ҚАЛАМЫН ҚАРУ ЕТКЕН

ҚАЛАМЫН ҚАРУ ЕТКЕН

ҚАЛАМЫН ҚАРУ ЕТКЕН
ашық дереккөзі

Өткен ғасырда өмір сүрген, қоғам өміріне белсене араласқан қазақтың біртуар азаматтары жетерлік. Солардың бірі – көзі тірісінде аты аңызға айналған қаһарман партизан, майдангер жазушы, әдебиеттанушы ғалым, қоғам және мемлекет қайраткері Әди Шәріпов. Өмірі өнегеге, тұла бойы тұнып тұрған тәлім-тәрбиеге толы Әди ағамыз саналы ғұмырын қазақтың бүгінгі тәуелсіздігі жолында сарп еткенін бүгінгі ұрпақ өкілдерінің бірі білсе, бірі білмейтіні жасырын емес. Мектеп оқушылары мен оқырман қауымға «Партизан қызы» атты повесімен кеңінен танылған жазушы өмірінің беймәлім қырларын жан-жақты толықтыратын естеліктер жинағы қолымызға тиді. («Жақсылыққа жаралған жүрек», «Орхон» баспасы. 2011 ж.) Жинақты құрастырған Әдекеңнің артында қалған жары, әрі мұрагері, филология ғылымдарының кандидаты – Клара Жағыпарқызы Мыңжасарова. «Орнында бар оңалар» дегенді атам қазақ тегін айтпаған. Бұл тұрғыда Әди Шәріповтің екінші өмірі де жарқын болды деп айтуға негіз бар. Алматы қаласында оның атында көше, мектеп, мұражай бар. Осылардың барлығы да Клара Жағыпарқызының талмай ізденгіштігі мен тиянақтылығының арқасында жүзеге асқан.

Естеліктер жинағына әр жылдары жазылған замандастар лебізі мен арнау өлеңдер, естеліктер мен эсселер, сұхбаттар мен мерейтойлық мақалалар енген. С.Мұқанов, С.Мәуленов, Қ.Қайсенов, М.Әлімбай, Ғ.Қайырбеков, Ә.Нұршайықов, Т.Молдағалиев, М.Рәш сынды ақын-жазушылардың жылы лебіздері мен М.Қаратаев, Т.Нұртазин, С.Қирабаев, Ш.Елеукенов, Т.Кәкішев, Ә.Нарымбетов және басқа әдебиеттанушы ғалымдардың ғылыми және көпшілік мақалалары өткен ғасырдағы қазақ мәдениеті пен әдебиеті жөнінде сыр шертер дүниелер. Кітаптың алғысөзінде Дидахмет Әшімханұлы Әди Шәріповтің «ұлты үшін, елі мен жері үшін, мемлекет пен қоғам үшін арпалыспен ғұмыр кешкен, осы жолда өзін күрескерлікпен шыңдай білген кесек тұлға» екендігін жеткізе айтқан. Кітапқа енген естеліктер мен мақалалар тұтаса келіп Әди Шәріповтің сом бейнесін көз алдымызға елестетеді. Мұзафар Әлімбай өз естелігінде «Әди» дегеннің араб сөзі екенін, оның «Лектің алдындағы жауынгер» деген мағына беретінін есімізге салады. Біздің кейіпкеріміздің ата-анасы көптің бірі емес, бірегейі болсын деген ниетпен ұлдарына «Әди» деген есім қойыпты. Ғаббас Садықұлы өз естелігінде Әдекеңнің өсіп-өнген әулеттен, текті жерден шыққандығын тарата сөз етеді. Оның айтысына қарағанда, Шығыс Қазақстан облысы, Жарма ауданы, Былқылдақ ауылының тумасы Қайранбай ақсақал – Уфа қаласындағы медреседе оқып, 1890 жылы өз қаражатына ауылдан медресе салдырып, қазақтың қара сирақ балаларын білім нәрімен сусындатқан жан. Бұл медресе 1913 жылы жалпы білім беретін мектепке айналған. Указной молда қызметін атқарған ол медресе жанынан интернат ашып, заман талабына сай орыс