Жаңалықтар

АТ ЖАЛЫНДА КҮН КЕШКЕН

ашық дереккөзі

АТ ЖАЛЫНДА КҮН КЕШКЕН

Осыдан оншақты жыл бұрын өмірден өткен Тұрлыбек Деменов ағамызды көзі қарақты тұрғыластары мен жерлестері әзірге ұмыта қоймаған болар. Дастарқанның ажарын ашып, базарын келтіріп-ақ отыратын еді ғой, жарықтық. Кезінде ол кісінің қарымды қаламынан туған «Келтетонды Келмембет» атты туындысы мен бірқатар шежірелерін бұл күндері сөз қадірін білетін ұсынықты жандардың жеке кітапханаларынан болмаса, дүкен сөрелерінен кезіктіре алмайсыз. Әлгіндей құнды дүниелерді өмірге келтіру үшін егде тартқан шағында ағамыз қаншама жерлерді жаяу-жалпылай шарлап, қаншама шақырым жол азабын бастан өткерді десеңізші! Жанкештілік демей не дерсіз мұны!

Тұрекең Жалағаш ауданындағы Мәдениет ауылының тумасы. Есте сақтау қабілетінің мықтылығы соншалық – Сыр сүлейлері мен билерінің хисса-дастандарын жатқа айтатын. Қазақы қалжыңдардың да хас шебері болатын:

– Шежіре құрастыру дегеніңіз тірлік-тауқыметі мейлінше мол, инемен құдық қазғандай тірлік екен ғой. Арғы-бергі заманды зерделеу, ұлықтарын түгендеу, әлбетте, оңай болған жоқ. Осы тұстағы менің бар олжам – бүгінгі күнге дейін өзіме беймәлімдеу болып келген кесек тұлға – Алмат Тобабергенов есімді би атамыз болды. Бұл кісі батыр бабамыз Бұқарбай Естекбайұлымен де сыйлас, сырлас болғанына көзім жетті. Өйткені екеуі де Кенесары ханның құзырында азаттық үшін айқасқан арыстар ғой. Бұқарбай ылғи жортуылда ат үстінде жүрсе, Алмат би бірыңғай бітімгершілік, мәмілегерлік шаруалармен айналысқан. Арғы ата-бабалары Сыр өңірінен тараған десек те, ол кісі қызмет бабына орай Арқа жағында ғұмыр кешкенге ұқсайды. Сондықтан да ол жайлы дереккөздерді бұл жақтан емес, сол өзі өмір сүрген, қызмет еткен жерлерінен іздестірген ләзім болар,– деп еді бірде маған. Өйткені ол белгілі тұлға боп өткен өмірден. Ол кісінің қаншалықты беделді би болғандығын жыр дүлділі Балқы Базардың мына бір айшықты шумақтарынан-ақ айқын аңғаруға болады.

Болғанда ағам – Алмат, жеңгем – Күміс,

Кісіде бола бермес мұндай туыс.

Әлекем қырда тұрып айқайласа,

Болады Әлім-Шөмен бір-ақ уыс…

…Көкірегі жыр күмбезі іспетті қаншама қарттарымыздан көз жазып қалдық десеңізші! Тұрекең де қазір арамызда жоқ. Дегенмен, біз іздестіру жұмыстарын әрі қарай жалғастыра бердік. 1998 жылы жарық көрген Қазақстан энциклопедиясының 276-277 беттерінен Алмат би жайлы ресми деректерді кезіктіріп, қуанып қалдық. Мұнда ол кісінің өмірі, қызметі, жерленген жері, басына тұрғызылған кесене жайлы құнды деректер бар екен.

