АЛҒЫСҚА БӨЛЕНГЕН АДНАН МЕНДЕРЕС
АЛҒЫСҚА БӨЛЕНГЕН АДНАН МЕНДЕРЕС
1952 жылы қазақ босқындарын қабылдаған еді
2012 жылы қазақтардың Түркияны қоныстануына 60 жыл толды. Осыған орай Түркиялық қазақтардың өкілдері үстіміздегі жылдың наурыз айында 1950-1960 жылдары басминистрлік қызметін атқарған, белгілі мемлекет қайраткері Аднан Мендерестің Стамбұлдағы кесенесіне барып әруағына тағзым етіп Құран оқыды. Сөйтіп олар түрік халқына деген ризашылықтарын білдірді. Қазақтардың 60 жылдықта Басминистр Аднан Мендерес кесенесіне келіп тағзым етулері кездейсоқ емес еді. Өйткені қазақтарды Түркияға қабылдаған қаулы Мендерес басшылығындағы түрік үкіметінің 1952 жылдың 13 наурыз күнгі жиналысында қабылданған болатын.
Сол кезде көшкен қазақтар Пәкістанда өмір сүруде еді. Олардың көші 1930 жылдардың екінші жартысында Алтайдан басталып Гансу, Шынқайдан өтіп, Гималай мен Тибеттен асып 1940 жылы Үндістанға жеткен еді. Ендігі мақсат Түркияға жету еді. Бірақ олардың бұл жайында өтініштері екінші дүниежүзілік соғыс салдарынан қабылданбады. 12 жыл бұрын Үндістан, кейін одан бөлініп шыққан мұсылман Пәкістан елінде өмір сүрген қазақтар Түркияға бару мақсаттарынан айнымады. 1950 жылғы сайлаулар нәтижесінде 1938 жылдан бері билік басында болған үкіметтің орнына жаңа үкімет келгенін естіген қазақтар өтініштерін қайталады. Жаңа басминистр Мендерес сол өтінішті қанағаттандырды. Сөйтіп 1952 жылы 13 наурыз күнгі қаулыдан кейін қазақтар топ-топ болып Түркияға қоныс аудара бастады. Бұл процес төрт жылда аяқталды. Пәкістандағы қазақтардың алғашқы легі 1952 жылдың қыркүйек айында, соңғы легі 1956 жылдың көктемінде Түркияға келді. Негізінде, Пәкістандағы қазақтардың ол кезде баратын елі, тек Түркия ғана емес еді. Үрімші қаласындағы консулын аман-есен Тибет шекарасына жеткізген қазақтарға АҚШ-та жанашырлық танытып, баспана, жұмыс беретінін, балаларын тегін оқытатынын білдіріп, көшіп келуге шақырды. Бірақ қазақтың көшбастаушы жетекшілері түбі бір туысқан тілі, ділі және діні бір Түркиядан басқа елге баруды қаламады. Олардың пікірінше, ұрпақтардың ұлттық болмыс пен қазақи салт-дәстүрлерін сақтап қалулары үшін бұл қажет еді. Түрік үкіметі қазақтарды құшақ жая қарсы алды. Олардың өз жерінде шат шадыман өмір сүрулері үшін қолдан келген көмекті аяған жоқ. 1952 жылы Түркияға 9 жасар бала болып келген Мансұр Тәйжі сол күндерді еске алып: “1952 жылы 20 қазан күні қазақ көшінің алғашқы легінде әкем Құсайын Тәйжінің жетекшілігінде Түркияға келген едік. Біраз уақыт өткеннен кейін Басминистр Аднан Мендерес мырза келіп, хал-жағдайларымызды сұрады. Және бізге балаларға дәптер, қарындаш берді. Сол балалардың бірі мен едім. Осыдан 60 жыл бұрын Түркияға көшті бастаған аталар, ағалар бүгінде жоқ”, – дейді. Негізінде Түрік елінің шеттен эмигрант қабылдауда бай тәжірибесі бар болатын. Өйткені Мұстафа Кемал Ататүрік І Дүниежүзілік соғыста шаңырағы шайқалып, ортасына түскен Осман мемлекетінің қалдықтарынан жаңа мемлекет құрып, Түрік Республикасының іргесін қалаған кезде, жас мемлекеттің халық саны небары 13 миллион болатын. Жаңа елдің тәуелсіздігін баянды ету барысында халық санын қауырт өсіру діттеліп, көрші елдердегі этникалық түріктер елге көшіріліп әкеліне бастады. Міне бүгін Ататүріктің сол көреген саясатының арқасында Түркия халқы 80 миллионға таяп отыр. Осы 80 миллион халықтың ішінде қазір түрлі түркі халықтарының өкілдерін де кездестіруге болады. Атап айтқанда, татар, өзбек, қырғыз, түркімен, ұйғыр сияқты түркі тектес халықтардың диаспоралары өмір сүруде. Түріктер олардың ешбіреуін сен қазақсың, өзбексің немесе түркіменсің деп бөліп-жарып қарамайды. Барлығын бауырлас халық ретінде тең көреді. Сондықтан болса керек, қазақтың біртуар мемлекет қайраткері Мұстафа Шоқай “әрбір түрік тілдес халықтың екі Отаны бар, біреуі – туған елі, екіншісі – Түркия” деген еді. Ал әлемнің түрлі елдеріндегі қазақ диаспораларымен салыстырмалы түрде бағалайтын болсақ, ең бақытты диаспораның түркиялық қазақтар екенін ауыз толтырып айтар едік. Өйткені Түркия түбі бір туысқан халық деп санап отырған қазақтарға әрқашан жанашырлық көрсете білді. Сондықтан бұл елдегі қазақтар әрқандай бір бөтендік, жаттық көріп, этникалық қысым, қудалауға тап болған жоқ. Тіпті қазақтарды Орта Азиядан жаңа келген нәсілі таза, қаны таза нағыз түрік деп өзінен жоғары бағалап жатқан азаматтары да көптеп кездесіп жатады. Оның үстіне Түркия 1991 жылы Қазақстан тәуелсіздігін жариялаған кезде, әлем елдері ішінде оны бірінші болып таныған ел болды. Мұның өзі Түркия қазақтарының тарихындағы ең мәнді құбылыс болып табылады. Қаншама жыл кеңестік аждаһаның ашса алақанында, жұмса жұдырығында болған Қазақстанның көк туын желбіретіп, егеменді ел болуы түркиялық қазақтарды өшкені жанып, өлгені тірілгендей үлкен қуанышқа бөледі. Тұрғыт Өзал жетекшілігіндегі Түркияның Қазақстанның тәуелсіздігін кідірместен екі сағат ішінде тануы бұл қуанышты еселей түсті. Содан бері екі туысқан елдің достық, туыстық қарым-қатынастары күн өткен сайын күшейіп келе жатыр. Соның арқасында, Түркия қазақтары туған елімен емін-еркін ешқандай кедергісіз, тіпті виза шектеулері де болмастан, араласып-құраласып келеді. Мұның өзі Түркия қазақтары үшін үлкен бақыт, үлкен ғанибет екені даусыз. Түркия, Пәкістаннан қоныс аударған қазақтарды алдымен «қонақхана» деп аталатын бөлмелерге орналастырды. Ол жерде жаңа көшіп келген азаматтардың баспана, тамақтану, киім сияқты негізгі барлық мұқтаждықтары қанағаттандырылды. Тіпті оларға айлық та төленіп тұрды. Сонымен қатар, оларға түрік тілі, кәсіп-мамандық, жаңа елдің тірлік-салтына бейімдеу барысында курстар мен сабақтар ұйымдастырылды. Екі жыл осылай өткеннен кейін, қазақтардан Түркияның қай жеріне орналасуды қалайтындықтары сұралды. Олар өздерінің дағдылы көшпенді мал шаруашылығы өмірлеріне сәйкес келетін таулы және далалық Анатолия аймақтарынан қоныс беруін қалады. Сонымен қазақтарға Түркияның Маниса, Конья, Аксарай, Кайсері және Нигде өңірлерінің далалық және таулық аймақтарында арнайы үйлер салынды. Сөйтіп қазақтардың түрік еліндегі өмірі басталды. Түркиялық қазақтардың тарихындағы ең мәнді де, маңызды уақиға – 1991 жылы 16 желтоқсанда Қазақстанның тәуелсіздігін жариялағаны екенін жоғары атап өттік. Содан бері өткен 21 жылда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ел басқарудағы көреген саясаты да Түркия қазақтарының еңсесін көтеріп мерейлерін өсіруде. Қазақ екендігіне мақтанышын арттыруда. Қазақстанның тәуелсіздіктен кейінгі 21 жыл ішінде экономикалық тұрғыдан қарқынды дамуы, Астана сынды көздің жауын алатын үлгілі қала салуы, Қазақстан азаматтарының бизнес, ғылым сияқты әр салада әлемнің шартарабында бой көрсетуі, Олимпиада секілді халықаралық ойындарда спортшылардың үлкен табыстарға жетуі, 2010 жылда Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы және 2011 жылы Ислам елдері ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі, Қазақстанның әлемнің ядролық қауіпсіздігі жөніндегі ұсыныстарда көшбасшы елге айналуы, Елбасының ұсынысы бойынша 29 тамыз күнін әлемде ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні болып қабылдануы олардың мерейін өсіріп, Қазақстандай елі бар екені жөніндегі мақтаныш сезімдерін күшейтуде. Бұлар әрине тек түркиялық қазақтар ғана емес, бүкіл қазақ халқы мақтан тұтатын жетістіктер. Түркиялық қазақтардың бұлардан тыс айрықша мақтан тұтатыны – Түркі дүниесінің ынтымақтастығы жөніндегі түркі тілдес елдер ынтымақтастық кеңесі, Түркі академиясы, Түркі тілдес елдер парламенттік ассамблеясы сынды маңызды ұйымдарды құруға Елбасы Назарбаевтың мұрындық болуы. Бұл жағдай Президент Назарбаевқа қоса түрік