мұғалімдерін шақырып, біртіндеп жаңаша оқуға көшірген. Халқының жарқын болашағы үшін жасалған осындай игілікті шаруаны сол елдің азаматтары күні бүгінге дейін ұмытқан емес. Аузында Алласы, қолында Құраны болған «Қайранбай қажылыққа аттанарда өзімен бірге туған құдасы Мәлікті, ұлдары Шәріп пен Дәуітті бірге алып кетеді». Жиырмадан жаңа асқан Шәріп Меккеде қайтыс болып, Мекке қаласындағы орталық мешітке жерленеді. Қайранбай қажылығын атқарып, қайтып келе жатқанда Пенза қаласында дүниеден озады. Осылайша әкелі-балалы екеуі де қажылық сапарда көз жұмады. Ол кезде Қайранбай ақсақал исі мұсылман қауым арман ететін қажылық сапардың болашақта өз ұрпағын қуғын-сүргінге ұшырататынын білген жоқ еді. Қажының ұлы Халел мен қызы Бибісара 1932 жылы шаш ал десе, бас алатын кеңес жандайшаптарынан Қытай асып құтылса, Дулат, Фазыл, Садық сынды ұлдары «жапонның шпионы», «халық жауы» деген айыппен 1937 жылы ату жазасына кесілді. «Жау жоқ деме, жар астында» дегенді атам қазақ тегін айтпаған, себебі, елдің сүйіктісіне айналған Қайранбай ақсақалдың халқына жасаған қамқорлығына іштарлық танытып, оны саусағының ұшымен көрсеткендер де өзіміздің белсенділер еді. Бұл қуғын-сүргіннен әкеден екі жасқа жетер-жетпесте қалған Әди де аман құтыла алмады. Абай атындағы Қазақ педагогикалық институтында оқып жүргенде Смағұл Бағадайұлы деген белсендінің «Қасқырдың бөлтірігі» деген мақаласы шығып, «Әкесі Шәріп, ірі бай және қажы болған» деген айыппен комсомолдан шығарылады. Комсомолдан шығарылған соң, оқумен қош айтысатынын білген ол ұстазы Митрофан Семеновичтің «демалысқа шыққаның дұрыс болар» деген ақылымен құжаттарын жинап алып, көрші жатқан Өзбекстанға Тәшкент қайдасың деп тартып отырады. Дәріс берген ұстаздарымен бірге курстас достарына дейін сыпыра ұстап, төңірегін тып-типыл етіп жатқанынан заманның беталысын байқаған ол Қазақстанның іргесінде тұрған қалада ұзақ жасырына алмайтынын біліп, Түркіменстанның Красноводск қаласынан бір-ақ шығады. Осылайша, «Жазығың» – баласы болғаның қажының» деп Мұзафар Әлімбаев айтқандай, әкесінің қажылықтан келгенін көрмеген Әди қажының баласы болғаны үшін қуғын көріп, жапа шекті. Ел іші тыныштала бастаған соң, 1938 жылы оқуын қайта жалғастырып қолына дипломын алады. Қаскелең орта мектебіне барып қазақ тілі мен әдебиеті пәніне сабақ беріп жүргенде, 1939 жылы әскерге шақырылады. 1941 жылы Ұлы Отан соғысы басталып, күзетте тұрған жауынгер бірден қан майданға арласады. Отызыншы жылдардағы жаппай қудалауда өз басын арашалау үшін басталған күрес, қырқыншы жылдары Отанды басқыншы жаудан қорғауға ұласты. Бұл жылдарды өз естелігінде Сәбит Мұқанов: «Ұлы Отан соғысы күндерінде Әдиді «жоғалтып» алдық. «Қайда?» деп жүрсек, армия қатарындағы ол жаудың қоршауында қалған екен де, совет партизандарының қозғалысына қатынасып, ірі отрядқа бастық болу