ҚАНАҒАТСЫЗДАР МАТВИЕНКО ХАНЫМНАН КӨМЕК СҰРАДЫ
ҚАНАҒАТСЫЗДАР МАТВИЕНКО ХАНЫМНАН КӨМЕК СҰРАДЫ
Ресей премьері Дмитрий Медведевтің Санкт-Петерборда өткен бизнес-форумда 2015 жылдың қаңтарынан бастап құрылатын Еуразиялық экономикалық одақ аясында ортақ валюта енгізу жөнінде мәлімдеме жасағаны есте. Бұл шаруа Ресей Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенконың құзыретіне жүктелгендіктен бе, ол сол заматта-ақ «Ресей, Беларусь және Қазақстан арасындағы Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасы ресейлік рубль болуы керек. Себебі, рубль дүниежүзілік деңгейде мойындалған. Ортақ валютадан бөлек, ортақ тіл, ортақ шекара да керек» деген болатын.
Бұл жаңалыққа алғашқы кезде тосырқай қарағандар да, желп етіп құптай кеткендер де болды. Мәселен, экономист Мұхтар Тайжан Ресейдің Кеңес одағын қайта құруды қалайтындығын айтады. «Егер Ресей, Қазақстан, Беларусь елдерінің арасында ортақ валюта – рубль болатын болса, бұл Кеңес үкіметін құруға бағытталған ең үлкен қадамдардың бірі болмақ», – дейді ол. Ал кеңестік жүйенің ығынан шыға алмай жүрген Коммунистер партияның өкілі, мәжіліс депутаты Жамбыл Ахметбеков: «Еуразиялық одақ құрылса, ортақ тіл орыс тілі болуы әбден мүмкін. Ал қазір ұлтаралық тіл – орыс тілі болып тұр емес пе? Еуразиялық одақта ортақ тіл – қазақ тілі немесе беларусь, қырғыз, өзбек тілі бола алады дегенге кім сенеді? Көзді ашып қарау керек қой. Тіпті ағылшын, француз, неміс тілі де бола алмайды», – деп өзеурегенде аң-таң қалған едік.
Ресей Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко Медведевтің мәлімдемесін іліп әкеткені былай тұрсын, оның ізін суытпай жатып Астанаға келді. Алдымен Елбасының қабылдауында болған ол Сенат төрағасы Қайрат Мәмимен кездесті. 2015 жылдың 1 қаңтарында құрылатын Еуразиялық Одақтың жөн-жобасы жөнінде әңгіме өрбіткен екі жақ Қазақстан мен Ресейдің заң шығарушы органдарының осы кең ауқымды интеграциялық бірлестіктің заңнамалық тұғырын қалыптастыруға кірісетіндігін жария етті.
Әрине, осы тұста «Еуразиялық одақта қай елдің үстемдігі жүреді?» деген заңды сұрақ туатыны мәлім. Тіпті, осы одақтың аясында ортақ парламенттің құрылатындығы жөнінде де пікірлер бар. Бұл көңілді күпті еткен сауалдарға Сенат төрағасы Қайрат Мәми: «Бірлескен парламент құрылса да, ол Қазақстанның билігіне қол сұға алмайды және Қазақстанның егемендігі мен тәуелсіздігіне нұқсан келтірмейді. Бұл мәселе тек қана осы позиция тұрғысынан талқыланатын болады. Шешім асығыс-үсігіс қабылданбайды. Арнайы парламентаралық жұмыс тобы өз жұмысына кірісті. Біздің депутаттар ел мүддесін бірінші кезекте ұстайтын болады», – деп жауап берді. Сондай-ақ ол: «Кеден одағының құрылуы, оның берген нәтижесі, Бірыңғай экономикалық кеңістіктің өмірге жолдама алуы Еуразиялық одақтың құрылуына алғышарт жасады. Осы жылдам қарқынмен өрбіп жатқан интеграциялық үдерістер біздің елдеріміздің парламентарийлері алдына заң шығару мәселелерінде жаңа міндеттер қоюда. Ал қазіргі ЕурАзЭҚ бұл міндеттерді толық орындай алмайды. Осыған байланысты біздің алдымызда біртұтас Еуразиялық парламент құру туралы мәселе тұр!», – деп өз пікірін қуаттай түсті.
