Жаңалықтар

KAZENERGY-2012: БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГЕТИКА – ӨТЕ ӨЗЕКТІ. БІРАҚ...

ашық дереккөзі

KAZENERGY-2012: БАЛАМАЛЫ ЭНЕРГЕТИКА – ӨТЕ ӨЗЕКТІ. БІРАҚ...

Қазақтың мұнай мен газын әлемдік нарыққа тиімді әрі тұрақты жеткізудің жолы қайсы? Бүгінде сөз қозғау «сәнге айналған» баламалы қуат көзі қазақтарға қаншалықты тиімді? Отандық мұнай мен газ шикізатын қай бағытта экспорттаған жөн? Энергетикалық салаға инвестиция тартуда Қазақ билігі қай мәселеге баса назар аударады? Жаһандық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Жер шарының бүкіл елі нені мақсат етуі тиіс?

Қазанның 2-3-і күндері Астанада VII KAZENERGY Еуразиялық форумы өтті. Биылғы форум тұрақты энергетикалық болашақты қалыптастыру мәселесіне арналды. Халықаралық деңгейде ұйымдастырылған шара шеңберіндегі шағын және кеңейтілген мәжілістерде қазіргі кездегі энергетика саласының негізгі мақсат-міндеттері талқыланып, энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолындағы Қазақстанның орны мен рөлі айқындалды. Осы орайда, Жер шарының 50 мемлекетінен жиналған әлемге танымал саясаткерлер, энергетикалық кәсіпорындар өкілдері мен халықаралық сарапшылар энергетика саласының даму болашағына көз жүгіртіп, оның алдағы онжылдық жоспарын құруға тырысты.

Шараның ашылу салтанатында KAZENERGY Қауымдастығының төрағасы Тимур Құлыбаев: «Қазіргі кездегі сан құбылған әлемде Қазақстан тұрақтылықтың тірегі боп қалуда. Біздің ел әртүрлі елдер, ұлттар, дін, салалары өкілдері табысты пікір алмасатын танымал халықаралық келісім алаңына айналды. Әлемдік діндер көшбасшыларының құрылтайлары, Президент Назарбаевтың ядролық қатерге қарсы бітімгерлік, экологиялық, геоэкономикалық бастамалары, өңірлік интеграция бойынша көп тер төгуді қажет ететін еңбек – соның дәлелі. Осындай беделді пікірталас алаңдарының бірі – KAZENERGY Еуразиялық форумы. Бүгінгі таңда форум жаңа, геосаяси ауқымға ие болды. Бүгінгі кездесуіміздің тақырыбы «Өзгерістер кезеңіндегі әлем: тұрақты энергетикалық болашақтың қалыптасуы» деп аталады. Бізге энергетикалық орта, қоршаған орта, жаңа әлемнің жаһандық дамуына байланысты өзекті мәселелерді талқылап, оларды шешудің тиімді жолдарын табу қажет», – деп мәлімдеді. Оның айтуынша, Қазақстан Еуразиялық аймақта ұзақмерзімді және өзара тиімді энергетикалық қарым-қатынасты қалыптастыруда Ресей, Қытай, Әзірбайжан, Түркіменстан, АҚШ және Еуропалық Одақ елдерімен тізе қоса отырып, әрекет етуде. Өйткені табиғи ресурстарға, яғни шикізат көздеріне басымдық берілетін Қазақ экономикасы үшін энергетикалық кешеннің орны бөлек: «Біріншіден, өндірістің барлық деңгейінде кешенді салалық жаңғырту мен инновацияларды жедел енгізу жұмыстары жүргізілуде; екіншіден, энергетикалық бизнестің әлеуметтік және корпоративтік жауапкершілігі қарқынды дамуда, мемлекеттік-жекеменшік серіктестігі бекуде. Үшіншіден, энергетикалық кешеннің ашықтығы артуда, кен өндіру орындарындағы ашықтық бастамасына ерекше көңіл бөлінген. Төртіншіден, экономикалық өсу міндеттері қоршаған ортаны қорғау, экологиялық тепе-теңдікті сақтаумен тығыз байланысты. Бұл әсіресе, Каспий теңізіне қатысты. Аталған барлық бағытта оңды нәтижеге қол жеткіздік. Солтүстік-каспилік жоба сияқты кең ауқымдағы шараны жүзеге асыру – соның айғағы», – деді.