сияқты жауапты жұмыстарды атқарып, зор абыройға ие болған екен. Әди қызмет атқарған партизан қосыны Белоруссия жерінде болған. Бұдан жеті-сегіз жыл бұрын Белоруссияның біраз өлкелерін аралап түскенімде, «Сашка қазақ» аталған Әдиді білмейтін белорус адамын көрген жоқпын. Қарапайым белорустың ұғымында Әди «ертегілік батыр». Неге олай дейтіндерін Әдидің 1961 жылы «Партизан қызы» деген атпен басылып шыққан көлемді кітабы (234 бет) баяндап береді», – деп еске алады. Соғыстың алғашқы күнінен бастап қолына қару алып, Мухин орманына кірген ол партизан бригадаларын құрып, жаудың тылына тұтқиылдан шабуыл жасады. Белоруссия, Смоленск, Орел, Брянскіні жаудан қорғаған ол жиырма жеті айға созылған үздіксіз арпалыста үш рет жараланды. Сол жақ кеудесінен тиіп, қабырғасын қиратып кеткен оқты майдан даласында операция жасатып алып тастап, қайта соғысқа кірген Әди Шәріпов шынында да кешегі жырға айналған батырлық эпостардағы батырлардың бүгінгі жалғасы еді. Әди Шәріпов өміріндегі күрескерлік соғыс біткен соң, бейбіт өмірде басқа арнаға ауыс­ты. 1944 жылы жараланып елге оралған ол Қазақстан Республикасы Оқу министрінің орынбасары болып тағайындалды. Бұл кездегі еңбегін Украина жерінде партизан отрядын басқарған майдангер ақын Жұмағали Саин партизан жазушы Қасым Қайсеновке: «Ол қазір де соғыс кезіндегісіндей мықты. … соғыс уақытында, сонау жау тылында мыңдаған партизандарға саяси басшылық етсе, қазір жүз мыңдаған оқытушылар мен оқушыларды басқарады. Болашақ партизандарды, ақындарды, ғалымдарды дайындауға басшылық етеді», – деп таныстырады. Шынында да Оқу министрлігінде мектеп оқулықтары бөлімін басқарған Әдекеңнің алдында қазақтың болашақ батырлары мен отанын сүйген патриоттарын тәрбиелеу міндеті тұрды. Қайда жүрсе де алдынан үлкен міндеттер күтіп тұратын ол мұнда да қыруар шаруаға кезікті. Бұл – Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Е.Ысмайылов, Қ.Бекхожин сынды мектеп оқулықтарының тәжірибелі авторлары қуғынға ұшыраған кез еді. Оның З.Қабдолов, А.Нұрқатов, М.Базарбаев, С.Қирабаев, Б.Сахариев сынды жастарды жинап алып, оларға шұғыл тапсырма беріп, жаз бойы жұмыс жасауға жағдай жасағанын 1951 жылдан бері мектеп оқулғының авторы болып келе жатқан С.Қирабаев: «Бәріңді де білем, жазғандарыңды оқып жүрмін. Сендерден ұлтшылдық таба қоймас», – деді. Бізге 9-кластың оқулығын жазуды ұсынды. Біз «тәжірибеміз жоқ, қалай болар екен» – деп, күдік айтып едік, «көз қорқақ, қол батыр», істеуге шамаларың келеді. Бәріміз қараймыз, көмектесеміз, тек тезірек кірісу керек» деп жеделдетті», – деп еске алады. Он төрт жыл министрдің орынбасары, бес жыл Оқу министрі болған ол оқу ағарту, білім саласында атқарылар әрбір істі өзі қадағалап, тікелей араласа жүріп талай шаруаларды игерді. Солдардың бірі ана тілі үшін күрес болса, екіншісі аралас мектептерді