Жаңалықтар

АБЫЗ АКАДЕМИЯСЫ

ашық дереккөзі

АБЫЗ АКАДЕМИЯСЫ

Көпен ӘМІРБЕК

Осыдан отыз жыл бұрын «Ана туралы жырдың», жырдың ғана емес-ау, аналарымыздың әнұранына айналған әуеннің мәтінін жазған әйгілі шайыр Ғафу Қайырбековтің бір тойына қатыстым. Үзіліс кезінде Шерағаң:

– Қайда жүріп жатырсың, Көпен мырза? – деп сұрады. Ғылыми-техникалық «Білім және еңбек» журналында жауапты хатшы екенімді жақсы білетін. Маған сол сұрағы «Ол жақтағы жұмыс оң жамбасыңа келе ме?» дегендей естілді. Жауабымды күтпестен:

– Саған сатира және юмор бөлімінің меңгерушісі штатын ашып берсем, тақияңа тар келе ме? Ертең сағат онға дейін кел. Күтем. Кешіксең өз обалың өзіңе! – деді.

Бірден келістім. Қуана келістім. Шерағаң сол тұста «Қазақ әдебиеті» газетінің Бас редакторы болатын. Кейінірек «Егемен Қазақстан» газетіне шақырып, фельетон бөлімінің тізгінін ұстатты. Ұзын-ырғасы Шерағаңның қарамағында бес жылдан аса қызмет істедім. Бес жыл аз мерзім емес. Бір сөзбен айтқанда Шерхан Мұртазаның, яғни Абыздың Академиясын бітірдім десем де болады.

Сексеннің сеңгіріне табаны таймай шыққан Шерхан Мұртазаның өзі абызға айналды, сөзі аңызға айналды. Абыз деген кім? Батыр ата Бауыржан Момышұлының дәйегіне сүйенсек: жасы үлкен қарттарды шал, қария, ақсақал, абыз деп төртке бөлген. Отбасы, ошақ қасынан ұзап шыға алмай, түтін аңдып, үй аралап, саяси өсек айтатын қарт – шал. Өз әулетін шашау шығармай уысында ұстап, билік жүргізген қартты қария деп, тұтас бір ауылдың жоқ-жітігін түгендеп, жыртығын бүтіндеп, азаматын атқа мінгізіп, айдынын асырып отыратын қартты ақсақал деп, бүкіл елдің сөзін сөйлеп, намысын жыртып, дау-дамайын шешіп, арғы-бергі тарихтан әңгіме қозғап, тұла бойына ұлттық рух, ізгі қасиеттерді молынан сіңірген қартты абыз деп атаған. Ендеше, абызға айналған қайраткер, аңызға айналған қаламгер ағам Шерхан Мұртаза туралы өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары пародия жазған едім. Ол бопсамды 1994 жылы сахнада да орындадым. Орыс әдебиетшілері «Гогольдің «Шинелінен» шықтық» десе, біз Шерағаңның шекпенінен шыққанбыз. Сол пародиямды кейінгі ұрпақтың назарына ұсынсам несі сөкет? Мінеки…

СОЛАЙ ДА СОЛАЙ!

Қазақстан Республикасы Парламентi Мәжiлiсiнiң депутаты, Халық жазушысы Шерхан Мұртаза туралы көп сериялы киносценарий

Кино журнал

“Елiм, саған айтам,

Елбасы, сен де тыңда!”

Камал дос!

Сен де құлақ түр.

Себебi, сен – соқа, мен – трактор.

Бiрiншi сериясы

Мәртебелi мырзалар!

Бiраздан берi

Жанымды жегiдей жеп жүрген құрт бар.

Әрине, оны түсiнетiн де,

Түсiнбейтiн де жұрт бар.

“Ердi – ерiншектiк,

Жердi арамшөп аздырады”.

Менi бiреулер “Ұлтшыл!” деп жазғырады.

Өкпелейдi.

Өкпелесе, “көшке берген тайлағын алсын”,

Немесе мен секiлдi

Қайта-қайта депутат боп сайланып алсын.

Жетесiзге жетi айтып,

Санасызға сан айтып,

Сессия сайын көзiмiздi алайтып

Тiл туралы

Өңешiмiз жыртылғанша айтыстық.

