Жаңалықтар

ӨНЕРЛІ ЖАСТАР ТОП ЖАРАТЫН МЕРЕКЕ

ашық дереккөзі

ӨНЕРЛІ ЖАСТАР ТОП ЖАРАТЫН МЕРЕКЕ

Бүгінде жастар бас қосатын шаралар көп. Әсіресе халықаралық деңгейде өтетін сайыстардың кез келген өреннің білім көкжиегін өрістетіп, талғамын биіктететіні сөзсіз. Ұлттық мәдениетті дамыту арқылы халықтар арасындағы мәдениаралық байланысты дұрыс жолға қою, сондай-ақ жастардың басқа мемлекеттердің төл өнеріне деген қызығушылығын ояту мақсатында Астана қаласында «Жастар жігері» атты ТМД қатысушы мемлекеттерінің VII ашық жастар Дельфий ойындары өтуде.

«Нұр Отан» ХДП-ның қолдауымен басталған шараны Білім және ғылым министрлігі, Ұлттық Делфий комитеті, Мәдениет және ақпарат министрлігі, Астана қаласының әкімдігі, сондай-ақ ЮНЕСКО және ИСЕСКО жөніндегі Ұлттық комиссия ұйымдастырып отыр. Ал бұл ойындарды тамашалаушылар қатарында елшілер, ЮНЕСКО өкілдері мен музыкалық және би бойынша ЖОО-ның ректорлары мен әлемнің көрнекті қайраткерлері бар.

ТМД мемлекеттерінің VII ашық жастар Дельфий ойындарына қатысу мүмкіндігіне 250 қазақстандық ие болды. «Қазақстан» Орталық концерт залының бас алаңында ойынның ашылу салтанатында сөз сөйлеген аталмыш шараны өткізу және ұйымдастыру жөніндегі үйлестіру штабының өкілі Еркебұлан Мұқанов 16 мемлекеттен 800-дей қатысушының тіркелгенін жеткізді. «Бұл сайыс өнердің барлық түрінің басын біріктіреді. Тіпті мұны шығармашылық адамдары мен өнер қайраткерлерінің арасындағы Олимпиада десек жарасар. Шын мәнінде, бізге көптеген мемлекеттен қатысуға ниет білдірді. Бірақ олар уақыттың тапшылығына және бағдарлама талаптарына сәйкес болмағандықтан келе алмады», – деді Еркебұлан Мұқанов.

Ал халықаралық Дельфий комитетінің директоры Владимир Понявиннің айтуынша, негізі мемлекеттер үшін квота 75 адамды құрайды. «Бұл ойынды өткізетін мемлекет әдетте ұйымдастырушылық жағынан қаржылық шығындарға батады. Сондықтан да ережеге сәйкес, делегация құрамы 75 адамнан аспауы керек. Бірақ соған қарамастан комитеттің квотаны көбейтуге құқы бар. Осы тұрғыда айта кету керек, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей үшін квотаны өсірдік», – деді Понявин мырза.

Сонымен, 10-25 жас аралығындағы өнерлілер 19 номинация бойынша сайысқа түседі. Олар дәстүрлі өнерден бастап, қазіргі заманауи жанрларды да түрлі аспапта ойнап береді. Оның үстіне биыл Дельфий ойындарына «Поэзия» номинациясы жаңадан кірген. Әр номинацияның өз әділқазысы бар. Бұл құрамға әлемнің 14 мемлекетінен 62 өкіл кірген.

Елімізде осымен екінші мәрте ұйым­дас­тырылған Дельфий ойындары 29 қыр­күйекке дейін жалғасады. Сол күні шараның жең­ім­паздары мен жүлдегерлері белгілі болмақ.

Майса ЖАҚСЫЛЫҚ