Жаңалықтар

«ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ»

ашық дереккөзі

«ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ БАС ҚОЛБАСШЫСЫ»

Тараз жерінде екі күн бойы дүбірлі той өтті. Алаштың асқақ азаматы, белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, қазақ әдебиетінің қара нары Шерхан Мұртаза 80 жасқа келді. Өткен ғасырдың 50-ші жылдары әдебиет ауылына ат шалдырған жазушы шығармалары қазақ прозасының эталонына айналып кеткен. «Қызыл жебе», «Бесеудің хаты», «Ай мен Айша» сынды төлтумаларымен танылған қаламгердің қайраткерлік қыры да ел аузында. Қайтпас-қайсар азамат аға қазаққа қастерлі басылымдармен Қазақ радиосымен телевидениесінің басшылығында болып, талай игілікті шаралардың кіндігін аялай кесті. Тал бесігінде тербетті.

Қазақ журналистикасының көшбасшысын ұлықтауға Жамбыл облысының жұртшылығы ерекше дайындалыпты. Бұл тойда облыс әкімі Қанат Бозымбаев бастаған топ қаламгердің тойын өткізуге бар күш-жігерлерін арнағанын көрдік. Мерейтойға Қазақстан Республикасы Мемлекеттік хатшысы Мұхтар Құл-Мұхаммед, Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай мырзалар арнайы қатысты. Шерағаңды құттықтауға еліміздің түкпір-түкпірінен арнайы делегациялар келіп, мерейтой иесіне деген жүрекжарды лебіздерін жеткізді.

МЫҢБҰЛАҚТА ТУҒАН ҚАЙСАР АДАМ

…«Халық жазушысы» атандым. Жазғанымның бәрі алтын дей алмаймын. Бірақ солардың көбі және дәмділері тек балалық шақтың нәрінен, балауса балғын шақтың әсерінен туған. Өсе келе, көпті көрдім, дүниенің шартарабын араладым. Бірақ соның бәрі мені балалық шағымдай байыта алмады.

Парижде болдым – Париж түсіме кірмеді.

Мысырда болдым – Мысыр түсіме кірмеді.

Қытай, Моңғолстан, Үндістан, Пәкістан, Иран бардым.

Мұхиттың арғы бетіндегі Техаста, Чикагода, Нью-Йоркта болдым – олар да түсіме кірмеді.

Баяғыда Мәскеуде бес жыл оқыдым – оны да түсімде көрмедім.

Түсімде ылғи балалық шағымды көремін.

Түсіме күн сайын Мыңбұлақ кіреді. Түсімде Ақсу-Жабағылыны көремін.

Түсіме ылғи Айша кіреді. Мұртаза түсіме сирек кіреді, өйткені ол кеткенде, мен бес-ақ жаста едім. Елесі еміс-еміс қана.

Егде тартқанда бүгін көргенің ертең естен шығады…»

Бұл Шерағаңның «Ай мен Айша» романынан үзінді. Романның алғашқы жолашарын қазақ әдебиетінің қара нары осылай бастайды. Шиеттей балаларын жалғыз өзі жетілдіріп, аштық пен жоқшылықтың тауқыметінен аман алып шыққан қайсар Ананың мықтылығының арқасында қазақ әдебиетіне Шерхан Мұртаза сынды алып келді. Ол Алыпты тұмсығынан шерткізбей, қиындықтың ауылынан аман-есен алып шыққан да Айшадай ананың қайсар рухы. Ана алдындағы мәңгілік қарызын «Ай мен Айша» атты роман жазып, өтеуге тырысқан Шерхандай ұл бүгінде қазақ әдебиетінің қара нарына айналды. Қазақ журналистикасының көшін алға жетелеген бас сардардың сексен жылдық мерейтойын Жамбыл жұртшылығы ғана емес, бүкіл қазақ елі тойлады десек, артық айтқандық емес. Алаштың қайраткер ұлы Тұрар Рысқұлов пен батыр Бауыржан Момышұлы дүниеге келген өлкеде туған Шерағаңның мықты болмауға да қақысы жоқ еді.

ШЕРАҒАҢНЫҢ ЖАНАРЫ НЕГЕ ЖАСҚА ШЫЛАНДЫ?..

