ҚЫРҒЫЗ ЕЛІ ҚАСТЕРЛЕГЕН ҚАЗАҚТАР
ҚЫРҒЫЗ ЕЛІ ҚАСТЕРЛЕГЕН ҚАЗАҚТАР
Қырғызстандағы қазақтар туралы сөз бастарда қарт тарихтың сілемдеріне көз жүгіртпесек болмас. Қазақ сөзінің алғаш рет қайда ұшырасатынын іздестірген ғалымдар Батыс және Шығыс (қытай, араб, парсы) оқымыстыларының еңбектеріне сілтеме жасап, шарқ ұрады. Алысқа бармай-ақ, мың жылдан кем емес тарихы бар қырғыздың «Манас» эпосынан «қазақ» атауын көптеп кездестіре аламыз. Эпоста қазақ, арғын, қыпшақ, этнонимдері қырғыз руларынан өзгешеленбестен, қатар тұрып, бірдей дәрежеде аталады. Қазіргі күнде өлкенің оңтүстігінде орын тепкен қыпшақ руы біртұтас қырғыз ұлтын құрған негізгі рудың бірі болып саналады.
«Манас» эпосындағы бас батырлардың бірі Ер Көкшеден де ары кетсек, «Ер Төстікке» табан тірейміз. Ғұлама ғалым Әлкей Марғұланға жүгінер болсақ, қазақ фольклористикасындағы ең көне жәдігер осы. Осы «Ер Төстік» қырғыздарда «Эр Төштүк» деп аталып, ертегіден өрбіп отырып, үлкен хисса-дастан санатына қосылған. Сонымен, қырғыз құрамындағы қыпшақтар және қоңыраттар өздерін қазақпыз демейді, қырғызбыз деп біледі. Бұл бірнеше ғасырларға созылған табиғи үрдіс. Ал енді кейінгі бір ғасырдың ішінде Қырғызстанға келіп, төлқұжаттарында «қырғыз» болып жазылып қалған қандастарымызға түсінушілікпен қарағанымыз оң. Олардың қызметте жүрген бірлі-жарымы болмаса, басым көпшілігі өздерінің қазақ екенін жасырмайды. Ал 2009 жылғы жалпы республикалық санақ бойынша Қырғызстанда 33 мың 198 қазақ тіркелген. Ал 1999 жылғы санақта 42 мың 657 болатын. Кейінгі онжылдықта қырғызстандықтардың 20 пайызы шетелдерге тұрақты не уақытша қоныс аударғанын еске алсақ, қазақтардың негізінен тарихи отанына қайтуы заңды көрініс.
Кеңес үкіметінің алғашқы жылдарында Қырғызстанға келген қазақтар әлі күнге дейін Шу және Ыстықкөл облыстарында жарым-жартылай ауылдарды құрап, шоғырланған күйінде тұрып келеді. Бұл жағдай, ең бастысы, қазақтарға ана тілімізді ұмытпауға шарт жасады. Бірақ Қырғызстанда бірде-бір қазақ мектебінің болмауы салқынын тигізбей қойған жоқ. Қырғызстан қазақтарының 95 жылдық кезеңіндегі үшінші және төртінші буын қазақ тілін ұмытып барады. Кеңес дәуірінде қырғызстандық қазақтар Алматыда жарық көрген көптеген газет-журналдарды жаздырып алып оқып тұрады екен. Он бес жылдай бұрын Қырғызстан, атап айтқанда, «Қырғыз поштасы» мемлекеттік департаменті экономикалық тиімсіздікке байланысты Қазақстанның басылымдарын жаздырып алуды үзілді-кесілді тоқтатқан. Тіпті, қазір Қазақстанның Қырғызстандағы елшілігі қазақстандық баспасөз өнімдерін шекаралас Қордай ауданының орталығынан көлік жіберіп, алдырып отыр.
Хош, қазақтар Қырғызстанға 1916 жылдары басталған аласапыран заманда, кеңестік тәркілеу кезінде, ашаршылық тауқыметінде лек-легімен ағылған болса, өткен ғасырдың отызыншы жылдарынан бастап оқыған азаматтар оқу орындарының жолдамасымен, Түрксиб темір жолы құрылып біткен соң теміржолшылар қырғыз темір жолын салысуға жанұяларымен келе бастаған.
Қырғызстанның қазақтарына арналған мақаламызда қырғыздың ісін одан артық жасап, қырғыз халқының құрметіне бөленген төрт тұлғаға айрықша тоқталмақшымыз.