Ал әріптесінің сөзін екі бастан қолдаған Валентина Матвиенко Ресей мен Қазақстан арасында ешқандай мәселенің жоқтығын алға тартты. «Екеуара экономикалық байланыстар дамып, мемлекеттік және парламенттік деңгейдегі әріптестік нығая түсуде. Оның үстіне республикада орыстілді тұрғындарға деген жақсы қарым-қатынас сақталған», – деген ол Астана қаласының сұлулығы мен оның тұрғындарының қонақжайлылығына ризашылығын білдірді.
Ресей Федерация Кеңесінің төрайымы 2015 жылы Қазақстан, Ресей және Белоруссия арасында «Еуразиялық экономикалық одақ» құрылатындығын растай келе, «Бұл жүзеге аса алады. Өйткені Ресейде де, Беларусьте де және Қазақстанда да саяси ерік-жігер мен осындай интеграциялық бірлестіктің маңыздылығы және өзара тиімділігі туралы түсінік бар. Еуразиялық одақ құру туралы кең ауқымды келісімді дайындауға кірістік. Алдымызда күрделі жұмыс күтіп тұр. Бұл жерде Парламенттің рөлі өте зор. Себебі біздің елдеріміздің нормативтік-заңнамалық базасын талдау, оны өзектілендіру, бірыңғайландыру, осынау кең өрісті интеграциялық бірлестікті құруға дайындық бағытында бізге өте көп нәрсені жасау қажет болады. Еуразиялық одақтың қағидаттары Дүниежүзілік сауда ұйымы талаптарына негізделеді. Нәтижесінде, ол үш елдің бір-біріне ғана емес, сондай-ақ басқа елдердің осы үш ел нарығына кіруіне жаңа мүмкіндіктер туғызады. Өйткені Еуразиялық одақтың құрылуы арқасында Қазақстанда, Ресейде және Беларусьте «нақты да түсінікті ережелер, процедуралар қолданысқа енгізіледі», – деді.
Ағымдағы жылдың мамыр айында еуразиялық интеграциялық мәселелердің парламенттік өлшемдегі жұмыс тобы құрылған болатын. Бұл топтың құрамына Мәжілістің де, Сенаттың да депутаттары, Ресей мен Беларусь парламентарийлері, сондай-ақ Қазақстанның заң шығарушы органдары аппараттарының бірқатар қызметкерлері кірмек. Ал 13 қыркүйекте Мәскеуде осы жұмыс тобының тұңғыш отырысы өтпекші.
Айтпақшы, Ресей Федерация кеңесінің төрайымы Валентина Матвиенко елімізге жасаған сапарының соңғы күні орыс зиялы қауымының қанағатсыз өкілдерімен кездесті. «Русские в Казахстане» сайтының жазуынша, сырт көзге жақсы көрінгенмен, Қазақстандағы орыстілді тұрғындардың мәселесі жеткілікті. «Әсіресе, білім саласын айтатын болсақ, соңғы бес жыл ішінде орыстілді мектеп 500-ге азайды. Ол ол ма, орыс тілінен сабақ беретін мұғалім де тапшы. Сондай-ақ біздің отандастар нағыз орыс өнеріне шөліркеп жүргендіктерін мойындады. Олар Қазақстанға ресейлік әншілердің жиі келетінін айтса да, Ресейдің белгілі театрлары мен салмақты өнертанушыларының атбасын тірей бермейтіндігін жеткізді», – дейді. Орыс ұлтының өкілдері мен орыстілді қауымның пікіріне қаныққан Матвиенко білім саласы төңірегіндегі мәселелерді шешуге уәде беріп, болашақта ресейлік өнер шеберлерінің Қазақстандағы отандастарына келіп тұруына жағдай жасайтындығын тілге тиек етіпті.
Жергілікті орыс ұлты өкілдерінің дәл осылай жалынышты жағдайға түсетін жөні бар ма? Бүгінгі таңда елімізде 3 миллионға жуық орыс тұрады. Бір қызығы, оларға мыңдаған орыс мектептері қызмет көрсетуде. Сонда да кейбір империяшылдық пиғылдылар бұған канағаттанар емес. Ал Ресейде бір миллионға жуық қазақ тұрса да, мұнда бір ғана қазақ мектебі бар. Ол ол ма, Қазақстанның ірі қалаларында кем дегенде бір-бірден орыс театры бар екендігі анық. Есесіне, Ресейде қазақ театры атымен жоқ. Сонда қазақстандық орыстардың байбалам салуына не жорық? Ресейдегі қазақтардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтайтын ешкімнің табылмай отырғанына қалай қынжылмассың?