Тартыстық.

Қырқыстық.

Жата қалып жағаны да жыртыстық.

Не бiттi?

Базбiр депутат мырзалар:

“Жылама,

Жыласаң тағы да ұрам!” деп желiктi.

Сонда солардың дiттегенi не?!

“Мемлекеттiк тiл екi тiлде жүрсiн!” дейдi.

Не деген сұмдық?!

Құйқаң шымырлап, жүрегiң дүрсiлдейдi.

Сиырдың тiлi – бiреу,

Ешкiнiң тiлi – бiреу,

Доңыздың тiлi – ол да бiреу.

Тек жыланның тiлi ғана айыр.

Бұл не?

Жылан болсын дегенi ме,

Әлде, лаң болсын дегенi ме?

Түсiнiксiз!..

Екiншi сериясы

Мырзалар!

Жалпы,

Жаманшылық ойлағандардың

Арқасына алты қотыр,

Желкесiне жетi қотыр шықсын.

Қасиын десе қаны шықсын,

Қасымайын десе жаны шықсын.

Жүзге бөлiнгеннiң жүзi күйсiн!

Солай ма, Қалаубек мырза?!

– Шерхан-ау, саған халқың ырза.

Сен бүкiл түркiге туыссың.

“Руға бөлiнген у iшсiн!”

– Солай ма, Мұса мырза?

– Солайы – солай!

Ештеңе жоқ оңай.

“Бөлiнгендi бөрi жесiн,

Айрылғанды аю жесiн!”

– Солай ма, Толымбек мырза?

– Шераға!

Құдайдың құтты күнi

Айтып жүрсiз дуалы ой.

“Ұлт пен сана”,

“Ұлттық парыз” –

Бәрiне де куә ғой.

Қарға тамырлы қазақпыз,

“Қарына тартпағанның қары сынсын!”

– Солай ма, Әмiрхан мырза!

– Шераға!

Аса құрметтi Шераға!

“Табалдырықтан биiк тау жоқ”.

Бiз тұрғанда сiзге келер жау жоқ.

Алайда, Абай айтқандай:

“Қазақтың жауы – қазақ”.

Турасын сөйлеп туғанына жақпайтын

Сiздей қазақ аз-ақ!

Аз!

Өте-е-е аз, Шераға!..

– Сырт көз – сыншы:

“Шерхан Тынысты бiледi,

Тыныс жұмысты бiледi”

Деп тақпақтайтын көрiнедi.

Тыныс мырза,

Сiз бұ гәпқа “нима” дейсiз?

– Шераға!

Тесiк ауыз тек тұрмайды.

Не бiрдеңе жеп тұрады,

Не бiрдеңе деп тұрады.

Қай ауыздың қақпағы бар?

Бiздiң өзбек ағайындардың да тақпағы бар.

Былай:

“Дар хакихат, битта одамнинг

Битта қолтигиға

Ихта таруз сиғмайди” деп гәпырады.

Әй, олар да қатырады!

Қазақшасы:

“Бiр қолтыққа екi қарбыз сыймайды” дейдi.

Сыйғанда қандай!

Сiздiң қолтығыңызға бiреу емес,

Бiрнеше қарбыз сыйып жүр.

Мәселенки, әлгi Әмiрхан,

Қалаубек,

Мұса,

Толымбек,

Жамбыл,

Рафаэль…

Тағы да бiр-екi әйел.

Олардың орынбасары бар.

Барлығы да бiр қолтыққа сиып жүр.

Айтқан сөзiңiзге айрандай ұйып жүр.

– Ендеше,

Жақсы журналист – ырыс,

Жаман журналист – ұрыс.

Солай ма, Тыныс?..

– Дұрыс, Шераға, дұрыс!

– Дұрыс болса дұрысымыз,

Бүгiн бiттi бiр iсiмiз.

Мен Президентке кеттiм,

Жұмысыңызға кiрiсiңiз!..

Үшiншi сериясы

Мәртебелi мырзалар!

Тiл туралы қашанғы таласамыз?

Андай-мұндай,

Әжiк-күжiк,

Пыти-сыти деп,

Отырып ап бал ашамыз.