Алмат Тобабергенұлы 1804 жылы өмірге келіп, 1892 жылы дүниеден өткен. Яғни, Бұқарбай батырмен қатар гұмыр кешкен. Бұл кісілердің жарық дүниеге келуі де, өмірден өтуі де бір-бірімен қарайлас. Алмат би ат жалын тартып мінер азамат атанғалы Орынбор мен Орта Азия аралығындағы керуен жолына басшылық жасап, орыс шенеуніктерінің де назарына ілігеді. Мұның үстіне ана тіліне қоса өзбек, шағатай, түркімен, қарақалпақ, орыс тілдерін де жетік білген. Орынбор шекаралық комиссиясының да жұмысына қызу араласып, өз қандастарының жоғын жоқтап, мұңын мұңдаған. Ел арасындағы жер дауы, құн дауы, жесір дауы сияқты келіспеушіліктерге төрелік жасап, Ырғыз өңірінің төбе биі атанады. Ресей патшалығының зауряд хорунжий атты әскери шеніне ие болған Алмат биді Ресей сыртқы істер министрлігі өз елшілігінің құрамына қосып, 1830 жылы Хиуа хандығына аттандырады. Мұнда ол ала тақиялы ағайындармен келіссөздер жүргізуге қатысады. Ал 40-жылдары Кенесарының тапсырмасымен Қоқан, Хиуа, Бұқарада болып, ел тыныштығын сақтау жөніндегі келелі мәселелерді қозғайды. Осы сапарында әлгілердің Сыр бойындағы қазақтарды алым-салықтармен қинай бермеулерін талап етеді. Мұндағы қазақтардың қазіргі таңда Ресей патшалығының ықпалында екендігін де қаперлеріне салады. Осыған орай орыстардың өз иелігіндегі халықты кім-көрінгенге босқа талатып қоймайтындықтарын да қатаң ескертеді. Мұның үстіне сырт көзге жуас болып көрінгенмен ар-намысына тисең, күш көрсетсең, қазақтардың да шұғыл атқа қонып, басын бәйгеге тігуге даяр отыратындықтарын да аңдатып өтеді.

Хиуалықтар мен қоқандықтар, әсіресе сонау 1800 жылдан бермен қарай бұл өлкеде үстемдігін бұрынғыдан да өршіте түскен-ді. Бұдан, әлбетте, Кенесарының да, Алматтың да хабары мол болатын. Бірақ екіжүзді саясат ұстанған басқыншылар қазақтармен сөз жүзінде ортақ пәтуаға келгенмен іс жүзінде қарақшылық әрекеттерін әрі қарай жалғастыра береді. Мұның аяғы кейін қанды қақтығыстарға ұласады. Осылайша екі жақтан да көп адам шығынға ұшырайды. Сол бір қырғиқабақ дүрбелең кезеңдері Жанкісі ақын жыр жолдарымен былайша өрнектеген:

Ашкөздігі сарттардың,

Көкжалдардан аумайды.

Қанағат жоқ, ынсап жоқ,

Алудан әсте танбайды.

Қарсы келсең аямай,

Қол-аяғыңды байлайды.

Түгел тінтіп үйіңді,

Қымбаттарын қармайды.

Місе тұтпай бәрін де,

Қыз-қырғынға қырындай,

Сұлуларын таңдайды.

Нағыз діндер біздер, – деп,

Момындарды арбайды…

1841 жылдың күзінде халық Кенесарыны ақ киізге орап, бүкіл сән-салтанатымен хан етіп сайлайды. Ақ киіздің бір шетін ұстау бақыты хан ордасы маңайындағы Кіші жүз азаматтарынан осы Алматқа бұйырады. Әлбетте, мұндай мәртебелі жиынға кездесйсоқ кісілердің шақырыла бермейтінін ескеретін болсақ, Алмат бидің де тегін тұлға болмағанын көреміз. Бірақ Кенесарының хан болып таққа отыруы Ресей патшалығы үшін төбеден жай түскендей тосын құбылыс еді. Өйткені соңғы 20 жыл көлемінде, яғни 1821-41 жылдар аралығында Ресей патшалығы қазақ жеріндегі хандықты біржола жойып, билік тізгінін дуандар мен сұлтандардың қолына ұстатып қойған-ды. Бұл сайып келгенде қазақтың тұтастығы мен бірлігін жоюға бағытталған қанқұйлы саясат болатын. Сол жылдары Николай І патшаның граф П.Киселевтің баяндамасына орай «Бір патшалықтың ішінде екінші патшалықтың болуы мүмкін емес», – деп мәлімдеуі де біздің осы пікіріміздің ақиқаттығын айшықтай түссе керек.

Батыс Сібір генерал-губернаторы П.Горчаковқа жолдаған хатында Кенесары хан былай деп ашына жазған-ды: «…Сіздің құзырыңызда бұдан былай өмір сүру мүмкін болмай тұр. Мысалы Ресейді өзге ел билесе, қалай болар еді?! Сондықтан, бізді де түсініңіздер. Мен, әрине, өз жағыма Баянауыл, Қарқаралы, Ақмоладағы халқымды алдым. Тіптен бәрін де өз құзырыма қаратқым бар. Жалпы Қырғыз (қазақ) халқының бұрынғы қалпында қалуы оңды болар еді. Мұндай жағдайда сіздер де, біздер де тыныш жағдайда өмір сүрер едік…». Өкінішке қарай, аталмыш хат жауапсыз қалдырылған. Кезінде өзінің тәкаппарлығымен де, ұлтшылдығымен һәм қатыгездігімен де аты шыққан әлгі П.Горчаковтың: «Азиаттармен келіссөз жүргізгенде үрей туғызу – табысқа жетудің ең тиімді тәсілі», – деп көкірек керуі де Ресей патшалығының қазақтарға деген қатал саясатын аңғартып тұрғандай.