Қазақтың тарихында Домалақ ана мен Бәйдібек бидің орны ерекше. Және қазақ тарихын Бәйдібек пен Нүрилә анадан ажыратып қарай алмаймыз. Нүрилә анамыздың есімі араб тілінен аударылғанда, «Алланың нұры» деген ұғым береді екен. Сол анамыз Бәйдібек бабамыздың үшінші әйелі болды. Қазақ тарихында Домалақ ананың адамгершілігі, әдептілігі, парасаттылығы мен шыншылдығы және аналық қасиеті туралы жазылған деректер өте көп. Тіпті, Домалақ ана туралы аңыз-әңгімелер де жиі айтылады.

Шерағаңның «Домалақ ана» пьесасы бұдан ертеректе жазылған екен. Ұзақ уақыт сахналанбай қалып қойған «Домалақ ананы» сахнаға шығарудың сәті Шерағаңның сексен жылдығымен тура келіпті. Спектакльді қойған режиссер Ерсайын Төлеубай. Бәйдібек батырдың ролін белгілі актер Тұңғышбай әл-Тарази сомдады. Қазақтың өткен кезеңіндегі шиеленісті суреттейтін «Домалақ ана» спектакліндегі тарихи шындық біздің өткеніміз еді. Бұл спектакльдің өн бойынан өткен күндердің елесі ғана емес, бүгінгі қоғамдағы күндестік, көре алмаушылық, аяқтан шалушылық сияқты жағымсыз қылықтарды да дөп басып көрсете білген. «Домалақ ана» арқылы жақсылық пен парасаттылықты, әділдік пен ақиқатты көрсетуге тырысқан.

Спектакльден кейін сахнаға көтерілген Шерағаң режиссерді, басты рольдерді сомдаған актерлерді құттықтап, алғысын жаудырды. Сахнадан төмен түсіп келе жатқанда Шерағаңның көзінде жас бар еді. Бұл қайтпас-қайсар азаматтың, рухы биік өр тұлғаның, Нүриләдай ананың бейнесін жасап шығарған қаламгердің спектакльге деген қуаныш жасы болар, бәлкім. Әлде көкірек күйін шерткен спектакль Шерағаңа өткен өміріндегі әлдебір қиын сәттерді, әлдебір қуанышты кезеңдерді еске салды ма екен, кім білсін?!

ШЕРАҒАҢНЫҢ ТӨРТ ҚҰБЫЛАСЫ…

Тараз жеріндегі Шерағаңның тойы екінші күні Баласағұн сарайында өткен ғы­лыми-практикалық конференцияға ұласты. «Шерхан Мұртаза шығармашылығы және тәуелсіз ел руханияты» атты конференцияны белгілі ғалым Оразалы Сәбден жүргізді. Сол конференцияның шымылдығын ашқан Мемлекеттік хатшы Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед Шерағаңа деген жүрекжарды лебізін жеткізген еді. Мұхтар Абрарұлының тебірене сөйлеген сөзі залға жиналған қауымның жүрегінен терең орын алып, көңілінің кілтін тапқандай. Шебер әрі шешен сөйлеген Мемлекеттік хатшының Шерхан Мұртаза дейтін алып тұлғаның бойындағы асыл қасиеттерді дәл тани білуі де көптің көкейінен шықты. Мұхтар Абрарұлының конференция барысында сөйлеген жүрекжарды сөзін оқырманға дәл сол қалпында ұсынғымыз келеді.

«Кеше ресми түрде Шерағаңның тойы қасиетті Таразда басталғанымен, осыдан бірнеше апта бұрын Қазақстанның барлық баспасөз құралдары, Қазақстанның батысы мен шығысы түгелдей, қабырғалы қаламгері, Алаштың ардақты азаматы Шерхан Мұртазаның сексен жасқа толғандығы жөнінде бүкіл қазақ даласы тебіреніп жатты десек, артық айтқандық емес. Өйткені егер сол басылымдардың жиынтық тиражын есептейтін болсақ, бес-алты миллионнан асып кеткен екен. Демек, Шерағаңның тойы – бұл қазақ әдебиетінің тойы емес, Тараздың ғана тойы емес, бүкіл қазақ халқының тойы деймін.

