Жаңалықтар

КОМСОМОЛ ХАНЫМ ЖӘНЕ ДАБЫЛДАТҚАН ҚОЯН

ашық дереккөзі

КОМСОМОЛ ХАНЫМ ЖӘНЕ ДАБЫЛДАТҚАН ҚОЯН

“КТК” сияқты телеарналар ненi көксейдi?

Қызығы мол, бейкүнә балалық шақта көргеннiң бәрi жадыңда мәңгi сақталып қалуы мүмкiн емес. Бiрақ, сол бiр көрiнiстер әлi күнге ұмытылмай жүр. Сонау бiр жылдары барша балалар сүйiп көретiн “Тоқтай тұр, бәлем!” (“Ну, погоди!”) мультфильмiндегi қысқа ғана кадрлердi көрген сайын санасыз, ойсыз сап түзеп, “Тү-у-тү-у” деп кернейлете, дабылдата шеру құрған пионерлер мен партияға көзiн сүзген комсомолдар көз алдыға келушi едi.

Жаңылыспасам, сол көп сериялы мультфильмнiң бiр тұсында түнгi бақта екi көзiн жұмып ап, кернейлетiп келе жатқан қоянды жасырынып келген қасқыр қолтығынан көтерiп, басқа бағытқа бұрып жiберетiн. Қоян сонда да көзiн ашпай, дабылдатуын жалғастырып, салтанатты марш үнiне елiтiп, төнген қауiп-қатердi аңдамастан, жанды ойыншық сияқты алға — бақтың қараңғы бұрышына қарай аяғын кере басып кете беретiн-дi. Арада көп жылдар өттi ғой, бәлкiм, әлгi әсершiл қоянның қолында керней емес, дүңкiлдеген барабан болуы да ықтимал. Әңгiме қоянның қолындағы аспаптың түрiнде емес, әлгi қоянның ессiз, ойсыз кейпiнде. Сол қоян маған жансыз құлтемiр (робот), ақыл-ес, өзiндiк ой-санадан мүлдем мақұрым, берiлген тапсырманы еш сарапқа салмай орындайтын зомби сияқты елестеушi едi.

Бiр кездерi комсомолдың да дәп осындай кейiпте болғаны баршаға белгiлi. Компартия қайда жұмсаса да көзiн жұмып, дүңкiлдете дабылдатып аттанған және түпкi мұрат-мақсат — коммунистiк идеяның салтанат құруы үшiн титiмдей септiгi тиетiн ешбiр амалдардан бас тартып көрген емес. Бас тарта да алмайтын.

Адамзат алғаш пайда болғанда айналадан төнген қауiп-қатерге қарсы ұялас жыртқыштарға ұқсайтын ерекше топтар құра отырып, сол әдеттерiн қазiргi таңға дейiн сақтап келедi. Тiптi, одан әрмен тереңдетiп дамытты десек те қателеспеймiз. Яғни, барша адамзаттың түрлi ұйымдар, ерекше топтар, пiкiрлестердiң клубтарын т.т. құруға құштарлығы есте жоқ ескi ғасырлардан жеткен психологиялық сұраныс, меңiреу замандардың сарқыншағы. Жеке адамның бойына ұжымдық сана, тобырлық психологияны бiртiндеп қалыптастыратын, одан әрi сiңiретiн “бiреудiң қателегiне бәрiң жауаптысың” дейтiн әдеттiң жақсы немесе жаман екендiгiне адамзат тарихы әлi бiржақты жауап бере алған жоқ. Сiрә, бұл таяу жылдарда тоқтала қоймайтын әдет екенi анық. Әсiресе, бұл жайт тәуелсiз Қазақстанда ерекше белең алып отыр. Соның айғағы ретiнде елiмiзде 200-ден астам жастардың түрлi ұйымдары құрылғанын атап өтуге болады.

Кеңестiк империяда тобырлық сана, ұжымдық психологияны қалыптастыру мен тәрбиелеуде комсомолдың рөлi ерекше болғаны да шындық. Оған отансүйгiштiк, патриотизмнiң еш қатысы бола қойған жоқ десе де болады. Комсомолдардың өзi коммунистiк идеяға, жастардың жасампаздығына сенбей өскенiне КСРО-ның күйреуi және сол кезде әйгiлi ВЛКСМ-ның еш әрекет етпегенi нақты мысал болса керек. Идея өзiн қауiп-қатерден қорғай алғанда ғана өмiршең. Есесiне, бұрынғы комсомол жетекшiлерiнiң өзi 90-шы жылдардағы бұлғақ кезеңде жаппай баюға жанталаса ұмтылды, жекешелендiру тұсында халық, ел игiлiгiне қолдарын аямай батырды. Осының бәрi есi бүтiн адамға комсомолдың дiмкәс, жасанды екендiгiн айқын танытатын жайттар екенi сөзсiз. Оны кейiнiрек таратып айтармыз.