1844 жылдың қаңтар айында, Кенесары хан жорықта жүрген кезінде Ресейдің жазалаушы отрядтары тұтқиылдан ханның Күнімжан есімді бәйбішесін күтуші қыз-келіншектерімен қоса тұтқындап әкетеді. Сонымен Батыс-Сібір генерал-губернаторының жарлығымен аса құпия жағдайда Күнімжан әуелі Көкшетауға, әрі қарай Омбыға жеткізіледі. Ресей отаршыларының бұл зұлымдық әрекеті Кенесарының өшпенділігін отқа май құйғандай өршітіп әкетеді. Көп кешікпей ол өз жасағымен Троицк және Орск (Жаманқала) аралығындағы Екатеринск бекінісін талқандап, бірқатар жоғарғы шенді офицерлерін сарбаздарымен қоса олжалап кетеді. Мұны да місе тұтпай, Романов, Полтавский, Софинский, Михайловский және Наталинский станицаларын ойрандайды. Осынау тегеурінге шыдамаған орыс әскерилері енді уақытша болса да мәмілеге келуге асығады. Екі арада келіссөздер жүргізіліп, оған бастан аяқ Алмат Тобабергенұлы қатысады. Ақыры Екатеринск бекінісінде қолға түскен офицерлерге айырбастап, Күнімжанды да елге қайтаруға қол жеткізеді. Кене хан бұл шаруаны ұзақ жылдар бойы өзінің мәмілегерлік қабілет-қарымымен де, қиыннан жол тауып кетерлік тапқырлығымен де, орыс тіліне жетіктігімен де ерекше көзге түсіп жүрген сенімді серігі Алматқа аманаттайды. Оның да негізі жоқ емес. Бұлай дейтініміз – Күнімжан Тұрсынқызы мен Алмат бидің Күміс есімді бәйбішесі әрі жерлес, әрі апалы-сіңлілі жандар болатын. Алмат бидің Кенесарымен сыйластығының бір сыры осында жатса керек. Күнімжанды тұтқыннан босатып, елге дін-аман жеткізудің барлық тірлік-тауқыметі осы Алмат бидің құзырында болған. Ол бұл міндетті ойдағыдай атқарып шықты. Сібірден қайтқан сапарында Күнімжанды Ырғыз бойындағы өзінің үйіне әкеп түсіріп, бірнеше күн мейман етіп, жақсылап тынықтырады. Күнімжан ханым оның бұл қызметіне риза болып, Батыс-Сібір генерал-губернаторы тарту еткен құны 20 жылқылық кәмшат ішігін Күмістің иығына жабады. Бұл деректерді біз Бас штабтың поручигі Герннің Күнімжанды Кенесарыға әкеп тапсырғаны жөнінде Обручевке жолдаған рапортынан алып отырмыз. (КРОМА, 4 қор, 1-тізбе, 4381 бет). Осы құжатқа қарап мынадай қорытынды шығаруға болады. Тұтқыннан босатылған Күнімжан мен оның жанындағы қыз-келіншектердің бүкіл жауапкершілігі қашан елге жеткізілгенше Ресей әскерилерінің, атап айтқанда поручик Герннің де мойнында болған сыңайлы. Өйткені әлгілердің кездейсоқ қауіп-қатерге ұшырамай еліне, бала-шағаларына аман-есен қосылуына Ресей де мүдделі болған. Тіптен Ресей патшалығының тұтқындағы Күнімжанды төредей күтіп, оған сый-сияпат көрсету арқылы Кенесарының бетін бері қарату пиғылының да орын алғандығын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ бұған Кенесары хан көне қояр деймісіз. Ол бұрынғысынша ымырасыз күресін әрі қарай жалғастыра береді.

Кенесары бастаған ұлт-азаттық көтерілісі (1837-1847) жеңіліспен аяқталған соң да Алмат би қашан ақтық демі біткенше халқына қызмет етіп өткен. 1851-1875 жылдар көлемінде Қожақұл аймағының болысы болып, елді отырықшылыққа, егіншілікке бейімдеген. Жаңа мешіт, медреселер тұрғызып, қандастарының көкірек көзін ашып, намазға жыққан. Имандылыққа ұйытқан. Сол білім ордаларының сұлбалары әлі күнге дейін сақталған. Өзі дүниеден өткен соң, оның игілікті ісін Самұрат бастаған ұлдары әрі қарай жалғастырып әкетеді. Ырғыз өңіріндегі көнекөз қарттар Алмат би мен балаларының халыққа жасаған осындай жақсылық істерін әлі күнге дейін жыр ғып айтады.