Шерхан Мұртаза ең алдымен – журналист. «Қазақтың арғы-бергі тарихында біраз редакторлар болған, сол редакторлардың алдыңғы буынында, ең кемінде орта шегінде сіз тұрсыз», – деп кеше сөз сөйлеген қаламгерлер айтып жатты. Мен айтар едім, арғы-бергі және бүгінгі тарихында Шерхан Мұртазадай журналист, редактор болған емес. Тойда кейде қызды-қыздымен артық әңгіме де айтылып кетеді. Мен өз сөзімнің ақиқатын мынадай сөздермен тұжырымдағым келеді. Қазақтың арғы және бергі тарихында ұлт руханиятына олжа салған үлкен газеттер бар. Кейбірінің жасы Шерағаңның жасынан да үлкен. Ол Шерағаңның өзі басқарған «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан»), Шерағаң басқарған «Лениншіл жас» (бүгінгі «Жас Алаш»), Шерағаң басқарған «Қазақ әдебиеті» газеті. Сөзімді тірілтейін деп отырғаны, қазақтың арғы және бергі тарихында осы үш басылымға бірдей бас редактор болған адам ұлт тарихында жоқ. Ол – жалғыз Шерхан Мұртаза. Оған қосымша, қазақтың әдеби процесін қалыптауға, әдебиетінің бейнесін қалыптастыруға үлес қосқан екі үлкен журнал бар. Олардың тарихы ежелден келе жатыр. Оның бірі – «Жұлдыз», екіншісі – «Жалын». Осы екі журналға да қатарынан редактор болған ұлт тарихындағы жалғыз адам, ол – Шерхан Мұртаза. Сондықтан мен Шерхан Мұртазаны қазақ журналистикасының бас қолбасшысы, бас сардары деп білем. Оны осы залда отырған сол басылымдардың редакторлары еш қызғанышсыз, сол күйінше қабылдайды ғой деп ойлаймын.

Екіншіден, Шерхан Мұртаза – жазушы. Жазушы болғанда, бүгінгі қазақ әдебиетінің классик жазушысы. Кейінгі кезде «журналис­тика – кәсіп, әдебиет – өнер» деген принцип бойынша, өзінің бір кездегі әдебиеттегі алғашқы қадамын журналистикадан бастаған қаламгерлер сол туралы «жүрдім-бардым» айтып, әдебиетке келердегі дайындық деген сияқтыларды айтып, күмілжіп қалатын сәттері кездесіп қалады. Шынын айтқан кезде, Шерхан Мұртаза өзінің үлкен әдебиетке журналистика арқылы келгендігін үлкен мақтанышпен айтады. Оның себебі де бар, журналистика өмірдің қан базары. Жазушы содан өзінің керегін алады. Ал кейбір жазушы сол қан базардың ортасында мәңгілік қалып қояды. Шерхан Мұртаза сол қан базардан өзінің керегін алып, қазақ әдебиетінің классигі дәрежесіне еркін көтерілген тұлға. Себебі өздеріңіз жақсы білетін, американ әдебиетінің айтулы тұлғасы, Нобель сыйлығының лауреаты Эрнест Хемингуэй әскери журналистикадан бастаған. Көптеген дүниесін, Париждің Ритц деген отеліндегі бүгінде Хемингуэй деп аталатын залда сыздықтатып, виски ішіп отырып, талай-талай әскери репортаждар жазған. Мінеки, сонда жүріп, өзінің әйгілі шығармасы «Қош бол, майданды» жазды. Міне, бұл журанилистиканың әдебиетке ауысуының тамаша бір көрінісі. Не болмаса, Американ әдебиетіндегі тағы бір Нобель сыйлығының лауреаты бар. Джон Стейнбек деген. Ол да өзінің өмір тарихын журналистикадан бастаған. Американың тағы бір алыбы Фолк­нерге журналистикадан орын тимей, кітап сатушы почтмейстер қызметінен бастаған. Ол да Нобель сыйлығының биігіне көтерілген адам. Орхан Памук деген түрік дүниесінен шыққан жалғыз Нобель сыйлығының лауреаты бар. Ол Стамбулдың политехникалық инс­титутын тастап, журналистика факультетіне ауысады да, өзінің журналистикадағы алғашқы қадамын кешкі газеттерге репортаж жазудан бастайды. Әдебиетте мұндай процестер жиі болып тұрады. Сондықтан мен Шерхан Мұртазаны осы деңгейдегі ұлт әдебиетінің қайраткері деп білем. Әуезовтің әдебиеттегі алғашқы қадамы Аймауытов екеуінің 1918 жылғы Семейде шығарған «Абай» журналынан басталады. Қазақ әдебиетінің мықтыларының барлығы дерлік журналистика арқылы әдебиетке келген тұлғалар. Осы үрдісті Шерхан Мұртаза өз шығармашылық деңгейінде биікке көтеріп, қазақ әдебиетінің үлкен тұлғасына айналды. Қазақ әдебиетін үлкен таулардың тізбегі дейтін болсақ, бүгінде соның ең биік шыңы төрде отырған Шерағаң десек, ешбір асырып айтқандық емес.

