Жаңалықтар

ҮШ МЫСАЛ, БІР ТҮЙІН

ашық дереккөзі

ҮШ МЫСАЛ, БІР ТҮЙІН

1.ЖҰМЫСШЫЛАР САНЫ ӨСУДЕ

Қаржы дағдарысы жайлаған Еуропа елдерінде жұмыссыздар саны күннен-күнге артып келеді. Біздің елде де жұмыссыздар жоқ емес бар. КСРО күйреген соң-ақ жер-жердегі өндіріс орындары көптеп жабылған болатын. Оның үстіне зауыттар мен фабрикалардағы техникалық құрал-жабдықтардың да тозығы жетіп, бүгінгі күн талабына сай келе бермеді. Енді міне тәуелсіздік алғаннан бергі соңғы он жылдың бедерінде өндіріс орындарының бойларына қан жүгіріп, жандана бастады. «Жол картасы» бағдарламасы қолға алына бастағаннан бері жаңа өндіріс орындары іске қосылып жатыр. Ең бастысы жұмыс орындары ашылуда. Елді индустриаландыру бағытында жасалынған жобалау құны 900 миллион теңге тұратын сондай кәсіпорындардың бірі – Ақтөбеқұрылысхмиммонтаж» ЖШС. Кәсіпорын былтырғы жылы наурыз айында ғана пайдалануға берілген. Қазір мұнда жүзден астам мамандандырылған жұмысшылар еңбек етеді.

Қазір бұл кәсіпорын елдегі құрылыс нысандарына аса қажетті полиэтиленнен жасалынған орта және жоғары қысымға арналған су және газ құбырларын шығаруда. Құбырлардың диаметрі әр түрлі. Кәсіпорын ұжымы әуелі диаметрі 25-тен 160 мм.-ге дейінгі құбырлар шығарып, сынақтан ойдағыдай өткізген. Өндіріс жүйелерінде немістің «KraussMaffei» компаниясының электр қуатын барынша үнемдейтін инновациялы ең озық технологиясы қолданылуда. Ал құбырлар жасалынатын шикізаттар арнайы тапсырыс бойынша Германия мен Оңтүстік Кореядан келіп жатыр. Жалпы жоба бойынша кәсіпорын жылына 20 мың тонна өнім шығаруы керек. Ұжым сол үдеден шығу үшін өткен көктемде ғана жоғары технологиялық екінші жүйені іске қосты. Бұл күндері осы жүйеден диаметрі 200-ден 630 мм. болатын сапасы өте жоғары полиэтилен құбырлары шығарылуда. Алайда жылу орталықтары мен өндіріс орындарынан бұдан да үлкен көлемдегі құбырларға ұсыныс түсіп жатқандықтан ұжым аталмыш шетел компаниясымен жаңа жүйеге техникалық құрал-жабдықтар сатып алуға келіссөздер жүргізуде. Кәсіпорынға тапсырыс негізінен Ақтөбе, Қызылорда қалалары мен Батыс Қазақстан облысынан түсуде. Ұжым кәсіпорын қуаты барынша көтерілген кезде өз өнімдерін Қазақстанның барлық қалаларына және Ресейдің көрші облыстарына жіберуді ұйғарып отыр.

Кәсіпорындағы жұмыс барысы компьютермен басқарылады. Жұ­мысшылардың бәрі шет елдерден тәжірибеден өтіп, біліктілігін арт­тыр­ған мамандар. Олардың айлық жа­лақысы 85-90 мың теңге. «Ақтө­бе­құрылысхиммонтаж» ЖШС-тің директоры Серік Ахметәлі: «Кәсіпорындағы заманауи техникаларды игеру үшін жұмысшылар тек білікті ғана емес, білімді болулары да керек. Германия мен Ресейден арнайы шақыртылған мамандар кәсіпорын жұмысшыларына сабақтар өткізіп, білімі мен біліктіліктерін көтеру үстінде. Жалпы біздің кәсіпорынның дамуына Үкімет көп көмек көрсетуде», – дейді.

Кәсіпорын ай сайын қуаттылығын арттыруда. Өндіріс көлемі ұлғайған сайын жұмысшылар саны да өсе түсуде. Ынтымағы жарасқан ұжымның жыл соңына дейін межелі биіктікті бағындыратындары қазірдің өзінде-ақ белгілі болып отыр.