ҚР Премьер-министрі Серік Ахметов Қазақстан ғаламдық экономикалық қатынастарға белсене араласа отырып, Жер шарының бүкіл елдері арасындағы энергетикалық өзара байланыстардың тең дәрежедегі серіктестік пен тиімді түрде тұрақты әрі жүйелі дамуына мүдделі екендігін айтты: «Жаһандық экономикалық тұрақтылықтың кезекті орамында ҚР Үкіметі Қазақстан экономикасын қарқынды дамытуға, азаматтардың әл-ауқатын жақсартуға, индустриалдық-инновациялық дамуды жүзеге асыруға, сондай-ақ іскерлік және ынтымақтастық серіктестікті дамытуға баса назар аударады. Бұл кешенді жұмыс ҚР Президенті Н.Назарбаевтың халыққа Жолдауында айқын көрсетілген».

Қазақстанды Батыс пен Шығыс арасындағы энергетикалық байланыс көпірі ретінде қарастырған қонақтар халықаралық энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуде Қазақстанның рөлі зор екеніне тоқталды. Мәселен ENI S.p.A. президенті Паоло Скарони: «Транспорттық инфрақұрылымды дамытуға көңіл бөле отырып, салаға қатысушылар арасындағы көмірсутегі тасымалының қауіпсіздігі мен жүйелілігін қамтамасыз етуі қажет. Осы орайда Қазақстан жетекші рөлді атқарып отыр. Әлемдік экономиканы тұрақтандыруда да Қазақстан қомақты үлес қосатынына сенімдімін», – деді. Ал Энергетикалық хартияның бас хатшысы Урбан Руснак тасымалдаудың жаңа маршруттарын табу арқылы көмірсутегілер қорын дербестендіруге және энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге болатынын айтты: «Еуразиялық аймақтың мұнайы мен газын еуропалық нарыққа жеткізудегі жаңа жолдарды табуға мүдделіміз. Инвестициялар құбырларды салу, нарықтарды көмірсутегілермен толтыру сияқты ұзақмерзімдік жобаларды жүзеге асыру үшін қажет. Бұл үшін инвестициялық қауіпсіздікті сақтау маңызды. Энергетикалық хартияның басты міндеті – осы. Инвесторлармен арада келісімшартымыз бар. Құжат ДСҰ-ға мүше емес мемлекеттердің мүддесін қорғау, сауда мәдениетін қалыптастыру т.б. мәселелерді қамтиды. Тасымалдау барысында Тәжікстан, Түркіменстан, Әзірбайжан сияқты елдердің мүддесі қорғалуы тиіс. Қытайлық тарап әзір бақылаушы рөлімен шектеліп отыр. Біздің ұйымға Үндістан, Пәкістан, Ауғанстан тараптары да қызығушылық танытатынына сенімдіміз», – деді.

