Жаңалықтар

АЛЬПІ ТАУЫНДАҒЫ ЭКС-ӘКІМ

ашық дереккөзі

АЛЬПІ ТАУЫНДАҒЫ ЭКС-ӘКІМ

Бірнеше тонна затын ұшаққа асығыс тией сала, 2007 жылы Швейцария асқан Алматының экс-әкімі Виктор Храпунов туралы әңгіме көрігі қайта қызды. Кезінде еңбек жолын слесарлықтан бастаған, одан кейiн Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының әкiмi, ҚР Төтенше жағдайлар жөнiндегi министр, ҚР Энергетика және көмiр өндiрiсi министрi, ҚР Энергетика және табиғи ресурстар министрi қызметiн атқарған Виктор Храпунов 2007 жылдың 1 қарашасында премьер Кәрiм Мәсiмовтiң ұсынысы бойынша әкiмдiк қызметiнен босатылған еді. Араға 5 жыл салып барып, 2011 жылдың 27 мамырында Алматы қалалық қаржы полициясы қолындағы билiгi мен лауазымдық мiндетiн асыра сiлтеу бабы бойынша, В.Храпуновтың үстiнен 20 қылмыстық iс қозғады. Ганс Христиан Андерсен, ағайынды Гримм мен Шарль Пьероның ертегілері балаларға өте қызық, ал ересектерге тәрбиелік мәні бар екені баршаға белгілі. Бірақ мұндай «ертегілерді» туған отанының әділ заңынан қашқан олигарх айта бастаса, әбес-ақ. Соңғы кездері Алматы қаласының экс-әкімі В.Храпунов осындай қисынсыз ертегілерді құрастырудың шебері болып алды. Ал шындық қалай еді?

2007 жылы Алматы маңайындағы сатуға тыйым салынған жерлердi заңсыз сатып, талан-таражға салды деген айыппен, әкiмдiк қызметiнен аластатылған Виктор Храпунов қазiргi кезде Швейцарияда тұрып жатыр. «Bilan» журналының 2009 жылғы қорытындысына сәйкес, ол Швейцариядағы ең бай 300 адамның қатарында. Экс-әкiмнiң есепшотындағы қаражат 300-400 миллион швейцариялық франктен (360-480 млн. АҚШ доллары) асып жығылады. Кейбiр дерек көздерiнiң хабарлауынша, миллионер оның өзi емес, асырап алған балалары. Мысалы былтыр швейцариялық бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған деректерде оның 27 жастағы ұлы Iлиястың (ол қазiр Swiss Development Group компаниясының президентi) 350 миллион ($343 млн.) швейцар франкi бар деп көрсетiлсе, Iлиястың әпкесi Эльвира Храпунова-Бельдиманидiң иелiгiнде Женевадағы ең бай кварталдардың бiрiнде зергерлiк дүкенi мен зәулiм сарайы бар екендiгi айтылған. 2007 жылы Эльвира Храпунова Колоньи ауданындағы сарайын 32 млн. франкке сатып алғанда да шетелдiк ақпарат құралдары бiраз шулаған едi.

