КЕРІСУ ЕМЕС, КЕЛІСУГЕ ШАҚЫРДЫ
КЕРІСУ ЕМЕС, КЕЛІСУГЕ ШАҚЫРДЫ
Нью-Йоркте басталған Біріккен Ұлттар Ұйымының кеңесінде әлемдік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, саяси тұрақтылығы шатқаяқтаған Сирияны сабырға шақыру, ядролық бағдарламасы дау тудырған Иранның проблемасы, исі мұсылманның намысына тиген «Мұсылмандар пәктігі» фильмі т.б. сөз болды.
Біріккен Ұлттар ұйымының бас ғимаратында Бас ассамблеяның жоғары деңгейдегі Кеңесі отырысын бастады. Жер шарының 40 мемлекетінің жалпы саны 90-нан астам президенттері мен үкімет жетекшілері қатысқан бұл кездесудің алғашқы күнінде арнайы Декларацияға қол қойылды. Осылайша Кеңеске қатысушылар құжатта көрсетілген БҰҰ Ережесі, халықаралық құқық пен әділсот қағидалары мен мақсаттарына негізделген ұстанымдарға беріктік танытты. «Біз, мемлекет пен үкімет басшылары, делегация жетекшілері, 2012 жылдың 24 қыркүйегінде БҰҰ-ның Нью-Йорктегі орталық мекемесіне барлық мемлекеттер арасындағы саяси келісім мен ынтымақтастық үшін және халықаралық бейбітшілік, қауіпсіздік, адам құқығы мен дамуы сияқты БҰҰ сүйенетін маңызды мәселені түзу мақсатында жиналдық» делінген Декларацияда сот жүйесінің әділдігі, жемқорлықпен, бүкіл әлемдегі есірткімен, жалпыұлттық ұйымдасқан қылмыс пен лаңкестікпен күрестің маңыздылығы сөз болған.
Нью-Йорктегі кездесуде Кеңеске қатысушы елдер арасындағы дау-дамайды бейбіт жолмен шешу барлық мемлекеттерге міндет екенін ескертті. Ал мемлекеттік жүйеде әділдік салтанат құруын әрбір ел жете түсінуі әрі сезінуі қажет. Сонымен қатар әлемдік көсемдер «геноцидті, әскери қылмысты, адамзатқа қарсы қылмысты ұйымдастырғандар, халықаралық гуманитарлық құқық пен заң бұзушылыққа жол бергендер жауапкершілік міндетінен құтылып кетпеу мақсатында қатаң бақылау орнатуды» өз міндеттеріне алды.
Дүние жүзін бірігуге шақырған құжатта ел басшыларын халықаралық құқық пен БҰҰ Ережесіне қайшы келетін әрі мемлекеттердегі, әсіресе дамушы елдердегі әлеуметтік-экономикалық даму мақсаттарына кедергі болатын біржақты экономикалық, қаржылық, сауда әрекеттерінен бас тартуға шақырады. Небір марқасқалар бас қосқан бұл шараға NATO басшысы Фог Расмуссен де қатысты. БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесіп, бірнеше өкілмен жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы мәселені қаузады. Ал АҚШ президенті Барак Обама Таяу Шығыстағы саяси ахуал, сондай-ақ, соңғы кездері америкалық дипломатиялық қызметтер орналасқан нысандарға шабуылдың жиілеуі жайлы сөз сөйледі. Ғаламтор арқылы бүкіл әлемді шулатып, исі мұсылманның ашуын келтірген «Мұсылмандардың пәктігі» фильмінен кейін бірқатар елді берекесіздік жайлады. Мысалы Ливияның Бенгази қаласында қарулы топ АҚШ елшілігіне граната лақтырып, оқты қарша жаудырған. Осының салдарынан елшімен бірге бірнеше қызметкер қаза тапты. Йеменнің астанасы Санада наразы топ америкалық елшілік орналасқан ғимаратқа баса-көктей кіріп, бірнеше көлікті өртеп жіберді. Мұндай лаңнан Египет те сырт қалған жоқ. Каирде антиисламдық фильмге наразылық ретінде өткізілген шеруде қауіпсіздік қызметі мен шерушілер арасында қақтығыс болды. Судан мен Бангладештегі наразылық тіпті өршіп тұр. Өткен жұмада еуропалық елдердің бірқатары мұсылман елдердің кейбіріндегі өз елшіліктерін уақытша жауып тастаған еді. Халықаралық сарапшылардың көпшілігі наразылық күшейген мемлекеттердің биліктері дер кезінде ресми түрде мәлімдеме жасап, Ақ Үйге ескерту жасамағандықтан, адамдар өз беттерінше әрекет етуге, яғни дипломатиялық нысандарға шабуыл жасауға көшті деген пікірде. Алайда БҰҰ Кеңесінде сөз сөйлеген Обама: «АҚШ туын өртеп, елшіліктерге шабуыл жасағандар БҰҰ сүйенетін қағидаларға қайшы келеді», – деп мәлімдеді. Ол әлемдік саяси сахнада пікірталас көрігін қыздырған Иранның ядролық бағдарламасына қарсы екендігін, Вашингтонның бағдарламаны жүзеге асыруға барынша кедергі жасап бағатынын ескертуді де ұмытпады.
Кеңестегі кездесулерде Сириядағы саяси ахуал сөз болды. Сириялық оппозиция қарсы шыққан ел президенті Башар Асадтың басқару жүйесі мен наразылық білдірушілерге қару қолданған әрекетін сынға алғандар «әлем керісу емес, келісулермен дамуы тиіс» деген қорытындыға келді. Олардың бірқатары Сириядағы шиеленіскен жағдайды БҰҰ шеңберіндегі шаралар арқылы шешуге шақырды. «Таяу Шығыстағы бейбітшілік пен қауіпсіздік» тақырыбындағы отырыстағы пікірталастардың Сирия төңірегінде өрбігені сондықтан. Алайда арадағы пікір қайшылықтары келісуге бейім болмады. Өйткені сириялық дауды реттеуде Ресей мен Қытай – бір жақ, АҚШ, Ұлыбритания, Франция – бір жақ.
Иранның ядролық бағдарламасына байланысты туындаған келіспеушілікте де қордаланып қалған қиындықтар жетерлік. Сол себепті Иран мәселесі бойынша «Алтылықтың» сыртқы істер министрлері өзара ортақ ұйғарымға келуге тырысуда. Бүгінде әлемдік қауіпсіздік жайлы сөз болғанда саясаткерлер мен әлемдік көсемдер Палестина мен Израиль арасындағы текетіресті қозғайды. Аталған мәселелер 28 қыркүйектегі БҰҰ тарапынан ұйымдастырылатын жалпысаяси пікірталаста жан-жақты талқыланбақ.
Нұрахмет Қуат