Мемлекеттік тіл мәселесі: СОТ КЕЙІНГЕ ШЕГЕРІЛДІ

Тәуесіздік алғалы бері тіл үшін күрес жүріп жатыр. Өйткені қазақ тілі мемлекеттік тіл болып Ата заңымызды алтын әріптермен жазылса да өзінің тұғырына қона алмай, қолданыс аясы талап деңгейінде еместігі көңіл қынжылтуда. Осы жағдайды пайдаланып кейбір орыс тілді басылымдар ауық-ауық орыс тілін де мемлекеттік тіл жасау туралы мәселелер көтеріп жүр. Солардың бірі «Свобода слова» газеті. Өткен жылдың желтоқсан айында осы басылымның редакторы Евгений Рахымжанов мемлекеттік тіл туралы өзінің келеңсіз ой-пікірлерін оқырмандар назарына ұсынған еді. Сол мақаласында ол біздің қоғам орыс тілін екінші мемлекеттік тіл жасауды қажет етеді деген ой айтқан.

Ұлтжанды зейнеткер Мұхит Дербісалин сол жылдың 9 желтоқсанында редакцияға арнайы барып, газет ұжымынан редактор Е.Рахымжанов мырза өзінің орыс тіліне мемлекеттік статус беруді қозғауы арқылы нені көксеп жүргенін, оның арты ел ішінде нендей жағдайға апаратынын, салдары қандай болатынын және қалай сезінетінін сұраған. Соған түсінік беруін талап еткен. Алайда көңіл көншітер жауап ала алмаған соң Дербісалин оны «Е.Рахымжанов қызмет бабын пайдалана отырып, ұлтаралық жанжал шығаруға жұртты үгіттеп отыр» деген айыппен Алматы қалалық Бостандық ауданының сотына шағым түсіреді. Содан бері сот қарау ісінің күні бірнеше рет белгіленсе де, жауапкер Рахымжановтың келмей қалуына байланысты сот отырысы кейінге шегерілумен болды.

Өткен сейсенбі күні Бостандық ауданының судьясы Т. В. Черныш осы мәселе бойынша сотта екі жақты тағы да іс қарауға шақырған еді. Алайда екі жаққа да қаралатын мәселеге байланысты кейбір жайларды пысықтап, тиянақтауды тапсырып, сот іс қарауын 15-і қыркүйекке шегерді.

«Түркістан-ақпарат»

Ұқсас жаңалықтар

Back to top button