Шерағаңның екі қырын айтқаннан кейін, үшінші қырына да тоқтала кеткім келеді. Биліктің үш тармағы бар. Атқарушы билік, заң шығарушы билік, сот билігі. Соның екеуінде табысты қызмет істеп, үлкен мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілді. Атқарушы биліктің деңгейінде Қазақ радиосы мен телевидениесінің тізгінін ұстаса, бірнеше рет қатарынан республика Парламентіне депутат боп сайланып, Шерағамыз ұлттық парламентаризмді қалыптастыруға үлкен үлес қосқан мемлекет қайраткері деңгейіне көтерілді. Еліміздің тәуелсіздік алған елең-алаң шағында оның руханиятының бекуіне, оның мәдениетінің дамуына, ұлттық мемлекеттік институтының қалыптасуына үлес қосқан Шерхан Мұртаза деген қазақ мемлекетінің үлкен қайраткері. Мықты журналист болуға да болады. Мықты жазушы болуға да болады. Мықты мемлекет қайраткері болуға да болады. Бірақ арына дақ түсірмей, алған принципінен қайтпай, табанды тұлға болу, қайтпас-қайсар азамат болу – үлкен жазушының бәрінің маңдайына бірдей жазылмаған бақыт. Өйткені заман әр кезеңде әртүрлі құбылып отырады. Сол заманның ығына жығылып кеткен жазушының да талайын білеміз. Және олардың ешқайсысын жазғыруға болмайды. Ал Шерхан Мұртаза болса, ол өзінің шығармашылығында, өзінің жазушылығында, қайраткерлігінде Бауыржан ағасына тартқан қайтпас-қайсарлықты, Тұрар ағасына тартқан табандылықты өзінің бойына сіңіре білген адам. «Мадам Бовари дегеніміз – менің өзім» деп айтатын Флобердің сөзі сияқты, жиырма жыл бойы бір тақырыпты қаузай жүріп, өзі де осы заманның Тұрар Рысқұловына айналып кеткендігін байқамай қалған адам – Шерағаң. Сондықтан мен Шерағаңның осы төрт қырын, оның өміріндегі төрт құбыласы деп білем. Сол төрт құбылаңыз қашанда түгел болсын!».

ШЕРАҒАҢ ШЛЯПА КИДІ МЕ?!

Жамбыл жерін дүрілдеткен дүбірлі тойда Шерағаң туралы талай сырлы естеліктер, жылы лебіздер айтылды. Мәдениет және ақпарат министрі Дархан Мыңбай халықтың Шерағасы туралы: «Шерағаң – қазақтың экономикасының дамуына да зор үлес қосқан қайраткер» деп еді. Шын мәнінде, Шерхан Мұртаза қазақтың рухани әлемінің дамуына ғана үлесін қосқан жоқ, қазақтың ұлттық дүниесінің бәрінде өзіндік үнін, өзіндік болмысын таныта білді.

