Жаңалықтар

САЯСИ ЕМТИХАН НАУҚАНЫ

ашық дереккөзі

САЯСИ ЕМТИХАН НАУҚАНЫ

Бақытжан Сағынтаев Шығыс Қазақстан облысында іссапарда болып қайтты

Жуырда «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев жұмыс сапарымен Шығыс Қазақстан облысында болып қайтты. Шығыс өңірі табиғи және өндірістік ресурстарға бай өңір. Бұл өңірде партияның ең үлкен бастауыш ұйымы бар, ал оның құрамы 70 мың адамнан асады.

Шығыс өңіріндегі жұмыс сапарында Бақытжан Сағынтаев партияның облыстық активімен кездесті. Кездесу барысында партияның алдағы уақыттарда атқарылатын жұмыс барысының тиімділігі мен Қазақстан Республикасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алға қойып отырған мақсаттары және сайлау алды бағдарламаның орындалу барысы сөз болды.

– Біздің алдымызда Мемлекет басшысы, партия Төрағасы әлеуметтік модернизациялау стратегиясын жүзеге асыру бойынша үлкен міндеттер қойып отыр, – деп бастады өз сөзін Бақытжан Сағынтаев. – Бұл біздің партиямызға үлкен саяси емтихан. Оны жүзеге асыруда барлық жерде біз бір адамдай атсалысу керекпіз. Елбасымыздың «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасы бойынша біздер үлкен жұмыстар атқардық. Бағдарлама 16 аймақтық филиалдарда, 6310 бастауыш партия ұйымдары мен партияның мәслихаттағы барлық фракцияларында, сонымен қатар, саяси бюро отырыстарында кеңінен талқыланды. Біз бүгін барлық күш жігерімізді әлеуметтік модернизациялау идеясына жұмсауымыз қажет», – деді.

Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, бұл алты мыңнан астам бастауыш партия ұйымдарында, яғни партияның барлық филиалдарында өтетін үлкен есеп беру – сайлау науқаны барысында-ақ басталып кетті. Науқан барысында қатардағы партия мүшелері өздерінің төрағаларын қайта сайлауын өткізеді.

Сонымен бірге, бірінші есеп беру сайлау жиналысы Үлбі металлург зауытында «Промышленные предприятия» бастауыш партия ұйымында өткізілді. Бұл жиынға партия Төрағасының Бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев, Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Металлургтер ұжымында болған үлкен кездесу кезінде бүгінгі таңда атқарылып жатқан жұмыстарға қорытынды жасалды. Әрі ол жұмыстарды жетілдіру мәселесі де тысқары қалған жоқ.

Сондай-ақ, жиын барысында Бақытжан Сағынтаев облыстағы өндіріктік өнеркәсіп орындары үдемелі индустриалдық даму бағытының қарқынды атқарылып жатқанын да тілге тиек етті. Бүгінде Шығыс өңірінде индустриаландыру бағытында 600 миллиардтан асатын сомадағы 39 жоба қолға алынған екен. Оның 22-сі жүзеге асырылған. «Нұр Отан» Төрағасының Бірінші орынбасары өз партияластарының алдында Қазақстан дамуындағы үдемелі индустриалды-инновациялық Бағдарламаның тиімді жүзеге асыру бағытында бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Шығыс Қазақстан облысын­дағы іссапары аясында Бақыт­жан Сағынтаев әлеуметтік бағ­дарламалардың орындалу барысымен де танысты. Осы орайда облыс әкімімен бірге «Тірек ауылдар» бағдарламасы аясында жүзеге асырылған Секисовка ауылында болып қайтты. Сонымен бірге, Партия Төрағасының Бірінші орынбасары Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік техникалық университетіне де бас сұқты. Ол жерде жатақханаларға кіріп, студенттердің жағдайымен танысты.

Іссапардың екінші күні Семей қаласында жалғасты. Семейде Бақытжан Сағынтаевтың қатысуымен қала активі болып өтті. Қала активінде Мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылу процесстері сөз болды. Шығыс өңірдегі іссапары аясында құрылыс материалдарын шығаратын «Фирма-Азия ЖШС-ін аралап көрді. Бұл зауыт «Жол картасы 2020» бағдарламасы аясында өз жұмысын бастаған еді.

Гүлзина Бектасова