Жаңалықтар

АЛ ҚАЗАҚТАЙ БАУЫР ТАППАС ҚЫРҒЫЗДАР ...

ашық дереккөзі

АЛ ҚАЗАҚТАЙ БАУЫР ТАППАС ҚЫРҒЫЗДАР ...

Биыл, Қазақстан халқы Ассамблеясының басшылығымен қазақ жеріндегі қырғыз этномәдени бірлестігі «Тамыры бір бәйтерек» атты тарихи-мәдени жобаны жүзеге асыруды жоспарлады. Бұл жоба аясында алғашқы басқосу М.Әуезов атындағы Әдебиет институтының ұйытқы болуымен Мұхтар Әуезов мұражай-үйiнде «Мұхтар Әуезов, Шыңғыс Айтматов: қазақ-қырғыз елдерiнiң тарихи-мәдени байланысы» тақырыбында дөңгелек үстелмен басталса, кейін «Қазақконцерт» залында Қырғыз Республикасындағы Қазақстан елшілігінің тікелей ықпалымен бауырлас екі елдің арасындағы дипломатиялық қатынасының 20 жылдығына арналған «Тамыры бір бәйтерек» атты дәстүрлі концерт өтті.

Қазақ-қырғыз байланысының орнағанына тек соңғы жиырма жыл десек, қате айтқан боламыз. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан екі елдің арасындағы қарым-қатынастың тереңге тамырлап, көне заманнан бері жалғасып келе жатқанын білеміз. Оны Сүйінбай мен Қатаған, Жамбыл мен Тоқтағұл, Үмбетәлі мен Тоғолоқ Молдо, Кенен мен Әлімқұл ақындардың айтысынан, Қажымұқан мен Қожамқұл балуандардың күресінен, Мұхтар Әуезов пен Шыңғыс Айтматов шығармашылығынан, Ықылас пен Шабдан төре, бертін келе Әбділхамит Райымбергенов пен Нурак Абдурахманов күйшілердің тартысынан және т.б. байқауға болады. Бұл дәстүрдің жалғастығын қазақ-қырғыз өнер жұлдыздарының бірлескен аталмыш концерті тереңдете түсті. Екі бауырлас елдердің дәстүрлі музыкасына арналған кештің шымылдығы қазақтың белгілі ақыны Мұхтар Шахановтың: Жалғай берсін құдалықты ер жігіттер, гүл қыздар, Екі елге ортақ Манас, Абай көгіндегі жұлдыздар. Қырғыздардан асқан туыс болған емес қазақта Ал қазақтай бауыр таба алмайды қырғыздар! − деген жолдармен ашылды. Концертте Оманқұл, Әлімқұл, Жиинжоқ, Қорғол жыршыларының жалғасы, бүгінгі күннің майталман ақыны, Тоқтағұл Сардаров атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қырғызстан халық артисі, Қырғызстан Мемлекеттік филармониясының бас директоры Замирбек Үсенбаев: Алматы мен Бишкектің-оу Алыс пе екен арасы? Жақындатқан келіп бір Туғандарды қарачы…. Біз қазақ елін сыйлаймыз Қырғыздар қазақтарды Жамандыққа қимаймыз Егер қазақ елі қайғырса Біз қапталда қарап тұрмаймыз… және т.с.с. өлең жолдарынан басталып, ыстық лебізін білдіретін шашу-әнін орындаса, қазақ халқының белгілі композиторы, Мемлекеттік сыйлықтың лау­реаты, Қазақстан және Қырғызстан Республикаларының халық әртісі Алтынбек Қоразбаев қазақ-қырғыз интонациясының сабақтастығында өрбіткен «Қазақ-қырғыз бір туған» атты әнін сыйға тартты. Дәстүрлі өнер кешінде қазақ пен қырғыз елдерінің өкілдері өз мәдениетін насихаттау барысында жеке орындаушылардың өнерлері. тамашаланды. Қырғыз елінен келген әншілердің ішінде Қырғыздың еңбек сіңірген әртістері Кангелдиева Дилшат «Жас өмірін гөп көрген» әнін, Бақыт Шатенов Атай Огонбаевтың «Ой, бұлбұл» әнін, Ұлан Қашқынали Ашыраалы Айталиевтің «Нарындан жазган салам кат» әнін орындаса, қазақ әншілері арасынан − Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген қайраткері Қобланбек Әлімғазы Жаяу Мұсаның «Ақ сиса» әнін, Нұржан Жанпейісов Дәнеш Рақышевтің «Бауырлар» әнін орындады. Дәстүрлі әндердің музыкалық сипатын салыстыра келе қазақ-қырғыз әндерінің ортақ ерекшеліктері бар ма? Оларды жақындастыратын интонациялар, ырғақ пен екпін бірліктерінің болмысы қандай? деген сауалдар туады. Бұл сұрақтардың жауабы келешектегі ізденістердің еншісінде деп білеміз. Бұл кештің жаңашылдығы екі елдің фольклорлы-этнографиялық ансамбльдері бірігіп, өнер алмасуынан байқалады. Қырғыз жерінен келген Ч.Исабаев атындағы «Камбаркан» фольклорлы-этнографиялық ансамбль «Құлын», «Оп майда», «Шырылдаң» атты қырғыз халық әуендерін шертсе, «Әлқисса» ұлт аспаптар ансамблі халық күйі «Жайма қоңыр», А.Пьяцоллоның «Либертанго», Н.Тілендиевтің «Жекпе-жек» шығармаларын орындады. Ансамбльдердің жетекшілері − Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Рысбек Жұмақұлов пен Қайырғазы Төлен қазақ-қырғыз ұлт аспаптарының үндестігін таныта білді. Екі ұжым бірлесіп Дәулеткерейдің «Көроғлы», Н.Тілендиевтің «Әлқисса», Атой Онғарбаевтың «Маш ботой» атты күйлерін орындаған сәттерінде мәдени сабақтастық айқын аңғарылды. Кештің қонағы ретінде арнайы келген − Қырғыз Республикасының халық әртісі, Тоқтағұл атындағы мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Садыкова Саламаттың: «Қырғыз бен қазақтың ортасында ұзақ жылдар бойы мемлекеттік рәміздер дүниеге келген. Қырғызстанның жақсылығына жар салған «Қамбарқан» ансамблі мен «Әлқисса» деген жас, өсіп келе жатқан, өте талантты музыканттармен сахнада бірге шығып, өнерлерімізбен бөлісуіміз бізді толқындатқан сезімге бөледі. Бұл қазақ пен қырғыз тамырының ортақтығы. Бұл көңілімде көксеп тұрған, гүлге су құйғандай рухани қуаныш. «Төскөйде малымыз бір, жастықта басымыз бір» деп бабаларымыз айтқан сөзді іс жүзінде асырып жатқанбыз. Кейінгі кезде ұзақ жылдар бізді сағындырды. Қырғыз бен қазақтың ортасындағы қазықты бекем қағып, осында отырған біздің тұл бабаларымыз Алтынбек Қоразбаев пен Мир Усенбаевтің жетекшілігімен жүзеге асырылған жоба біздің елдің көкірегін жылытып, жақындатады деп ойлаймын», − деген ізгі ниеті әнге ұласты. Саламат Садықованың орындауындағы Алтынбек Қоразбаевтың «Сағындым Алматымды», Қамчыбек Қолаевтың «Адашқан жаңбыр» және соңғы шыққан «Қырғыз жери» атты патриоттық әннен кейін орнынан тұрып қол соққан тыңдармандар ризашылығын білдірді. Мәдени алмасу тәжірибесінің шең­бе­рін­де қырғыз әншілері қазақ әндерін, қазақ әншілері қырғыз әуендерін орындады, Құндыз Тазшәнәлиева Нұрғиса Тілендиевтің «Құстар» әнін қазақтан кем түспей орындаса, Кенен Әзірбаев атындағы байқаудың лауреаты, жас әнші Гүлім Алшынова Ашыраалы Айталиевтің «Жылқычынын ырын» қырғыз әншілерінен асырып айтты десек, артық айтқан болмаспыз. Қазақ пен қырғыз өнер өкілдері қауышқан осы концерт Қырғызстандағы Қазақстан елшілігінің демеушілігімен Бішкек қаласындағы Т.Сатылғанов атындағы Қырғыз Мемлекеттік филармониясында жалғасын тапты. Енді, «Тамыры бір бәйтерек» аясындағы қазақ-қырғыз музыкасы республикамыздың тоғыз аймағына аттанбақ. Айнұр ҚАЗТУҒАНОВА, М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының аға ғылыми қызметкері