“ТIЛ — ТАТУЛЫҚ ТIРЕГI”
“ТIЛ — ТАТУЛЫҚ ТIРЕГI”
“ҚазМұнайГаз” АҚ мемлекеттiк тiлде байқау өткiздi
Өткен апта қазақстандықтар үшiн елеулi оқиғаға толы болды. Оқиға ғана емес, қазақ халқы үшiн айтулы мереке күндерi болды. Мереке болатын себебi, Мемлекет басшысының жарлығымен 22-қыркүйек – “Қазақстан халқының тiлдер күнi” деп бекiтiлген едi. Мемлекеттiк тiлдi бiлу — ұлттық қауiпсiздiктi, әлеуметтiк тұрақтылықты және азаматтардың бiрлiгiн қамтамасыз етедi.
Осы бiр айтулы мерекеден “ҚазМұнайГаз” ұлттық компаниясы да шет қалмады. Республика күнiнiң қарсаңында аталмыш компания өз қызметкерлерiнiң арасында мемлекеттiк тiлдi бiлу деңгейiн тексеру үшiн “Тiл — татулық тiрегi” атты байқау өткiздi.
Байқауға төрт команда қатысып, әр команда ұлттық киiмдер киiп, ұлттық нақышта өз өнерлерiн көрсеттi. “Сәлеметсiздер ме, бұл бiз”, “Қазақша сөйлесейiк” және т.б. байқауларда бағын сынаған командалар қазақ халқының салт-дәстүрi көрсетiлген шағын миниатюралар, музыкалық номерлер мен капитандар жарысында да өздерiнiң осал еместiгiн танытты.
— Мемлекеттiк тiлдi дамытуға арналған бұл байқау компания қызметкерлерiнiң тiлдi еркiн меңгерiп, кеңiнен қолдануына үлкен ықпалын тигiзедi, — деп атап көрсеттi “ҚазМұнайГАҚ-ның атқарушы директоры Серiкбек Елшiбеков өзiнiң құттықтау сөзiнде. — Бiз қазiргi таңда компания қызметкерлерiнiң арасында қазақ тiлi кеңiнен тарап, олардың тiлдi бiлу деңгейi едәуiр жоғарылағанын байқадық.
Қазақстан халқы ассамблеясы XII сессиясында Мемлекет басшысы мемлекеттiк тiлдi әрi қарай дамыту мәселесiн көтердi. Осы орайда “ҚазМұнайГаз” АҚ мемлекеттiк тiлдi дамыту мақсатында компания жұмыскерлерi арасында байқаулар өткiзiп отыратын болады.
Берiк БЕЛЖАНОВ