Өзімен бірге іркес-тіркес келе жатқан көрнекті қаламгер Әкім Таразидің сахна төріндегі әдемі қалжыңмен жеткізген жылы лебізі де көптің көңілінде қалды. Әкім аға өз сөзінде Шерағаңды алып арыстанға теңеді. Арыстанға қарсы тұру кез-келгеннің қолынан келе бермесі анық. Шерағаң қазақ журналистикасының қара нары болса, оның шекпенінен шыққан тұлғалардың да ешқайсысы осал емес. Әсіресе, Әкім аға: «Тетелес ағамсыз. Арамыз бір жас. Туған айымыз бір. Күз. Берекелі ай. Мен сізді арамыз бір жас болғанымен, осы күнге дейін Шераға деймін. Сіз деп сөйлеймін. Оның бір себебі, Шерағаң бізден әлдеқайда бұрын мемлекеттік іске қатысты, біз әлі балалықтан шыға алмай жүрген кезде, Шерағаң үлкен кісі болып жүрді. Басына шляпа киетін. Сонан кейін сөйлегенде, қабағы қату, мұрты едірейіп, бірдеңе сұрасаң, «соны да білмейсің бе?» деп, бетімізді қайтарып тастап жүретін. Сондықтан біз бұл кісінің қасында бір үлкен арыстанның қасына барып тұрған мысық сияқты сезінетін едік.

Біз он бес шақты адам Америкаға бардық. 1997 жылы. Шерағаң жүрген жерінің бәрінде өзі тамада болу керек, атаман болу керек. Ол кісінің аузына қараймыз. Нью-Йорктегі екі биік үй бар ғой. Қазір бұзылып кетті. Сол үйдің басына шықтық. 114 қабат. Сол жерде барып, төмен қарап тұрмын. Адамдар биіктен қарағанда, тарбаң-тарбаң етіп, тасбақа сияқты кетіп бара жатыр екен. Шерағаң анандай жерде тұр екен. «Шераға, бері келіңізші. Мына жерден төменге қараңызшы», – деп шақырдым. Шерағаңа әрі қалжыңдап, әрі ол кісінің қорқыңқырап тұрғанын байқадым да: «Келіңізші енді. Жақындасаңызшы», – деп қоймай тұрмын. Шерағаң сол кезде: «Әй, Әкім! Мен адамдардың тарбаңдап кетіп бара жатқанын көргім келмейді. Мен адамдардың өркөкірек, биік, еңсесін көтеріп жүретін кезін ғана көргім келеді. Сондықтан тарбаңдаған адамдарды сен көр, мен көрмеймін», – деді. Мұның өзі тапқырлық. Шерағаңның творчествосында бір нашар кейіпкер жоқ қой. Тұрар Рысқұловтан бастап, Анасына дейін. Қай шығармасын алыңыз, Шерағаң адамдарды асқақтатып, өзінен биік қойып суреттейді. Сол ұлы қасиет. Осы қасиетіңіз ары қарай жалғаса берсін! Тоқсан, жүз, оны Алла біледі. Бірақ тілек тілеуге міндеттіміз. Шераға, сіз неғұрлым ұзақ жүрсеңіз, мен де сіздің соңыңыздан қалмай, ақырын-ақырын сіз салып берген даңғылмен жүріп отырамын ғой деп ойлаймын», – дегенде залға келген қауым ризашылықпен ұзақ қол соқты. Ағасына деген інілік тілегін жеткізген Әкім Таразидің даналық сөзі ешкімді де бей-жай қалдырған жоқ. Ұлылық деген де осы. Ағаға деген кішілік құрмет те осы. Қазақтың Шерхан Мұртазасындай биік ұлының биіктігін көрсету – ініге ғана жарасқан. Осы тұрғыдан келгенде, Әкім Таразидің аға туралы айтқан әдемі әзілмен өрілген жылы лебізіне жұртшылық дән риза болды.

