Жаңалықтар

КЕРГІГЕ ТҮСКЕН ҚАРТ КАСПИЙ

ашық дереккөзі

КЕРГІГЕ ТҮСКЕН ҚАРТ КАСПИЙ

Мұнай мен газ арқылы әлемдік саясатқа ықпал етуге ұмтылған алпауыт елдер Орталық Азияға тиесілі табиғи байлыққа жиі көз алартады. Қашан да мемлекеттік және ұлттық мүддені жоғары қоятын АҚШ пен Батысқа Ресей мен Қытай қосылған бүгінде. Кәрі құрылыққа газ құбырын Каспийдің табанынан тартуды көздейтіндер шикізат тасымалдауда Ресейді айналып өтуге мүдделі. Бұған әрине, Кремль үзілді-кесілді қарсы.

КРЕМЛЬ ӨЗ ҮСТЕМДІГІНЕН

БАС ТАРТПАЙДЫ

Энергетикалық қауіпсіздік пен тасымал жолдарының дербестігін күн тәртібіне шығарған Еуропалық Одақ 20 жылдан бері орталықазиялық аймақты жағалап жүр. Ал каспийлік-қаратеңіздік аймақта мүдделері тоғысатын елдер арасында Қазақстан, Әзірбайжан, Өзбекстан, Түркіменстан секілді орталықазиялық елдер, ТМД кеңістігі, әсіресе Ресей мен АҚШ, Түркия мен Иран бар. Олардың тасасында тығылып жатқан қаншама алпауыт кәсіпорындарды айту – артық. Әлемдік нарыққа ұзақ уақыт бойы үстемдік жүргізіп келген «қара алтынға» енді «көгілдір отын» қосылды. Көмірсутегіні ішкі нарыққа сырттан жеткізетін мемлекеттер шикізат көздерін дербестендіре отырып, тасымал жолдарын барынша көбейтуге тырысса, Ресей посткеңестік елдердегі аста-төк табиғи байлыққа КСРО кезіндегі сияқты үстемдік етуге ұмтылады. Тұтынушылық сұраныстың өсуі өндірістік-өнеркәсіптік белсенділікке ұласып, оның соңы мұнай мен газға деген мұқтаждықтың артуына себеп болды. Соңғы кездері елдер арасындағы газ құбырларын тарту төңірегінде өрбіген пікірталастар, келісімдер мен керісулер де соған байланысты. Әсіресе кәрі Каспий түбіндегі «көгілдір отынды» әлемдік нарыққа Ресейді айналып өту арқылы жеткізетін жаңа құбырларды салуға келгенде пікірталас көрігі қызды. Бір кездері Минск мен Мәскеу арасында болған саяси қақтығыстың кесірінен қыстың көзі қырауда жылу мен газсыз қалған Еуропалық Одақ бүгінде энергетикалық қауіпсіздікке жете мән беруге көшкен. Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан, Иран мен Ресейге тиесілі Каспий теңізінің мәртебесі әлі белгіленбеуі Еуроодаққа тиімсіз болып отыр. Өйткені қит етсе, мұнай мен газды саяси ықпал етудің басты құралы ретінде пайдаланатын Кремльдің қоқан-лоққысынан батыстықтардың ығыры шыққан. Орталық Азияның табиғи байлығын «ұртоқпағына» айналдырған Мәскеудің Каспий тізгінін оңайлықпен қолынан шығармасы анық. Демек газ бен мұнай жолындағы күрес әлі де жалғасын таба береді. Ал Еуропалық Одақ Қазақстан, Түркіменстан, Әзірбайжан сияқты каспийлік аймақтағы елдердің тамырын басып, іштартуға мүдделі. Осы мақсатта өткен аптада Ашхабадта Түркия, Әзірбайжан, Түркіменстанның энергетика министрлері мен ЕО-ның энергетика жөніндегі комиссары Гюнтер Оттингер кездесу өткізді. Аталған басқосуда түрік министрі Танер Йылдыз ресми Анкараның Трансанадолы газ құбырын (TANAP) түркімен газымен толтыруды жос­парлап отырғанын жеткізді. Анығында түріктер түркімен газын Әзірбайжан жері арқылы Каспий теңізінің түбінен тартылатын құбырмен әлемдік нарыққа тасымалдауға ұсыныс білдіріп отыр. Бірақ бұған Мәскеу мен Тегеран үзілді-кесілді қарсы. Олар Транскаспийлік газ құбырын салу теңізге экологиялық тұрғыда зиян келтіреді деп мәлімдеді.

