Жаңалықтар

БҰЛАҚТЫҢ ДА КӨЗIН АШҚАН...

ашық дереккөзі

БҰЛАҚТЫҢ ДА КӨЗIН АШҚАН...

Елеулi еңбегiнiң арқасында есiмi халық аузында жиi жүретiн ерекше жандар бар ел iшiнде. Көнекөз қарияларымыз “Батаменен ер көгерер, жаңбырменен жер көгерер” демекшi,көптiң алғысына бөленiп, елдiң намысы мен болашағына алаңдап, аянбай еңбек еткен азаматтың бiрi — Сәтбай Әмзебайұлы Жұмабаевты Оңтүстiктiң жұртшылығы жақсы таниды десек асыра айтпағанымыз.

Көп балалы қара шаңырақта туып-өскендiктен бе екен, Сәкеңнiң басты ерекшелiгi — көпшiл, жұртшылықпен тез тiл табыса алатындығында жатса керек. Оның үстiне тағдырдың өзi Сәкеңдi көпшiлiкпен, қалың бұқарамен күн сайын тығыз байланысып жатқан салаға алып келдi.

Сәтбай Әмзебайұлы — ұзақ жылдар бойы азамат атына дақ түсiрмей, көптеген мемлекеттiк марапаттарға ие болып, Қазақстан Республикасының Iшкi iстер саласына сiңiрген еңбегi үшiн, Iшкi iстер саласының үлгiлi қызметкерi, Астананың 10 жылдығы, тағы басқа да алғыс хаттармен мақталған жан. Iшкi iстер саласының майталман қызметкерi.

Тәуелсiздiгiмiздiң бастапқы жылдарында, тоқырау кезеңiнiң қиындықтарын Iшкi iстер саласының қызметкерлерi де көппен бiрдей сезiндi. Жалақы мардымсыз, мемлекет тарапынан жасалатын барлық жеңiлдiктерден әп-сәтте қол үзген қиын күндерде салиқалы сабыр, төзiмдiлiкпен өз қызметiне адал екенiн дәделдеген ол өз қатарластары мен қарамағындағы қызметкерлерге қуат берiп, ақыл-кеңесiн айтып, торыққандарға жiгер, рух бере бiлдi. Кейбiреулерiнiң қиындықта қалған отбасыларына да қолынан келгенше көмек көрсетiп, шаңырақтарында татулық пен ынтымақтастықты сақтау үшiн оң ықпалын тигiздi. Ендi ол кезеңнiң бәрi бүгiнде ақырындап ұмытыла бастағанмен Сәкеңе алғысын жаудыратындардың қатары әлi көп.

Өткенге шегiнiс жасап көрсек, Сәкеңнiң “Күзет” басқармасындағы күрес жылдары бекер болмағанына сөзсiз иланасыз.

1996 жылдан 2002 жылға дейiнгi аралықта Iшкi iстер басқармасының тағдыры қыл үстiнде тұрған “Күзет” басқармасын қайтадан аяққа нық тұрғызды. Бұрын қалыптаса алмай,берекесi қашқан басқарманың кетiгiн түгендедi. Бүгiнде бұл басқарма өз дәрежесiнде дербес қызмет атқарып келе жатқаны да сол жылдардағы ауыр еңбектiң өтеуi.

Ел iшiнде “Сәтбай құдық” атанып кеткен бұлақтың да көзi кезiнде осы Сәтбай Әмзебайұлы Жұмабаевтың араласуымен ашылғанын жұртшылық жиi айтады. Бұл бұлақ қазiргi таңда Шымкенттегi “Қайтпас” мөлтекауданында орналасқан. Осы орайда ауызсу мәселесiн реттеу үшiн “Су ресурстары -маркетинг” ЖШС-ның басшысы Анарбек Орманмен бiрлесе отырып, Қайтпас-1, Қайтпас-2, Нұрсәт, Самал, Самал-1, Самал-2 мөлтек аудандары арқылы өтетiн су құбырлары жобасын қайта түзiп, оны iс жүзiне асыра бiлдi. Осының нәтижесiнде жоғарыда аталған мөлтек аудандардың тұрғындары толығымен ауызсумен қамтамасыз етiлдi. Оған қосымша осы мөлтекаудандағы орта бiлiм беретiн мектептiң күрделi жөндеу жұмыстарына қолғабыс жасап, ұдайы көмектесiп отыратыны көпшiлiкке мәлiм. Сондай-ақ, тұрғындарды табиғи газ, яғни көгiлдiр отынмен қамтамасыз етуде де жақсы iстерге мұрындық бола бiлдi. Осындай iзгi iстердi санамалау оңай, ал жүзеге асыру қиынның қиыны. Халықтың әл-ауқатын жақсарту бағытында елеулi еңбек атқаруға нағыз нар тұлға азаматтар қажет.

