Жаңалықтар

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҮКІМЕТ АУЫСТЫ

ашық дереккөзі

ҚЫРҒЫЗСТАНДА ҮКІМЕТ АУЫСТЫ

Үкімет құрамы отставкаға кеткен соң премьер-министрлікті уақытша атқарып жатқан Өмірбек Бабанов 1 қыркүйекте өз арызымен қызметінен кетті. Бұлай етпеген күннің өзінде де оның өкілеттігі көпке ұзамайтын еді.

Парламентте көпшіліктің фракциясын құру арқылы жаңа үкіметті жасақтауға мемлекет басшысынан мандат алған Қырғызстан социал-демократиялық партиясы (ҚСДП) санаулы күнде «Ата Мекен» және «Ар-Намыс» партияларымен мәмілелесіп, мақсатына жетті.

ҚСДП өзінің бастамашылық құқығын пай­да­ланып, Қырғыз Республикасы Президентінің аппарат басшысы Жантөре Сатыбалдиевті Премьер-министр қызметіне талапкер етіп ұсынып, оны және жаңа үкіметтің құрамын бекітуді Жоғарғы Кеңештің күзгі бірінші сессиясына ұсынды.

Жантөре Сатыбалдиев ешқандай пар­тия­ның мүшесі емес, бірақ ҚСДП-ыны ұйымдастырушы, қазіргі президент Ал­мазбек Атамбаевтың үзеңгілесі. ҚСДП оның талапкерлігін он ойланып, жүз толғанып ұсынып отыр. Жиырма жылдан бері жоғарғы жетекшілік қызметтерде үзірлі істеп келе жатқан Ж. Сатыбалдиевтің басты артықшылығы, ол кіммен болса тіл табыса алатын қырағы кісі.

Жоғарғы Кеңеш премьер-министрдің кандидатурасын қарау үстінде бірінші кезекте болашақ үкімет басшысының өлкені дамыту бағдарламасына көңіл қоюда. Жантөре Жолдошұлы А. Атамбаевтың премьер-министр болып тұрғандағы бағытын жалғастырып, сонымен бірге бірқатар жаңа істерді де қолға алмақшы.

Атап айтқанда, үкімет билік сатысын бекемдеу үшін бірнеше заңдарды қабыл алуға ұйытқы болады. Саяси қызметтер қысқартылады.

Еске сала кетсек, Қырғызстанда бұдан бірер ай бұрын губернаторлық (облыс әкімшілігінің басшысы) жойылып, оның міндеттерін Президенттің облыстардағы өкілдері орындай бастаған. Облыс территориялық бірлік ретінде ғана сақталып қалды. Сондай-ақ, әкімшілік-аймақтық реформаға сәйкес, бүгінгі күнде бюджеттік қаржыландыру республикалық және ауыл үкіметінікі болып, екі сатыдан тұрады.

Ауыл шаруашылығындағы мәселелерді шешу үшін Ж.Сатыбалдиев мемлекеттік-жеке әріптестік заңнамаларының негізінде республиканың әрбір ауданында кооперативтерді және машина-трактор станцияларын ашуды көздеуде. Диқандарға ендігі жылы, жалпы алғанда, 2 миллиард сом арзанырақ несие берілмекші.

Құқық қорғау, сот және фискальдық ор­ган­дар­ды реформалау жүргізіледі. Парламенттің «Ата-Мекен» партиясының жиналысында өз бағдарламасына қысқаша шолу жасаған кандидат қазіргі уақытта бюджетке кеден және салық түсімдері болжалдағаннан 1,2 млрд. сом кем түсіп жатқанын айтып, бұл екі фискальдық мекемеге әкімшілік бақылау кіргізілетінін білдірді.

Сондай-ақ, ол қыс науқанға республика әзірлігінің тым нашар екендігін айта келіп белгілеп, халықты отын және жылумен қамтамасыз етумен әрдайым премьер-министр тікелей айналысуы керектігін құлаққағыс етті.

Жаңа үкімет сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті жандандырады. Ол үшін Үкіметтің қарамағындағы коррупцияға қарсы күрес мекемесі Президенттің құзырына алынуға тиіс. Өйткені үкімет өзіне өзі қарсы күресе алмайды. Ж. Сатыбалдиев сыбайлас жемқорлықтың үлкен ортасы мемлекеттік сатып алу саласында екендігіне тоқталып, бұл бағытта да өзгерістер болатынын мәлімдеді.

Баяндамашы сот органдары жөнінде мәселе қозғалғанда, тергеушіге 12 мың сом айлық төленіп жатса, одан әділдікті күту мүмкін еместігін айтып, құқық қорғау, сот, прокуратура қызметкерлерінің еңбекақысын көбейту сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің шарттарының бірі екендігін еске салды.

Парламенттік оппозицияда қалған «Ата-Жұрт» партиясының лидері Садыр Жапаров: «Президент, премьер-министр және спикер бір партиядан ұсынысталғандықтан Алмазбек Атамбаев енді үкіметтің жауапкершілігін де мойнына алуы тиіс. Егер жаңа үкімет ойдағыдай істей алмаса, мемлекет басшысы да елдің алдында жауап берсін», – деп отыр. Ж. Сатыбалдиевтің баяндамасына орай ол «Қандай жақсы бағдарлама жасалсын, премьер-министр, министр, облыс жетекшілері адал істемесе, Қырғызстан алға ілгерілемейді. Егер олар таза істесе, Қырғызстан жаман бағдарламамен — ақ алға жылжиды» деген пікірін айтты.

Бұрын оппозицияда бір ғана «Ата-Жұрт» фракциясы болса, оның қатарына Өмірбек Бабанов жетектеген «Республика» фракциясы қосылды. Сөйтіп, партия үкіметтегі бес қызмет орнынан – премьер-министрліктен, сыртқы істер, төтенше жағдайлар, энергетика және өнәркәсіп министрлері, үкіметтің аппарат басшысы қызметтерінен айрылды.

Ө. Бабановтың қызметінің соңғы күні Қырғызстанның Тәуелсіздік күні – 31 тамызға тура келді. Ол мереке құрметіне сол күні өзінің 8 миллион сом қаражатына Бішкекпен іргелес Боз Бөлтек ауылындағы қырға биіктігі 75 метрлік қырғыз туын орнатып берді. Рәсімге Президент А. Атамбаев, Жоғарғы Кеңештің төрағасы А. Жээнбеков қатысты. Салтанатта сөз сөйлеген мемлекет басшысы: Қырғызға ештеңе ұнамайды, үкіметке де еш уақытта көңілі толмайды, тіпті кейбіреулерге туымыздың қызыл түсі де. Айнаға қараса, өзінің өңі өзіне ұнамайды. Келіңдер, өзімізді өзіміз сыйлайық», – деп әзіл араластырып, ащы шындықты айтты.

Іле-шала қыркүйектің алғашқы күндерінде «Ақ үйдің» жанында «Жоғарғы Кеңеш тарасын» деген ұранмен парламенттің құрамын ұнатпағандардың кішігірім ереуілі болып өтті. Оған қырықтай адам жиналса да, оқиға парламентті таратуға мүдделі күштердің бар екендігін айғақтады.

Назарбек БАЙЖІГІТОВ,

«Түркістанның» Қырғызстандағы тілшісі