Жаңалықтар

БАЛАЛАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ

ашық дереккөзі

БАЛАЛАРҒА ҚАМҚОРЛЫҚ

Әне-міне дегенше, жаңа оқу жылы да табалдырықтан аттады. Баланы мектепке дайындау кез келген ата-ананың міндеті. Алайда, қазір бір оқушының керек-жарағын сатып алу кейбір әлеуметтік жағдайы төмен отбасыға ауыр тиетіні анық.

Бұл шарадан «Нұр Отан» партиясы да тыс қалған жоқ. Жыл сайын көпбалалы және жағдайы нашар отбасыларға көмек қолын созуды үрдіске айналдырған «Нұр Отан» ХДП «Балаларды мектепке дайындау» атты Республикалық қайырымдылық шарасын өткізген болатын. Аталмыш іс-шара еліміздің көптеген облыстарында жүзеге асып, қаншама отбасына қуаныш сыйлады.

Билік партиясының Астана қалалық «Бірлік» филиалы 157 балаға портфельдер мен мектепке қажет оқу құралдарын тегін тапсырды. Сондай-ақ жыл сайынғы өткізілетін мұндай қайырымдылық шарасына еліміздің барлық атқарушы органдары, яғни республикалық деңгейдегі агенттіктер мен министрліктер демеушілік танытты. Мұнда негізінен көп балалы және жағдайы төмен отбасыларынан шыққан 1 мен 6-шы сынып аралығындағы оқушылар қамтылды.

«Нұр Отан» ХДП Астана қаласы бойынша «Бірлік» филиалы төрағасының орынбасары Ғалымжан Жұмжаев: «Көп балалы және әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген отбасы балаларының тізімі жасалды. Сол бойынша дәстүрге айналған акция ұйымдастырылды», – деді.

Динара ДҮРМӘН