ҰЛТТЫҚ АСЫМЫЗДЫ ӘЖУАҒА АЙНАЛДЫРЫП...

ҰЛТТЫҚ АСЫМЫЗДЫ ӘЖУАҒА АЙНАЛДЫРЫП...

ҰЛТТЫҚ АСЫМЫЗДЫ ӘЖУАҒА АЙНАЛДЫРЫП...
ашық дереккөзі
Қазір кейбір телеарна тілшілері шұрайлы қазақ тілінің берекесін қашырып бітті. Оны өздері білсе де, білмегенсиді. Бірақ әй қайдам, бәзбір қазақ тіліне шорқақ тілшілер мұның астарына үңілмейтін де шығар… Неге екені белгісіз, бүгінде еліміздің теле­арналары ұлттық тағамымыз – етті «бесбармақ» немесе «бешбармақ» деуді әдетке айналдырған. Бұл не? Сауат­сыз­дық па, әлде санасыздық па? Қазақ қашан ұлттық тағамын «бесбармақ» деп атаушы еді? Мейлі, жас тілшілер мұны білмеді делік. Қазақтың тұрмыс-салтынан, әдет-ғұрпынан хабары жоқ дейік. Ау, сонда телеарна басшылары ай қарап жүр ме? «КТК» арнасы жаңа маусымда­ «Бешбармақ-шоу» аспаздық бағ­дар­ла­масын ұсынбақ екен. Оны күн сайын­ жарғақ құлағы жастыққа тимей жарна­малап та жүр. Тіпті «Еліміздің ыстық тұсаукесері» деп әспеттеп қоятынын қайтесіз. Әрі жаңа жобалар мен бағдарламалардың көбі жеңіл-желпі дүниеге негізделіп барады. Тағы оны жүргізетін білімі таяз, кәсіби біліктілігі төмен әншілер. Айтпағым да бұл емес, жанымды ауыртатыны – қазақтың қай баласы ұлттық тағамды «бешбармақ» деп мәймөңкелеуші еді? Ол ол ма, бес саусақты «бешбармақ» деп атау қайдан шықты? Біздің екі қолымызда екі-ақ бармақ бар емес пе?! Көпшілік арасына «бешбармақ» деп айтуды машыққа айналдырған басқа емес, қазақ журналистері екендігіне налисың. Кез келген дәмханада әр халықтың ұлттық тағамы өз атауымен аталады. Мысалы ас мәзірінде «өзбек палауы», «ұйғыр лағманы», «татар азуы» деп тұрады. Сорақысы сол, қазақша етті «Бешбармақ» деп құлаққа сіңіріп, бажырайтып жазып қоюдан да қысылмайтын болдық. Бұл не масқара? Бір сөздің әбден таптаурын болып кеткендігі соншалық, қазір былайғы жұрттың өзі «Ет» немесе «Қазақша ет» тағамын «Бешбармақ» деп атауға бейімделіп кетті. Демек олар бұл сөздің түп-төркінін білмейді. Сонау ел басына нәубет туған ашаршылық жылдары Голощекин Орталық Комитетке: «Қазақтар етті көп пайдаланады екен және оны қолымен жейді. Сондықтан да оны «бесбармақ» деп атайды екен» деп әжуа мен кекесінге толы есеп беріпті. Бұл деректің астарында қазақты жабайы халыққа теңеген қитұрқы саясат жатыр емес пе?! Біле білсек, отаршы елдің қазақтың ұлттық асын мазаққа айналдыруы сол заманнан басталған. Ал туған халқының ұлттық тағамын бұрмалап, оны «Бесбармақ» немесе «Бешбармақ» деп айтып жүргендер осыны біле ме екен?! Әй, қайдам… Оларға ұлттың намысы мен ар-ожданының құны көк тиын сияқты. Өзінің ұлттық асын «бесбармақ» деп, жалпақ жұртқа күлкі боп жүргені содан да шығар.
Тоғжан ӘШІМ