Жаңалықтар

КӨКТӨБЕДЕ САЛЫНАТЫН МЕШІТ КӨПКЕ СОЗЫЛДЫ

ашық дереккөзі

КӨКТӨБЕДЕ САЛЫНАТЫН МЕШІТ КӨПКЕ СОЗЫЛДЫ

Бас мүфти, шейх Әбсаттар қажы Дербісәлі елімізде мешіттердің саны 2467 мешітке жеткен десе де, Алматы секілді алып шаһарда мешіттің аздығы сезіліп жүр. 2010 жылдың 1 қаңтарындағы ресми статистика бойынша, қалада 1 479 500 адам тұрған. Оларға қызмет етіп жатқан мешіттер саны – 33. Ал 186 мыңға жуық тұрғыны бар Алмалы ауданында бір-ақ мешіт жұмыс істейді екен.

Әсіресе қасиетті жұма күні жұма намазға жиналатын жамағаттың жаң­быр­лы-қарлы күнге қарамай көшеде сәждеге жығылғанын көргенде, бұған нақты көз жеткізесің. Айталық, Алматы қаласының «Тастақ», «Ақсай» ықшам аудандарында халық тығыз қоныстанған. Бірақ әрлі-берлі көлік зырылдаған жолдың үстінен салынған мешіт шағын ғана. Өзi кiшкене ғана қуыстан орын тепкен мешiтке бас сұғатын жандар көп болғанмен, арнайы талаптар мен шарттарға жауап бере алмайтыны көңiлдi жабырқатады.Аллаға мінәжәт етуді парызы санаған исі мұсылман қауымы мұң-шағымын айтса да, әзірге құлақ асар ешкім жоқ.

Қазақстан — Ислам дiнiн ұстанатын зай­ырлы мемлекет. Елiмiздегi халықтың 70 пайызға жуығы мұсылмандар. Мұсыл­ман­дыққа бет бұрып жатқан қоғам үшiн iрi ме­шiт­тердiң ауадай қажеттiгi сезiлiп келедi. Әсiресе 1 жарым миллиондай тұрғыны бар Алматы сынды iрi қалаларда мешiттердiң аз болуы жанға батады. Имамдар да соңғы кезде Алланың үйi – мешiтке жастар мен жасөспiрiм балалардың жиi келетiнiн ерекше қуанышпен айтады. Әсiресе Рамазан айы кезiнде iшiп-жеуден тыйылып, ораза ұстап Құдайға құлшылық етудiң сырына тереңiрек үңiлетiндердiң саны жылдан-жылға артып келедi екен. Қасиеттi жұма күнi мешiтке ағылатын жастар хақ дiнiмiз – Ислам дiнi тұрғысында көптен берi мазалап жүрген сұрақтарына жауап алып, дiни сауатын ашуға мүмкiндiк алады.

Мұның бәрі қуанышты жайт, бірақ Алматы қаласында әлi күнге мешiт жетiспейдi. Мұсылман қауымы емiн-еркiн мiнәжат ететiн орын аз. Қаладағы сыйымдылығы жағынан ең үлкен мешiт Орталық мешiт қана болып тұр әзiрге. Ал осыдан үш жыл бұрын Елбасының өзi қадасын қағып, iргетасын қалап кеткен зәулiм мешiттi күтiп жүрген жұртта тағат жоқ. Өйткенi алдын ала жоспар бойынша, мешiт 2009 жылы пайдалануға берiлуi тиiс болатын. 2007 жылдың маусым айында Алматыға арнайы iссапармен келген Елбасы Н.Назарбаев қалаға бiр үлкен мешiттiң керектiгiне көз жеткiзiп, оның iргетасының негiзi ретiнде символикалық тас қойып, кескiндi жобасын бекiтiп бергендiгi есте. Алайда, одан берi талай жыл зымырап өте шықты, ал Көктөбеде салынатын көркем мешітті күтіп біз жүрміз.

Д. ДҮРМӘН