жойып, қазақ мектептерінің санын көбейту жолындағы шайқас еді. Қазақстанның астанасы Алматы қаласындағы жабылып қалған №12 жалғыз қазақ мектебін қайта аштырған да Әди Шәріпов болатын. Тың және тыңайған жерлерді игеру тұсында қазақ мектептері жабылып, аралас және орыс мектептерінің саны есептен тыс көбейе бастады. Мемлекет тарапынан жүзеге асып жатқан осындай бассыздықтарға тойтарыс беру ежелгі партизанның ғана қолынан келер игілікті іс еді. Әди Шәріпов өміріндегі күрес осылайша бейбіт өмірде де өрши түсті. Ол Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары қызметінде жүргенде, сол кездегі Орталық комитеттің бірінші хатшысының алдына келелі мәселелер қойып, оларды дер шағында шеше білді. Олардың ішінде қазақ халқының денсаулығын сақтау жолында өз ісін жетік білмейтін Денсаулық сақтау министрін қызметінен босатып тастағанын, Алматы, Шымкент, Семей, Қарағанды, Орал қалаларынан бірнеше жоғары оқу орнын ашқанын айтсақ та жетіп жатыр. Әди Шәріповтің Жазушылар одағының бірінші хатшысы болған 1966-1970 жылдары да жемісті болды. Сол жылдарды ҚР Ұлттық Ғылым академиясының академигі Көпжасар Нәрібаев «Аяулы Әди ағаның әңгімелері» атты естелігінде: «Ең маңыздысы, Одақтың осал жері – материалдық базасын нығайтуға кірісті. Көптеген жазушыларға қаланың үйлерінен жаңа пәтер бергізді, ал жазушылардың өздеріне арнап екі үлкен тұрғын үй тұрғызды. Сонымен қатар, жазушылардың шығармашылық үйі соғылды, конференц-зал және кафе салынды. Сөйтіп, Әдекеңнің кезінде жазушы бауырларымыз бір жарып қалды, ол кісінің бітірген тірліктерін олар осы күнге дейін жыр қып айтып та, жазып та жүр», – деп еске алады. Жазушы Ғаббас Қабышұлы «Әди Шәрі­повтің бір ерлігі немесе «Қилы заман­ның» қайта басылымы қалай шықты?» деген сұхбатында М.Әуезовтің «Қилы заман» повесін Ә.Шәріповке аманат етіп кеткеніне, көп қиншылықпен ол шығарманың жарық көргеніне ерекше тоқталады. Сұхбаттағы: «Мұхаңның сол бір аманатын орындай алғаныма шүкіршілік еттім… Пантиелев «Новый мирде» шықты деп сүйінші сұрап телефон соққанда, несін жасырайын, қуанғаннан көзімнен жас ыршып кетті. Ал, «Лихая година» делініп кітап болып, қолыма тигенде кабинетімді ішінен жауып алып, балаша еңкілдедім», – деген Әдағаңның үні тағы құмықты. Ұмтыла еңкейіңкіреп отырып, қалтасынан қолорамалын алып, көзіне басты», – деген жолдар Әди Шәріповтің тұлғасын биіктете түсері даусыз. Осылайша, 1928 жылы Қызылорда қаласында жарық көрген «Қилы заманға» «феодал-ұлтшыл жазған кітап, советтік өмірдің өңін айналдырған, жоқтан бар жасалған» деп айып тағылып, таралуына тыйым салынған кітапты да жарыққа шығарған Әдекең болатын. «Жас Алаштың» арнаулы тілшісі Нұрлан Нұрахметұлына берген сұхбатында Амет Байтұрсынұлын көргенін, оның «Әдебиет танытқыш» еңбегін, М.