АҚШ ДИПЛОМАТЫНЫҢ

ӘЛИЕВТІ МАҚТАУЫ

Кремльдік саясатқа қарсы әрекет етуде Брюссельмен аузы бір Вашингтон Ашхабадта энергетика министрлері кездесіп жатқан кезде Әзірбайжан президенті Ильхам Әлиевке сенім грамотасын тапсырды. Бұл марапатты тапсырған – әлемдік саяси ортада «энергетикалық сұңқар» атанған АҚШ-тың Әзірбайжандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ричард Морнингстар. Бакуге алғаш рет келген сапарында Ильхамның әкесімен танысқанын, марқұмның алғырлығы мен ұшқырлығына тәнті болғанын майын тамыза жеткізген америкалық дипломат қазіргі президенттің табанын жерге тигізбей мақтап бақты. Сөзінің соңын соңғы 20 жылдағы, яғни Әзірбайжан тәуелсіздік алғалы бері жасалған экономикалық байланыстардың күшейгеніне және Баку-Тбилиси-Джейхан жобасы мен өзге де энергеткиалық жобалардың жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. 90-жылдардың басынан бері жүргізіліп келе жатқан құбырға қатысты келіссөздер негізінен Ресейді айналып өтетін жобаларға қатысты. 1996 жылы Түркіменстанның сол кездегі президенті Сапармұрат Ниязов табиғи газды алдымен түркімендер жері арқылы – Түркияға, содан кейін Әзірбайжан мен Грузия арқылы Еуропаға тасымалдайтын құбырды салуға келісім берген болатын. Каспий түбінен тартылатын бұл құбыр теңіздің шығыс және батыс жағалауын жалғастыруы тиіс еді. Каспий жағалауы газ құбырын тарту және Орта Азия – Орталық газ тасымалдау жүйесiн қайта қалпына келтiру түркiмендерден жылына 80 миллиард текше метр газ сатып алуға мүмкiндiк бермек. Сонымен қатар Орталық Азиядағы ең iрi газ тасымалдау жүйесiн құруға, Түркiменстандағы газ шығаратын кен орындарын дамытуға және Қазақстан мен Өзбекстанда өндiрiлетiн газдың көлемiн ұлғайтуға мүмкiндiк бередi. Каспийлiк газ құбырының құрылысына қаржылық тұрғыда демеушiлiк етуге 30-дан астам шетелдiк iрi компаниялар ниет бiлдiрiп отыр. Жыл сайын 30 млрд. текше метр газ тасымалдауы тиіс бұл жоба әзір жүзеге асырылған жоқ. Өйткені әзірбайжандардың ең бай кен орны – «Шах-Дениздегі» газ қоры 1,2 трлн. текше метр екендігі анықталғаннан кейін Бакудің белсенділігі сәл саябырсыған сыңайлы. Ол Ашхабадтан құбыр арқылы тасымалданатын шикізаттың жартысын әзірбайжандардан алуды талап етті. Әзірбайжандардың талабын қанағаттандырудан бас тартқан түркімендер серіктестік бағытын Бакуден басқа арнаға бұрды. Тасымал мәселесінде мүдделер қақтығысы орын алған орталықазиялық елдердің араздасқанына Кремль қуанбаса, ренжімейтіні анық. Құбырларға қатысы тағы бір келіспеушілік – NABUCCO жобасы. Қазақстан бұл жобаға қатысудан бас тартты. Ал Түркіменстан мен Әзірбайжанның көмірсутегі шикізатын Ресейді айналып өтіп, Еуропа нарығына жеткізетін аталмыш құбыр жайлы пікірталас жиі қылаң береді. Өз территориясы арқылы әлемдік нарыққа газ жеткізуде үстемдік жүргізгісі келетін Түркия да қол қусырып қарап отырған жоқ. Осыдан бес жыл бұрын түрiктер мен гректер бiрiге отырып, газ құбырын іске қосты. «Көгiлдiр отынды» Түркиядан Грекияға дейiн тасымалдайтын құбырдың ұзындығы – 285 шақырым. Оның 209 шақырымы түрiктердiң үлесiнде. Түркияның BOTASH және Грецияның DEPA компаниялары арасындағы 2003 жылы қабылданған келiсiмге сәйкес салынған жобаның жалпы құны 250 миллион долларға жуық болатын. Бүгінде түріктердің жаңа жобасы – TANAP газ құбырын салу мәселесі қолға алынған. Қазіргі кезде түркімендердің стратегиялық басымдықты Қазақстан сияқты Қытайға беруі NABUCCO жобасын қаңтарып тастады. Өйткені құбырды газбен толтыруға Ашхабад құлшынбаса, басқалардан қайран жоқ. Мұның соңы Бакудің жаңа ұсыныстарды қарастыруына себеп болды. Яғни TANAP құбыры – сол ізденістердің нәтижесі. 2011 жылдың желтоқсанында Әзірбайжан мен Түркия арасында қабылданған келісімге сәйкес, Трансанадолы құбыры (TANAP) әзірбайжан газын грузиндер мен түріктердің шекаралары арқылы Түркияның батыс бөлігіне тасымалдауды қамтамасыз етеді.

АҚШ пен Батыс қолдап отырған Түркия – Болгария – Румыния – Венгрия – Австрия маршруты арқылы жүргiзiлетiн NABUCCO жобасына Ресей күйе жағып әлек. Мәселен Еуропалық Комиссия NABUCCO үшiн Каспий теңiзiнде өндiрiлетiн газ көлемi жеткiлiктi десе, Ресей керiсiнше, каспийлiк «көгiлдiр отынның» аздық ететiнiн айтады: «NABUCCO жобасын iске асыруда Түркiменстан, Әзiрбайжан мен Иранға баса назар аударылуда. Әзiрбайжанда көмiрсутегiлер қоры мол болса да, жыл сайын 20-30 млрд. текше метр газбен қамтамасыз етуге жетпейдi. Иран Ресейден кейiнгi екiншi орында тұр. Бiрақ газды өндiрiп, өңдейтiн инфрақұрылымды қалыптастыру үшiн ондаған миллиард доллар қаржы керек» (РФ сыртқы iстер министрiнiң орынбасары А.Денисов). Бүгінде еуропалық нарықты бетке алған Қазақстан, Әзiрбайжан, Түркiменстан мен Өзбекстан бұрынғыдай Мәскеуге жалтақтаудан арыла бастаған. Батыс пен АҚШ қос бүйiрден қысқан Ресейдiң соңғы кездері Орталық Азия аймағынан келетiн «көгiлдiр отынды» қымбат бағаға алуға амалсыз көнуi осы себептi. Әрине егер тасымалдаудағы балама жолдардың көптiгi көмiрсутегi қожайындарына тиiмдi болары анық. Өкінішке қарай, мүдделі тараптардың әзірге келісуге емес, керісуге бейім тұруы мен техникалық мүмкiндiктердің шектеулiлігі көмірсутегі тасымалдайтын жолдарды дербестендіруге кедергі.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