ИНТЕРНЕТТЕ – ҚАЗАҚША КІТАПХАНА
ИНТЕРНЕТТЕ – ҚАЗАҚША КІТАПХАНА
Өткен аптада «WikiBilim» қоғамдық қоры «Қазақстаның ашық кітапханасы» атты жаңа жобасының таныстырылуын өткізді. Қазақ және әлем классиктерін оқырмандарымен сандық технологиялар көмегі арқылы қауыштыруды мақсат тұтқан кітапханада бүгіннің өзінде мыңнан аса туынды жинақталып үлгерген. Интернет пайдаланушылар www.ikitap.kz сайтынан электронды кітаптан өзге, аудио- және видеофайлдардың қорын тегін көруге, тыңдауға мүмкіндік алды. Сонымен қатар, сайттан «Қазақ тілінің әдеби сөздігінің» негізінде жасалған «Қазақ тілінің әмбебап сөздігін» де табуға болады. Онда сөздің түсіндірмесімен қатар, этимологиясы, синонимдері, және өзге тілдердегі аудармасы беріледі. Сөздік қазақ тіліне қатысты барлық сөздіктердің агрегаторы ретінде ойластырылып, құрастырылған. Интернеттегі қазақтілді мазмұнды дамытуды көздейтін қордың жетекшісі Рауан Кенжеханұлы жобаның интернет пайдаланушылардың кәдесіне жарар жақсы ресурсқа айналатынына сенім білдіре келе, «Қазақстанның ашық кітапханасының» мазмұны мен технологиялық мүмкіндіктері үздіксіз дамытылып отыратынын жеткізді.
Кітапхана еркін Creative Commons лицензияларының аясында өз шығармаларын тегін таратуға ниетті авторлардың немесе автор мұрагерлерінің келісімі негізінде жасақталған. Кітапханадан Мұхтар Әуезовтің, Бауыржан Момышұлы, Әбіш Кекілбаев, Мұқағали Мақатаев, Қабдеш Жұмаділов, Мұхтар Шахановтың және өзге де ақын-жазушылардың шығармаларын табуға болады.
Сондай-ақ Creative Commons еркін лицензиялардың идеясын түсіндіруге арналған Лоуренс Лессигтің «Еркін мәдениет» атты кітабының қазақша басылымының тұсаукесері өтті. Әлемнің көптеген тілдеріне аударылып үлгерген «Еркін мәдениет» кітабы мәдениет пен шығармашылықты еркін тарату мақсатында интернеттегі авторлық құқық мәселесін қайта қарастыруға арналған. Бұл кітап Қазақстандағы «копирайттан» тыс шыққан алғашқы туынды.
«WikiBilim» қоғамдық қорының қолға алған «Қазақша Википедиа» жобасы да жаңа белесті бағындырды. «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ-тың бас демеушілігімен жүзеге асырылып жатқан «Қазақша Википедиа» жобасы 160 мың мақала деген межені еңсеріп, Википедианың тілдер рейтингісінде 30 орынға көтерілді. Жоба басталғалы бері қазақ Википедиасындағы мақалалар саны 20 есеге өскен. Сонымен қатар, Википедиадағы ай сайын қаралатын беттер саны 25 есеге өсіп, бүгінде бұл көрсеткіш 5 млн.-ға жетті.
Алтынай АЙДАРҚЫЗЫ