Қара суды

Қанша сапырсаң да май шықпайды.

Тас маңдайымдағы әжiмдi

Тұрар Рысқұлов туралы жазған

Бес кiтабым айшықтайды…

Ешқашан ергенiм жоқ

Бiр ағындарға.

Не дейсiң, қарындас?

Сұрағың бар ма?

Айта ғой.

– Ағай, бұ қазақта

Сiзден өткен iрi жоқ дейдi.

Арақ iшпейдi,

Темекi тартпайды,

Қыз-қырқынға қыры жоқ дейдi.

Рас па?

– Ай, мына қыз мұңайтты.

Менi еркек емес деп кiм айтты?

Менi бiреулер:

“Тарпаң!

Ашушаң депутат!” деп кiнәлайды.

Маған ол пiкiр ұнамайды,

Аш адам ашушаң келедi.

Ауыл-ел аш болса,

Ашушаң болмай не етерсiң?

Бiр көзiң айға қарап,

Бiр көзiң сайға қарап

“Нервный” боп кетерсiң.

Бұ қазақ

Кетiп бара жатса да құр кетпейдi.

Бiреулер менi:

“Тоң!

Бiрбет!” дейдi.

Құдай екi жүздiден сақтасын!

Халықтың нанын жегесiн,

Оның қамын да жеу керек.

Ел үшiн кеуделеп,

Әлiмдi жиып тiрнектеп…

Сонда менi “Бiрбет!” деп,

Атағаны ма құрметтеп?

Түсiнiксiз!…

Қазiр не көп,

Өзiңнен бетер зор көп.

Қазiр не көп,

“Ананы қорғау,

Мынаны қорғау” туралы қор көп.

Мен таң қалам!

Бұ қазақ әуелi қорлайды,

Сосын барып қорғайды.

Тұрар Рысқұловты қорладық па?

Қорладық.

Әрi итерiп, берi жығатын

Қазақ деген зор халық!..

Төртiншi сериясы

Вы хотите что-то сказать? Кто вы? Безработный? Да-а, сочувствую!

Но-о, политика – дело тонкое. Я скажу образно: “Правительство – паруса, народ – ветер, государство – корабль, время – море”. Если государство – корабль, то мы политики – матросы его. Я тоже матрос. Есть еще вопрос?

Вообще, вопросы пора задавать на государственном языке. Олжас Сулейменов знает “Тысячу одно слово”. И даже мэр города Алматы Виктор Храпунов знает такие слова, как “Айналайын”, “Рахмет” и “Кө-өп рахмет!..”

Последнее убежище негодяя – политика. Я– писатель! Зачем я полез в политику? Для того, чтобы одним негодяем было меньше в политике.

Наш корабль, несмотря на шторм инфляции и всякие девальвации, уверенно держит курс к дветысячи тридцатому году. Я с радостью встречу эту дату, тем более мне тогда, в дветысячи тридцатом году, стукнет 99 лет.

Бесiншi сериясы

Қазiр Үкiмет шығарған Жарлықты

Қайта-қайта оқумен

Халықтың даусы қарлықты.

Тiптi “Жарлықты орындау туралы” да

Жарлық бар.

Бұған кiнәлi кiм?

Сен бе?

Сен емес.

Мен бе?

Мен емес.

Ендi кiм?!

Баяғыда бiреу

Үйлене салысымен соғысқа кетiптi.

Бес жылдан соң оралса,

Үйiнде үш бала өрiп жүр екен.

Кiм әйелiн соғыста қорып жүр екен?

Күйеуi:

“Оу, бұ қалай?” демей ме?

Әйелi:

– “Бiрiншi бала-а-а-ам

Сен соғысқа кеткенде iште қалған!” дейдi.

– Екiншi бала ше?

– “Сен соғыста жүргенде

Ескi шалбарыңды

Өзiме шақтап iстеп алғам! – дейдi. –

Соны колхоздың жұмысына киiп жүрiп,

Екiншi бала пайда болды”.

– Ал, үшiншi бала қайда болды?

– Осыған келгенде,

Апам да аң-таң, мен де аң-таң!..