ЖУАЛЫДА ЖАЛҒАСҚАН ДҮБІРЛІ ТОЙ

Таразда бастау алған дүбірлі шара Жуалы жерінде жалғасты. Жуалыда тігілген ақ шаңқан киіз үйлер қазақ журналистикасының бас сардарына, қазақ әдебиетінің ірі тұлғасына деген құрметтің нышаны болса керек. Жуалы жерінде сөз алған Мемлекеттік хатшы Мұхтар Абрарұлы Құл-Мұхаммед Елбасының құттықтау хатын оқып берді. Астанадан ат арытып келген Халық жазушысы Әбіш Кекілбаев қаламдас досына деген жүрекжарды тілегін айтса, қоғам қайраткері Өмірбек Байгелді Шерағаңның асыл қасиеттерін тізбелеп, қанаттас досына деген ыстық лебізін білдірді. Екі күн бойы дүбірлі тойды өткізуге атсалысып, аттан түспей жүрген Жамбыл облысының әкімі Қанат Бозымбаев мырза қаламгерді мерейтойымен құттықтай отырып, оған Тараз қаласынан жаңа баспананың кілтін тапсырды. Сексен жылдық мерейтойын атап өтіп отырған қаламгерге жерлестерінің бұл да ерекше құрметі болса керек.

Мерейлі мерекеге Астанадан бір топ депутаттар келді. Бір кездері Парламенттің мінбесінде қызмет атқарған әріптестері Шерағаңа деген ерекше құрметтерін білдіру үшін дүбірлі тойға арнайы ат арытып жетіпті.

Той соңы Жуалыда тігілген ақ шаңқан киіз үйлерде жалғасын тапты. Жуалы жері Шерағаңдай қадірлі ағаларына деген құрметін осылай білдірсе керек. Ән мен биге шалқыған Жуалы жеріндегі бұл дүбірлі той көпшіліктің көңілінде ұзақ уақыт сақталары сөзсіз.

ШОЛПАН ЖҰЛДЫЗ ТҮСІНЕ ЖИІ ЕНЕДІ…

Сексеннің сеңгіріне келген қаламгердің ағынан ақтарыла жеткізген жүрекжарды сөзі бұл. Қаламгер өзінің бүгінгі бар байлығы – кітаптары екенін айтады. Ал біз Шерағаңдай рухы биік өр тұлғаның ең үлкен байлығы жазушының шығармаларын сүйетін оқырмандары, қоғам қайраткерінің қайраткерлік болмысын таныған ел-жұрты, қайтпас-қайсар мінезін сүйген әріптестері, өзі тәрбиелеп шығарған сүйікті шәкірттері, ең бастысы, ұлттық рухтың иесін пір тұтатын Алаш халқы екенін айтқымыз келеді. Шерхан Мұртазаны халқы ерекше құрметтейді. Оны ерекше құрметтейтін де жөні бар. Ол ең алдымен, өзінің творчествосына адал болды. Ол ең алдымен, өзінің кәсібіне, журналистикасына адал болды. Ол ең алдымен, өзі тәрбиелеген шәкірттеріне адал болды.

Той кезінде «Егемен Қазақстан» газетінің ардагеріне айналған публицист Ержұман Смайыл өз сөзінде: «Көздеріңізді ежірейтіп, мұртыңызды едірейтіп, сұсты қалпыңызбен ұрысатын сәтіңізді сағындым» деген еді. Бұл шәкіртінің ұстазына деген адал ниеті, сағынышты сезімі болса керек.

Шерағаңды көптің ерекше құрметтеуінің сыры – бәлкім қиын-қыстау күндерде жұтылып кетпей аман қалғанының тәубәсі болар. «Ай мен Айша» романын оқыған әрбір адам Шерағаңның бүкіл болмыс-бітімін таниды. Естеріңізде болса, сол романда мынандай жан жылытар сюжеттер бар еді ғой.

«…Жүрісін сәл баяулатқаны болмаса, пойыз бұл бекетке тоқтамайды екен.

Есігін қанша тоқылдатқанмен есікті ашқан кондуктор болған жоқ. Ерсілі-қарсылы жалауын бұлғаған қызыл фуражкені көрмей, құлақ жара тағы бір шыңғырып ап, пойыз арсылдап ала жөнелді.

…Айша екеуміз бір тепкішекке әзер дегенде ілініп, бір-бір қолымызбен қапшық ұстап, екінші қолымызбен тұтқыштан қатып қармап қалыппыз.

Пойыз зымырап келеді.

Бетімізге бетіміз тиіп тұрса да, Айшаның айқайы маған әрең естіледі.

– Мықтап ұста тұтқадан! Қолың шығып кетпесін!

Өзіме де жан керек, әрине, мықтап ұстаймын ғой!