Бiр ғажабы, бiздiң елiмiзде әлi де комсомолды ардақтайтын, көкке көтеретiндер бар. Әсiресе, бұрынғы БЛКЖО-ның (ВЛКСМ) iзбасары делiнетiн Қазақстан Жастар одағының ұстанған бағыты тiптен одағай. Әлгi ұйымның мүшелерi ел тәуелсiздiгiн нығайтуға емес, күнi өткен коммунистiк империяның уақыт сынын көтере алмаған жарымжан идеялары мен ұрандарын қайта тiрiлтуге арам тер болып жүрген секiлдi. Осыдан бiрер жыл бұрын осы одақтың мүшесi делiнген әлдебiр орыс қызының Балтық теңiзi жағалауы мемлекеттерiнде соғыс жылдарында қаза тапқандардың мәйiтiн Қазақстан жерiне әкелiп көму туралы теледидардан ұсыныс айтқаны жұртшылықтың ашу-ызасын туғызған едi.

Расында, екiншi дүниежүзiлiк соғыс барысында КСРО-ның адам шығыны 27 млн.адам, тiптi, кейбiр деректерде 42 млн. адам делiнсе, солардың бәрiн қазақ жерiне әкелiп көму елiмiздi тұтас қаралы пантеонға айналдырар едi. Ең басты наразылық тудырған нәрсе, әлгi орыс қызының қасиеттi қазақ даласын өзiнiң жекеменшiк ауласындай, маскүнемдiк жайлаған деревняның маңында ата-бабасынан мұраға қалған батпақты жер телiмiндей көруi едi. Ал қазақ жерiн дәп осындай деп санайтын келiмсектер аз ба? Және олар қазақ жерiн қалай пайдалану, кескiлеу жөнiнде кеңес айтуға құқылы ма?

Таяуда ғана “КТК” телеарнасынан көрсетiлген қысқа хабардың өрескелдiгi мен арандатушылығы одан да асып түскен. Хабардың, бiссiмiләсiнде жүргiзушi: “Комсомол — бұл мәңгi жастық! Қазақстанда Ильичтiң өсиеттерiн мәңгi есте сақтауда және Жастардың коммунистiк одағының 90 жылдығын тойлауға қызу дайындалуда”, — деп салтанатты үнмен хабарлап, телекөрермендердiң барша назарын аударуға күшеншектене әуре болды.

