ТҮРКІСТАННЫҢ ТОЛЫҚ ЖАСЫ ҚАНШАДА?
ТҮРКІСТАННЫҢ ТОЛЫҚ ЖАСЫ ҚАНШАДА?
Дүйім қазақтың маңдайына біткен аспан астындағы жалғыз «мұражай шаһарымыз» Түркістанның нағыз тарихи жасы туралы ел ішіндегі пікір әлі күнге саналуан күйінде қалып отырған жайы бар. Яғни, кейбір тарихшы, археолог ғалымдарымыз оның жасы 2000 жыл дегенді айтса, енді бірі сол баяғы 1500 жыл дегеннен танбауда.
Елдегі аузы дуалы тарихшылардың топшылауымен ежелгі шаһар Түркістанның жасы 1500 деп белгіленіп, 2000 жылы оның 1500 жылдық мерейтойы аталып өткендігі баршаға кеңінен мәлім. Әз Наурыздың келуімен орайластырылып жасалған сол бір ұлы тойдың өткеніне де он жылдан асып кетіпті. Тарихқа айналған сол мерейтойда қаланың нағыз жасына расымен де қиянат жасалды ма екен? Себебі, мұндай «қателіктер» әлемдік тәжірибеде көптеп кездесетін көрінеді. Өзінің тарихын Ескендір Зұлқарнайын (Александр Македонский) жаулап алуынан бірнеше ғасыр бұрын басталады деп, 2007 жылы 2750 жылдығын әлемдік ауқымда атап өткен Самарқанның да жасы өзбек тарихшыларының пайымдауынша, кішірейтіліп көрсетіліпті. Бұрынғы астанамыз Алматының шынайы жасы төңірегінде де пікірлер саналуан. Тіпті тәкаппар Мәскеудің де жасы қазіргідей 863 емес, одан әлдеқайда әріде дейді А.Ефимов, К.Серганский секілді орыстың ақбас тарихшылары. Түркістанның жасын зерттеу жұмыстары сонау 1930 жылдардағы М.Массонның археологиялық зерттеуінен бастау алады. Оны одан әрі Е.Смағұлов бастаған Түркістан экспедициясы 1981-84 жылдары зерттеп, нәтижесінде шаһардың IV-V ғасырларда қалыптасып, XIV ғасырға дейін өмір сүргенін анықтаған. Мақаланы жазбас бұрын Түркістан тарихының ұңғыл-шұңғылына дейін жақсы білетін, осы өңірде туып-өскен азамат, белгілі археолог-ғалым Марат Қымызұлы Тұяқбаевты сөзге тартып, қаланың шынайы жасы қаншада деген сауал қойған болатынбыз. 1981-84 жж. Е.Смағұлов бастаған Түркістан экспедициясына, одан беріде жүргізілген барлық археологиялық жұмыстарға қатысып, басшылық жасаған ғалым ағамыз біраз нәрсенің бетін ашқандай болды. Марат Тұяқбаев,«Әзірет Сұлтан» қорық-мұражайының аға ғылыми қызметкері, археолог, тарих ғылымының кандидаты: – Түркістанның шынайы жасына қатысты даудың бары рас. Дегенмен оның жасы бәріміз білетін 1500 жылдан көп болмаса, аз емес екендігі әбден дәлелденген. Біз 1981 жылы археологиялық жұмысты Ахмет Иассауи кесенесінен оңтүстікке қарай 350 метрдей жерде орналасқан ортағасырлық қала орны Иасы-Күлтөбені қазудан бастадық. Ол қала Түркістан тарихының алғашқы (бірінші) кезеңі деп есептеледі және тарихи бастауы болып саналады. Қала орнын зерттеуді 1998 жылға дейін жүргіздік. Түбіне жете алмай қойдық. Зерттеу нәтижесінде қала IV-V ғасырларда қалыптасып, XIV ғасырға дейін өмір сүргендігі белгілі болды.Қаланың орнын қазған кезде II-III ғасырларда ғана кездесетін тарихи жәдігерлер табылып, одан әрі қарай күлден басқа ешнәрсе кездеспеді. Түркістанның тойын өткізу туралы бастама сонау 1985 жылы көтерілген болатын. Сол жылы-ақ Жоғарғы кеңестің депутаты Людмила Анданова деген әйел кезекті бір жиналыста Түркістанның 1500 жылдығын тойлау жайлы ұсыныс тастап, онысы мақұлданған көрінеді. Осыдан кейін басшылар бізге Түркістанның жасын анықтауды тапсырды. Біз «нағыз жасын әзірге айта алмаймыз, бірақ нақты білетініміз 1500 жыл», – дедік. Алайда Түркістанның серіктес қалалары Иасы-Күлтөбе мен Шауғар-Шойтөбеден табылған айғақтар 1800 жылдан асып жығылатынын көрсетті. Бұл қалалар Түркістанның негізі болып табылатындықтан, Түркістанның да жасын 1800 деп қарастыруға болар еді. Бірақ 1500 деген дөңгелек цифр болған соң, жоғары жақтағылар осы датаға тоқталуды жөн көріп, 1990 жылы тойламақ болып келіскен екен. Сол кездегі саяси ахуалдың нашарлап кетуі бұл тойдың өтпей қалуына себепші болды. Сөйтіп, сол бастаманың негізінде Түркістанның жасы 1500 деп белгіленген күйі 2000 жылы әлемдік масштабта тойланып кетті. Бұл жерде шаһардың жасы туралы қызылкеңірдек болып дауласу артықтық етеді деп ойлаймын. Себебі, нақты деректер Түркістан мен оған жапсарлас жатқан қалалардың V-VI ғасырлардан бастап қана тұрақты елді мекендерге айналғанын білдіреді. Оған дейін ұжымдасқан мекен болғаны күмәнділеу. Бірақ 200-300 жыл бұрын аталмыш жерлерде көшпелі тұрақтардың болғандығы рас, осыған қарап Түркістанның жасын ұзартуға да болар еді, бірақ бізде ондай мүмкіндік болған жоқ». Қалай десек те, тарихтың қалтарыс-бұлтарыстарында шындық деген шіркіннің көрінбей қалатын кездері көп болады ғой. Кеңестік тұста қазақтың тарихы кішірейтіліп, оны Ресейге қосылған тұстан тарқатушылықтың орын алғандығы сол кезде білім алғандардың барлығына дерлік мәлім. Қарсы шыққан талай тарихшымыз қудаланды, сотталды, айдауға кетті. Әйтеуір бізді бейшара етіп көрсетіп, мыңдаған жылдық өткенімізді жасырғысы келді. Қазақ жеріндегі ежелден келе жатқан қалалардың жасын анықтау арқылы халқымыздың қай кезден бастап ұжымдаса өмір сүре бастағанын анықтауға болады. Солардың ішіндегі ең әйгілілері – Тараз, Түркістан, Сауран, Отырар, Сайрам. Осыларды зерттеу арқылы қазақтың қашан қауым болып өмір сүре бастағанын білдік. Сөйтсек, ең кемі мың, тіпті, екі мың жылдық тархы бар ірі қалаларымыз болған екен. Осылайша біздің де бір кездері бау-бақша, егістік егіп, жер жыртып, шаруашылығын дөңгелеткен іргелі жартылай отырықшы ел болғанымыз анықталды. Тарихқа қиянат жасауға болмайтыны бесенеден белгілі жайт. Сондай қиянаттар ежелгі қалаларымыздың шынайы жасын анықтау кезінде ара-тұра орын алады. Түркістанның жасын ұзартқаннан ұтарымыз не дейтіндер табылары анық. Біле білсек, бұл келер ұрпақ үшін өте қажет. Түркістан түгілі Алматының нақты жасын біле алмай жүргелі талай уақыт өтті.Бір салиқалы тоқтамға қашан келеміз? Сол себепті де өткенімізді кейінгіге жеткізгіміз келетін, тарихын сыйлайтын ел екеніміз рас болса, кейбір дүдәмал көзқарастардың анық-қанығына жеткеніміз абзал. Елімізде тарих мамандығы бойынша жыл сайын мыңдаған түлектер ЖОО-ны бітіріп жатыр. Осындай үлкен әлеуетті күшті пайдалана отырып, ежелгі қалалардың ішке бүгіп жатқан сырларын ашу ісін қолға алуымыз қажет секілді. P.S. Түркістан – Қазақстан жеріндегі ең ежелгі қалалардың бірі. Оның өзіндік кескіні, өзіндік тағдыры бар. Ғасырлар қойнауынан бізге жеткен ол, ежелгі байланыстарды елестетіп, қазіргі заманға да сай болып қала бермек. Бүз бүгін рухани мұрамызды қайта жаңғыртып жатқан жас мемлекетпіз. Ал Түркістан сол мұраларымыздың ішіндегі ең ұлығы екенін естен шығармау керек. Дәурен ӘБДІРАМАНОВ Оңтүстік Қазақстан облысы.