Ия, үш бiрдей ауданның “Құрметтi азаматы” атанған Сәтбай Әмзебайұлы Арыс ауданында да айта жүретiндей iс атқарып бау-бақша егiп, жергiлiктi көпшiлiктiң пайдалануына бергенiн жұрт әлi де тамсанып еске алады деуге болады. Сәтбай Әмзебайұлы қандай тың iстi бастамас бұрын көпшiлiктiң нақты сұранысы, көзқарас-пiкiрiмен санасып отыруды дағдыға айналдыра бiлетiн қасиетi бар. Бәйдiбек ауданында да iскерлiгiмен көзге түсiп, жалпы ауданның iшкi тәртiбiн жолға қоюмен қатар, қоғамды да тәрбиелеуге өз үлесiн қоса бiлгенi аян. Ал Түлкiбас ауданындағы қызмет жылдарын сараптайтын болсақ, кезiнде жекеменшiкке өтiп кеткен мемлекет мүлiктерiн қайтаруда, қорғауда, ел игiлiгiне қайтарып беруде азаматтық позициясынан ауытқымай, таразының басын тең ұстап, көздiң жауын алатын демалыс орындары мен көптеген саяжайлардың халық игiлiгiне жарауы үшiн аянбай тер төккенiн, осы ауданның табиғат ғажайыптарын елеусiз қалдырмай, спорттық iс-шаралардың да жиiлеп өткiзiлуiне мұрындық болғанын айтуға тиiспiз. Спорт саласына жаны жақын ұлтжанды азамат Оңтүстiк Қазақстан облысының намысын қорғап жүрген альпинистер одағының төрағалығын қатар атқарып жүр. Жас спортшыларға демеушiлiк көрсетуден де ешқашан бас тартып көрген емес.

Өткен жылы Машатта альпинистер арасында жарыс ұйымдастырылып, бүкiл ТМД елдерiнен келген шебер спортшылар Түлкiбастың таңқалдырарлық табиғат аясында өз бақтарын сынады. Бұл игi iс, ғажайып жарыстың басы-қасында Сәтбай Әмзебайұлы шырылдап жүрдi.

— Жастар арасындағы қылмыс азайып, оларды терiс тәрбиеден, керi әдеттерден сақтаймыз десек, алдымен нақты iс-шараларды ұйымдастыруымыз керек. Ұлттық педагогика мен халықтық тәрбие әлдеқайда тиiмдi екенiн өмiрдiң өзi көрсетiп отыр. Мен телеарналардан түрлi терiс бағыттағы насихаттың жүруiне қарсымын. Оның орнына өзiмiздiң төл ұлттық бағдарламаларымызды, салтымызды, әдет-ғұрпымызды молынан дәрiптеуiмiз керек, — дейдi, өзiндiк азаматтық позициясы айқын полковник.

Осы тұста тағы бiр шегiнiс жасауға тура келiп тұр. Төлеби ауданында “Маятас оқиғасы” тұтанып, екпiнi басылмай тұрған кезде де нағыз жанашырлықпен бiлек түрiп, елдiң ынтымағы мен тыныштығы үшiн шұғыл шаралардың ұйытқысы болғанын да айта кетеуiмiз керек.

Расында, осындай азаматтардың iскерлiгi, басшылық қабiлетi нағыз түйткiлдi сәтте, сындарлы шақта сыналмай ма? Абырой болғанда, аудан-аудандарда түре көтерiлген, ашу мен ызаға булыққан жұртпен кездесiп, олардың талап-тiлектерiн тыңдап қана қоймай, ел алдында берген уәдесiн нақты iсiмен орындағаны мәселенiң оң шешiмiн табуға әжiптәуiр септiгiн тигiзгенi құпия емес.

Бiз Сәтбай Әмзебайұлы Жұмабаев туралы айтқанда, елiмiздегi халық тығыз қоныстанған “қиын” облыстың ең жауапты да, қауiптi басқармасында өз кәсiбiн бес саусақтай меңгерген жанның атқарған iстерiн түгел санамалап шығуды мақсат еткен жоқпыз. Қызығы мен қиындығы қатар жүретiн мына өмiрдiң белестерiнен абыройын асқақтатып жүрген азаматтың жұрт үшiн қалтқысыз қызмет еткенiн атап қана өттiк. Адал азаматтар атқарған игi iстер өзгелерге үлгi боларына күмәнiмiз жоқ.

Қуанышбек БОТАБЕКОВ