«ҚАРАПАЙЫМ АДАМДАРДЫҢ КӨЗІМЕН...»
«ҚАРАПАЙЫМ АДАМДАРДЫҢ КӨЗІМЕН...»
Елбасы депутаттарға өмірге қалай қарау керектігін үйретті
Бесінші шақырылымның Парламенті екінші сессияға жиналды. Сенат пен Мәжілістің біріккен отырысын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ашып, алдағы сессияда заң шығарушы орган алдында тұрған міндеттерді саралап берді.
Өткен сессияның кезінде көппартиялық Парламент өзін кәсіби тұрғыда жарқырата көрсете алмады. Оған уақыт тапшылық еткені де рас. Былтырғы сессия кезінде ҚР Парламенті 36 заң жобасын қабылдаған.
Қыркүйектің алғашқы дүйсенбісінде жұмысқа қайта кіріскен Парламент енді өзінің бар мүмкіндігін сарқа жұмыс істей ме деген үміт бар.
Президент үшпартиялы Парламенттің өткен сессиядағы жұмысына оң баға беріп, оның алдағы он айда атқарар жұмыстарының бағыт-бағдарын нұсқады:
— жаңа үшжылдық бюджет жобасын талқылап, оның шығындарын азайтуға, жіті қадағалауды күшейтуге ден қою;
— экономикалық өсімнің құқықтық негізін жақсарту;
— әлеуметтік жаңғырту мәселесіне баса назар аудару;
— мемлекеттік басқару мен мемлекеттік қызмет жүйесін іс жүзінде жаңғырту.
Үкімет биылғы жылы бюджет шығындарын 57 миллиард теңгеге азайтқан. Елбасы бюджет шығындары экономикалық өсімді қамтамасыз етіп, халықты жұмыспен қамтуға сеп болған жағдайда ғана өзін-өзі ақтайтынын қадап айтты.
Үкімет алдағы уақытта мемлекеттік бағдарламаларды сарапқа салып, олардың тиімділігін ұдайы қадағалап отыруы керек. «Қайтарымы жоқ бағдарламалардағы қаржыны басқа салаларға бұру керек» деді Президент.
Елбасы депутаттарға көлеңкелі экономикадағы қаражат айналымына, бюджет қаражатын талан-таражға ұшыратуға заңдық кедергілер қалыптастыруды тапсырды.
2011 жылы 300 миллиард теңге сұғанақ қолдарға «жем болған». 6 саяси қызметкер, 130-дан астам әкімшілік қызметкер жауапқа тартылған.
«Әрбір тиынның қайтарымы болуы шарт. Олай болмаса, жұмысымыз нашар деген сөз. Сондай-ақ, әрбір жұмсалған шетелдік валютаның – доллардың қайтарымы болуы керек. Ондай болмаса біз шығыстарды дұрыс бөліп отырмағанымыз», – деді Елбасы.
Ішкі және сыртқы қарыздар мәселесі де ұдайы Парламент назарында болуы тиіс.
Сондай-ақ заң шығарушы органға Біртұтас Экономикалық Кеңістік аясында отандық тауар өндірушілерді қолдау, әсіресе өңдеу өнеркәсібін, ауыл шаруашылығын жетілдіру мәселелерінің құқықтық негізін күшейту міндеті жүктелді.
Қазақстан Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуға дайындық үстінде. Үкімет бұл ұйымға мүше болу үшін мойынға алар міндеттемелерді ратификациялау үшін заң жобалар пакетін дайындауы тиіс. «Үкіметке «Самұрық-Қазына» Қорымен бірлесіп, әлемдік тәжірибені зерттей отырып, қазақстандық тауар өндірушілерді қолдаудың төл үлгісін жасауды тапсырамын», – деді Елбасы.
Ал Парламент депутаттары баламалы қуат көздері мен экологиялық таза технологияларға негізделген «жасыл экономикаға» өтудің құқықтық шарттарын қалыптастыруы тиіс. Ауыл шаруашылық, индустриалды-инновациялық және қаржылық салаларда жаңа заңдық нормалар қабылдау қажет.
Президент өзінің «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында қазіргі таңдағы оншақты заңға қажетті өзгертулер мен толықтырулар енгізу керектігін айтқан болатын. Бұған қоса, ҚР Парламенті алдағы сессияда әлеуметтік жұмыс орындары жайлы, кәсіби біліктілік жүйесі т.б. заң жобаларын қабылдауы тиіс.
«Парламент мүшелері өмірге қарапайым адамның көзімен қарауы тиіс. Бұл парламентарийлерге ғана емес, бүкіл атқарушы билікке де қатысты. Қарапайым қаақстандықтар күн сайын өмірдің өзімен бетпе-бет қалып, нақты өмірдің көрінісін кіреберісте, көшеде, үйінде, ауруханада, мектепте, дүкенде, автобуста байқап жүр».
Депутаттар қарапайым азаматтардың қалай өмір сүріп жатқанына ой жүгіртіп, қоғамдағы қауіпсіздікті сақтайтын, тұрмыстық ахуалды жақсартатын заң жобаларын қабылдау арқылы құқықтық сана-сезімді арттыруға ықпал ете алады.
«Бізге қоғамдық тәртіп пен адамдардың көпшілік орындарда өзін-өзі ұстау ережесін реттейтін қарапайым да ұғынықты заңдар керек», – деді Президент.
Көлбай ЖЕҢІС