Әрине, Ильичтiң өсиеттерi түрлi-түрлi екенi мәлiм. Бiр ұлтты тапқа, топқа бөлiп, бай-құлақтардың көзiн жою, саяси қарсыластарын телеграф бағандарына асып қоюды ұсынған да Ленин. Коммунистiк идеяларды қолдамайтандардың көзi жойылуы керек екенiн өсиет еткен де В.И.Ульянов (Ленин). Тiптi, ол отбасының буржуазия, iрiп-шiрiген капитализмнiң, ескiлiктiң қалдығы екенiн, дiннiң бiржолата жойылу керек екенiн де “өсиет” еткен. Басқа да қатыгездiк пен жауыздыққа толы “өсиеттерiн” санамалап шығу да оңай емес. Ендеше, “КТК” телеарнасындағылар оның “өсиеттерi” көп екенiн бiлмей отырған жоқ, көрермендердiң есiне комсомолдың 90 жылдығы екендiгiн салып қою оны ұмыттырғысы келмеудiң құйтырқы амалы ғана. Әдетте мұндай жымысқы тәсiл бекерден-бекер қолданылмайтыны белгiлi. Француздар әрбiр қылмыстың тасасынан әйелдi iздеңiз дейтiн болса, кейбiр телеарналар күйреген КСРО-ның елесiн, орыс көрермендерiнiң санасында шовинизм, ұлы империяшылдықты қайта тiрiлтуге күш салып жүргенi айдан анық. Бұрынғы КСРО-ны қайта қалпына келтiрмек боп арамтер. Сондықтан да аталмыш қысқа хабардың басты кейiпкерi ретiнде бұрынғы БЛКЖО-ның ардагерi Светлана Шалахметова ханым алынған. Сiрә, Светлана ханым бұрын БЛКЖО-да елеулi қызмет атқарған болса керек, ендi қан түстес қызыл киiм киген ханым сол кездегi ақ дегенi алғыс, қара дегенi қарғыс болып тұрған күндерiн аңсап, өз әрiптестерi — бұрынғы комсомол жетекшiлерiн iздеп шыққанға ұқсайды. Әрине, бұл жеке адамның ешкiм қол сұқпайтын құқығы десек те, әдiлетсiз адамдар әдiлетсiз кезеңдi аңсайды. Комсомолдың басқа қиянатын былай қоялық, өткен ғасырдың 70-80-шi жылдары Қазақстанда осындай белсендiлердiң айқай-шуымен комсомол-жастар бригадалары көптеп құрылып, оған бармағандардың жоғары оқу орнына түсуi шектелген едi. Сонда Светлана ханым сияқты комсомол жетекшiлерi ауылға мал бағуға барған жоқ, Алматыда, облыс орталықтарында жылы үй, жайлы жұмыста ұрандатып жүрдi. Есесiне, оның зардабын қазақтың қарапайым ұлдары мен қыздары тартты. Мыңдаған жастар аңсаған оқуларына бара алмай, оқуға түсе алмай, болашақ тағдырлары мүлдем басқа бағыт алды. Әскердегi атақты “стройбатты” да құруға мұрындық болған да пысықай комсомол жетекшiлерi едi. Ал құл ретiнде, тегiн жұмыс күшi ретiнде пайдаланылған стройбат жауынгерлерiнiң арасында қылмыс деңгейi аса жоғары болғанын мұз бен тоңды бұзып, күрек және сүйменмен терең-терең траншея қазған, ақ қар-көк мұзда биiк үйлер салған қарапайым солдаттар жақсы бiледi. Әлi ұмыта қойған жоқ. “Два солдата стройбата, заменяют экскаватор” дейтiн ащы мысқыл сөздiң туғаны да осы кез. Бiрақ, ұраншыл, пысықай, коммунистердiң алдында әрқашан құрдай жорғалап, көтеншектерi айналғанша ұрандатып жүретiн комсомол қайраткерлерi мұны бастан кешкен жоқ. Олар жарқыраған сарайлар, ұрандатқан салтанаттарда сөз сөйлеп, коммунистердiң дастарқандағы қалдықтарына таласумен болды.

1986 жылы Желтоқсан көтерiлiсiнде пысықай комсомол жетекшiлерiнiң көбi азаттық аңсаған, алаңға шыққан қазақ жастарының арасында болған жоқ, есесiне, сол жастарды жазалаушылардың қатарынан табылғаны да бүгiнгiдей есте. Яғни, қарапайым қазақ жастарының әнебiр жылдары комсомолды қорғамауы да, комсомол жетекшiлерiнiң идеяларына түкiруi де әбден түсiнiктi. Оның үстiне революция жылдарынан кейiн құтырынып кеткен, қылышынан қан тамған шолақ белсендiлердiң көбiсi сауатсыз комсомолдар болғаны да далалық тарихта қара таңбамен басылған.

Осының бәрi, бұдан да сорақы фактiлер белгiлi болса да табан асты комсомолды жоқтаушылардың қоғамымызда табылуы және ондайларды кейбiр телеарналардың насихаттауға құмарлығы нелiктен? Бұл — Отанымыздың тәуелсiздiгiне көңiлi толмау ма, әлде түрлi құйтырқы амал-тәсiлдермен ел iргесiне ши жүгiртiп, наразылық тудыруға талпыну, арандату ма? “КТК” телеарнасының осы хабарды жедел ұйымдастыруының астарында қандай құпия бар? Алматыдағы бұрынғы комсомолдардың үйiнде қазiр БҰҰ-ның өкiлдiгi орналасқаны жұртқа белгiлi. Әлде осы әсем, зәулiм ғимаратқа құпия әлдекiмдер астыртын көз сүзiп отыр ма? Телеарна журналисiнiң:

“К юбилею комсомола его ветераны задумали если не вернуть здание молодежи, то хотя бы создать здесь музей и прибить мемориальную доску. На реализацию планов у них еще есть время”, — деп көкейдегi ойдан хабар сыздықтатуы да тегiн емес сияқты.