2. МЕДАЛЬДІҢ МӘНІ МЕН МАҢЫЗЫ АРТА ТҮСЕР ЕДІ

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары болатын. Ақын Олжас Сүлейменов бастаған бір топ Парламент депутаттары Франциядағы әріптестерімен тәжірибе алмасуға барған. Тәуелсіздік алған жаңа республика фран­цуздардың қызығушылығын туғызады. Пікір алысу барысында солардың бірі: «Сіздердің Әнұрандарыңыз бар ма?», – деп сұрайды. Олар: «Жаңа Әнұранымыз бар», – деп жауап береді. Әлгі депутат сынағысы келді ме: «Ендеше сіздер шырқап жіберіңіздер, біз әуенін тыңдап көрейік!», – деп қолқа салған. Депутаттар жаңа Әнұран сөзін білмейтін. Соны сезіп қалған Олжас Шәмші Қалдаяқовтың «Менің Қазақстаным» әнін бастап жібереді. Сөзі жеңіл, әуені асқақ әнді өзгелер қоштай жөнелген. Ән біткен кезде француздар ризашылықтарын білдіріпті. «Әнұрандарыңыз екпінді шырқалады екен. Бәріңіздің сөзін жатқа білетіндеріңіз неткен ғанибет!» деп таңданыстарын білдірсе керек. Кейін Шәмшінің сол «Менің Қазақстанымы» ұлттың рухын көтерген Әнұранға айналды.

Биыл Лондонда өткен ХХХ-шы жазғы олимпиаданың біз үшін жөні бөлек. Жеті рет Әнұранымыз – «Менің Қазақстаным» орындалып, он үш рет көк Байрағымыз биікке көтерілді. Бүкіл әлем Қазақстан деген ел бар екенін, елінің намысын қорғайтын өршіл ұл-қыздары бар екенін білді. Жалпы әлемдік есепте он екінші орынды иемдендік. Бұл біз үшін үлкен жетістік.

Олимпиада тағы несімен есте қалды? Зілтемір көтеруші қыздар Мая Манеза. Зүлфия Чиншанло, Светлана Подобедова және Илья Ильин олимпиада чемпиондары атанған кезде Әнұран орындалды. Музыка басталғаннан-ақ залда отырған қазақстандық жанкүйерлер қосылып шырқай жөнелді. Біз білетін олимпиада тарихында мұндай көрініс бұрын-соңды болған емес. Жеңіске жеткен елдердің әнұрандарының музыкасы орындалып жатқанда жанкүйерлері үнсіз отырушы еді. Лондондағы жанкүйерлеріміздің музыкаға қосылып жатқа шырқағаны теледидар алдында отырған миллиондаған жанкүйерлердің рухын одан да бетер көтеріп жіберді. Өзгелерге рухы күшті ел екенімізді танытты. Сондағы әсерді ауызбен айтып жеткізу мүмкін емес секілді.

Олимпиада демекші, тағы бір айта кететін жәйт мынау. Алматыдағы Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы алдындағы тұғыр тасқа ХХХ-шы жазғы олимпиада медалінің үлкен көшірмесі қойылған. Медаль бетінде «2012» деп жазылған. Абай даңғылымен ары-бері ағылған жұрттың медальға назарын салмай өтпейтіні жоқ шығар, сірә да. Алайда «Құр медальдің сұлбасы не үшін қойылған?» деген сауал сол өткіншілердің бірінің болмаса, бірінің көкейіне оралуы кәміл-ақ. Шынында да Лондон олимпиадасын еске алу үшін бе? Жоқ әлде қала жұртшылығының құр медальді қызықтауы үшін ғана қойылған ба? Медальдің мына қалпында солай секілді. Егер медаль қондырылған тұғыртасқа Олимпиада жүлдегерлерінің аты-жөндерін қоса жазып қойса жөн болар еді. Қазақ: «Ештен – кеш жақсы» дейді. Қала әкімшілігі қолға алса, бұл еш қиындығы жоқ әрі тез орындалатын шаруа.

Тағы бір айта кететін жаңалық, жуырда Олимпиада чемпионы Александр Винокуровтың велосипеді аукционға (бәсеке саудаға) салынып, 243 мың долларға сатылды. Ал үстіне киген көк спорт киімі 10 мың долларға дейін көтерілді. Бұл қаржыларды Винокуров қайырымдылық қорына жіберіп отыр. Бәрекелді!