Біріншісі – Нұрахим Альпиев (1903-1957). Семей облысының Шұбартау ауданында туған. Әкесі Оспанқұл Менаяқов. Алты айлығында әкесі қайтыс болып, ағасы Әлпінің қолында тәрбиеленген және соның фамилиясын алған. 1930 жылы Қырғызстанға келген бұл кісі 1932-1934 жылдары мектепте директор, 1934-1935 жылдары Қырғыз мемлекеттік педагогика институтына қарасты Мұғалімдер интситутында директор болып істейді. Қырғыз мектебінде орыс тілін оқытудың әдістемесінің негізін жасаған, оқулықтарды жазған, сондай-ақ орыс сыныптарына арнап қырғыз тілінің оқулықтарын жазған. Тіл білімі бойынша 20-дан астам еңбек қалдырған. «Қырғыз ССР-інің педагогикалық жоғарғы оқу орындары үшін қырғыз тілі мен орыс тілінің салыстырмалы грамматикасының» авторы, республиканың еңбек сіңірген мұғалімі. Ұрпақтары Қырғызстанда тұрады. Қызы – Алмагүл Альпиева Қырғызстанның белгілі заңгері, 2003-2007 жылдары Қырғыз Республикасының Жоғарғы сотының төрағасының орынбасары қызметінде істеген. Ұлы – Мұхтар Альпиев белгілі ихтиолог, «Қырғызстанның жануарлар әлемі» атласының авторларының бірі.
Екіншісі – Сартбаев Калкабай Калыкович (1911-1988). Советтік көрнекті түрколог, қырғызтанушы. Қырғыз ССРі-Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі. Жамбыл облысының Көделі ауылында туған. 1933 жылы Жалалабад облысында білім беру саласындағы инспекторлықтан 55 жылдық ғылыми-педагогикалық қызметі басталады. Қырғыз тілі бойынша 1946 жылы кандидаттық, 1953 жылы докторлық диссертацияларын қорғаған. Қырғыз тілін оқытудың әдістемесінің негізін салушы. Мұғалімдерге арналған «Қырғыз тілін оқытудың әдістемесі» оқу құралы республиканың ағарту комиссариатының бекітуімен 1951 жылы 5 мың данамен басылып шыққан. Өзгертулер және толықтыруларымен көзі тірісінде тағы да бес рет жарық көрген. Жетінші рет ғалымның 100 жылдығына орай өткізілген мерейтойдың қарсаңында жарық көрді. Оқымыстының бұл еңбектен сырт «Орыс және қырғыз тілдеріндегі зат есім», «Қырғыз тіліндегі құрмалас сөйлемдердің синтаксисі», «Түркі тілдерінің салыстырмалы грамматикасы» тілтанудағы құнды еңбектер болып есептеледі.
Жоғарыда сөз болған екі ғалымның біреуі қырғыздар үшін орыс тілін және орыстар үшін қырғыз тілін оқытудың, екіншісі қырғыздар үшін қырғыз тілін оқытудың әдістемесін жасап, қырғыз мәдениетінің дамуына үлестерін қосса, сөз еткелі отырған үшінші тұлға– Анварбек Хасанов (1914-1984) қырғыз тарихын жазып тарихқа кірді. Семей облысының Жарма ауданында туған. Қырғыз тарихына тиесілі көптеген ғылыми монографиялардың авторы, тарих ғылымының докторы (1962), Қырғыз ССР-і Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі (1965). 1950 жылдардың ортасында «Қырғызстан тарихының» бірінші академиялық басылымын жазуға белсене қатысқан.
Төртінші кейіпкеріміз – Серікұл Қосақовтың қырғыз халқына сіңірген еңбегі өзгеше. Ол 1993 жылы 5 мамырда қабылданған Қырғыз Республикасының бірінші Конституциясының авторы – тәуелсіз елдің Конституциясын жазу үшін ұйымдастырылған арнайы жұмысшы топтың жетекшісі. Конституцияны әзірлеудегі игілікті еңбегі үшін С. Қосақовқа мемлекет басшысының жарлықтарымен 9 мамырда «Қырғыз Республикасының еңбек сіңірген заңгері» құрметті атағы, 13 мамырда «Юстицияның 3 класстағы мемлекеттік кеңесшісі» арнайы шені, юстицияның генерал-майор атағы берілді. Серікұл Қосақұлы бұған дейін Қырғызстанның «Мемлекеттік тіл туралы», «Қырғызстанның суверенитеті туралы», «Қырғызстанның тәуелсіздігі туралы», «Қырғыз ССР-індегі азаматтық туралы», «Азаматтық туралы» (1989-1993 жылдар аралығында) заңдарды жазуға қатысқан. Туған жері – Жамбыл облысының Қордай ауданындағы Жаңа тұрмыс ауылында жетіжылдық мектепті 1958 жылы бітірген он екі жасар ұлан оқуын жалғастыруға Фрунзе қаласына велосипедпен аттанған. Қырғызстанның астанасындағы бірден-бір қырғызша ұлттық гимназияны үздік дипломмен тәмамдаған Серікұл ағаға тағдыр қырғыз жерінде өмір сүруге жазыпты. Профессор С. Қосақов қазіргі кезде Ж. Баласағын атындағы Қырғыз ұлттық университетінің Заң институнда Конституциялық құқық кафедрасын басқарып отыр, Қырғызстан қазақтары қауымдастығының төрағасы, Қырғызстан халық ассамблеясы төрағасының орынбасары.
Назарбек БАЙЖІГІТОВ, «Түркістанның»Қырғызстандағы тілшісі
Суреттер Қырғыз Республикасының кинофотофоноқұжаттар орталық мемлекеттік архивінен алынды.