Ресей әскери министрлігінің генерал-лейтенанты Иван Бларамберг өзінің «Кіші жүз қырғыз-қайсақтарының жерлері» деген еңбегінде: «Қырғыз А.Тобабергенов – өте ақылды, шешен, сабырлы, салқынқанды ерекше тұлға» – деп жазса, Ырғыз уезінің бастығы А.Богак: «А.Тобабергенов қырғыз-қайсақтардың шын мәніндегі патриоты және қамқоршысы», – деп баға берген.

Алмат бидің белінен тараған балалардың атын атап, түсін түстер болсақ, олар: Самұрат, Төремұрат, Мақмұрат,Қосмұрат, Пірмахан болып, жалғасып кете берер еді. Бір ғажабы – барлығы да көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар болған. Үлке ұлы Самұрат (1842-1922) Ырғыз уезі бастығының көмекшісі, Кенжеғара аймағының болысы болып қызмет атқарса, өзге балалары да қаражаяу болмаған. Алмат бабамыздың бүкіл үрім-бұтағы, шөбере-шөпшектеріне дейін дарынды жандар болған секілді. Әбіл есімді немересі (1903-1937) күйшілік өнерімен ерекше көзге түсіп, 1936 жылы қазақ өнерінің он күндігіне қатысып, күллі мәскеуліктерді тамсантса, Әлім Алмат атты екінші шөбересі де қазақтан шыққан тұңғыш кәсіпқой скрипкашы болған. Осы жерде Әлім Алмат жөнінде сәл тарқатыңқырап айта кетейік. Екінші дүниежүзілік соғысты Кеңес Армиясы қатарында Брест қамалына қарсы алған Әлім алғашқы айқаста-ақ ауыр жараланып, фашистердің қанды шеңгеліне тап болады. Іле-шала бұларды эшелонға тиеп, Германияға аттандырады. Жол үстінде өлім мен өмір арасында ауыр халде келе жатқан оны фашистер вагоннан лақтырып жібергелі жатқанда өзімен тағдырлас украин жігіті араша түсіп, аман алып қалады.

Германияға табан тіреген бойда тұтқындар қара жұмысқа жегіледі. Осы екі арада Әлімнің дарынды скрипкашы екенінен хабардар болып үлгерген немістер оны музыканттардың тобына қосады. Осылайша Әлімнің жаңа өмірі басталады. Жат жерде жүріп, Мұстафа Шоқайдың зайыбы Мария Яковлевна Горинамен танысады. Немістердің арасында қалай жүргеніне әуеліде таңданыс білдірген Мария жеңгесі кейін оның қазақ жігіті екеніне көзі жеткен соң өз қамқорлығына алып, Мәскеуде аяқтай алмаған оқуын әрі қарай жалғастыруға кеңес береді. Мұны Мария Яковлеваның 1963 жылғы мына бір естелігінен оқи аламыз: «Бір жылдан соң, яғни, 1947 жылы Германиядан Әлім Алмат есімді талантты скрипач келді. Аспапта тамаша ойнайды екен. Оған консерваторияны бітіргені жөнінде диплом қажет болды. 1941 жылға дейін Мәскеу консерваториясында оқығанмен әскерге шақырылуына орай аяқтай амаған соң мен оны осындағы консерваторияға түсіріп, диплом алып шығуына көмектестім. Әлімнің бұдан былайғы өмірі Түркияда жалғасты».

Түркияда тұратын Әлім Алмат 1992 жылы 75 жасында Еділ есімді әйелімен қазақтардың І дүниежүзілік Құрылтайына қатысып, өзінің атажұрты – Ырғыз өңіріне де ат басын бұрған екен. Алмат бабаның өнер өлкесіне өшпес із қалдырған Файзулла Әбсәламов (1911-1993) есімді тағы бір шөбересі біздің Сыр бойына да кеңінен танымал тұлға. Ол тұңғыш қазақ кинооператорларының бірі де, бірегейі болып тарихта қалмақ. Файзекеңмен кезінде талай-талай табақтас, сапарлас болғанбыз. Бірақ ол кісінің Алмат бабаның ұрпағы екенін білмеуші едік. Сөйтсек, бұл да тектінің тұяғы екен. Кенесары ханмен бірге азаттық үшін арпалысқан Алмат бидің артында қалған шындық пен аңыз әлі де онша айтылмай жүр. Оны ашып айту алдағы жылдардың, табанды зерттеушілердің үлесінде.

Ахат ЖАНАЕВ,

Қазақстанның құрметті журналисі,

дербес зейнеткер

Қызылорда облысы