Жаңалықтар

ҰЙҚЫДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА

ашық дереккөзі

ҰЙҚЫДАҒЫ ҰЛТТЫҚ САНА

Тiл – барлық халықтар мен мемле­кет­тердiң рухани өзегi. Тiлiнен айрылған халық рухын жоғалтады. Рухсыз халық жер бетiнен жоғалатыны сөзсiз. Сондықтан да ұзақ жылдар бойы өзге елдiң жетегiнде болып келген қазақ елi үшiн ТIЛ мәселесi әрқашан өзектi.

Бұл тақырыпты қозғамаған, оның түй­iн­дi тұстарын айтпаған зиялы қазақ азаматы жоқ. Зиялы азаматтар әрқашан ұлтының рухы жоғары, өзегi мықты болуы үшiн тiл мәселесiн алдыңғы қатарға шығарған. Жиырмасыншы ға­сыр­дың басындағы Қазан төң­ке­рiсiне дейiн де, одан кейiн де­ қазақ зиялылары қорықпай, қай­мық­пай қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтеру мәселесiн сөз еттi. Сөз етiп ғана қойған жоқ, қазақ тiлiнiң аясын кеңейтуге барынша әсер еттi. Алаш арыстары, онымен қатарлас өмiр сүрген көзi ашық, көкiрегi ояу азаматтар ұлт болашағын сөз еткенде алдымен оның тiлiн қозғады. Ахмет Байтұрсынов әлiпбидi жазып, қазақ тiлiн тiрiлтсе, Сәкен Сейфуллин оның аясын кеңейту үшiн алдымен кеңсе қағаздарының қазақ тiлiнде жүргiзiлуiн көтердi. Бiрақ советтiк империя олардың мақсаттарына қол жеткiзуiне көптеген кедергiлердi ойлап тапты. Алдымен қарпiмiздi аз жылда бiр емес, бiрнеше рет өзгерттi.

Бұл аз десеңiз Кеңес өкiметi өткен ға­сырдың жиырма бесiншi жыл­дарына дейiнгi ресми құ­жат­тарда «қазақ тiлi» демей «түземдiк тiл», «мұсылман тiлi» деген терминдердi қолданған. Халқымызды осылай кемсiту болғанын, қазақ тiлiн екiншi қатарға ысырғанын Жамбыл облысының мемлекеттiк мұрағатының 50- қорындағы Әулиеата кезеңiндегi құжаттарды оқығанда анық көз жетедi. Ұлттық сананы жою үшiн бiр тiлде ғана сөйлетiп, кеңсе қағаздарын сол тiлде ғана жүргiзiп, орыстандыру саясатын жүзеге асырды. Осындай келеңсiз iстердiң салдары толғандырған Бауыржан Момышұлы қан майданда жүрiп, ел зиялыларына, мемлекет басшыларына қазақ тiлiн тiрiлту мәселелерi туралы хат жазып тұрды. Ол кезде аз ұлттың өкiлi осындай мәселе көтеруi көзсiз ерлiк едi.

Тек тәуелсiздiктiң ақ таңы ғана бiздiң тi­лiмiздi жер бетiнен жойылып кетуден сақтап қалды.

Еркiндiктiң салтанат құруымен бiрге азат ойдың азаматтары өз ойларын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы бiлдiрiп қана қоймай, оны жүзеге асыруға өздерi тiкелей араласты. Алматыда Талас ауданының түлегi, ақын, ұлтжанды ағамыз Шона Смаханұлы үй-үйдi аралап, жеткiншектi қазақ мектебiне беруге үгiттесе, сол iстi Жамбыл жерiнде журналист Рақметбек Өзбеков жалғастырды. Бұл күнде арамызда жоқ болғанымен олардың және басқа да зиялылардың ұлт үшiн атқарған iсiн мақтаныш сезiммен айтамыз. Сол кезде барлық басылымдар тiлдiң түйткiл тұстары туралы жарыса жазды. Ұйқыда жатқан ұлттық сана мен ой оянды. Қазақ тiлiндегi бұқаралық ақпарат құралы шын мәнiнде тiл жанашыры бола бiлдi. Сол кезде де, қазiр де «бұқаралық ақпарат құралдары ұлттық иделогияны жүргiздi» деп айтуға әбден болады.Соған қарамастан тiл мәселесi әлi де өзектi тақырыптардың бiрi. Ойландыратын, толғандыратын мәселер аз емес. Бұқаралық ақпарат құралдары соны көре бiлсе, жүрекке жететiндей жаза бiлсе арман бар ма?!

