Жаңалықтар

МИНИСТРЛЕРДІҢ МІНБЕРІ

ашық дереккөзі

МИНИСТРЛЕРДІҢ МІНБЕРІ

Жер шарының 30 мемлекетінен жиылған сауда министрлері құрлық арқылы сауда жасаудың тиімді жолдарын, ДСҰ-ға өтудің шарттарын талқыға салды.

Кеше Теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ дамушы елдердің сауда министрлері Алматыда кездесті. ҚР Экономикалық даму және сауда министрлігінің ұйымдастыруымен, осымен төртінші бас қосып отырған министрлер халықаралық сауда, сауда процедурасын жеңілдету және сауда саласындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқыға салды. Жер шарының түкпір-түкпіріндегі теңізге шыға алмайтын 30 мемлекеттің сауда министрлері, Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше елдер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысатын бұл шара алғаш рет 2005 жылы ұйымдастырылыпты. БҰҰ-ның 2014 жылы өткізетін Теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ дамушы елдердің конференциясына Алматы іс-қимыл бағдарламасын ұсынуды жоспарлап отырған үшкүндік кездесу барысында ҚР Экономикалық даму және сау­да министрі Бақытжан Сағынтаев, Лаос Халықтық-Демократиялық Республикасының өнеркәсіп және сауда министрі әрі Теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ дамушы елдер тобының төрағасы Нам Виякет, Парагвай Сыртқы істер министрінің экономикалық мәселелер жөніндегі вице-министрі әрі Теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ дамушы елдер тобының сауда және даму мәселелері бойынша Женевадағы үйлестірушісі Мануэль Мария Касерес, Біріккен Ұлттар ұйымы Бас хатшысының орынбасары әрі БҰҰ-ның Теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ дамушы елдер бойынша Жоғары өкілі Гьян Чандра Ачарья, Дүниежүзілік Сауда Ұйымы бас директорының орынбасары, Дүниежүзілік банктің Қазақстандағы тұрақты өкілі Шебнем Аккаямен бірге Орталық Азиядағы Тәжікстан, Армения, сондай-ақ, Боливия, Замбиа, Непал т.б. Орталық Африка, Оңтүстік-Шығыс Африканың басқа да мемлекеттерінің өкілдері экономика саласына қатысты бірқатар маңызды мәселені қаузады.

Бүгінгі отырыста ҚР Экономикалық интеграция министрі Жанар Айтжанова тізгінін ұстайтын бірнеше отырыста дамушы елдердің Дүниежүзілік сауда ұйымына тез арада мүшелікке өтуі, шекара бекеттеріндегі сауданы жақсартуға ықпал ету, әсіресе мемелкеттік органдардың әлеуетін күшейту, кеден бекеттерінде қолданатын түрлі халықаралық келісімдер мен шарттардың кедергісіз жүзеге асырылуын қадағалау сияқты проблемаларды шешудің жолдарын қарастырды.

Теңізге шығуға мүмкіндігі жоқ дамушы елдердің сауда министрлерінің төртінші кездесуінде Астана EXPO-2017 Халықаралық мамандандырылған көрмесін өткізуге Қазақстан тарапынан ұсынылатын өтініш талқыға салынады.

Нәзия ЖОЯМЕРГЕНҚЫЗЫ