Ең сорақысы кейiнде жатыр. Тележурналистiң айтуына қарағанда, бұрынғы комсомол белсендiлерi (ондайлар әлi бар болса) Ресей, Өзбекстан мен Қырғызстанның бұрынғы комсомолдарын қонақ ретiнде күтiп алмақшы көрiнедi. Япыр-ай, “Балықшы балықшыны, қарақшы қарақшыны алыстан таниды” деген ғибрат осындайдан қалған шығар, сiрә?!

Ұлтсыз, дiнсiз, наным-сенiмсiз, қазiр ортақ идеясыз қалған комсомолдар қайтадан бiздiң елде бас қосуды армандайтын сияқты. Демократия деген желеудi пайдаланып, жаппай елдiң атынан “қонақ” шақырғыштар Қазақстанда тым көбейiп кеткен жоқ па өзi? Аса күйiнiштiсi сол, әлгiндей “қонақтарымыз” келе-келе бойы үйренiп, бiлгенiн iстеуге, “асымызды iшiп, аяғымызды тебуге” бейiм тұратыны нелiктен?

Мәселен, Солтүстiк Қазақстан облысында бiр кезде осылай “қонаққа” келген 80 темiржолшы бiрнеше жыл бұрын Ресейге көшiп кетемiз деп алдап, осыған дейiн зейнетақы қорларында жинақталған ақшаларын түгелдей қайтарып алған және бұдан соң әлгiндей қорларға зейнетақы төлемдерiн төлеудi доғарғаны таяуда анықталды. Және олар әлгi ақшаны қалталарына басып алғаны былай тұрсын, ешбiрi ешқайда көшiп те кетпеген. Осынау заң бұзушылық, қылмыстың орын алғаны жұртқа мәлiм болғанына қарамастан әлгi алаяқтардың үстiнен ешқандай қылмыстық iс қозғалмауының өзi ашу-ыза тудыратыны аян. Тiптi, ешбiрi жұмыстан да қуылмады. Елiмiздiң Үкiметi, құқық қорғау органдары осынау сорақы, сатқындыққа пара-пар оқиғаны жауып-жасырып тастамақшы. Олар әлгi сексен сатқын темiржолшы жұмыстан шығарылса, темiржолда қызмет iстейтiн мамандар қалмайды дегендi алға тартып отыр. Шынын мойындау қажет, егер елiмiздегi стратегиялық, мемлекеттiк, ұлттық, экономикалық қауiпсiздiгiмiздi қамтамасыз етуге тиiс аса маңызды салада осындай сепаратистiк әрекеттер қалыптасып, жол берiлiп отырған шақта Қазақстандағы ұлтаралық сыйластық, татулық, шынайы достық туралы айтудың өзi өрескел секiлдi. Тәуелсiз Қазақстанды нағыз отаным деп мойындамайтын сенiмсiз адамдар жұмыс iстеп отырған саланың өзi де ертелi-кеш көбесi сөгiлiп тынбай ма? Ең бастысы, әлгiндей азаматтар ылғи қазақтар болса (Құдай оның бетiн аулақ қылсын) заң, құқық қорғау орындары дәп осылай еш әрекетсiз, бейтарап қалып, ешбiр қатал жаза қолданбайтын ба едi? Әлде, олардың бәрiн темiр тордың тасасына тоғытар ма едi?

Иә, заң алдында барлық адам бiрдей жауапты, олар өз iстеген қылмыстарына сай жазасын алуға тиiс. Ешбiр жағдай, сылтауды желеу етiп заң бұзылмауға тиiс. Бiрақ, сол белгiленген заңның осы жолы бұзылуына мемлекеттiң өзi көпе-көрнеу жол берiп отырғаны қалай? Қазақстанда қатал да әдiл заңның талаптары өзге ұлт адамдары үшiн жүзiн жылытып, жұмсарып сала беретiнi нелiктен? Ал өз қандастарымызға, байырғы тұрғындарға келгенде бұзылмайтын заң нелiктен безбүйректене түседi?

Әсiлi, әлгi дабылдатқан қоянның ессiз-есiрiк, ой-санасыз кейпi бұрынғы комсомолдар емес, қазiргi қазақтың кейпiне келе ме, қалай!?

Жаңабек ШАҒАТАЙ