Дүкен МӘСІМХАНҰЛЫ, филология ғылымдарының докторы, профессор:
– Билік төңірегінде жүргендер, жалпақшешей экономистер Еуразиялық одақтың экономикалық тиімділігін дәлелдеумен әлек. Ол әрине, кімге болса да түсінікті теория. Бірақ ел асқан таудың бәрі, жұрт жүрген соқпақтың бәрі бізді бақытқа бастап барады десек қателесеміз. Себебі Еуразиялық одақ саяси, әлеуметтік, экономикалық, әскери әлеуеті қарайлас, терезесі тең, өркениетті елдер арасында өзара пайда беруі мүмкін. Ал біз кімбіз? Ресей кім? Қай тауарымыз өтпей, қай кәсіпорнымыз қаңтарылып қалып еді?! Есесіне ендігі жерде Ресейге біздің астығымыз бен мұнайымыз, өзге де шикізаттарымыз су тегін ағылайын деп тұрған жоқ па?! Яғни өзіміздегі бағамен осы жерден алған астық пен мұнайды Ресей мен Беларусь бізге кеден салығы үшін бір тиын төлемей күндіз-түні таси бастайды. Ал біз Ресейден не аламыз? Бүгінге дейін өзіміз аграрлық мемлекет бола тұра, ұялмай-қызармай Ресейдің ет-сүт өнімдерін алып келдік. Егер өзіміздегіні ұқсата алған болсақ, жиырма жылдан бері осы аграрлық саладағы өндіріс орындарын аяқтан тұрғызып алған болсақ, Ресейің бар, басқаң бар, жер шарының біраз елі ауылшаруашылық өнімдерін керісінше бізден алатын еді. Ендігі жерде Ресейден кеден салығынсыз кірген нан, ет-сүт өнімдері біздегі азық-түлік өндіретін шала-жансар кәсіпорындардың күлін көкке бірақ ұшырғалы тұр. Демек, бұдан былай тапқан-таянғанымыз Ресей кәсіпкерлерінің таңдайына бұйырмақ. Иә, Ресейден алмауға болмайтын бір-ақ тауар бар, ол – әскери қару-жарақ. Оның өзін күнде алып жатқан жоқпыз. Одан өзге Ресейде не бар? Ақпараттық технологияның отаны Жапония мен АҚШ. Одан қалса Қытай, Оңтүстік Корея. Жеңіл өнеркәсіптің отаны Қытай мен Жапония. Көлік-транспорт өнімдерінің отаны Германия, Жапония, АҚШ. Тері киімдердің отаны – Түркия. Аяқ киімнің отаны – Италия. Әтір-мәтірдің отаны – Франция. Жеміс-жидектің отаны – Өзбекстан. Ал орыстың арағын өзімізде де қатырып шығарып, өкіртіп ішіп жатырмыз…
«Жаман айтпай жақсы жоқ». «Одақ, одақ» деп шырғалып жүріп, ертең бодандықтың шүңетіне шыжымдап тарта бастағанда, кім бізбен есептесіп, біз кіммен жұлқысқандаймыз?! «Қара қыпшақ Қобыландыда нең бар еді, құлыным» дегендей, Ресеймен одақ болып неміз бар еді?! Жоқ, әлде орыспен одақ болып көрмеп пе едік, тоймап па едік?! Немесе құлдықты сағынып, арқамыз қышып бара жатыр ма?! Әйтпесе, не бұл?! Ғарыштағы қаңғып кеткен «Қазсат» үшін санап берген неше миллиондаған долларымызды өндіре алмай, «Байқоңырдың» аренда ақысын бірде алып, бірде ала алмай отырған Ресеймен одақ болып, мұртымыз майланады дегенге өз басым сене алмаймын. Сондықтан түптің-түбінде азаттығымызға қауіп төндіретін, болашағы бұлыңғыр кез-келген «май шелпектен» айналып өткеніміз дұрыс. Қашанда «күлшелі бала сүйкімді». Бізбен кімнің болса да дос, одақ, әріптес, ағайын, тамыр, құда-жұрат, ака-ұка, кардаш болуға құштар екені беп-белгілі. Әрине, біз ешқашан да, Қазақстанның халықаралық аренаға шыққанын, әлемдік қауымдастықтан өз орнын ала отырып, кез-келген мемлекетпен бейбіт, қатар өмір сүргенін, барыс-келіс, сауда-саттық жасағанын теріске шығармаймыз. Бұл арада сөз Қазақстанның тағдыры мен мүддесіне көлеңке түсіретін кез-келген экономикалық айла-шарғыдан аулақ болу туралы болып отыр. Яғни, қарным ашса ашсын, азаттығым аман болсын! Байымасақ байымайық, бодан болмайық!