Сол айтпақшы,

Орындалмайтын Жарлықтың көбейгенiне

Апам да аң-таң,

Мен де аң-таң!

Айтсаң – “Ойбай, Шерхан –

Тарпаң!”

Мен бiреудi қиратайын,

Немесе, мұқатайын деп тұрғам жоқ.

Кешiрерсiздер,

Қазiр менiң ашуым кеп тұрған жоқ!..

* * *

Иә, Шерағаңның шерi жоқ…

Қайтқан ба?

Татаршалап айтқанда:

– Все равно,

Нервiсi яхшы, шыдамды сияқты.

Парламент – огород,

Шерхан абзи – садовод.

Но, суы немношка азайған

Напорсыз шлангы сияқты!..

Осы пародиямды оқыған белгілі қоғам қайраткері, қара нардай қаламгер Камал Смаилов ағам маған реніш білдірді. Неге?

Елім,

Саған айтам.

Елбасы, сен де тыңда.

Камал дос,

Сен де құлақ түр.

Себебі – сен соқа,

Мен трактор! – деген үзіндіні қайталап шықты да:

– Сонда Шерхан – трактор, мен соқа болғаным ба? – деп кәдімгідей қырын қарады.

– Кәмеке, – деді Шерағаң ара түскендей, – бекер ренжисіз. Қу трактор айдалада жалғыз өзі не бітіреді? Жерді жыртып, тоңды аударып, тоқтамай жұмыс істейтін соқа емес пе? Бұл ініңіз соны меңзеп отыр ғой. Егер мені соқаға теңесе қуанар едім!

– Ә, солай ма? – деп Камал ағам шибарқұттанған шекесінің қыртысын жазып, күлімсіреді.

Міне, абыздың сөзі!

* * *

Қайсібірін айтайын, «Қазақ әдебиеті» газетінде жүргенімде Шерағаңнан рұқсат сұрап, ежелгі Мысыр еліне он алты күн сапар шегіп қайттым. Жақсылық жасаған бастығыма бір перғауынның нобайы бейнеленген күлсалғыш әкеп сыйладым. Отыздың үстіндегі кезіміз. Жас­пыз. Жұмыста бірде болып, бірде бошалап кетеміз. Іздеген кезінде орнымнан табылмай қалсам керек, жиналыс үстінде еңбек тәртібін қозғап келді де, маған шүйілді. Сөзін «Сіз» деп бастады. «Әй, біткен жерім осы-ау?» деп ойладым.

– Сіз шетелге сұрандыңыз. Біз «Ләп­пай, тақсыр!» деп жібердік. Жарты ай бойы жарты әлемді шарладыңыз. Жұмыста болмасаңыз да айлығыңыз жүріп жатты. Келдіңіз. Маған күлсалғыш сыйладыңыз. Рахмет! Сол сияпатыңызды міндетсіп жұмыста болмайтын болсаңыз, пепельницаңызды алып кетіңіз. Анау тұр! – деп көзімен көрсетті. Жердің тесігі болса кіріп кететін едім, тесік табылмай тірі қалдым.

Міне, абыздың мінезі!

Осы оқиғаны естіген Оралхан Бөкей ағам маған мынадай әңгіме айтты.

«Шерағаңның шақыруымен «Лениншіл жасқа» (қазіргі «Жас Алаш») орналас­тым. Пәтер жоқ. Бір орыс кемпірдің үйін жалдап тұрып жатқам. Екі-үш айдан соң Шерағаңды сол жатаған үйге қонаққа шақырдым. Кешкісін келді. Түн ауғанша жақсы отырдық. Ертесіне жұмысқа сиыр сәскеде барсам, жиналыс жасап жатыр екен:

– Оралхан мырза, сағат он екіге дейін қайда жүрсіз? – деп оқтай қадалды.

– Ауырып қалдым, аға! – деп өтірік айттым.

«Өтірігіңе береке берсін» дегендей кесіп сөйледі.