Еуразиялық форумда Үкімет жетекшісі Серік Ахметов отандық Индустриялық-инновациялық бағдарламаға сәйкес, Қазақстанның мұнай-газ зауыттарын жаң­ғырту жұмысы 2015 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізілетініне тоқталды. Ең бас­тысы, Атырау мұнай өңдеу зауытын қайта жаңғыртудың арқасында жоғары сапалы бензинді өндіру көлемін үш есе арттыруға болады. ҚР Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев: «2013 жылы Солтүстік Каспий жобасын іске қосу жоспарланып отыр. Бүгінде табиғи газды өндіру көлемі артып жатыр. Осыған орай Қарашығанақта жылына 5 млрд. текшеметр газды өңдейтін зауыт салынатын болады. Ал Қазақстанның мұнай-газ зауыттарын жаңғырту жұмысы 2015 жылға дейін кезең-кезеңімен жүргізіледі», – деді. Министрдің айтуынша, Қашаған кен орнын игеруден түсетін пайда мемлекет қазынасына 2013 жылы құйылатын көрінеді. «Қашаған бойынша бірінші кезеңге қатысты жұмыстардың еңсерілгендігінен хабардарсыздар. Үстіміздегі жылдың мамырында реттеу туралы құжаттардың барлығына қол қойдық. Жұмыстардың нәтижелі болғаны көрер көзге анық байқалады. Біз коммерциялық кіріс 2013 жылдың қаңтары мен маусым аралығында келмек. Қашаған бойынша екінші кезеңде министрлік Консорциумнан тиісті құжаттарды енгізуді күтеді. Дайындық жұмыстары жүргізілуде», – деп мәлімдеген Мыңбаев Қарашығанаққа қатысты даулы мәселелер де шешімін тапқанын жеткізді. Аталған кен орнының 10 пайыздық үлесін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы қанжығаға байлағанын еске салған ол Қарашығанақ жобасы бойынша тараптардың үшінші кезең шеңберіндегі жобалар ауқымын кеңейтуге дайын екендігін айтты: «Мұндай кеңейтулердің нақты жолдарын біз талқыға салдық. Талқылаған елдер арасында Ресей де бар. Өйткені шикі газдың басым бөлігі Орынбор газ өңдеу зауытына тасымалданады. Қалған бөлігін Қазақстан аумағында салынатын газ өңдеу зауытына жеткізбекпіз. Аталған үш кезеңге қатысты мәселелердің тез арада шешімін табуына тараптардың барлығы мүдделі деп ойлаймын». Сонымен қатар Теңіздегі «Өсім болашағы» жобасы акционерлер талқысына салынуда. ҚР Мұнай және газ министрлігі барлау жөніндегі орталық комиссия назарына ұсына отырып, Қазақстан мен жоба серіктестерінің мүддесіне сай деген сенімде.

Премьер-министр С.Ахметовтың пі­кірінше, әлемдік экономикалық жағдайдың ушығуынан энергетикалық қорларға деген сұраныс көлемі арта түседі. Осы себепті Қазақ Үкіметі көмірсутегілерді тасымалдау жолдарын дербестендіруге мүдделі: «Қазақстанның өте ірі ауқымдағы өндірістік әлеуетіне қол жеткізу жаңа инвестицияларды тартуға тікелей қатысты. Үкімет инвестициялық ахуалды жетілдіру және жекеменшік саламен өзара тиімді серіктестікке ықпал ету бағытында үздіксіз жұмыс жасаумен келеді». Энергетикалық сала жобаларын дербестендіре отырып, шикізат өндіруге ғана емес, сондай-ақ оны терең өңдеуге инвестиция тарту керектігін айтқан Премьер отандық өндірушілер мен тасымал технологияларына баса назар аударылатынын жеткізді. Осылайша қазақ көмірсутегілерін тасымалдау жолдарын дербестендіруге мүдделі Қазақстан экспорт мәселесінде басты бағыттарды анықтап алған. Мәселен Каспий құбыры консорциумы арқылы 2012 жылы 29 млн. тонна мұнайды экспорттауды көздеп отыр. Осы бағыттың тасымал мүмкіндігін арттыратын жоба нәтижесінде жыл сайын 52 млн. тонна «қара алтын» тасымалданбақ. Бұл жоба 2015 жылы пайдалануға беріледі. Ал ең ірі мұнай құбырларының бірі – «Атырау-Самара» арқылы 2012 жылы 15 млн. тонна мұнай экспортталатын көрінеді. Бұл орайда Мыңбаев мырза: «Құбыр біз үшін ең басты маршруттардың бірі болып табылады және әзірге аталған бағытта экспорт көлемін арттыруды қарастырып отырған жоқпыз. «Қазақстан-Қытай» бойынша 2012 жылы 11 млн. тонна тасымалданады. Біз бұл көрсеткішті 20 млн. тоннаға дейін өсірмекпіз. Аталған келісім түзіліп жатыр. Технологиялық тұрғыда іске асыру оңай», – деді. Қазақ жеріне тиесілі көмірсутегілерді құрлықпен бірге теңіз арқылы да тасымалдау аса маңызды. Мәселен биыл Ақтау порты арқылы 8 млн. тонна экспортталады. Ары қарай «қара алтынның» бір бөлігі Махачкала арқылы Қара теңізге, тағы бір бөлігі Баку арқылы Батумиге жеткізілмек. Мыңбаев мұнайдың белгілі бір бөлігі келешекте «Тбилиси-Жейхан» құбырына жіберілуі мүмкін екендігін де жоққа шығармайды.