Атаңа нәлет кондуктор есікті ашпай қойды.

Қар аралас қатты жел беттен сабалап келеді. Шапалақтап келеді.

Аппақ қарлы даламен пойыз жүйткіп келеді. Есіктің сыртында вагонға ілініп, салбырап біз келеміз. Қолымыз қарысып қалған. Қимылдауға қорқамыз.

Айша:

– Маймаққа шейін шыда-а-а! Қолың шығып кетпесі-і-і-ін!

Осылай жан сауғалап келе жатқанда, шыңғырып кеп, пойыз Тескентау түннеліне сүңгіді де кетті. Пойыз доңғалақтарының сарыны кілт өзгерді – жаңғырығып қатты естілді. Құлақ тұнды. Ащы түтін тұманнан әрі. Жан-жағым қап-қараңғы. Тұтқадан ұстаған оң қолымның саусақтары жазылып кеткендей көрінді.

Апа-а-а! – деген жан даусым шықты білем.

Айша маған бақырайып қарап қапты!

Айшаны тұңғыш рет «апа» дедім.

Айша да шыңғырды:

Барсха-а-ан!

Дәл осы сәтте дүние жарқ ете қалды.

Сөйтсем, пойыз Тескентау түннелінен шыға келген екен!

Айналам аппақ болып кетті!»…

Сол бір күнгі осы бір қорқынышты сәтті есіме алсам, әлі күнге жүрегім тіксінеді деп ағынан жарылады Шерхан аға өз естеліктерінде. Пойыздың есігіне қатып қалған жұдырықтай баланың әлсіз саусақтары әлгі есіктен ажырап кеткенде, не боларын кім білсін?! Сол бір сұрапыл сәтте Ана мен Баланы қауіптен аман алып қалған Жаратқан иемнің өзі болар! Әйтеуір, сол бір күндердегі зұлматтан аман қалған, бес жасында әкесін «Халық жауы» деп ұстап кетіп, әкесінің дидарын бір көруді өмір бойы армандап келе жатқан қаламгердің адал болмауға қақы жоқ еді.

P.S. Баласағұн сарайында өткен конференциядан кейін сөз алған Шерағаң: «Құрметті, қасиетті халқым! Бүгін ұзақ уақыт бойы неше түрлі мақтау сөздер айтылды. Соның бәрін құлағымызға құйып жатырмыз. Артығы да бар. Кемшілігі жоқ сияқты бірақ. Осының бәрін бойға сіңіріп, електен өткізу үшін де уақыт керек сияқты. Маған деген жылы лебіздеріңізге рахмет! Рас, мен елімнің бақытты азаматтарының бірімін. Адамда арман біте ме? Сондықтан жақсылықты алдан күтемін. Болашақтан күтем. Болашақ аспандағы керемет, нұрлы әлем сияқты шақырып тұрады. Кім біледі, бір заманда мен де аспанға ұшып кетермін. Мен болмасам, менің рухым осында болар. Өйткені Шолпан жұлдыз жиі түсіме кіреді менің… Алдымыздан жақсылық күтейік! Аман-есен, саламат болып, жақсы заманға жете берейік! Бәріңнің басыңа бақ қонсын!», – деді. Қазақтың шүйкедей абыз ақсақалының ақ жарыла айтқан бұл тілегі періштелердің құлағына жеткен де болар. Бірақ біз Шерағамыздай асыл ағаның, Шерағамыздай қайраткер ұлдың, Шерағамыздай қайсар рух иесінің бәрімізге берген ақ батасы деп ұқтық!

Бір кездері Зейнолла Қабдолов ұлы Мұхтар Әуезовті меншіктеп, «Менің Әуезовім» дейтін еді. «Менің Әуезовім» деп жүріп, өзінің де көптің «Қабдоловына» айналғанын сезбей қалып еді көрнекті жазушы. Біз де бүгін Шерағамызды меншіктеп, «Біздің Шерағамыз» дегіміз келеді. Өйткені Шерхан Мұртаза – жалғыз. Ол – ғасырларда бір туатын тұлға. Ол – ғасырларда бір рет өмірге келетін көрнекті қаламгер!

Гүлзина Бектасова