елінде Қазақстанның және түркиялық қазақтардың беделін арттыра түсті. Міне, сондықтан Түркия астанасы Анқара қаласында 2010 жылы маусым айында Назарбаевтың ескерткіші орнатылды. Түрік елінде басқа ешбір елдің биліктегі президенті үшін мұндай ескерткіш орнатылмағанын ескерсек, бұл түріктердің Елбасына және ол арқылы қазақ халқына деген жоғары ілтипат сезімдерін аңғартса керек. Түркиялық қазақтарды қуанышқа бөлеп тебірентіп, толқытқан жайт – Елбасының тәуелсіздіктен кейінгі алғашқы жұмыстарының бірі, әлем қазақтарының тұңғыш рет бас қосуын, ол кездегі ел астанасы Алматыда қамтамасыз ету болды. 1992 жылы тарихта тұңғыш рет ұйымдастырылған дүниежүзілік қазақ құрылтайына Түркиядан 104 өкіл қатысып, алғаш рет табандары атамекен топырағына тиді. Осы басқосудың маңызды шешімдерінің бірі Дүниежүзі Қазақтары Қауымдастығының құрылуы болды. Оның төрағалығына Нұрсұлтан Назарбаев бір ауыздан сайланды. Содан бері өткен 20 жылда Қазақстанның түркиялық отандастарына деген ыстық ықыласы ерекше көзге түсуде. Түркия қазақтары атамекенін, дұшпанды жерге қаратып, досты сүйсіндіретін өздеріне деген осынау жылы ілтипатының қадірін біледі. Сондықтан Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтан бастап бүкіл Қазақстан халқына алғысын айтып, Аллаға шүкіршілік етіп келеді. Сонымен қорытындылап айтар болсақ, қазіргі таңда Түркия қазақтарының атамекенмен байланыстарында ешқандай кедергі келтірерлік жәйт жоқ. Дегенмен түркиялық қазақтар мен Қазақстан арасындағы осы байланыстар ойдағыдай және жеткілікті мөлшерде болып отыр деп айта алмаймыз. Басқа сөзбен айтқанда, осы байланыстарда ниеттің дұрыс, ықыластың жоғары екенін мойындасақ та, әсіресе соңғы жылдары жалпы алғанда атамекен мен шетел қазақтары арасындағы ыстық ықыласты байланыстарда саябырлау болғаны назардан тыс қалмауда. Мұның себебі не? Неліктен 21 жыл бұрын қызу да тебіреністі толқулы басталған байланыстар сол бағытынан тайып, екпінін жоғалтып отыр? Бұл мұқият зерттелуге тиіс тақырып сияқты. Мұның басты себебі, біздің ойымызша, саясат-стратегия белгілемей, қалай болса солай сезімнің жетегінде жүре беретін қазақи дағдымызда болса керек. Атамекен мен шетел қазақтары арасындағы байланыстар да, өкінішке қарай, ақыл-ой негізінде емес сезім мен той негізінде жалғасып келеді. Біздің ойымызша, бұл байланыстар тәуелсіз Қазақстан мемлекетінің мүддесін айқындаған диаспора саясаты арқылы жүргізілуге тиіс. Бүкіл дүниежүзі қазақтарының бір-ақ мемлекеті бар. Ол – Қазақстан. Сондықтан шетелдердегі 5 миллион қазақ та ел мүддесі үшін, Қазақстан мемлекеттігі мен тәуелсіздігін баянды ету үшін әрқандай да бір пайдасын тигізуді өзіне абырой санайды. Бірақ бұл абыройға қалай қол жеткізбек? Елге қалай пайдасын тигізбек? Халықаралық тәжірибеде іргелі елдердің диаспоралық қауымдастықтарды ел мүдделері үшін тиімді пайдаланып отырғаны мәлім. Қазақстан бүгінге дейін диаспора дегенде тек оларды көшіріп елге әкелуді ойластырды. Осы орайда көші-қон саясатын белгіледі. Ал бұған қоса көшпеген қазақты немесе көшіріп алуға мүмкіншілік болмаған миллиондаған қазақты тұрған елдеріндегі Қазақстан мүддесі үшін қалай пайдалану керектігі жөнінде саясат белгіленген жоқ. Тым болмағанда Қытай, Ресей, Өзбекстан, Моңғолия, Түркия сынды елдердегі отандастар Қазақстанның сол елдермен достық байланыстарын одан әрі нығайтуға, инвестиция тартуға, имиджін көтеруге, қазақтың мәдениетін танытуға, Қазақстан туризмін күшейтуге, Қазақстан туралы оңтайлы қоғамдық пікір қалыптастыруға атсалысулары керек. Міне, сол үшін Қазақстанның диаспора саясаты айқындалу керек, белгіленетін осындай саясатты іске асыратын диаспора министрлігі құрылу керек. Сонда ғана атамекен мен шетел қазақтары арасындағы байланыстар екі жақты мүддеге негізделген тұрақты арнасына түсе біледі. Әбдіуақап ҚАРА, Шоқайтанушы ғалым