулары жиналып, даярлау, өңдеу, қалпына келтіру, цифрландыру мен СD дискілерге жазу түрінде жасалынды. Қазақ халқының ғасырлар қойнауынан жеткен дәстүрлі әндері мен күйлері рухани мұрамыздың ең бай қазынасы екенінде дау жоқ. Талай аумалы-төкпелі замандар туғызған әндер мен күйлер бүгін де мәнін жоймағаны көрініп тұр. Тарихи маңызға, көркемдік пен мәдени бағалылыққа ие. Қазақ халқы ықылым заманнан бері поэзиямен, шешендік сөздерімен, шабытты күйлерімен, әуезді-сырлы әндерімен бірге өмір сүрген. Қай-қайсысына да зер салсаңыз көне заманнан сыр шертіп шыға келеді. Қазақ халқы – әнші, күйші, шешен, дарынды, кемеңгер, дана. Әсіресе музыкалық дарындылығы басқалардан асып түспесе, ешкімнен кем емес. Әр шаңырақтан не сызылтып ән салатын, не күмбірлетіп күй тартатын талантты жандар табылған. Халық музыкалық аспаптарын жасаған шеберлер де шыққан. Содан болар халықта: «Құдай әрбір қазақты жаратқанда жүрегіне күйдің бір бөлігін сіңірген» деген ұлағатты сөз бар. Өткен ХVІІІ-ХІХ ғасырларда қазақтардың өмірі мен салт-дәстүрін зерттеуші жат жұрттықтар ұлттың ақындық және музыкалық ерекшеліктеріне тәнті болғанын естеліктерінен оқып жүрміз. А.И.Левшин: «Қазақтар адамның сазгер немесе ақын болып туылатынының бір дәлелі», А.Эйгхорн: «Қазақтың әндері көкке көтеріліп бара жатқан бүркіттей өктем де ерікті. Олар кішкентай баладан қария шалға дейін, бойжеткен қыздардан үлкен апаларға дейін айтатын халық игілігі», Г.Потанин: «Мен үшін бүкіл қазақ даласы әндетіп тұрғандай» деп жазған.
Шетелдік жобалар бойынша Дамаскідегі Сұлтан Аз-Захир Бейбарыс кесенесін, сол жердегі әл-Фараби тарихи-мәдени орталық пен кесенесін салу, Каирдегі Сұлтан Бейбарыс мешітін қалыпына келтіру ойдағыдай жүзеге асырылды.
Құнды бағдарлама кино саласында да өрісін тапқан. «Қазақфильм» АҚ киностудиясы ұлттық мәдениеттің маңызды тарихи орындары мен мұралары туралы 20 деректі фильм түсіріп, көрермендерге ұсынды. Атап айтар болсақ «Мәдени мұра», «Қорқыт. Күй тарихы», «Номадтардың музыкалық мұрасы», «Ежелгі Түркістан сәулет ескерткіштері», «Жүсіп ата кесенесі», «Тамғалы петроглифтері» және өзге де тақырыптардағы фильмдер.
Жыл сайын елімізде және шет елдерде тарихи-мәдени мұраларымызды дәріптеуге жобамен 200 шара ұйымдастырылуда. Бағдарламаны жүзеге асыруда еліміздің барлық интеллектуалды күштері: әдебиет пен өнер, философия, тарих пен этнография, тіл білімі сондай-ақ академиялық институттар, Ұлттық кітапхана, еліміздегі жоғары оқу орындары асқан ұйымшылдық танытты. Олар солай Қазақстан тарихындағы теңдессіз гуманитарлы акция болып, қазақ халқының ұлттық рухани байлығын әлемге паш етті.
«Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қыруар жұмыстар атқарылды. Ұлттың көзі мен ойынан таса қалып, ұмытыла бастаған байырғы рухани құндылықтары өзіне қайта оралды. Бұл – ұлт үшін үлкен қуаныш!
Көлбай Адырбекұлы