Жаңалықтар

КЕРЕКУДЕГІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ФОРУМЫ

ашық дереккөзі

КЕРЕКУДЕГІ ЫНТЫМАҚТАСТЫҚ ФОРУМЫ

Кереку өңірі біраздан бері Қазақстан мен Ресей президенттерінің қатысуымен өтетін Аймақаралық ынтымақтастықтың ІХ форумы дайындығына қызу кіріскен болатын. Ал кеше екі елдің басшылары форумның шымылдығын ашып, екіжақты кездесудің барысында интеграциялық үрдістер, қазақ пен орыстың шекарасындағы іргелес аймақтар мәселелері жөнінде кеңінен талқыға салды.

Ынтымақтастық форумынан бір күн бұрын Керекуге арнайы атбасын тіреген Қазақстан Президенті Н.Назарбаев индустриялық аймақты аралап, Павлодардағы электролиз зауытының жанынан ашылған жаңа өндіріс жұмысшыларымен жүздесті. Алюминий балқытуға қажет анод енді Қазақстанда күйдіріледі. Әлеуметтік нысандарды да аралап көрген Елбасы аймақтық жүрек-қан тамырлары хирургиялық орталығында болып: «Жаңа кардиохирургиялық орталықтың ашылуы – облыс үшін үлкен сыйлық. Біз медицинаны дамытуға ерекше көңіл бөліп отырмыз. Аналарды да, сәбилерді де емдеуге барлық жағдай жасалып жатыр. Мұның барлығы елдің денсаулығын жақсартуға бағытталған», – деп баса айтты.

Турасын айтсақ, Қазақстан мен Ресей арасын жалғастырар, достастырар себептер көп. Аталмыш Ынтымақтастық форумының да Кереку өңірінде ұйымдастырылуы соның айғағы. Өкінішке қарай, дәп осы қарсаңда Ресей Мемлекеттік Думасының спикері Сергей Нарышкин: «Еуразиялық парламент құру – шешілген іс», – деп тосын мәлімдеме жасағаны белгілі.

Бұған дейін Ресей премьері Медведев ортақ валюта, ортақ тіл, ортақ шекара жасағысы келетін Еуразиялық одақтың 2015 жылдан бастап күшіне енетіндігі жөніндегі мәлімдемесі мен Ресей Федерация кеңесінің төрайымы Матвиенконың елімізге арнайы келіп бұл мәселені нықтап кеткендігі анық. Осы сапар нәтижесінде екі елдің 2015 жылдан Еуразиялық одақ кеңістігінде әрекет ететіндігі шешілген сияқты. Алайда, Қазақстан Сенатының төрағасы Қай­рат Мәми қоғамдағы Еуразиялық ортақ парламенттің құрылатындығы жөніндегі гу-гу әңгіме жөнінде: «Бірлескен парламент құрылса да, ол Қазақстанның билігіне қол сұға алмайды және Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейді. Тек қана осы позиция тұрғысынан осы мәселе талқыланатын болады. Бұл мәселе бойынша шешім асығыс-үсігіс қабылданбайды. Арнайы парламент­аралық Жұмыс тобы өз жұмысына кі­рісті. Біздің депутаттар ел мүддесін бірінші кезекте ұстайтын болады. Еуразиялық парламенттің құрылуы уақытқа байланысты», – деген болатын.

Бір таңданарлығы, отандық саясат­та­нушылар да бұл мәселелерге салқын­қан­дылықпен ғана қарауда. Белгілі саясат­кер Ерлан Қарин мырза баспасөзге берген пікірінде: «Еуразиялық парламент құру – бұл тек ре­сей­лік тараптың мүддесі ғана. Қазіргі кезде осы мәселеге қатысты келісім-шарттарға қол жет­ті деу шындыққа жанаспайды. Жақын арада да, алдағы уақытта да әлгіндей ұлттық сая­си құрылымның әрекет етуі мүмкін емес. Бұл күн тәртібінде талқыланатын мәселе ретінде қарастырылмайды да…» десе, Парламент Мәжілісінің депутаты Мәулен Әшімбаев аталмыш жайт жөнінде қазақстандық парламентарийлердің ресейлік әріптестеріне жауап дайындап жатқандығын жеткізді. «Қазір саяси интеграциямен байланысты мәселелерді айтудың маңыздылығы жоқ. Бұл тұрғыда әңгіме болмайды да. Мәселе – екі жақты экономикалық қарым-қатынастарды нығайту ғана» деген Мәулен Әшімбаевтың қатарындағы бір топ депутат бірыңғай Еуразиялық парламенттің құрылуына қарсылық танытты.

Айта кету керек, Ресей бір жылдың өзінде еліміздің экономикасына 5 млрд. АҚШ долларынан астам қаражат инвес­тицияласа, ал Қазақстан 1,8 млрд. доллар құйыпты. Сондай-ақ ресейлік тараппен бірге 18 жоба жүзеге асса, алда тағы осындай 16 жоба күтіп тұрған көрінеді. Аймақаралық ынтымақтастықтың ІХ форум аясында келісімін күтіп тұрған оннан астам құжат бар. Олардың ішіндегі ең маңыздысы 2012 жылдың 9 желтоқсанындағы «Қазақстанға мұнай мен мұнай өнімдерін жеткізу саласындағы сауда-экономикалық ықпалдастық туралы үкіметаралық келісім» болып табылады. Сондай-ақ, мемлекет басшылары ресейлік-қазақстандық ынтымақтастықтың маңызды мәселелерін, Кедендік одақ және Бірыңғай экономикалық кеңістіктегі интеграциялық үрдістерді, аймақтық және халықаралық өзекті проблемаларды талқылай келе, бизнес саласы бойынша ресейлік «Интер РАО ЕЭС» пен «Самұрық-Энерго» арасындағы ынтымақтастық туралы, «АВТОВАЗ» бен «Азия Авто» арасындағы өзара түсіністік және «Уралвагонзауыты» ғылыми-өндірістік корпорациясы» мен «Қазақстан инжиниринг» Ұлттық компаниясы арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумдарды жан-жақты сарапқа салды.

Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