Форумға қатысушыларға экономикалық, энергетикалық қорлар мәселелерімен бірге әлемдік саяси сахнадағы қиындықтар туралы сауалдар да қойылды. Мысалы сириялық бір әріптесіміздің «Араб көктемі», табиғи қорларға бай араб мемлекеттеріндегі саяси тұрақсыздықтың себебі жайлы сауалына Болгарияның экс-президенті Петро Стоянов: «Араб әлеміндегі минералдық қорлар «араб көктемі», Сириядағы ахуал мен т.б. жайттардың басты себебі деп ойламаймын. Сіздің Отаныңызда мұнай жоқ, газ да. Бірақ тұрақсыздық Сирияда да болып жатыр. Ол жақта не болып жатқаны жайлы пікір айтқым келмейді, бірақ араб әлеміндегі қазіргі оқиғаларға табиғи ресурстардың тікелей қатысы жоқ», – деп жауап берді.

Бүгінгі таңда мұнай өндіру, геологиялық барлау-бақылау процесі мен мұнай бағасы өсе түсуде. Осыған байланысты әлемдік энергетикалық тепе-теңдікті қамтамасыз етуде баламалы қуат көзін дамыту күн тәртібіне шықты. Бірақ Қазақстанда баламалы энергетиканы енгізу бізге тиімді емес. Бұл туралы сөз қозғаған Тимур Құлыбаев әзір Күн мен желден қуат алу процесі арзандауын күте тұру керектігін айтты: «Баламалы энергетика – өте сәнді, өте өзекті, бұл туралы бәрі айтып жүр. Егер айтпаса, заман көшінен кеш қалған адам көрінуі мүмкін. Қазақстанда бізге Алла көмірсутегілердің барлық түрін берді. Мұнайымыз, газымыз, көміріміз бар. Біз уран өнімдерін өндіруге пайдаланылатын шикізаттың ең ірі өндірушісіміз және технологияларды дамытумен бірге энер­гетикалық тепе-теңдіктің өзгеретіні айқын. Мәселен Еуропада өте қымбат газ өте қым­бат баламалы қуатпен алмастырылуда. Барлық технология арзандау үстінде. Уақыт өте келе баламалы қуат көзі тұтынушыларға әлдеқайда арзанға түседі. Әрине осы кезде біз оны белсенді түрде дамытуға дайын болуымыз керек». Оның пікірінше, Қазақстанның көптеген аймақтарында 300 күннен астам Күн шығып тұрады. Сондай-ақ желден қуат алуды дамытуға қабілетті 5 нүкте айқындалған. Алайда баламалы қуат көзін өндіру қазір тым қымбатқа түседі.

Шара шеңберіндегі «Экологиялық қауіпсіздік және энергетикалық тиімділік» тақырыбындағы отырыста DuPont Шығыс Еуропа аймағындағы Энергетикалық тиімділік жөніндегі директоры Ричард Кокс энергетикалық тиімділік тек үкіметаралық деңгейдегі саясат құрылғанда ғана болатынын көлденең тартты: «Ол үшін мұнай мен газ саласына жауапты министрліктер ғана емес, сондай-ақ энергетикалық министрлік, коммуналдық шаруашылық министрліктері де белсене араласып, баса назар аударуы тиіс».

Осылайша, екі күнге созылған халық­аралық форум мәресіне жетті. Ғаламдық деңгейдегі энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, тасымал жолдарының дербестігі, жаңа мұнай мен газ құбырларын салу, көмірсутегілерді экспорттау мен импорттаудағы өзара тиімділік, тасымалдауды тұрақтандыру т.б. маңызды мәселелерді қаузап, қордаланған қиындықтарды шешуге ұмтылған форумға қатысушылар аталған мәселелерде Қазақстанның алатын орны мен рөлі зор екендігіне тағы тоқталды. Сонымен, VII KAZENERGY Еуразиялық форумында көтерілген сауалдардың барлығы 2014 жылы Ресейде өткізілетін Дүниежүзілік мұнай конгресінде ортаға салынбақ.

А

стана

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