Жаңалықтар

ТАҒЫ ДА ЖАЛҒАН АҚПАР

ашық дереккөзі

ТАҒЫ ДА ЖАЛҒАН АҚПАР

Білім және ғылым министрлігі ұстаздардың Тамыз кеңесінде еліміздің мектептерінің 95 пайызы оқулықпен қамтамасыз етіледі деген болатын. Бұл жағымды жаңалыққа жүрегіміз де жылып қалған. Бірақ алғашқы қоңырау салтанатынан кейін-ақ көңіліміз су сепкендей басылды.

Ата-аналарды жинап, жаңа оқу жылының басталуымен құттықтаған мұғалім биыл оқулықтың жетіспейтіндігін төтесінен айтты. «Барлық ата-ана да, оқушы да тепе-теңдік дәрежесін сақтауы керек. Маған бәріңіз бірдейсіздер. Жеткенінше бөліп берем, қалғанын сатып аласыздар. Ал көпбалалы ата-аналар, сіздер де міндет қылмаңыздар. Ол үшін сіздерге жәрдем ретінде 46 мың теңге беріледі. Сол ақшаның 5 мыңына оқулық сатып алуға болатын шығар…», – деді көпбалалы ата-аналарға кезек-кезек қарап.

Иә, ешкім баласынан аянып қалмақ емес. Баласының уайымсыз білім ал-уын ойлайтын ата-ана қолындағы соңғы ақшасына кітап сатып алады. Әсіресе мына заманда «Білімсіздің күні қараң» екенін кез келген адам біледі. Мәселе, білім ұяларындағы жауыр болған – оқулық мәселесінің тапшылығында жатыр. Жыл сайын алдымыздан көсе-көлденеңдейтін түйткілдің шешілетін күні бар ма? Алматы қалалық Білім басқармасы қаладағы мектептерде білім алатын оқушылардың санына қарай, оқулыққа тапсырыс берсе, бұлай болмас еді ғой. Бұл бір биыл ғана емес, талайдан бері мезі қылған мәселе.

Оқулық жетпейді деген соң, дүйсенбі күні-ақ кітап дүкендерін араладым. Қажетті оқулықты таппағандықтан базарға жол тарттым. Содан не керек, 3 оқулықты 4 мың теңгеге сатып алдым. Жарайды, менің балама кітап сатып алуға жағдайым бар. Ал көпбалалы, әлеуметтік жағдайы нашар отбасы балалары қайтпек? Бұл министрліктің еліміздегі білім ұяларын 95 пайыз оқулықпен қамтамасыз еттік деген сөзіне қарама-қайшы емес пе? Біздің Үкімет жалған ақпар беруден әлдекімдермен іштей жарысқа түсті ме екен?!

Төлеген МЫРЗАҰЛЫ