– Кеше кешкісін сіз қонаққа шақырдыңыз. Жұмыстан соң қайда жүрем десем де өз правом өзімде. Бардым. Дастарқаныңыздан дәм таттым. Түні бойы отырдық. Таң ата тарқастық. Мен өкіметтің жұмысын сыйлап таңертең тоғызда орнымда отырдым. Сіз ше? Редакторға шай-пай бергеніңізді міндетсіп, жұмысқа кешігіп келдіңіз! – деді де маған қатаң сөгіс жариялады. Сен сөгіс алмай өз пепельницаңды өзің алып, жақсы құтылыпсың»…

Әдемі әзіл ғой. Бәріміз ду күлдік. Қайран Орағам-ай! Шерағаң алпыс жасқа толғанда «Аға! Сіз шыңға шықтыңыз. Тау басындасыз. Төмен қараңызшы, мен көзіңізге көрінер ме екем?!» деп жазғаны үлкен-кішіге үлгі боп қалды. Ұлылықтың да, кішіліктің де үлгісі.

Міне, абызға берілген алғашқы бағаның бірі!

* * *

Тәуелсіздік алмай тұрған жылдары Шерағаң «Егемен Қазақстан» газетіне бас редактор болды. «Барлық елдердің пролетарлары, бірігіңдер!» деген кеңестік ұранды алып тастағанда біраз журналистердің екі көзі тас төбесіне шықты. Сосын «ов, ова, ин, ина» деген орыстың фамилиясын алу, алмауды өздерің біліңдер» деді де, бірінші рет Мұртазаев емес, Шерхан Мұртаза деп газетке қол қойды. Сол сол-ақ екен бәріміз ата-тегімізге жабысқан «ов»ты арам бездей сылып тастадық. Тіпті, әдебиет, мәдениет және өнер бөлімінің меңгерушісі Аян Нысаналин ағамыз өз шығармаларына атын ғана жазатынды шығарды. Жауапты хатшының орынбасары Совет Шиманбай бұған наразылық білдіріп, бас редакторға барып: «Айекең, мақаласына фамилиясын жазбай жатыр. Солай кете берсін бе?» – деп сұрайды. Сонда Шерағаң:

– Өз әкесі өзіне керек болмаса, бізге керегі не? Бара берсін! – депті.

Міне, абыздың көзқарасы!

* * *

Ғасыр мен ғасыр тоғысында Қазақстан Республикасы Парламенті мәжілісінің дептутаттығына үміткер боп Оңтүстік өңірінен түстім. «Адам үмітпен ғана өмір сүреді» деген рас екен. Ұстазым Шерхан Мұртазадан бата алсам өтіп кететіндей көріндім. О кісі де Жамбыл облысынан сол сайлауға түсіп, додада жүрген кезі-тін. Барып бата сұрадым. Қолын жайды.

–Жорытқанда жолың болсын жолбарыс­тай! – деді де сәл ойланыңқырап басқа әңгіме айтып кетті.

– Баяғыда ен далада екі түлкі әңгімелесіп тұрса, бес-алты аңшы қиқулап келіп қапты.

– Шераға, бата берсеңізші. Бата!

– Жорытқанда жолың болсын жолбарыс­тай! – деп тағы мүдірді де, әлгі әңгімесін сабақтады.

– Екі түлкі екі жаққа қарай қашып бара жатып, бір-бірінен «Енді қай жерде кездесеміз?» деп сұрапты. Сонда бір түлкі «Мына аңшылардың тәрізі жаман. Енді тымақ базарында кездесетін шығармыз», – депті. Түлкінің сөзі өзімен кетсін. Парламенттің қан базарында қауышайық. Әумин! – деп бет сипай бергенде:

– Аға, әлгі өлеңмен басталған батаны қосып беріңіз! – дедім.

– Жорытқанда жолың болсын жолбарыстай,

– Жүре бер жүйрік болып жолды бастай!

Әумин! – деп екі бетін бір-ақ сипады. Сол жолы Шерағаңның өз батасы өзіне дарып, депутаттыққа өтті. Неге өтпесін, абыз ғой!

* * *

Қайран Баукең, Бауыржан Момышұлы өз дәуірінде өзегін өртеген қоғамдық мәселені қопара келіп, «Мен үш нәрседен қорқамын!» депті.

Өзінің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан;

Немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден;

Екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан.

…Қазіргі абыздар қай нәрседен қорқады? Шерағамның шері тарқамай сексенге де жетті-ау!..