АССАМБЛЕЯ ТУРАЛЫ ЗАҢ НЕ ҮШIН ҚАЖЕТ?
АССАМБЛЕЯ ТУРАЛЫ ЗАҢ НЕ ҮШIН ҚАЖЕТ?
Кезектi демалыстан оралған депутатттар ә дегеннен бiрнеше заң жобасын талқылап, саралауға кiрiстi. Олар, жаңа Салық кодексi, үш жылға арналған “Бюджет” және “Бәсекелестiк туралы” заң жобасы. Парламент бұдан өзге жыл аяғына дейiн “Қазақстан халқы ассамблеясы” туралы арнайы заң қабылдануы тиiс деген тапсырманы да жүктеп алды. Алайда, онсыз да мәртебесi жоғары, өкiлеттiлiгi басым ассамблея жөнiнде заң қабылдауға не түрткi болды?
Аты дардай Қазақстан халықтары ассамблеясынан сайланған 9 депутаттың Парламентте үнi естiлдi ме? Билiк “жәй ғана кикiлжiң” деп баға берген елiмiздiң жер-жерiнде орын алған ұлтаралық қақтығыстарға қатысты қандай да ашық пiкiр, депутаттық сауал жасады ма? “Әншейiнде ауыз жаппас” демекшi, қандықол қарақшылардың тепкiсiнен қазақ емес, басқа ұлт өкiлдерi жапа шексе, арыз-шағымдануға дайын тұратындардың аузына нелiктен құм құйылды? Мiне, осындай жұртты елең еткiзген, адам өлiмiне әкеп соққан жан түршiгерлiк оқиғаларға не бiр тоқтау саларлық мәлiмдеме, не бiр түсiнiктеме беруден қашқақтайтын ассамблеяның қажетi қаншалықты?
Сонымен, заңның қоғамға, әсiресе, жергiлiктi ұлт өкiлдерiне әкелер пайда-зиянын екшеп алмастан әрдайым “ләппай” деп бас изеуге дайын тұратын депутаттар кеше бiрауыздан “Қазақстан халқы ассамблеясы туралы” заң жобасын мақұлдады. Құжаттың мақсаты – ассамблеяның мәртебесiн, құрылу және қызметiн ұйымдастыру тәртiбiн айқындау екен. Ассамблеяның атынан сайланған Мәжiлiс депутаты Қайрат Сәдуақасов: “Заң жобасын қабылдау өзектi әрi ауадай қажет екендiгi күмән туғызбайды. Заңды қабылдау нормативтiк-құқықтық базамызды кеңейтуде үлкен баспалдақ болып табылады. Ең бастысы, ұлтаралық және дiнаралық қарым-қатынастарды ретке келтiруде айтарлықтай мәнге ие” дейдi.
Динара МЫҢЖАСАРҚЫЗЫ