Жаңалықтар

ЖАЙҚАЛҒАН АҚ КҮРІШІҢ...

ашық дереккөзі

ЖАЙҚАЛҒАН АҚ КҮРІШІҢ...

Әкім егіске орақ салды

Сыр елінің диқандары егін ору ісіне білек сыбана кірісті. Алғашқы орақты облыс әкімі Болатбек Қуандықовтың өзі бастап салғаны өзгеге өнеге боларлық жайт екені анық. Облыстың Жалағаш ауданында «Дала күні – 2012» атты шара аясында шөп орудан жарыс ұйымдастырылды.

Осы күні қазіргі заман техникалары мен ауыл шаруашылық өнімдерінің көрмесі, іле-шала облыс басшысының төрағалық етуімен семинар-кеңес өткізілді. Жиында мол егісті ысырап етпей жинап алудың жай-жапсары жан-жақты сөз болды.

Бұл күнгі шаралардың бәрі Елбасының «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламалық мақаласын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған.

Жалпы алғанда, биыл облыс бойынша барлығы 161,1 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Оның ішінде 84,1 мың гектарға – дәнді дақылдар, осыдан 75,5 мың гектарға – күріш егісі, 1,9 мың гектарға – майлы дақылдар, 23,4 мың гектарға – картоп, көкөніс, бақша және 51,7 мың гектарға – мал азығы дақылдары егілді.

Биыл облыс бойынша егілген күріш көлемі 2 мың гектарға аз. Егілген күріштің 25 пайызы Жалағаш ауданының үлесінде. Дегенмен, диқандар егіс өнімділігі былтырғыға қарағанда жоғары болады деп үміттеніп отыр. Есесіне жергілікті мамандар малға қажетті жем-шөп көлемі 3 пайызға артқанын айтады.

Б.Қуандықов семинарды­ қоры­тын­ды­лаған сөзінде ауыл шаруашылығы ма­ман­дарының көрші елдердің нарығындағы бәсекелестікке дайын болуларын баса айтты. Ресейдің Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болуы біздің елдің нарығында көрші мемлекеттен арзан тауарлардың әкелуіне жол ашады. Ендігі мақсат – өндірісті ғылыммен ұштастырып, бәсекеге қабілетті сапалы тауар шығаруға ұмтылу. ДСҰ-на Қазақстан да мүше болған жағдайда ауыл шаруашылығына берілетін жеңілдіктер азаюы ықтимал. Ендеше, кәсіпкерлер үшін дамудың тың көздерін іздеп, тынбай еңбектену қажет.

Семинар-кеңестен соң облыс әкімі су жаңа «Магдон» егіс ору машинасына отырып, күріш ору науқанына қатысты.

Көлбай ЖЕҢІС