Тiл – мәңгiлiк тақырып! Себебi бiр тiл­дiң үстемдiгi жүрiп тұрған елдерде де бұл мәселе де түбегейлi шешiлген емес. Халқының 80-90 пайызы бiр ұлт болғанына қарамастан Швеция, Норвегия, Финляндия сияқты елдерде де алаңдатарлық мәселелер бар. Тарихта өзгеге кiрiптар болған, ме­рейi үстем елдiң тiлiнде сөйлеген, ана­ тiлiн ұмыта бастаған елдер көп. Өз­генiң боданында, яғни айдауында немесе же­те­гiнде жүрген ұлт тiлiнен айрылып, одан соң ел болудан қалып, жер бетiнен жойылып кеткендерi қаншама?! Бұл үрдiс қазiр де жүрiп жатыр. Өзегi мықты халық азаттық үшiн арпалысып, бодандықтың шынжырын үзiп, тәуелсiз болғанда, өзiн отарлап келген елдiң тiлiнен құтыла алмай қалатын сәттер аз емес. Мұндай мысал да жүздеп саналады. Сол кезде тiл бостандығына жету үшiн ел басшылары әртүрлi жолдарды таңдап алады.

Мәселен Ататүрiктей көсемi, Зия Көка­лыптай данагөйi болған Түркия дiннен, дiлден тiлдi жоғары қойып, «Бiр ел – бiр тiл» деп ұрандады. Соны шебер жүзеге асырды. 76 ұлт өкiлi тұратын Түркияда 20 миллион күрд халқы бар екенiн еске алатын болсақ, түрiктер көптiлдiлiктi қолдамай, бiр ғана тiлдiң үстемдiлiгiн құрды. Соның нәтижесiнде елде түрiкшiл қайраткерлер өзге ұлттан да­ бой көрсеттi. Қазiр Түркия ның атақ-даң­қын асқақтатып жүрген зиялылардың басым көпшiлiгiнiң ұлты түрiк еместер. Соған қарамастан олар «бiз – түрiктер» деп сөйлейдi, өмiр сүредi. Сол сияқты Эстонияның халқының 48 пайызы ғана эстондықтар болғанына қарамастан, мұнда да бiр тiлге ғана үстемдiлiк берiлген. Тағы бiр мысал келтiре кетейiк. Халқының 40 пайызы ғана парсылықтар болатын Иранда да бiр ғана тiл үстем. Мұнда 18 миллион әзiрбайжандар тұратындығын айтпағанның өзiнде, өзге де ұлт өкiлдерi көп. Алайда халықтың тiл бiрлiгiне қол жеткiзу үшiн бұл елдерде көптеген қантөгiстер болғанын жоққа шығаруға болмайды. Анда-санда тiлге байланысты дүрбелеңдер қазiр де туып жатады.

Бiз бұл жолды таңдамадық. Өмiрдiң өзi көрсетiп отырғандай, бұл жолдың соқпағы аз емес. Бiз жақын болса да, алыс жолды таңдадық. Халқымыздың амандығын сақтап қалдық. Бiрақ сол жол ұзақ болса да, мұратқа жеткiзетiндiгiн бiлдiк. Президентiмiз мемлекеттiк тiлдiң мәртебесiн көтеру туралы сан мәрте отты сөздерiн халыққа арнады. Тiл түйiнiн шешуге халықтың өзiн шақырды. Талай сұхбаттарында мұны ашық айтты да. «Қазақстанның болашағы – қазақ тiлiнде!» деген жалынды сөздерiн ұмытуға бола ма?! Алайда iс басында отырған шенеунiктер бұған ұмтылмады, жағдай жасамады. Төменнен қозғалыс нашар болды. Мемлекеттiк тiл үшiн жанайқайға басып жүрген азаматтарды қолдау жалпыхалықтық үрдiске айналған жоқ. Неге? Бұл құлдық санадан арыла алмай жүргенiмiздi көрсетедi.

Тәуелсiздiгiмiздiң жиырма жы­лында тiл мәселесiнде алға iлге­рi­ле­генiмiздi жоққа шығармаймыз. Алайда тәуелсiздiк алғаннан кейiн де бiр топ, бiр толқын, бiр лек тағы да ана тiлiнен айырылуына жол бердiк. Өзiмiздiң айтқанымызға өзiмiз сенбей, өзге тiлдiң мәртебесiн көтердiк. Бұл туралы баспасөз аз жазған жоқ. Аузымызда қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтеру болса, iсiмiз басқаша болды, орыс мектебiне қарай баламызды, немеремiздi жетектедiк. Бұл үрдiс әлi жойылған жоқ. Бұған халық болып қарсы тұруымыз керек.

Қазiр бiрнеше қоғамдық ұйым­дар­дың бастамасымен «Мемлекеттiк тiл туралы» заңның жобасы дайындалып, Парламентке тапсырылды. Бұл заң жобасын ұсынған Үкiмет те емес, Парламент те емес, қоғамдық ұйымдар институты. Бұл заң жобасы 2020 жылға дейiн жүзеге асуы керек. Бұл заңда «орыс тiлi мемлекеттiк тiлмен тең қолданылады» деген тiркеме жоқ. Яғни, орыс тiлi елiмiзде мекендейтiн өзге ұлт өкiлдерiнiң тiлiмен бiрдей дәрежеде болады делiнген. Бұл жобадан қалың жұртшылық әлi онша хабардар емес. Жекелеген басылымдар Заң жобасын жарялағанымен, тағы да көпшiлiктiң ой-пiкiрi жетпей жатыр.

