ОЛИМПИАДАШЫЛАРДЫ ҰЛЫҚТАУ КЕШІ
ОЛИМПИАДАШЫЛАРДЫ ҰЛЫҚТАУ КЕШІ
Міне, сол зілтемірші қыз Светлана Подобедованы таяуда өзінің оқу ордасы, Қазақ ұлттық университеті ұлықтау рәсімін өткізді. Ұлықтау рәсіміне ҚазҰУ-дың ректоры Ғ.Мұтанов, ҚазҰУ-дың проректоры Шолпан Жаманбалаева, Лондондағы жазғы Олимпиада ойындарының чемпионы Светлана Подобедова, ҚазҰУ-дың денешынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі Анатолий Арещенко және тағы да басқа университет басшылығы мен ұстаздар, студенттер қатысты. Ұлықтау рәсімін де университет ректоры Ғ. Мұтанов: «Біздің Светлана Подобедова Лондон олимпиадасында қос сайыс бойынша 295 келі салмақ көтеріп, әлем рекордын орнатып, елімізге қуаныш сыйлағаны, біріншіден, біздің университет үшін үлкен жетістік. Светлана біздің университеттің студенті. Енді ол жай студент емес, ел танитын танымал чемпион. Мен университетімізден жеңіске жететін жастардың әлі де шығатынына сенемін және Светлананы шын жүректен жеңісімен құттықтаймын», –деді.
Ұлықтау рәсімінде баяндама жасаған ҚазҰУ-дың денешынықтыру және спорт кафедрасының меңгерушісі Анатолий Арещенко:
– 78 жылдық тарихы бар университеттің дайындаған спортшылары бүгінде Қазақстанның намысын шет елде қорғап, әнұранымызды шырқатып, көкбайрағымызды желбіретіп жүргеніне тарих куә. Мысалы университеттен баскетбол бойынша екі дүркін Олимпиада чемпионы атанған Надежда Ольхова (1976 және 1980 жылдар аралығы), Еуропа мен әлемнің бокстан сан мәрте чемпионы Ермахан Ибраимов (1996 ж., 2000 жылдары) және Асхат Житкеев, Ольга Турчак, Евгений Владимиров, Болат Асанов, Владимир Дрекслер, Евгений Корольков, Виталий Толчкаев, Василий Пивцов сынды саңлақтар шықты. Ол спортшыларымыз қазақ спортының болашағын көркейтуге жол салды. Солардың салған жеңімпаз жолына шырақ жаққан Светланамыздың жеңісі мерейімізді өсіріп, намысымызға жігер сыйлады, рухтандырды, кеудемізге ерекше күш қондырды, – деді.
Намысы оттай алаулы, ойы жинақы, сөзі қуатты зілтемірші чемпион Светлана Подобедова ұлықтау рәсімінде сөз алып, жетістігін бүкіл қазақ жұртына арнайтындығын жеткізді. Талайлардың ішінен топ жарып, толағай жеңіспен оралған Светлана Подобедоваға студенттер тарапынан сұрақтар легі үздіксіз ағылып жатты. Барлығы да чемпионның өз аузынан сауалдарына жауап алып қалмақ ойда.
Студенттер көкейде жүрген сауалдарына жауап алғаннан кейін, университет ректоры Ғ.Мұтанов арнайы алғыс хат табыс етті. Сондай-ақ, университет алғыс хатымен университеттен Олимпиадаға қатысып қайтқан Айман мен Шолпан Қожахметова, Виктор Лептиков, Анастасия Пилипенко, Никита Филиппов, Георгий Шейко, Гүлжан Исанова, Юлия Живица сынды қыз-жігіттер де ерекше қошеметпен марапатталды.
Олимпиада чемпионы Светлана Подобедова жеке сұхбат барысында қойған сауалымызға: «Әрбір спортшының арманы – Олимпиада чемпионы болу. Мен сол мақсатқа қол жеткіздім. Елімнің көкбайрағын көкте желбіреттім. Бұл жеңісті еліме, халқыма, сүйікті университетіме арнаймын. Өйткені мен ҚазҰУ-дың заң факультетінің студентімін. Мен алдағы уақытта тек спорт саласында қызмет жасаймын. Ал, спорттағы уақытым шектелгенде басқа да жұмыстарға араласу жоспарыма енуі мүмкін. Ең бастысы, ел қоржынына әлі де талай алтын медальдар сыйлаймын», – деп жауап берді.
Досжан БАЛАБЕКҰЛЫ,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университеті
журналистика факультетінің
2-курс студенті