Әуезовтің «Қилы заман» және 1911 жылы Уфа қаласынан шыққан «Бала тұлпар» поэмасын қалай сақтағанын ол былайша еске алады: «Бұл кітаптарды сақтау оңай болмады. Кітабын оқымақ түгілі зиялылардың есімін атау мүмкін емес еді ғой. Алайда, адамнан қулық артылған ба? Кітаптарды шөлмектің ішіне салып, ауа кіретіндей труба қойып, ағаштың түбіне тықтым. Біздің Мариновка деревнясының Былқылдақ деген өзені маңында жалғыз ағаш өсетін. Екі жыл бойы сол маңда кітап тығулы жатты. Соғысқа кетер алдында алып, пайдаланып, жақын ағайындарыма қалдырдым. Өйткені оларға ешкім күдік келтіре алмайтыны анық еді». Ол М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтына директор болған 1970-1979 жылдары да қыруар шаруаны тындырды. Ғалымдардың әлеуметтік жағдайын көтеріп, олардың көпшілігіне пәтер кілтін беріп, ғылымға жас кадрларды көптеп тартты. Тұрсынбек Кәкішевтің «Қамқоршы» атты естелігіндегі қолынан жетектеп әкеп, «мақтауын асырып» Әдекеңе өткізген Болатжан Әбілқасымов, Тұрсынбек Баймолдаев, Анарбай Бұлдыбай, Жаңғара Дәдебаев, Байділхан Балажанов, Құлбек Ергөбеков, Балтабай Әбдіғазиев сынды шәкірттерінің бүгінгі таңда әдебиеттің белгілі майталмандары болғаны анық. Бұл қатарды Әдекеңнің тұсында аталған институтқа келген Шәкір Ыбыраев, Дандай Ысқақұлы, Серік Негимов, Бақытжан Майтанов сынды ғылым докторлары толықтыра түседі. Сол жылдарды аға шапағатын көрген шәкірттерінің бірі, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов: «…ғылым докторының санын 19-ға, ал, ғылым кадидаттарының санын 48-ге жеткізген еді. Ұжымның ынтымақ-берекесін ықтиаттап, тастүйін ғып ұстады. Әрі турашыл, әрі ақкөңіл, әрі жанашыр еді. «Ақ бидайдың ұны, ақ түйенің шабысуына піседі» дегендей, өзгенің жетістіктеріне, жақсылықтарына қуанып отырушы еді. Саңқылдап сөйлеп, қанаттандырып, жан-жағына мырзалықпен нұр шашып жүретіні әлі есімде», – деп есіне алады. Көріп отырғанымыздай, қолымыздағы «Жақсылыққа жаралған жүрек» атты естеліктер жинағы Әди Шәріповтің өмір белестері арқылы қазақтың кешегі кеңестік дәуір тұсындағы өткен өмірінен толық хабар береді. Бар ғұмыры күреске толы ағамыз аға қойшы болып қаражат жинап, астындағы жалғыз атын сатып Семей педагогикалық техникумына түседі. 1932 жылы Жаңа Семейде аштықтан қырылып жатқандарды көрген Е.Бекмаханов екеуі Алматыға қарай жол тартып, жоғары оқу орнынан білім алуға бел байлайды. Сол кезді Әди Шәріпов: «Адамдар аш. Өлік көп. Біз ақыры Семейден кетуді ұйғардық. Алматыға жол шектік. Аякөз станциясына келгенде тексерушілер екеумізді пойыздан шығарып жіберді. Ол жерде де аш адамдар, қаптаған өлік кездесе берді. Бір кездегі құлпырып, жайқалып жататын қазақ даласы өлік сасып кеткендей әсер қалдырды», – деп еске түсіреді. Халқын шынайы сүйген, ұлты үшін қандай отқа болса да күйген Әди Шәріпов ағамыз қазақ қанша жасаса, солармен бірге сонша жасай бермек.
Гүлжаһан ОРДА,
филология ғылымдарының докторы.