Мұхтар ТАЙЖАН, саясаттанушы:
– Еуразиялық одақтың Қазақстанға пайдасы жоқ! Түбінде Ресеймен бір мемлекет болсақ, Тәуелсіздіктен түк қалмайды! Бірегей валюта, парламент, әскери күш болса, Егемендігімізді сақтай алмаймыз!
Егер Ресеймен бір одақ құрсақ, тағы да отарлық ел боламыз. Себебі, бұған дейін де екі-үш ғасыр бойы Ресейдің құрсауында болдық. Біз 20 жылдың ішінде 100 пайыздық ұлттық мемлекет құра алмадық
Матвиенконың орыс зиялы қауымымен кездескенін естідім. Орыстілді тұрғындардың «орыстілді мектеп аз, орыс тілінің мәдениетін сағынып жүрміз» деп айтуға қақысы жоқ. Бұл біздің ішкі саясатымызға келтірген нұқсан. Қазір Құдайға шүкір, білім ұяларының көбі қазақтілді. Солай болуы керек. Демографиялық жағдай да жақсарып келеді. Қазақстандағы жас буын қазақша оқып, қазақша ойлауы керек. Сондықтан жергілікті орыс ұлтының өкілдері мен орыстілділердің егемен еліміздің саясатына қарсы пікір айтуына ешқандай да құқы жоқ. Еліміздегі телеарна, радио, баспасөз өзіміздің төл өнімдер дайындауы керек. Біз ғана ресейлік телеарналарды ретрансляциялаумен эфир уақытын толтырып жатырмыз. Мұның бәрі ойлантарлық мәселе.
Марат БӨТЕЕВ, «Алаш үні» қоғамдық бірлестіктер Одағы төрағасының орынбасары:
– Қазақстанда экспортқа шығаратын шикізат түріндегі табиғи байлықтан басқа өнім жоқ. Кеден Одағына мүше үш елдің ішінде тек Беларусь экспортында ғана көлік және
азық-түлік түріндегі қосымша құны жоғары тауарлар басым. Беларусь экономикасы Кеден Одағының ішкі нарығына анағұрлым бейімделген болып шықты. 2012 жылдың бірінші тоқсанында Беларусьтің әріптес елдерге шығарған экспортының үлесі 32,4 пайыз, Ресей мен Қазақстандыкі 8,3 пайыз болды.
Бұл Қазақстанның еш концептуалды талдаусыз Ресейдің азуына өз еркімен кіріп отырғанын көрсетеді. Қазақстан мен Ресейді теңестіруге бола ма? Әрине, салыстыруға тұрмайды. Бұл тұжырым неден туып тұр дейсіз ғой.
Қанша жерден «біз экономикада да, саяси модернизацияда да ТМД бойынша ең алдындамыз» деп алақайлағанмен Ресей экономикасы мен Қазақстан экономикасының Еуразиялық Одақтағы үлесі бәрін көрсетіп тұр емес пе?! Ал саяси модернизация дегенде еліміз өзінің мемлекеттік басқару құрылымын өзгертуге батылы бармай, тек қана Қазақ Советтік Социалистік Республикасы деген аттың орнына қойыртпақ Қазақстан Республикасы дегенмен ауыстырғанды айтады-ау деймін шамасы. Ал Ресей болса, субъектілері мен облыстарында ғана емес, аудандарына дейін кеңестік басқару жүйесінің орнына сол өңірге тиімді басқару жүйелерін енгізіп отыр.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