Экс-әкімнің жинаған байлығы 300-400 млн. швейцариялық франкке бағаланғанын естігенде талай отандас таңдай қақты. Өйткені Алматы қаласына жетекшілік еткен кезінде бірде-бір әлеуметтік жобаны соңына дейін жеткізуге мүдделі болмаған Храпуновқа қала жұртшылығы риза болған емес. Есесіне, туған-туысқанын жарылқауда «жомарттық» танытқан ол бар жақсылығын әсіресе әйелі мен балаларынан аямапты. Мәселен, экс-әкiмнiң ұлы Iлиястың Горная мен әл-Фараби көшелерiнiң бойына орналасқан 8 үйi, «Шымбұлақта» жер учаскесi, әл-Фараби даңғылының бойында 16 гараж бен ақылы түрде көлiк қоятын алаңдары бар көрiнедi. Ал зайыбы Ләйла Бекетова-Храпунованың қожалығында Алматыдағы бiрнеше көшедегi ғимараттар, жерасты гараждары, Шымбұлақтағы коттедж, жер учаскесi, сауда орындары, Талғар ауданына қарасты Қотырбұлақ шатқалында орналасқан «Лесная сказка» демалыс аймағы, Алматы қаласы Бостандық ауданындағы №270 балабақшаның ғимараты, Горная мен Меңдiқұлов көшелерiнiң бойындағы 57 шаршы метрлiк, 56 шаршы метрлiк, 809 шаршы метрлiк жер учаскелерi, «Весновка» бау-бақша серiктестiгiндегi 2226 шаршы метрлiк жер бар. Храпуновтар отбасының ресми және басқа адамдардың атынан тiркелген нысандарын есептесек, ұзын-саны 32-ге жететiн бiрнеше нысан, 16 шұрайлы жер учаскелерi (оның iшiнде «Шымбұлақ» тау-шаңғы кешенiндегi 2489 шаршы метр жердi қоса алғанда) бар. Қазақстандық құқық қорғау органдарының өкiлдерi экс-әкiмнiң үстiнен 2 қылмыстық iс қозғалғаны туралы ресми түрде мәлiмдеме жасағанмен, оның қылмысы не екенiн ашып айтпады. Бiрақ қаланы экс-әкiм басқарған кезде Алматыдағы әуежайдың жаңа жолаушылар терминалын салуға бөлiнген 10 млн. доллар қаржының «ұшты-күйлi жоғалып» кеткенiн, 2002-2003 жылдар аралығында Алматы әкiмшiлiгi тарапынан көпшiлiктiң пайдалануына арналған 54 учаскенi сыртқы жарнама жасайтын «Viled-Алматы» мен GeFest компанияларына басыбүтiн «сыйға» тартқанын (екi компанияның құрылтайшылары арасында экс-әкiмнiң жұбайы Ләйла мен ұлы Iлияс бар), сыртқы жарнамадан түскен жыл сайынғы кiрiс 1 млн. 300 мың долларға жуық болғанын ескерсек, Храпуновты сотқа сүйреуге себептер жеткiлiктi екенi даусыз. Сондай-ақ, «Медеу», «Емендi тоғай» алқаптарындағы 4 гектар жердi Храпуновтың немере iнiсi Сергей Стряпчевтiң «Гүлмира» ЖШС-не 1 млн. 800 мың теңгеге сатып жiберуi, «Шымбұлақ« маңындағы 2,5 гектар жердi де Стряпчевтiң өте төмен бағаға иеленгені тағы бар.

Көптеген газеттер мен телеарналардың газетінің редакциясына Храпунов өз кезінде талай келеңсіздіктерге жол берілгені жайлы жазған хаттар ешқашан толастаған емес. Мәселен, бір топ алматылық тұрғындар қаланың тарихи келбетін сақтайтын ғимараттар сол кезде жаппай сүрілгеніне қынжылады. «Мемлекеттік қажетке жарату үшін» деген желеумен талай тарихи нысан жермен-жексен етілді. Есесіне, олардың орнына төбелері көкпен таласқан зәулім ғимараттар бой көтерді. Олардың барлығы дерлік Храпуновтың қалталары қалың туған-туысқандарына тиесілі. Тағы бір сорақылық, Алматыдағы ескі әуежайды жаңартам деп құлшынған ол мемлекетке 9 млн. долларға жуық шығын келтірген. Дәл сол кезеңде әкс-әкімнің әйелі ашқан «Вилед» зергерлік бизнес те гүлдене бастапты. «Храпунов Швейцария азаматтығын ақшаға сатып алғаны туралы сыбыс бар. Ол жақта ел экономикасына 1 миллион доллардан кем емес қаражат құйған кез келген инвестордың азаматтық алуға құқығы бар көрінеді. Храпунов сияқты байлардың басқа мемелкеттің экономикасына неге ақша салатыны түсінікті», – деп жазған оқырмандар қауымы экс-әкімнің тиісті жазасын алуына мүдделілік танытады.

Бүгінде халықаралық деңгейде іздеу жарияланған Виктор Храпуновтың үстінен қозғалғаны – 20 қылмыстық іс. Алайда тергеу жұмыстары неғұрлым тереңдеген сайын талай сорақылықтың беті ашылып, қылмыстық істің тізімі де ұзара беретіні сөзсіз.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