3. ӘДЕТТЕГІДЕЙ

ЖАУАПКЕР ЖОҚ

Орман – жердің көркі. Биология саласын­дағы ғалымдардың айтуына қарағанда, ағаштардың ауа тазалығына әсері өте көп. Өкінішке қарай, жеріміздің көбі шөлейт. Орманды алқап небәрі 4-5 пайызды ғана құрайды екен. Биылғы жылдың өзінде республикада 613 өрт оқиғасы тіркелген. 5,3 мың гектар жер күйіп кеткен. Соның 4,4 мың гектары облыстық әкімдіктердің құзырына кіреді. Былтырғы жылмен салыстырғанда биыл өрттің қамтыған аумағы 1,5 есеге кеңейген. Одан келген жалпы шығын 531,6 миллион теңгені құрайды. Өрт әсіресе Қостанай, Ақмола Павлодар облыстарында тіркелген. Жуырда Ауыл шаруашылығы министрлігінде алқа мәжілісі өткізілді. Сала министрі Асылжан Мамытбеков нақты мәліметтерге сүйене отырып: «Бүгінде мемлекеттік орман қорының 80 пайызы әкімдіктерге қарайды. Статистикаға көз жүгіртсек, жергілікті жерлерде болып жатқан өрттерді ауыздықтау жұмысы дұрыс жүргізілмейді. Бәлкім, мүлдем жүргізілмейтін де шығар. Демек, орман толығымен жанып болып, өзі өшеді»,– деп қортынды жасады. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Эдуард Квятковский: «Мен үшін облыстық экология басқармасының бастығы жауап берсе бола ма?»,– деп жауапкершіліктен тайқып шыға келді. Ақмола облысының Табиғатты пайдалануды реттеу және табиғи ресурстар басқармасының бастығы Әнуарбек Сағытов баяғыша жаттанды әуенімен баяндамасын оқып шықты. Тыңдап отырсақ өртке қарсы атқарған шаруаларында есеп жоқ. Ол желдірткен сөзін облыстағы өрттердің көбі жазық далада болады деп аяқтады. Павлодар облысы өкілінің сөзі де осы мәндес. Соған қарағанда А.Мамытбековтің сөзінде жан бар ма дерсің.

Былтыр мамыр айында табиғат күтпеген жерден күрт мінез танытты. Қатты дауыл тұрып, Іле Алатауы бөктеріндегі шыршаларды жапыра құлатты. Сол құлаған ағаштардың біразы әлі күнге жатқан жерлерінен әкетілмей, бөктер тазаланбай қалған. Ал өткен айда Іле Алатауы ұлттық паркі аумағындағы «Мохнатка» тау бөктерінде болған өрт 21 гектар жерді жалмапты. Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Орман және аң шаруашылығы комитетінің төрағасы Ерлан Нысанбаевтың айтуына қарағанда, сол өрттен келген залал 388 миллион теңгені құраған. Бұл аз шығын емес. Шығынды былай қойғанда, таудың әсем табиғатына келтірілген нұқсаны қаншама. Көрсең көз тоймайтын жүз жылдық жасыл шыршалардың біраз бөлігі күлге айналған. Өрт шалған жерлердегі жалаңаштанған таудан бұрынғы кербез көрікті көре алмайсыз. Сұрықсыз көріністен көңіліңіз жүдеу тартады. Кейбір мамандардың пікірінше, былтыр дауылдан құлаған ағаштар шіріп, биыл күннің ыстығынан өртке себепші болған көрінеді. Бұл сыныққа сылтау ғана. Өйткені күн қанша ысыса да, базбіреулер тұтатпаса тауда өрттің өздігінен шықпайтыны анық. Демек бұл адамдардың қолынан болған өрт. Олар әкімшілік тарапынан жеткілікті бақылаудың жоқтығын пайдаланып, жаққан оттарын толық өшірмей кетулері әбден мүмкін ғой. Азғантай орманшылар өздеріне бекітілген жерлерді толық бақылай алмайды. Сөйлесе қалсаңыз, жұмысына қажетті мың сан жоғын айтып отырғаны. Қолдағы бар техникаларының ақаулары да жеткілікті. Ал орманды өртегендер кімдер? Өкінішке қарай әзірге жауап жоқ. Бұған жауап беріп, жазаланып жатқан лауазым иелері де жоқ. Олар күннің шамадан тыс ыситынын алдын ала білсе де, ұлттық парк аумағына бақылауды күшейтпей, қам-қаракетсіз отырғаны еріксіз таң қалдырады.

Осыдан біраз күн бұрын Алматыға Үкімет басшысының бірінші орынбасары Серік Ахметов келіп, ұлттық саябақта болған өрттің салдарымен танысты. Оның жанында Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков, Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко бірге жүрді. Оларды Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов өртке шалдыққан жерлермен таныстырған. Әкімшілікте болған жиналыста басшылар ұлттық саябақтағы өрт салдарын жою жөнінде пікір алыса келіп, оны 1913 жылы толық аяқтауды жөн көріпті. Енді республикалық бюджеттен бөлінетін қаражатты күтіп отыр.

Көлбай Адырбекұлы