Бiртектi мемлекет түптiң түбiнде «Бiр­ ел – бiр тiл» қағидасымен өмiр сүруi заңды да. Бұл заң жобасында мем­ле­кет­тiк тiлдiң қолдану аясы анық, нақты айтылған және құжат дайындауда өзге тiл қолданылған жағдайда оның тұпнұсқасы қазақ тiлiнде жасалынып, талқылауға ұсынылатын болады. Мұны ұсынып отырған қоғамдық ұйымдар – «Алаш үнi» және т.б Қазақстан Жазушылар одағы. Олар «Мемлекеттiк тiл туралы» заң жобасын дайындайтын жұмыс тобын құрған болатын. Жаңа Тiл туралы заң жобасы уақыт талабына орай пiсiп, жетiлген қағидаттарға толы. Оны насихаттау, келiспейтiн тұстарына ой, пiкiр айту аса маңызды.

Осы орайда көпшiлiк үнсiз қал­маса. Халықты рухани бiрiктiретiн қуат­ты күш – тiл екенiн ешқашанда ұмытпау керек. Ол туралы ой толғаудың өзi артық шығар. Әлi айтатын ой-пiкiр көп. Бiр ғана «орыс тiлдi қазақтар» айналасында көптеген келелi ой айтуға болады.

Қазiр бiздi тiлдiң пайдалану ая­сын кең­ейтумен бiрге оның тазалығы да ой­ландыруы керек. Өздерiңiз назар аударыңыздаршы: теледидардан сөйлеп жатқан қазақ азаматтарының көпшiлiгi орыс тiлiн араластыра сөйлейдi. Оған ол қысылмайды. Неге? Қоғам осыған үйрене бастағандай. Ондай дүбәрә ойлы сөздер эфирден берiлмесе. Газеттерде де сөйлем арасында қазақ тiлiнде баламасы бар сөздiң орнына орысша айтылатындығы таңғалдырады.

Тiл тазалығы – жан тазалығы! Жан­ тазалығы – рух тазалығы! Рухсыз адамның, елдiң ертеңi жоқ. Әрбiр қазақ таза ана тiлiнде сөйлеуi оның ұжданына айналуы қажет.

Өзге елдiң тiлiнде сөйлейтiн аз­ елдiң бiрiмiз. Елiмiзге алыс шетелден келген инвестор, кәсiпкер ал­дымен қазақ тiлiн емес, орыс тiлiн үйренедi. Неге? Себебi олардың iсi түсiп тұрған жерде негiзiнен мемлекеттiк тiлдi менсiнбейтiндер, ана тiлiн бiлмейтiндер, өздерiн ана тiлiнде сөйлейтiн қазақтардан жоғары қоятындар еңбек етедi. Мем­лекеттiк құрылымдардың көбi де таза мемлекеттiк тiлде сөй­ле­мейдi. «Ұлттық» деп аталатын ком­паниялардың ұлттылығына айтар сын көп. Шаруашылық жүргiзудiң осы буынында орыс тiлдi жастар жиналған. Неге олар жалақысы көп, қазақ тiлiнiң аясы тар жерде жұмыс iстейдi? Бұл үлкен сұрақ. Бұл жерде алдымен әлеуметтiк әдiлеттiлiк, теңдiк мәселесi өзектi екенi қылтиып тұр емес пе?! Сол үлкен сұраққа жауап алу айналасында ой толғау аса маңызды

Неге өзге ұлттың басым көп­шi­лiгiнiң балалары қазақ мектебiнде емес, орыс тiлдi мектепте оқиды? Бiр қызығы «қазақ тiлiнiң мәртебесiн көтерейiк» деп жүргендердiң кейбiреулерi жеме-жемге келгенде орыс тiлiне жүгiнетiнiн көрiп, бiлiп жүрмiз. Құлдық сана әлi басым екенiн көремiз. Осы сана кейбiр мемлекеттiк мекемелердегi баспасөз хатшыларының басым көпшiлiгiнiң бойында бар екенiн күн сайын көрiп жүрмiз. Сондықтан да олардың дайындаған материалдары шикi, аудармалары адам күлерлiк. Бүгiнде баспасөз хатшылары мемлекеттiк тiлдi жетiк бiлетiн, журналистерге жөн сiлтей алатын болуы қажет.

Менiңше, бұқаралық ақпарат құ­ралдары мен қоғамдық ұйым­дар­дың арасында ұлттық рух, сана, салт, дәстүр туралы ой қоз­ғай­тын iс-шаралар өткiзуге, оны на­сихаттауға мемлекеттiк гранттар бе­рiлуi керек. Бұл болашақ үшiн қажет. Барлық саясат ұлт мүд­десiне қызмет етуi керек. Осыны ұмыт­пасақ мемлекеттiк тiлiмiздiң аясы кеңи түсетiндiгiне сенiм мол!

Мақұлбек РЫСДӘУЛЕТ,

Қазақстанның құрметтi журналисi

Тараз қаласы.